Пятница , 9 мая 2025

ЗҮЛФИЯНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Семей­дің орма­ны өртеніп жатыр. Әзір­ге 60 мың гек­тар орман өртен­ген. Егер сөн­ді­ре алма­са, бұдан да ұлғая түсері сөз­сіз. Тіл­сіз жау­мен алы­сам деп, 14 адам қаза тап­ты. Иман­да­ры сала­мат болсын.

Пре­зи­дент Қ.К. Тоқа­ев өткіз­ген төтен­ше жиын­да Эко­ло­гия және табиғи ресур­стар мини­стрі Зүл­фия Сүлей­ме­но­ва жылап тұрды.

Бұл көз жас – шара­сызды­қтың көз жасы.

Бұл көз жас – билік­тің жемқор екенін айта алмай қысты­ғып, іштен тынған жас шен­дінің көз жасы.

Бұл көз жас – елі­міздің кадр сая­са­ты­ның тығы­ры­ққа тірел­генінің көз жасы.

Бұл көз жас – асқы­нған бюро­кра­ти­я­ны, шене­унік­тер­дің қам­сызды­ғын, қай­рат­сызды­ғын үнсіз айып­таған көз жас.

Бұл көз жас – парақор, тоқ ұлы­қтар­дың ара­сын­да өзін артық сезі­ну көз жасы.

Бұл көз жас – өрт түгілі өмір­ді біл­мей­тін, ел ішін­де өспе­ген, жұрт­тың мұң-мұқта­жын біл­мей­тін, қара­пай­ым халы­қтан тым алыс, жас шене­унік­тің бір­ден министр болға­ны­на өкін­ген көз жасы.

Бұл көз жас – өзін мини­стр­лік­ке өмір көр­сет­пей, қыз­мет бас­пал­дақта­ры­мен саты­лап, сонау төмен­нен өсір­мей, кәсі­би тұрғы­дан жетіл­дір­мей, бір­ден министр қоя салған «жебе­ушілеріне» лағ­нет айтқан көз жасы.

Бұл көз жас – біліксіз кадр­дың көз жасы.

Бұл көз жас – сөз жүзін­де бар «Жаңа Қаза­қстан­ның» іс жүзін­де жоқ екенін біл­дір­ген көз жас…

Бұл көз жаста бәрі бар: жемқор­лы­қтың жой­ыл­май­ты­ны, ел мен жер­ге жаны ашы­май­тын жемқор шене­унік­тер­дің бұдан әрі де ел басқа­ра беретіндігі;

Ақор­да­ның өтірік ста­ти­сти­ка­мен өмір сүретіндігі;

Көз­бо­я­у­шы­лы­қ­пен айна­лы­су – билік­тің ең сүй­ік­ті ісі екендігі;

Шене­унік­тік кор­пу­стың ештеңе­ден сабақ алмайтындығы;

Шене­унік­тер­дің мем­ле­кет мүд­десі үшін емес, қарақан қара басы­ның қамы үшін, момын елді талау, мем­ле­кет дәу­летін аяу­сыз талан-тара­жға салу үшін билік­ке баратындығы;

Отанға жасаған опа­сызды­ғы, халы­ққа жасаған қия­на­ты үшін еш жаза­лан­бай­ты­ны, әрі кет­се сөгіспен құты­ла ала­ты­ны­на сенімділігі;

Тарих пен ұрпақ алдын­да еш жау­ап бер­мей­тін­ді­гіне кәміл сенетіні және т.б.

Зүл­фия – отыз жылғы Тәу­ел­сіздік кезеңін­де шын жылаған тұңғыш министр. Отыз жыл­да халы­қты аяу­сыз қанап кел­ген, әлі де қанай беретін мына без­бүй­рек Үкі­мет­тен қысты­ғып жылай­тын бір министр шықты-ау ақыры!

Зүл­фия, сенің көз жасың мына дүлей өрт­ті сөн­ді­ре алмас, бірақ жылай түс. Пре­зи­дент­тің қабыл­да­уы­на барып, Үкі­мет­те болып жатқан масқа­ра­лар­ды айтып жыла, қауқар­сыз пре­мьер-мини­стр­ді отстав­каға жіберіңіз деп жыла!

«Ескі Қаза­қстан­ның» күл­лі кад­рын халы­қ­шыл, мем­ле­кет­шіл аза­мат­тар­мен алма­сты­ры­ңыз деп жыла!

Билік­ті жай­лаған жемқор­лы­ққа тез ара­да төтен­ше шара қол­да­ны­ңыз, әйт­пе­се Тәу­ел­сіздік­тен айы­ры­ла­мыз деп жыла!

Үкі­мет оты­ры­сын­да да жыла!

Мем­ле­кет­ке жемқор­лық сал­да­ры­нан қауіп төн­ді, сен­дер неғып отыр­сы­ң­дар деп жыла!

19,8 мил­ли­он халы­қты тақыр кедей қылған кілең бет­сіз, өңшең ұят­сыздар деп жыла!

Шал­бар киген сор­лы­лар, еркек емес­сің­дер деп жыла!

Өздерің­де ар бар ма, ождан бар ма, мынан­дай жағ­дай­ды көріп оты­рып, министр, әкім бол­мақ түгілі, қалай жер басып жүр­сің­дер деп жыла!

Намыста­рың бар ма өзі деп жыла!

Бір сіл­кініп, мем­ле­кет үшін, халық үшін жанын кешіп, адал іс қыла­тын кез­дерің кел­ді ғой деп жыла!

Ота­ным­ды осын­ша­ма жеген­дерің үшін ұрпақта­рың жау­ап береді, өлген соң, көр­лерің­де тыныш жат­пай­сы­ң­дар деп жыла!

Алда­ры­ң­да ар соты, ұрпақ соты, тарих соты тұр деп жыла!

Бәрін айтып жыла, елдің зарын айтып жыла!

«Ести­тін үкі­мет» халы­қтың жан айқай­ын есті­мей­ді ғой, бәл­кім, өз іші­нен шыққан жалғыз шене­унік­тің көз жасын көрер, зарын естір…

Ерлан Төле­утай

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн