Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы ұсынды.
«Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты.
«Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге бүгін – алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға консультативтік тұрғыдан қатысу арқылы Қазақстан халқының мемлекеттік басқару саласындағы мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету. Негізгі міндеті – мемлекеттің ішкі саясатының басты бағыттары бойынша жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету болып саналады.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен конституциялық мәртебесі бар жаңа консультативтік органның құрамы бекітілген еді, оған 126 азамат енді. Олардың арасында Аманжол Әлтай, Николай Арсютин, Мұрат Әбенов, Ислам Байрамуков, Ермұрат Бапи, Еділ Жаңбыршин, Нұртөре Жүсіп, Наталья Дементьева, Роза Мұқанова, Әлия Юсупова, Шахмұрат Мүтәліп, Геннадий Шиповских сияқты басқа да танымал азаматтар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, спортшылар, кәсіпкерлер бар. Мемлекет басшысы атап айтқандай, енді олардың әрбіріне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Осыны терең сезінген бұл азаматтар ел игілігі жолында жұмылған жұдырықтай бірігіп, жемісті еңбек етеді сенеміз!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ