Халық қиналып жатқанда, КӨЛІК МИНИСТРІ қайда қарап отыр?

Құлсарылықтардың тасқынмен арпалысып жатқанына бүгін жетінші күн болды. Ресми дерек бойынша, Атырау облысы Жылыой ауданында тасқын қаупіне байланысты 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Аудан орталығы Құлсары қаласынан соңғы үш күнде 18 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қалада 2600 жер үй мен әкімшілік ғимарат суда қалған. Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман СклярғаСу ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Осыған орай Тасқын судың ортасында жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Самат Мұсабаев мырзамен сұхбаттасып, жағдайды сұрадық.

– Самат мырза, су алған аудандардағы жергілікті халықтың жағдайы қалай? Тасқынның алдын алуға болар ма еді? Кінәлі кім деп ойлайсыз?

– Қазақстанның су басқан 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Елдегі су тасқыны – көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Бұрын-соңды болмаған, бұрын-соңды көрмеген едік мұндай алапат апатты. Бұндай табиғи апатқа Үкімет те, халық та дайын болмады. Сондықтан қазір бір-бірімізді кінәлайтын уақыт емес. Адам шығынын болдырмауға жұмыс жасауымыз керек. Атырау мен Маңғыстау – төсекте бас, төскейде мал қосылып жатқан екі аймақ. Бір-бірімен өте жақын қарым-қатынаста. Ағайын-тумалас болып кеткен екі облыс халқы мына Құлсарыда болған жағдайға байланысты тікесінен тік тұрып қызмет жасауда. Маңғыстаулықтар еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін көмек қолын созып, Құлсарыдан ауған халықты орналастырып жатыр. Жем өзенінің арнасынан асып, Құлсары қаласын су басуына байланысты 8150 қапқа құм толтырылып, 2200 метр қорғаныс бөгеті бекітілді.

Кеше Атырау облысы Құлсары қаласын су басып, ел абдырап, үй-орманын тастап, жан-жаққа бас сауғалаған қиын кезде Атыраудан Алматы, Астана, Ақтауға ұшатын ұшақ билеттерінің бағасы 4-5 есеге дейін қымбаттап кетті. Бүкіл ел болып Атыраудың жанынан табылып, жаны қалмай көмек беріп жатқанда, біздің ынсапсыз, ашкөз әуе компаниялары табыс табудың, қарпып қалудың қамына кірісіпті. Көлік министрі Марат Қарабаев қайда қарап отыр?!

Халықты ашық тонап жатқан әуе компанияларына неге шара қолданылмайды? Мынадай қиын-қыстау кезеңде азық-түлікті, халыққа қажетті тауарлар бағасын аспандатпай ұстап тұру – Үкіметтің басты міндеті емес пе? Әлде Марат Қарабаев Бектеновке бағынбай ма? Бағынатын болса, Президенттен бастап бірлікке, көмекке жұмылып жатқанда, транспорт министрі неге мынадай саботаж жасайды? Атырау қаласында төтенше жағдай жарияланып жатыр, менің де жайшылық кездегідей күтіп отыратын бір апта немесе он күн уақытым жоқ.

– Су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді? Олардың несиелері кешіріле ме?

– Kaspi.kz пен Biz birgemiz қайырымдылық қорымен бірлесіп 55 мың адам шамамен 80 миллион теңге жинады. Kaspi.kz өз кезегінде қаражатты 200 миллион теңгеге дейін ұлғайтты. 8 сәуір күні компания тағы 500 миллион теңге аударғанын хабарлады. «Қазақстан халқына» қоры су басқан ауылдарға үй салуға 5 млрд теңге бөледі. Қор су тасқынынан зардап шеккен ауылдық елді мекендерде 200 үй салуға болады деп есептейді. Екінші деңгейдегі банктер зардап шеккендердің несиелерінің мерзімін 30 маусымға дейін ұзартып, айыппұл мен өсімпұл есептемейтінін хабарлады. Одан бөлек, Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына 300 тонна гуманитарлық жүк жіберді.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың жаңа үйлері қауіпсіз жерге салынатынын мәлімдеді.

– Маңғыстау мен Атырау облысының экологиясына байланысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Талай жылдан бері қордаланған мәселе қашан шешілмек?

– Дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Маң­ғыстау облысының бүгінгі экология­лық ахуалы әбден ушыққан. Мысалы, «Қошқар ата» – қалдықтар қоймасы. Осыдан 50 жыл бұрын аймақтағы үш ірі өндіріс зауытынан шығатын радиоактивті қалдықтар жинайтын қойма болған. Кейін кәсіпорындар жабылып, көлге құйылатын су тоқтатылды. Соның салдарынан зиянды қалдықтар ауаға көтеріліп, желдің әсерінен жақын елді мекендерге тарай бастады. Жарты ғасыр уақыт өтсе де, «Қошқар ата» қоймасы адам өміріне зор қауіп төндіріп тұр. 15 жылдан бері көмілмей келеді.

Алғашқы көму Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болып тұрған кезде басталды. 2010 жылдардан бері әлі бітпей қойды. Барлығы дайын болып, бірінші рет көмілетін кезде ҰҚК тоқтатты. Аяғында тендерге таласқан Кәрім Мәсімов кландарының өзара соғысы екенін түсіндік. Маңғыстаулықтар арасында онкологиялық аурулар, өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары, йод тапшылығы сияқты ауру түрлері көп. Денсаулығы жарамсыз ана мен одан туатын дімкәс бала саны бойынша да көш бастап тұр. Қазір өңірде қатерлі ісікке шалдыққан 900-ге жуық адам бар. Рес­публика бойынша алғашқы үштікке кіреді. Қазір көлдің бетінде 30 жыл бойы үздіксіз тө­гіл­ген улы заттардың салдарынан 105 миллион тонна қатты қалдық жатыр. Қошқар ата ойпатындағы қауіпті мәселе жел тұрған кезде қалдықтардың жан-жаққа ұшуын­да болып отыр. Ұшқан у ауаға тарап, жұртты алаңдатады. Бірден зардабы болмаса да, ұзақ жыл­дардан кейін кеселі тиетіні белгілі. Күллі тіршілік иесіне қауіп төндіретін полигондағы залалды жою үшін республикалық бюджеттен 15,5 млрд теңге бөлінген. Алайда 2021 жылы небәрі 1 млрд ғана игеріліп, жұмыс тоқтап қалды. Яғни, 266 гектар жер залалсыздандырылған. Ал былтыр 3 млрд теңгеге 905 гектар аумаққа құм төселуі тиіс еді. Бірақ жобаның есеп-қисабы дұрыс болмай, жылдың қақ ортасында жұмыс тоқтады. Салдарынан рекультивациялануға тиіс 905 гектар жердің үштен бір бөлігіне ғана қиыршық тас төселген.

– ⁠Депутат болғаныңызға бір жылдан асты. VIII шақырылымдағы өзіңіздің жұмыстарыңызға көңіліңіз толды ма? Қандай мәселелерді көтердіңіз?

– Бұл туралы көптеген мәселе айтуға болады. Естеріңізде болса, сұйытылған газ бағасының Маңғыстауда күрт өсуіне байланысты халық наразылығын білдірген болатын. Артынша Үкімет шешімімен елімізде газ бағасына бір жылға мораторий жарияланған болатын. Оған сай, сұйытылған отынның ең жоғары құны литріне 70-75 теңге болып бекітілді. Біз 2025 жылдың аяғына дейін баға тұрақталады деп заңға түзету енгіздік.

Одан бөлек, газ сататын компаниялардың арасындағы делдалдарды алып тастадық. Бұндай жұмыстар энергетика саласында да жүргізіліп жатыр. Одан кейін мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауларында жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін, заңнама мен рәсімдерді жеңілдету қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Өткен жылы 8 миллионнан астам сайлаушы қатысып, көпшіліктің дауысымен қабылданған Конституциялық нормалардың ішінде 6-баптың 3-тармағында «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп бекітілді.

Конституцияның осы нормасына қатысты қоғам тарапынан билікке, оның ішінде Парламентке бұл қалай іске асырылады деген маңызды сұрақ жиі қойылып жүр және оның жөні де бар. Сондықтан болашақта геологиялық қорында 100,0 млн тоннадан астам мұнай, 50 млрд текше метрден астам газы бар барлық ірі кен орындары бірінші кезекте ұлттық компанияның қатысуымен игерілетін болады және ұлттық компанияның келісімшарттағы үлесі 50%-дан жоғары болуы міндетті. Міне, осы заңға да үлесімді тигіздім.

– Cұхбатыңызға рахмет!

Дина ӘДІЛ,

«DAT» газетінің парламенттік тілшісі

Фото: arbatmedia.kz

Республиканский еженедельник онлайн