Бэлла ОРЫНБЕТОВА: БИЛІКТІҢ ӨЗГЕРУІН тағы 5-10 жыл күтуге УАҚЫТЫМ ТАПШЫ

  • Өткен президенттік сайлаудан кейін азаматтық қоғамда жасындай жарқ етіп шыққан жас толқынның бір өкілі – астаналық ару Бэлла Орынбетова. Бүгінде Бэлла бике бастаған бір топ қоғамшыл азамат саяси партия құрудың қамына кірісіп кетті. Біз оның ой-пікірін оқырманға жеткізу үшін және құрылмақ партияны қоғамға таныстыру мақсатымен жас саясаткерді «ДАТ!» айдары аясындағы әңгімеге шақырған едік.

– «Партия құру бастамасын көтеріп жүрген бұл қай қыз?» деп, сіз туралы мән-жай білгісі келген газет оқырманының сұрағын арқаланып, сұхбатымызды «бұл қай қыз» екенін білуден бастайық…

– Бэлла Орынбетова, мамандығым – журналист. «Respublika» қозғалысының мүшесімін. Журналистика факультетінде оқытушылық қызмет атқардым, el.kz сайтының бас редакторы болдым. Қазір тәуелсіз журналиспін. Қысқаша осы.

– Оқырман сұрағының жалғасы ретінде: «Бұл қыз қоғамдық ортада нендей мәселе айтып жүр екен?» деген сауалға не деп жауап берер едіңіз?

– Әуел баста қозғалысымыз Астана атауын Нұр-Сұлтанға өзгерткен кезде құрылды. Бұл мен сияқты тәуелсіздік кезеңінде бұғанасы қатқан жастар үшін ауыр жағдай болды. Ел астанасымен қоймай, бас қалалардың негізгі көшелерінің атаулары, әуежай сияқты ірі нысандар елбасы есімімен атала бастады. Астана күні ол кісінің туған күніне еш қисынсыз жылжытылды. Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекеге айналды. Тіпті жастардың аузымен ескерткіштер тұрғызылуы керек деген идеялар айтқызыла бастады. Бұл абсурд емес пе?

Білім мен инновациялық технология салтанаты іспеттес EXPO өткізілетін елде күнделікті интернет бұғатталады. Қазақстанды «әлемге таныту» үшін өткізілген EXPO-ға 565 млрд теңге бөлінеді де, көп балалы аналарға жәрдемақыға ақша жетпейді. Жастар форумын өткізуге 250 миллион ақшаны шашамыз, ал жұмыссыз, баспанасыз жастар азаяр емес. Осы жағдайларды жеткізбек болып қозғалыс белсенділері #Шүкір хештегімен алғашқы арт-протестімізді өткіздік (фото).

– «Respublika» деген атау тағылған бұл қозғалыста кімдер бар, мақсат-мұраты не, кіммен жақтас, кімге қарсы?

– Біздің қозғалыс белсенділерінің басым бөлігі журналистер мен програмистерден құралған. Сондықтан қазіргі медиада болып жатқан жағдайға бейжай қарай алмаймыз. Бізде онсыз да тәуелсіз БАҚ саусақпен санарлық. Азаматтық журналистика құралы ретінде әлеуметтік желі дамып келе жатыр еді. Оның өзі тұрақты түрде бұғатталатын болды. Енді қауіпсіздік сертификатын желеу етіп, ақпараттық қауіпсіздігімізге қол сұққанда, қозғалыстағы әріптестерімізбен бірлесіп, жалғызілікті пикетке шықтық.

Жалпы, елдегі маңызды қоғамдық-саяси жағдайларға пікірімізді әрқашан ашық білдіріп отырамыз. Сайлаудағы өрескел заңбұзушылықтар, митингке шыққан азаматтардың қудалануы, саяси тұтқындар, көп балалы аналардың жағдайы туралы әлеуметтік желідегі парақшамда жазып келемін.

– Иә, Бэлла, оқып жүрміз: соңғы көтерген мәселең елдегі нан бағасының қымбаттауы екен…

– Білесіз бе, былтыр желтоқсан айында 1 қап ұнның бағасы 3800 теңге мөлшерінде болған. Қазір 8700 теңге. Саудагерлер жылдың соңына дейін 11–12 мыңға жетеді деп отыр. Қазірдің өзінде екі есе қымбаттаған. Бағаның өсуінен диқандар пайда тауып отыр десеңіз – қателесесіз. Пайданы көріп отырған – арадағы делдалдар. Бюджетке оның бір тиыны да түсіпейді. Себебі нарықты реттейтін не заң, не тәртіп орнатуға мүдделі орган жоқ.

Халық неге ашынады? Көп балалы аналарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға онсыз да там-тұмдап берілген көмегін үкімет сот арқылы қайтарып алуда. Мәселен, жақында ғана ең төменгі күнкөріс мөлшерінен табысы 1 мың теңгеге асып кеткені үшін қарағандылық отбасыдан 3 ай төленген атаулы әлеуметтік көмекті өндіріп алу туралы сот шешім шығарған. Ал түйені түгімен жұтып отырған шенеуніктер жазадан құтылып кетуде. Білім министрінің экс-орынбасары Суханбердиева, таяуда ғана босатылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың істерін көріп отырмыз ғой.

Ал 1 млн доллар пара алған Хоргостың бұрынғы басшысы Василий Ни есіңізде ме? Оны сот залынан бостандыққа шығару туралы шешім қабылдаған судья Мартпек Кәкімжановты Жоғарғы сот судьялығына ұсыныпты. Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі (CPI) бойынша Қазақстан 124-орында тұр. Бір жыл ішінде онсыз да соңғы позициядан тағы екі орынға артқа шегіндік. Себебі бізде жемқорлықпен күрес емес, қайта ынталандыру жүріп жатқандай. Заң алдында барлық азамат тең емес.

– Жаңылмасақ, сіздің есіміңіз бен қоғамдық белсенділігіңіз соңғы президенттік сайлаудан кейін әлеуметтік желілерде жиі атала бастады. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де, сіздің ой-пікіріңізді білейік: ойын шартын билік белгілеген сол сайлаудан не үміт күтіп едіңіз?

– Сайлаудан пәлендей үміт күттім деп айта алмаймын. Шынымды айтсам, сайлаудан емес, халықтан мұншалық белсенділік күткенім жоқ. Тәуелсіз Қазақстанда өткен сайлауларда осындай белсенділік бұрын-соңды болмаған шығар. Азаматтар жаппай тәуелсіз бақылаушы болып, сайлаудың әділ өтуіне барын салды. Заңды мұқият оқып, сайлау учаскелерін таңнан кешке дейін бақылап, қырағылық танытты. Кей учаскелердегі бақылаушылардың әрекетін «батырлыққа» балауға болды. Алайда халық заңның қалай бұрмаланып, нәтиженің қалай өзгертіле салатынын өз көзімен көрді. Не күтсем де, дәл мұндай жалпағынан басуды күтпегенім анық.

– Ал енді елдегі еркін деген ер азаматтардың өзі тайсақтап қалған, назарбаевтық саяси режим буындырған қазіргі уақытта сіздің партия құруға бастама көтеруіңіздің себебі неде?

– Шарасыздық та, үміт те аралас. Менің жасым 38-де. Әлі егде тартқаным жоқ, тым жас та емеспін. Ары қарай «бір қайыры болар» деп, қол қусырып отыра алмаймын. Биліктің өзгеруін тағы 5-10 жыл күтуге уақытым жоқ. Біз үміт артқан аға буын қартайып барады. Әрі олар осы жүйеге көндігіп, мойынсұнған сияқты. Менің де балаларым бар. Бірнеше жылдан соң олар да есейеді. Менің оларға қалдыратын қаржылық мұрам да, ықпалды туыстарым да жоқ. Олар адал еңбегімен тәуір өмір сүрсін деп ойлаймын. Бар қолымнан келетіні – осы елдегі жүйені өзгертуге тырысу, бір әулиет емес, заңның үстемдік құруына қол жеткізу.

Екіншіден, үміт бар. Қазір жартылай транзиттік кезеңде билік демократияға аяқ басқан сыңай танытуда. Егер шынымен саяси жылымық болса, оны да көрейік. Біз сияқты жас партиялардың құрылуына жол берсе, демек, шынымен жүйе өзгеруге құлықты. Егер баяғы әдетіне салып, бір партиялы режимді қаласа, бұл жүйенің өзі де алысқа бармас.

– Қудаланудан қорқыныш жоқ па?

– Жеке басымды қудалаудан қорықпаймын. Жақындарым үшін алаңдаймын. Әсіресе қозғалыстағы қыз-жігіттер қудалаудың шет-жағасын сезіп те қалды. 9 қараша күні митингке шығамыз деп жарияладық. Бүгін ғана полиция қызметкерлері үйге келіп кетті. Екі балам үрпиісіп қалыпты. Бірақ шешінген судан тайынбас деген. Саяси өмірге араласа бастағанда-ақ қайда келе жатқанымды, алдымда не күтіп тұрғанын білдім. Сондықтан қорқыныштан гөрі жауапкершілік басымырақ.

– Айтпақшы, қоғамдық қозғалысты партияға айналдыруға әрекет етіп жатқандарыңызды тағы да білеміз. Ол партияның атауы мен көздеген мұраты не болмақ?

– Біздің партиямыз Respublika деп аталады. Атынан белгілі болғандай, республиканизм идеясына негізделеді. Саяси бағытымыз – социал-демократиялық. Мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық ұстанымы іс жүзінде болғанын қалаймыз. Қазіргі уақытта билік пен халықтың арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Билік халықтың үніне құлақ аспайды. Халықта ешқандай билік жоқ. Елдің қамын жеп, мүддесін қорғайтын депутаттардың өзі халыққа емес, партияға, үкіметке ғана бағынышты. Түптеп келгенде, Қазақстан парламенттік республика болғанын қалаймыз. Партия бағдарламасымен, қозғалыстың басы-қасында тұрған белсенділермен re.org.kz сайты арқылы таныса аласыз.

– Бүгінгі қоғамда партия құру жөнінде сізден басқа да бастама көтерген азаматтар мен қоғамдық топтар ұйымдаса бастады. Өртеңге шыққан алшындай болған бұл бастамалар туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі жағдайда қандай да болсын азаматтық белсенділіктің артуы бізді қуантады. Саяси плюрализм болуы тиіс. Біздің қоғам біртекті емес, сондықтан түрлі ұстаным, әртүрлі бағыттағы партиялардың болуы да заңды. Мәреге кімнің жетіп, кім партия болып тіркеле алатынын уақыт көрсетер. Ал өткен сайлаудағы қарсы дауыстар протестік көңіл-күйдің өте жоғары екенін аңғартты. Бұл протест асүйдегі әңгіме аясында қалмай, саяси партиялар идеясы төңірегінде біріксе, мемлекетіміз үшін пайдалы болмақ.

– Сіздің бұл орайдағы мақсат-мұратыңыз Жанболат Мамайдың партия құратыны жөніндегі мәлімдемесімен үндес келетін сияқты. Мәселен, абайшылап айтқанда, «бас-басына би болудың» кебін кимей, осы екі бастаманы біріктірудің мүмкіндіктері бар ма?

– Біздің қозғалыс партия құруға өзгелерден ертерек кіріскен болатын. Біз бағдарламамызды дайындап, ел аралап, қол жинауды бастап кеткен соң, Жанболат Мамай бастаған Қазақстанның демократиялық партиясы туралы естідік. Жанболаттың идеясы, азаматтық ұстанымы ұнады. Дегенмен бағдарламамызда ерекшеліктер бар. Болашақта партия ретінде тіркеліп, парламентке жетіп жатсақ, фракцияға бірігуіміз әбден мүмкін.

– Жастар өкілдері құрған «ояншылар» қозғалысы мен Азаматтық бастамалар коалициясы сіздің партиямен әріптес болуы мүмкін бе?

– «Оян, Қазақстан!» қозғалысымен ынтымақтастығымыз берік, олардың азаматтық белсенділігі бізді шабыттандырады, жігерлендіреді. Олар саяси партия құруға ынталы болмағанымен, қозғалыстары аясында атқарып жүрген іс-шаралары партиядан кем емес. Жалпы, Азаматтық бастамалар коалициясы болсын, саяси көзқарастарымыз үйлесетін кез келген бірлестіктермен, ұйымдармен тізе біріктіріп, әрекет етуге қарсы емеспіз.

– Ал енді парламенттік сайлауға дейін партияны тіркету мүмкіндігі болмаған жағдайда, «саяси төңкерісшілердің» ЖСДП-мен әріптес болу мүмкіндігі бар ма? Жалпы, осы партиядағы антиморальдық әрекеттен кейін бұл партияның болашағы туралы не айтар едіңіз?

– Жасырып қайтеміз, бастапқыда сайлауға дейін Ермұрат ағадан /Бапи/ ЖСДП алаңына бірігу туралы ұсыныс түскен болатын. Біз қозғалыс белсенділері жасалған ұсыныс жөнінде ойланып, партияның астаналық филиалына кездесуге де бардық. Алайда ол жақта құшағын жайып, келуімізді қуана күткен адамдарды байқамадық. Сөйтіп, ол тек ұсыныс күйінде қалған болатын.

ЖСДП-да болған соңғы оқиғалардан кейін бұл партияның болашағы туралы айту қиын. Біздің партиямыздың тіркелген партиялардан артықшылығы – принципшілдік, тазалық, айқындылық. Біздің артымызда ешқандай мемлекеттік құрылымдар, олигархтар, қашқындар жоқ. Біз ешкімнің жобасы емеспіз. Сондықтан қазіргі уақытта тіркелген ешбір партиямен әріптес тұрмақ, мүше болуға ниетіміз жоқ.

– Елге белгілі ҚДТ/ДВК белсенділері мен «Мұхтар Әбілязовтың синдромын» санадан сызып тастай алмаймыз: олардың айтуынша, бүгінгі саяси режимнің жағдайында билікпен ымырыласпай партия құру мүмкін емес көрінеді. Осы ымыраласу, билікпен компромиске бару төңірегіндегі ойыңыз қандай? Расында, қазақстандық партиялар құрылысының бұған дейінгі тәжірибесіне қарасақ, кезіндегі қажыгелдиндік «РНПК» мен Болат Әбілов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы бастамашысы болған «Азат» («Нағыз Ақ жол») партияларынан басқа тәуелсіз саяси құрылымдар болмаған екен…

– Ымыраласу дегеннен гөрі «компромисс» деген жөн. Дәл қазір біз талаптарымыздан шашау шығармай, билікке қол жеткіземіз деу – ақымақтық болар. Саясат болған соң, компромисс қажет. Бірақ бұл сатылып кету, биліктің ығына жығылуды білдірмейді. Кейде үлкен мақсаттарға жету үшін, кішігірім мұраттарды құрбандыққа шалу қажет. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы бір сұхбатында айтып еді: «Біз үшін президент, премьер-министр немесе басқа болу арман болмауы тиіс. Біз үшін арман – елдегі жағдайды өзгерту, саяси құрылымды түзеу» деп. Сондықтан арманға жету үшін, түрлі жолдарды қарастыру керек.

Дегенмен, өзге партия не күштерден артықшылығымыз – біздің тазалығымызда. Біздің қатарымызда солқылдақтық танытатын осал мүшелер, лас байланыстар жоқ. Сондықтан осы жолдан таймай әрекет етіп, «Нағыз Ақ жол» партиясына жетеғабыл партияға айналуымыз бек мүмкін.

– Партияны тіркету процесі қазір қай деңгейде жүріп жатыр? Тұсау болған қандай да қиындықтар бар ма?

– Әзірге өңірлерді аралап, қол жинап жүрміз. ҚР «Саяси партиялар туралы» заңына сәйкес партия – саны бір мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Әзірше аймақтарды аралап, сол бастамашы топ мүшелерінің қолын жинап жүрміз. Алдымен Батыс аймақта – Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларында болдық. Қолбайлау болатын – қаражаттың жетіспеушілігі. Батыс аймақтарға негізінен қозғалыс мүшелерінің қаражаты және елден жиналған краудфандинг есебінен бардық. Қалған аймақтарға сапарға қаражат жинастырып жүрміз.

– Иә, нарық заманында ақшасыз тірлік өнбейді. Елдегі партиялық қозғалысқа бизнес өкілдері жаппай бет бұрмайынша, азаматтық қоғамның парламенттік билікке жету үміті шектеулі деген пікірге алып-қосарыңыз бар ма?

– Әлбетте, азаматтық қоғам бизнес қолдауынсыз алысқа ұзап кете қоймас, себебі партияның толыққанды жұмыс істеуі үшін, меншікті қаражаты мен мемлекеттің бөлетін қаражаты жеткіліксіз. Сіз айтқан саяси тәуелсіздікке де жеткізетін бизнес өкілдерінің қолдауы болмақ. Бұл, әрине, партиялар белгілі бір бизнестің шашбауын көтеріп, мүддесін қорғайтынын білдірмейді. Елдегі саяси тұрақтылық, заңдардың жұмыс жасауы бизнеске де қолайлы емес пе?!

– Сөз жоқ, қазақ бизнесі де мұны түйсінетін дәрежеге жетті деп ойлаймыз! Ендеше бастаған қоғамшыл қадамдарыңыз сәтті болсын! Ал егер ақпараттық қолдау қажет бола қалса, әрдайым әділет іздеп келе жатқан «ДАТ» сіздерге көмек қолын созуға дайын. Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн