Қоғам бір бөлек, билік өз алдына бөлек

Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім деңгейі алшақтап бара жатыр. Сапалы кадр тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, мемлекеттік деңгейде нендей міндеттер жүзеге асуы керек? Осы және басқа да сұрақтарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ерболат Байұзақұлы жауап берді.

– Ерболат мырза, депутаттық мандат алғаныңызға бір жыл болды. Осы бір жылда сіз Парламент депутаты ретінде не тындырдым деп айта аласыз?

– Иә, бір жыл толды. Осы уақыт аралығында он беске жуық заң жобасын әзірлеу барысында жұмыс тобының мүшесі болып, біреуіне жетекшілік еттім. Ол заңдардың барлығына Президент қол қойып, қазір жұмыс істеп жатыр. Бұлардың ішіндегі мағынасы жағынан да, көлемі жағынан да ең ауқымдысы – «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат. Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуды, мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіруді, оларды жүргізудің ашықтығына кепілдік беруді, сондай-ақ бизнеске жүктемені азайтуды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуді көздейді. Заң жоба­сы елдегі бизнес-ахуалды жақсар­ту мақсатымен әзірленді.

Одан бөлек, Қоғамдық бақылау туралы заң жобасын әзірлеу кезінде де жұмыс тобының мүшесі болдым. Құжат негізінде кез келген азамат қоғамдық бақылау ұйымын құрып, нысандарға тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Бұл ретте қос тараптың да құқықтары мен міндеттері заңда нақты жазылған. Ал петицияны арнайы интернет-портал арқылы бере алады. 

Айта берсек, жұмыс көп. Бұл жұмыстардан бөлек, комитеттің де жұмысы бар. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болғандықтан, шетелдермен байланысты күшейтуге қатысты әскери және шекара саласындағы мәселелерді шешуге де атсалыстым. Қорғаныс саласы – елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығының, әрбір қазақстандық отбасының тыныштығы мен сенімділігінің кепілі.

Осы аталған жұмыстардан бөлек «Ауыл» партиясының фракциялық жұмыстары да жеткілікті. Жазда ауыл-аймақтарды аралап, халықпен кездестік. Ауыл шаруашылығын дамытумен қоса, тұтастай ауылды дамыту бағытында жұмыстар атқарып келеміз.

– Депутаттыққа дейін сіз Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры болдыңыз. Ал арадағы бір жылдың қорытындысы бойынша университеттегі әлдеқайда «тірі» жұмысты тастап кеткеніңізге өкінбейсіз бе?

– Әсте өкінбеймін. Университетте он жылға жуық ректорлық қызмет атқардым. Ш. Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтының өз деңгейіне дейін көтерілуіне, тек облыстық жоғары оқу орны емес, республикалық, халықаралық аренаға шығуына атсалыстым. Әлі де сол университеттің құрылтайшысы ретінде жұмысымды жалғастырып отырмын. Ол жерден жалақы алмаймын, тек ақыл-кеңес беріп, оқу бағдарламасына араласа аламын. Бұрын тек бір оқу орнының дамуына жұмыс жасасам, қазір Қазақстанның барлық жоғары оқу орнын сырттай қадағалап отырамын.

– Парламенттегі өзіңіздің депутаттық қызметіңізде әлдебір шектеулер мен «сызылып берілген» шеңбер бар ма?

– Депутаттық қызметтің өзіндік мақсаты мен міндеті бар. Біз қоғамның проблемасын Үкіметке жеткізетін халық пен билік арасындағы «алтын көпір» бола білуіміз керек. Арнайы сызылып берілген шектеу жоқ. Халықтың көкейінде жүрген кез келген мәселені алып, депутаттық сауал жолдай аламын. Парламент қабырғасында талқыланып жатқан кез келген заң жобасына өзімнің депутаттық пікірімді білдіріп, өзгерістер енгізе аламын.

– Бүгінде заң шығарушы биліктің биігінен қарағанда, жоғары білім беру саласын ұйымдастыру бағытында қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?

– Кемшіліксіз жұмыс жоқ. Жоғары білім беру саласында көңіл аударатын мәселелердің бірі – ауылдан шыққан жастарымыздың қайтадан ауылға оралмауы. 2009 жылдан бері қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдық елді мекендерде кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп келеді. Бағдарлама ауылға барып жұмыс істейтін жастарға жағдай жасауға бағытталған: оларға үй алуға несие беріліп, көтерме жəрдемақы төленеді. Десе де, қалада білім алып, жайлы мекенге үйренген жастардың ауылға барып жұмыс істегісі келмейтіні жасырын емес. Бағдарламаны қаржыландыру мөлшері артқанымен, жастарда қызығушылық жоқ. Сол себепті ауылда маман тапшылығы азаймай тұр. Сондықтан бағдарламаның аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жал­ғастыру керек. Одан бөлек, гранттар тағайындау мәселесі бойынша «Серпін» бағдарламасын ауылды жерлерге де жасауымыз керек. Ауыл мен қала мектептері ара­сындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту – өзекті мәселе. Ел Президенті де Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап бара жатқанын айтты. «Негізгі мәселе – ауылды жердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсетті. Шынымен де, білікті кадр – білім бастауы. Бұл да алшақтыққа әсер ететін фактор. Ауыл мектептерінде материалды-техникалық ба­за мен интернеттің жетіспеушілігі де басты себептердің бірі. Айтқым келгені – ауылдық квотадан бөлек те жергілікті әкімдіктердің тарапынан берілетін гранттар санын арттыруымыз керек.

Қарным ашатын тағы бір мәселе – ғылым саласы. Жоғары оқу орындарында орындалған ғылым өндіріспен байланыспай тұр. Қазіргі уақытта әлемдегі эко­но­микалық тұрғыда дамыған ел­дер­дің аса маңызды бәсекелестік артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар. Сондықтан елі­міздің ғылымы дамудың жаңа деңгейіне түбегейлі көтерілуі қажет. Төртінші мәселе – жастарымыз мамандықты таңдамайды. Қазақстанда жоғары оқу орындарында таңдау көп. Алайда жас түлектердің көпшілігі тегін оқу деп жаны қаламайтын мамандыққа түседі.

– Ал өзіңіз ше? Оқу бітіргеннен кейін ауылға барып жұмыс істедіңіз бе? Өз балаларыңызды ауылға жіберуге дайынсыз ба?

– Мен кеңес заманында оқып, білім алдым. Ол кезде оқу бітірген соң, арнайы жолдамамен еліміздің түкпір-түкпіріне жіберетін. Осы жолдамамен 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жіберді. Ол жерде 2003 жылға дейін ғылым саласында жұмыс істедім. Қазір өзім қалада тұрғандықтан, балаларым да қалада дүниеге келді. Бірақ олар егер ауылға барамыз, кәсіп бастаймыз, ауылды дамытамыз дейтін болса, қуана-қуана келісімімді берер едім. Олар өзіміздің отандық оқу орындарында білім алып жатыр. Ауылдан көшіп кетсем де, ауылмен байланысымды мүлде үзген емеспін. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастап, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында ауыл мектептеріне «Рухани жаңғыру» кабинетін ашып бердім. Құмөзек ауылында 40 жылдан бері жөндеу көрмеген Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне атсалыстым. Сондай-ақ мектеп түлектері бірлесіп, мек­теп жа­нынан саябақ сал­дырдық. Ба­лабақшаның да мәсе­лесін на­зардан тыс қалдырмай, оны да жөндеуден өткіздік. Кеңес үкі­меті тұсынан бері ауылда қал­ған мә­дениет үйін бұздырмай, 2015 жы­лы мемлекет меншігіне өт­кізіп, оны да ел игілігіне тап­сыр­дым.

– Ал енді осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, мемлекеттік деңгейде нендей міндеттер жүзеге асуы керек?

– Мұндай кемшіліктердің орнын толтыру үшін, ең алдымен заңды реттеуіміз керек. Бұл кез келген салаға қатысты. Бізге халық үшін, қоғам үшін жұмыс жасайтын заң керек. Көптеген заңдарда қателіктер мен кемшіліктер бар. Заман дамып кеткен, ал ол заңдардың көбі ескіріп қалған. Көптеген заңдардың артында лобби тұр.

Екінші мәселе – қазір Президентіміз айтқан «Әділетті Қазақстанды» құру жолындамыз. Оның алғышарттарының бірі – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Ұлттық құндылықтарымызды бала кезінен бойына сіңіріп, жақсы тәлім-тәрбие беруіміз керек. Ел үшін жұмыс істейтін жастар буынын тәрбиелеуіміз керек.

Дін мәселесін де басты шарттардың бірі деп қабылдауымыз керек. Себебі қазір радикалды діндердің жетегіне еріп, адасып жүрген жастарымыз өте көп.

Одан кейін шағын және орта бизнесті дамыту үшін жұмыс жасауымыз керек. Осы ретте жақында бизнесті жүргізу туралы заң Сенат пен Мәжілісте мақұлданып, Президентке қол қоюға жіберілді.

– Президент Тоқаев бастамашы болған «Жаңа Қазақстан» идеясының жүзеге асу қарқыны сіздің көңіліңізге қона ма, әлде сылбырлық басым ба?

– Қазақстанның егемендік алғанына да, міне, 33 жыл толды. Біз өзімізді дамыған мемлекеттермен қалай салыстырамыз? АҚШ-тағы дамыған жоғары оқу орындарының жасы алды 500 жылға барады. Ең жас университеттерінің өзіне 50–60 жыл толып отыр. Ал бізде ең көне оқу орны ҚазҰУ-іне 90 жыл толды. Бұл салыстыруға келмейді. Мемлекетті де осылай салыстыру керек. Нарықтық жүйеге енгенімізге отыз жыл енді ғана толды. Оның алғашқы он жылында нарықты түсінумен жүрдік. Келесі жиырма жыл өзімізді таныта бастадық. Осының барлығына уақыт кетті. Әрине, кемшіліктер де кетті. Бірақ жасаған игі істеріміз көбірек. «Отыз жылда ештеңе істелмеді» деп аттан салатындармен келіспеймін. Осыдан отыз жыл бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстырып көріңіз. Арасы жер мен көктей. Енді «Жаңа Қазақстанды» құру үшін, оның алдында жасалған қателіктерді қайталамауымыз керек. Жеке өз басым алдағы уақытта «Жаңа Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстан» құрылады деген ойға сенемін.

– Ал билікті қоғамға немесе қоғамды билікке жақындату мақсатында қандай да бір кібіртіктеулер бар ма? Бұл бағытта екі тараптан қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Қоғам мен биліктің арасындағы біртұтастықты нығайту бағытындағы жұмыстар осы уақытқа дейін де жасалып келді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Қоғам бір бөлек, билік өз алдына бөлек болып қалды. Былтыр жалпыхалықтық референдум өткізген болатынбыз. Басты мақсат – тағдыршешті шешімдерді анықтайтын реформаларға тек депутаттар ғана емес, бүкіл халық қатысуы қажет. Бірінші осындай саяси қадам жасау арқылы өзіміздің экономикалық тұрақтылығымызға қадам жасадық. Референдумға халықтың 68,05 пайызы қатысып, 77,18 пайызы Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Сөйтіп, Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізілді. Негізгі заңымызға енгізілген түзе­тулердің бірінші блогы супер­прези­денттік модельден президенттік рес­­пуб­ликаға түпкілікті көшуге бағыт­­тал­ған. Мәселен, Президент өз өкі­леттігі кезінде ешқандай саяси партия мүшесі бола алмайды. Бір реттен артық ел басқаруға құқығы жоқ. Сондай-ақ мұндай шектеу Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комис­сиясының, сондай-ақ Жоғарғы ауди­торлық палатаның төрағасы мен мүшелеріне қолданылады.

Ел тағдырына ықпал еткен келесі оқиға – биыл наурызда өткен Мәжіліс және мәс­лихаттар сайлауы. Парламент депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды-мажори­тарлы жүйе бо­­йынша өтті. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудан­дық мәслихат депу­тат­тары­­ның бәрі бір мандатты округ бойынша сайланды. Нәти­жесін­де өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналды десек, қателеспейміз. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 депутатқа қысқарды. Осылайша «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланды. Осындай саяси қадамдар арқылы екі тараптың арасы біртабан жақындады.

– Бұл сұхбатта біздің сұрақтардан басқа, өз тарапыңыздан тағы да қандай мәселелердің қозғалғанын қалар едіңіз?

– Ауылдың жағдайын айтқым келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл – ел халқының 38,2%-ы. Урбанизация қарқынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі азайып келеді. Соңғы 10 жылда еліміз бойынша 600-ге жуық ауыл жойылып кеткен. Жақында мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін, Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасына 2024 жылы 100 миллиард теңге бөлінді. Жоба аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындары төл бизнесін ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелер ала алады. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5%. Несие мерзімі 5 жыл, ең көп дегенде 7 жылдан аспайды. Кепілмен қамтамасыз ету керек. Бірақ 100 млрд теңге ауылдағы мәселелерді тұтастай шеше алмайды.

Одан кейін орта білім беру саласында да көкейтесті мәселелер бар. Ол техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі оқытушылардың айлық мәселесі. Бізде орта мектеп мұғалімдері колледжде білім беретін мұғалімдерге қарағанда 40 пайызға артық айлық алады. Елімізде 800-ге жуық колледж бар.

Екінші мәселе, сол колледждердегі елге қажетті мамандықтарды қайта қарастыру керек деп есептеймін. Жергілікті колледждерге облыстың есебінен миллиардтаған қаражат бөлінеді. Ол колледж түлектері алған мамандығы бойынша жұмысқа да орналаспайды. Ары қарай оқу оқимыз деген желеумен қайда кететіндері белгісіз. Сондықтан тек еліміздің экономикасына қажетті мамандықтары бар колледждерді қалдырып, басқаларының барлығына оптимизация жасау керек. Ол колледждердің материалдық-техникалық базасын реттеп, статустарын көтеру бағытында жұмыс жасауымыз керек.

Шалғай ауылдардағы мектеп мәселесін де айта кеткен жөн. Ол жақта интернет жоқтың қасы. Ауыл мұғалімдерінің жетіспеушілігі және олардың біліктілігінің төмендігі де өзекті мәселе.

Оқу-ағарту және Ғылым мен жоғары білім министрлігінің алдында осы тапсырмаларды орындауға байланысты үлкен міндет тұр. Бұл міндет тек министрлік пен Үкіметтің алдындағы ғана міндет емес, бүкіл халықтың алдындағы баршамызға ортақ міндет. Ұлтымыздың болашағы мен мемлекетіміздің тұтастығын мәңгілік ұстап тұратын жастарымыздың болашағы деп білуіміз керек.

– Cұхбатыңызға көп рахмет!

«ДАТ»-тың

Парламенттік тілшісі

Дина ӘДІЛ

Республиканский еженедельник онлайн