Асылхан Қожахметов,«Ақ жол» демократиялық партиясы
республикалық сайлауалды штабының басшысы:
– Қазіргі сайлау науқанының беталысы қандай?
– Саяси процестер мен сайлау науқандарының көпжылдық тәжірибесіне сүйенсек, бұл жолғы науқанның саяси салмағы да, қарқыны да мүлде бөлек. Қазіргі сайлау науқаны жоғары бәсекелестікпен, ашықтықпен әрі саяси прагматизммен сипатталады. Басты ерекшелік – қоғамның саяси мәдениеті мен талабының сапалық жаңа деңгейге көтерілуінде. Бүгінгі сайлаушы құрғақ уәдеге немесе жалаң ұрандарға сенбейді. Халық тарапынан нақты заңнамалық механизмдерге, экономикалық есептерге және проблемалардың шешілу жолдарына негізделген терең сұраныс бар.
«Ақ жол» партиясының республикалық және өңірлік штабтары еліміздің барлық аймақтарын қамтып, өндіріс ошақтарында, ауылдық жерлерде халықпен ашық кездесулер өткізіп жатыр. Ел ішіндегі саяси белсенділік пен өзгерістерге деген сенім өте жоғары. Саяси бәсекенің жоғары деңгейде өтуі – еліміздегі демократиялық институттардың орнығуы мен мемлекеттік саяси жүйенің дамуын көрсетеді. «Ақ жол» партиясы бәсекеге айқын саяси бағдарламамен және нақты заңнамалық бастамалармен қатысып отыр.
– Референдумнан кейін еліміз Жаңа Конституциямен қадам басты. Осы орайда бұрынғы сайлаулар мен қазіргі Құрылтай сайлауының басты айырмашылығы мен ерекшелігі неде?
– Сайлаудың негізгі саяси мәні – 2026 жылғы Халықтық Конституция негізінде мемлекеттік басқарудың жаңа институционалдық үлгісін қалыптастыруында. Бұрынғы сайлаулар бұрыннан қалыптасқан жүйе шеңберінде өтіп келсе, бұл жолы мүлде жаңа мемлекеттік институттар – Құрылтай мен Халық кеңесінің құқықтық негізі қаланып жатыр.
Бұл орайда үш басты саяси аспектіні бөліп көрсетуге болады: Бұрынғыдан өзгешелігі – мемлекет басшысының партиялық мүшеліктен тыс болуы барлық саяси күштер үшін тең бәсекелестік пен әділ сайлау ортасын қалыптастырды. Екіншіден, жаңа Конституция аясында Құрылтайдың бақылау функциялары айтарлықтай күшейді. Ендігі жерде парламенттік тергеу жүргізу, квазимемлекеттік сектор мен арнайы қорлардың (МӘМС, БЖЗҚ) қаражатын қоғамдық-парламенттік бақылауға алу тетіктері көзделген. Үшіншіден, Президент ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы толыққанды іске асады. Демек, бұл сайлау – тек мандат бөлінісі емес, мемлекеттің жаңа саяси архитектоникасын құрудың жауапты кезеңі.
– «Ақ жол» партиясын жұртшылық көбіне кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын саяси күш ретінде таниды. Ал бұл жолғы сайлауалды бағдарламаларыңызды қарасақ, қарапайым еңбек адамы, әлеуметтік әділеттілік және халықтың тұрмысы басты орынға шығыпты. Бұл партия бұрылысы ма, әлде қоғамдағы сұраныс па?
– Иә, біз әрқашан адал кәсіпкерлікті қолдап келдік және қолдай береміз. Бірақ мемлекеттің басты тірегі кім? Ол – маңдай терімен нанын тауып жүрген қарапайым еңбек адамы. Бағдарламада ашық жаздық: Қазақстандай қазынасы тасыған, байлығы мол елде кедейлер мүлдем болмауы керек. Шағын және орта бизнесті қолдау дегеніміз тек кәсіпкерге ғана жағдай жасау емес. Бизнеске жол ашылса – жаңа жұмыс орындары құрылады, халық тұрақты табыс табады. Яғни, орта тап қалыптасып, бай мен кедейдің арасындағы үлкен алшақтық жойылады. Кәсіпкерлік өркендесе, қазынаға салық түседі.
Ал сол салықтың арқасында біз әлеуметтік әділеттілік орнатамыз: зейнетақы мен жалақыны құрғақ цифрмен (АЕК) емес, нақты күнкөріс деңгейімен есептей аламыз, жас отбасылардың ипотекасына көмектесеміз, МӘМС пен БЖЗҚ қорларын халықтың тікелей бақылауына береміз. Шын мәнінде, адал кәсіпкер мен қарапайым жұмысшының мүддесі бір. Екеуі де әділеттілікті, заңның үстемдігін қалайды. Екеуі де жемқорлық пен олигархтардың үстемдігінен шаршаған. Сондықтан «Ақ жол» партиясының басты мақсаты – еліміздің ұлттық табысы халыққа әділ бөлінетін, әр азамат өз еңбегімен лайықты өмір сүре алатын қоғам құру.