Міне, Жаңа Конституция негізінде сайланатын Құрылтай сайлауына дәл бір ай уақыт қалды. Елімізде мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және халықтың саяси шешімдер қабылдау процесіне қатысуын кеңейту мәселесі тұрғысынан бұл өте маңызды саяси науқан. Бұл бастама қоғамда қызу пікірталас туғызып, саясаттанушылар мен сарапшылар арасында түрлі көзқарастар қалыптастырды. Бір тарап Құрылтай халықтың мүддесін тиімді жеткізетін жаңа демократиялық алаң болады деп есептесе, тағы бір тарап оның нақты өкілеттігі мен сайлау тетіктері айқындалмайынша, күткен нәтижеге қол жеткізу қиын екенін алға тартады.
Құрылтай ұғымы қазақ тарихында ежелден белгілі. Дәстүрлі қоғамда маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін билер, батырлар және ру басылары жиналып, ортақ шешім қабылдайтын болған. Қазіргі кезеңде бұл идея жаңаша сипат алып, қоғамдық пікірді жинақтайтын өкілетті орган ретінде қарастырылуда. Егер Құрылтайға кеңірек өкілеттік берілсе, ол заң шығару бастамаларын талқылауға, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бағалауға және қоғамның түрлі топтарының пікірін билікке жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы сайлау тек жаңа өкілдерді таңдаумен ғана шектелмей, елдегі саяси реформалардың маңызды кезеңіне айналуы мүмкін.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, кез келген жаңа саяси институттың тиімділігі оның атауына емес, нақты өкілеттіктеріне байланысты. Оның айтуынша, Құрылтай шынайы қоғамдық пікірдің алаңына айналуы үшін, оның мүшелері ашық әрі әділ сайлануы қажет.
Сарапшы сондай-ақ сайлау процесінің барынша жария болуы, кандидаттардың тең мүмкіндіктерге ие болуы және азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуы маңызды екенін атап көрсетті. Егер бұл талаптар орындалса, Құрылтай халық пен билік арасындағы байланысты күшейтетін маңызды институтқа айналуы ықтимал.
Бұлжерде оның «ашық әрі әділ сайлануы қажет» деген пікірі өте өзекті. Дәл сондай жағдайда ғана халықтың саяси шешімдер қабылдау процесіне қатысуы нақты көрініп, оның нәтижесі де жоғары болатыны күмәнсіз. Ал сайлау ашық та әділ өтуі үшін не қажет?!
Біздіңше, бірінші кезекте сайлау комиссиясының құрамын негізінен мұғалімдерден жасақтауды күрт доғару керек. Себебі қоғамда ең абыройлы, ең беделді мамандық иелері саналуы тиіс жандарды сайлау қорытындысына басты жауапкер ретінде тағайындап, қаншама жылдар бойы біз керісінше олардың абырой-беделін төмендетіп келдік.
Шынын айтайық, Қазақстанда тұрғындардың тіпті үштен бірі де сайлау учаскелеріне барып, өздерінің конституциялық міндетін атқармайды. Осының өзі азаматтық жауапкершілік тұрғысынан үлкен қателік. Есесіне біз әр сайлаудан кейін оған 75–97 пайыз сайлаушы қатысқанын, бұл науқан барлық сайлау учаскелерінде үлкен ұйымшылдық, көтеріңкі көңіл-күймен өткенін естиміз.
Бүкіл халық қоғамның тыныс-тіршілігін әлеуметтік желі, БАҚ және басқа ақпараттық құралдар арқылы бақылап отырған заманда бұл өтірікке кім сенеді? Ал сол ақпаратты дайындап, ұсынып отырған кім? Тағы сол мұғалімдер!..
Саяси науқанның жұмысын қамтамасыз ету, оның нәтижесін шығару – мұғалімнің міндеті емес, ол – саяси партиялардың жұмысы! Ендеше учаскелік, округтік, тіпті Орталық сайлау комиссиясының құрамы саяси партия мүшелерінен сайлануы тиіс! Бұл бір жағынан мұғалімдерді абыройсыздықтан қорғаса, екінші жағынан саяси партиялардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттыруға ықпал ететіні анық. Осылай біз ешқандай партияда жоқ мұғалімді саяси науқанның жауапкершілігінен құтқарып, бұл жүкті өздерінің мақсат-мүддесі, жарғылық міндеттері ретінде белгілеген саяси партиялардың мойнына артамыз. Құрылтай тек партиялық тізіммен сайланатын болғандықтан, бұл өте орынды әрі қисынды болатынын ешкім жоққа шығара қоймас!
Сайлаудағы ең басты мәселенің бірі – сайлаушылардың белсенділігі десек, бұл тұрғыда да жаңа ұстаным, жаңаша әрекет керек. Атап айтқанда, еліміздің дауыс беру құқы бар әрбір азаматы сайлауға саналы түрде қатысатындай жағдай қалыптасуы тиіс. Ол үшін қаншама үгіт-насихат, түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі, оның бәрі ел көлемінде қаншама қаржыны талап етеді десек, тіпті қаржылай қызықтыру әдісін енгізу де артық етпейді. Бұл тұрғыда өз пікірін айтып, нақты ұсыныс білдіріп жүрген қатардағы қоғам мүшелері де аз емес. Көбі бармақ ізін басу арқылы дауыс беру, әр аймақ үшін дербес дауыс беру бюллетенін дайындау, т.с.с. ойларын айтады.
Бірақ, менің ойымша, ең тиімдісі – сайлауға қатысып, дауыс берген әр сайлаушыға белгілі бір мөлшерде сыйақы төлеу! Өйткені барлық сайлау әдетте жексенбі күні өтеді. ҚР Еңбек заңы бойынша демалыс не мейрам күндеріндегі еңбегі үшін кез келген жұмысшы не қызметкерге екі есе жалақы төленеді. Ал Конституция бойынша Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі. Сайлауға толық қатысу арқылы Ата заңда белгіленген осы құзыретін нақты жүзеге асырып, еліміздің даму бағыттарын белгілеуге тікелей ықпал еткені үшін неге халыққа әр сайлауда сыйақы төлемеске! Айталық, әр сайлаушыға 10 мың теңгеден төлегеннің өзінде бес жылда бір өтетін сайлау кезінде шамамен 1,4 трлн теңге ақша қажет болады. Бұл – Қазақстандай бай мемлекет үшін үлкен қаржы емес, есесіне біз бүкіл халықтың сайлауға қатысуына және қалаған үміткеріне дауыс беруіне қол жеткіземіз. Сонда әр сайлау мейлінше белсенді әрі нәтижелі өтетін болады. Халық мемлекет атынан шешім қабылдап, өзінің болашақ даму бағытын айқындайды.
Қазақта «арзанның сорпасы татымайды» деген керемет ұғым бар. Біз қанша жерден халықтың ұлттық санасы, саяси сауаты, құқықтық білімі артты десек те, әлемді ақша билеген нарықтық заманда материалдық құндылықтың бәсі жоғары күйінде қала береді. Ал сол сананы тәрбиелеу немесе саналы түрде жүзеге асуы тиіс әрекетті қаржылық қызықтыру арқылы жасатудың ешқандай сөкеттігі жоқ. Ең бастысы – халық толық қатысады және өз таңдауын жасайды.
Меніңше, сайлау әділ өтсін, ел тұрғындары барынша толық дауыс берсін десек, дәл осы сайлауда болмаса да, келешекте осы тәсілді енгізуден көп нәрсе ұтпасақ, ештеңе ұтылмаймыз!
Біздің қазіргі мақсатымыз – Заң мен Тәртіп қағидаттары салтанат құрған Әділетті Қазақстан құру. Бүкіл халқымыз армандайтын ондай қоғам бірінші кезекте әділ сайлау арқылы құрылады. Ендеше алдағы Құрылтай сайлауының барынша әділ өтуі, оған қатысатын саяси партиялардың лайықты орын алуы үшін, бүкіл ел белсенді қатысып, саналы таңдау жасауымыз қажет!
Өйткені бұл Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болуы ықтимал. Сарапшылардың пікірлері әртүрлі болғанымен, олардың барлығы бір мәселеде ортақ ой айтады: жаңа институттың тиімділігі оның атауына емес, нақты өкілеттіктеріне, сайлау рәсімдерінің әділдігіне және қоғам алдындағы ашықтығына байланысты.
Егер Құрылтай халықтың шынайы өкілдерінен құралған, пікір алуандығын қамтамасыз ететін және мемлекеттік саясатқа нақты ықпал ете алатын органға айналса, онда ол елдегі демократиялық даму мен қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қоса алады.
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ