Қазақстан – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи сабақтастығы, Ұлы даланың мыңжылдық рухы мен Алтын Орданың жасампаз дәстүрі тоғысқан, келешегі кемел, әлеуеті асқақ мемлекет. Еліміздің орасан зор экономикалық мүмкіндігі мен адами әлеуеті кез келген дағдарысты еңсеріп, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған, ең әділетті, ең бақуатты мемлекеттердің қатарына қосуға толық жетеді. 2026 жылғы Халықтық Конституция халқымыздың тарихи сабақтастық, егемендік, әділеттілік және прогресс секілді негізгі құндылықтарына сүйене отырып, еліміздің дамуындағы жаңа дәуірдің есігін айқара ашты. Біз мемлекеттік басқарудың түбегейлі жаңа үлгісіне, мүлде жаңа саяси мәдениет пен демократиялық институттарға қадам басып отырмыз. Бұл – үлкен үміт пен жасампаздық уақыты. Осы бір тарихи белесте прагматиктер мен реалистердің саяси күші саналатын «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа саяси бағдарламасын жариялап, қоғамдағы ең өткір түйткілдерді шешудің, ұлттық мүддені қорғаудың және халықтың тұрмысын еселеп арттырудың нақты іс-қимыл жоспарын ұсынып отыр. Бағдарлама – құрғақ уәделердің жиынтығы емес, байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты жойып, орта тапты қалыптастыратын, экономиканы ырықтандырып, әрбір азаматқа өз еңбегімен ұлт прогресінен лайықты үлес алуға мүмкіндік беретін нақты реформалар легі.
Ең алдымен кез келген мемлекеттің басты тірегі – еңбек адамы. Біздің азаматтар – таңнан қара кешке дейін тер төгіп, ел экономикасының іргетасын қалап жатқан нағыз жасампаз жандар. Олар өз еңбегімен өз Отанында шалқып, сапалы өмір сүруге әбден лайық. Дегенмен, қазіргі инфляция, бағаның құбылуы мен қымбатшылық қарапайым жұмысшының, ұстаз бен дәрігердің, құрылысшы мен диқанның қалтасына ауыр салмақ түсіріп отырғанын жасыруға болмайды. Осы олқылықтың орнын толтырып, әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін, «Ақ жол» партиясы өте дұрыс, халықтың көкейіндегіні дөп басатын бастама көтеруде. Партияның мызғымас ұстанымы – ең төменгі зейнетақы, ең төменгі жалақы және барлық әлеуметтік төлемдер құрғақ, жансыз АЕК-пен емес, нақты ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептелуі тиіс. Үкімет бекітетін «тұтыну себеті» тек адамның аштан өлмеуіне ғана арналған арзан макарон мен нанмен шектелмеуі керек. Қазақстандықтар сапалы әрі құнарлы азық-түлік тұтынуға, заманға сай жақсы киінуге, коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көлік ақысын қиналмай төлеуге, тіпті дамыған Еуропа елдеріндегідей мәдени демалыс орындарына – театрға, кинотеатрға баруға, отбасымен саяхаттауға құқылы. Тұтыну себетінің нақты құнына осы шығындардың барлығы кіргізілуі керек. Халықтың тұрмыс сапасын тіктеп қана қоймай, ішкі нарықты жандандыратын, халықтың сатып алу қабілетін арттыру арқылы отандық экономикаға қан жүгіртетін өте оңтайлы қадам болмақ.

Қоғамның тамырын бүлкілдетіп тұрған тағы бір үлкен сала – медицина мен зейнетақы мәселесі. Біздің елімізде өз ісіне шын берілген, адам жанының арашасы бола білетін білікті, мейірімді дәрігерлер өте көп. Халқымыз да қайырымды, қиналғанға қол ұшын созуға әрдайым дайын тұрады. Бірақ жұмыс істейтін азаматтарымыз ай сайын жалақысынан қыруар қаражат аударып отырған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі мен шығындары толық ашық болмағандықтан, халықтың бұл жүйеге деген сенімі сызат түсірді. Ауырған адамдардың емханаларда айлап кезек күтуі, балаларын емдету үшін ата-аналардың халықтан жылу жинауға мәжбүр болуы – бай мемлекетке жатпайтын құбылыс. «Ақ жол» партиясы бұл жүйені жоққа шығармайды, керісінше, оны халықтың пайдасына тікелей жұмыс істейтіндей етіп, нарықтық негізде жетілдіруді ұсынады. Партияның ең басты, төңкерістік ұсынысы – МӘМС пен БЖЗҚ қызметінің, ондағы қызметкерлердің жалақылары мен шығындарының Парламентте ашық талқыланып, мақұлдануын қамтамасыз ету. Оған қоса, медициналық сақтандыру қоры нақты жарна төлеушіге тікелей байланыстырылуы тиіс. Бұл дегеніміз – әрбір азаматтың МӘМС-те өзінің дербес, жеке шоты болады. Сіздің маңдай теріңізбен тапқан ақшаңыз жалпы қазанға түсіп жоғалып кетпейді. Сіз немесе сіздің жақындарыңыз ауырып қалған жағдайда емделуге қажетті қаражат тек сіздің жеке келісіміңізбен ғана сол шоттан аударылады. Осы арқылы кез келген адам өзіне емхана мен дәрігерді еркін таңдай алады. Егер дәрігер сізді сапалы емдеп шықса, ол өз еңбегіне сай лайықты, жоғары жалақы алады. Ал қызмет сапасыз болса, сіз төлеуден бас тарта аласыз. Міне, нағыз сақтандыру медицинасы осындай болуы керек! Бұл – дәрігерлер арасында салауатты бәсеке тудырып, елдегі медицина сапасын арттыратын, әрі медицина қызметкерлерінің еңбегін шын бағалайтын тамаша тетік.
Бүгінгі таңда ең көп талқыланатын мәселенің бірі – жастардың тағдыры мен баспана тауқыметі. Қазақ жастары – өте креативті, заманауи технологияларды тез меңгеретін, білімге құштар буын. Жастарымыз шетел аспай, өз Отанында бақытты шаңырақ көтеріп, ел экономикасына үлес қосуы үшін оларға ең бірінші қажет дүние – қолжетімді, жылы баспана. Өкінішке қарай, қазіргі ипотекалық бағдарламалардың жүктемесі мен жоғары пайыздары жас отбасыларға үлкен қиындық тудырып отыр. Осы түйткілді шешу үшін, «Ақ жол» партиясы демографиямызды да, құрылыс саласын да дүркіретіп өсіретін, жастарға үлкен үміт сыйлайтын механизм ұсынып отыр. Партияның 2013 жылдан бері табанды түрде көтеріп келе жатқан талабы бойынша: отбасында әр бала дүниеге келген сайын мемлекет ипотекалық несие мөлшерлемесінің 25 пайызын субсидиялауы қажет. Екінші бала туғанда мемлекет несиенің 50 пайызын жапса, ал төртінші бала дүниеге келгенде, ипотеканы мемлекет толықтай өз мойнына алуы керек! Өйткені ешбір отбасы бірден көпбалалы болып кетпейді. Жастарды әрбір кезекті баланың дүниеге келуіне кезең-кезеңімен ынталандырып, олардың мойнындағы қаржылық жүкті жеңілдету – ұлттық қауіпсіздік пен демографиялық өсімнің ең басты кепілі болып табылады. Сонымен қатар ауылдан қалаға оқуға, жұмыс істеуге келген ауыл жастары үшін әкімдіктер шағын өндірістері, оқу орындары және әлеуметтік инфрақұрылымы бар, арзан әрі ықшам әлеуметтік жатақханаларды жаппай салуы тиіс. Жастар қалаға бейімделіп, аяққа тұрып кеткенше, мемлекет оларға жылы ұя ұсынуы керек. Сонымен бірге «Ақ жол» партиясы дағдарысқа ұшыраған, қарызын төлей алмай қалған азаматтарды сот шешімінсіз жалғыз баспанасынан шығаруға толықтай, кесімді түрде тыйым салуды талап етеді. Ешбір қазақстандық отбасы, ешбір бала далада қалмауы тиіс! Ал әлеуметтік тұрғын үйді бөлу кезегінің ашық мониторингін жүргізіп, егер ол пәтерлер басқа адамдарға қайта сатылып немесе жалға беріліп жатса, оларды тәркілеп, шын мұқтаждарға – жетім балаларға, мүгедектерге және көпбалалы отбасыларға қайта бөлу керек. Сонда ғана әділеттілік орнайды.
Біздің халық өте іскер, кәсіп ашуға бейім. Көпшілігі несиені жайдан-жай емес, жақсы өмір сүруге талпынып, шағын кәсіп бастау үшін, бала-шағасының несібесін арттыру, оларды оқыту үшін алады. Бұл – халықтың алға қарай дамуға деген табиғи ұмтылысы. Алайда осы талпынысты өз пайдасына жаратып қалатын заңсыз өсімқорлар, микроқаржы ұйымдары мен агрессивті коллекторлардың әрекеті қоғамда үлкен әлеуметтік шиеленіс тудыруда. Жасырын комиссиялар, қарыз шарттарының ауырлығы, бопсалау мен қысым көрсету адамдардың қаржы жүйесіне деген сенімін жоғалтып жатыр. «Ақ жол» партиясы азаматтарымызды осындай қаржылық құлдықтан, несие қамытынан құтқарып, сенімді, ашық әрі адал несие нарығын қалыптастыруды жақтайды. Партия рұқсатсыз несие беретін ұйымдардың жарнамаларын дер кезінде бұғаттап, халықты бопсалауға қатаң тыйым салуды, сондай-ақ Ұлттық банк пен Қаржы мониторингі агенттігі арқылы қаржылық пирамидалар мен алаяқтықты азаматтарға елеулі залал келтірмей тұрып бұғаттайтын заманауи цифрлық жүйе құруды талап етеді. Мақсат – халықты несиемен қорқыту емес, қайта оларға пайыздық мөлшерлемесі төмен, әділ, экономиканы көтеретін қаржы құралдарын ұсыну, ең осал тұтынушылардың өзін алаяқтардан қорғау.

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, мемлекеттің іргетасын еміретін қауіпті індет. Жемқорлықпен күрес туралы жиі айтылғанымен, шетелге, оффшорларға жылыстаған миллиардтар әлі де елге толық оралған жоқ. Осы бағытта «Ақ жол» партиясының депутаттары еліміздің мемлекеттік органдарымен ғана емес, Брюссель, Цюрих, Лондон, Сингапур секілді халықаралық ареналарда оффшордан капиталды қайтару мәселесін жүйелі көтеріп келеді. Бірақ жемқорлықпен күрестің ең басты құралы – жазаның бұлтартпастығы. Бұл ретте партия өте креативті, халықтың қолдауына ие болатын, елге шын пайдасын тигізетін жолды ұсынып отыр. Біріншіден, сотталған жемқорлардың жазасын өтегеннен кейін де шетелге шығуына, меншікті басқару құқықтарына 10 жылға тыйым салу! Бұл олардың шетелге жасырған ақшасына қашып кетпей, капиталды Қазақстанға қайтарып, отандық экономикаға құюы үшін ауадай қажет шара. Екіншіден, сотталған жемқорларға республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы, Шымкент) және облыс орталықтарында тұруға мүлдем тыйым салатын жазаның жаңа түрін енгізу керек. Олар ірі мегаполистерде тайраңдамай, шағын қалаларға, аудан орталықтары мен шалғай ауылдарға жіберілуі тиіс. Олар ол жаққа барып құр жатпайды, жасырған ақшасына сол ауылдарға заманауи үйлер салып, жергілікті бизнеске қаражат құйып, ауылдың жолы мен инфрақұрылымын көтеруге міндеттеледі. Олардың ірі қаражатты басқару, инвестиция тарту тәжірибесі бар екені рас. Ендеше сол білімі мен капиталын енді елдің, ауылдың дамуына жұмсасын. Бұл – қылмыскерді қоғамға пайдалы іспен қайта тәрбиелеудің, әрі өңірлерді дамытудың ең ұтымды жолы. Сонымен қатар ашық емес шарттарда мемлекеттік қаражатты ұрлаудың жолын кесу үшін, мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға шетелдік оффшорлық юрисдикцияларда тіркелген кәсіпорындармен келісімшарт жасасуға толық тыйым салынуы керек. Биліктің ашықтығы мен шенеуніктердің қоғам алдындағы есептілігі ғана жемқорлыққа тосқауыл бола алады.
Экономиканы ырықтандыру, кәсіпкерлікті қолдау – «Ақ жол» партиясының негізгі миссияларының бірі. Либералды нарықтық экономика дегеніміз жабайы капитализм емес, адал бәсеке, монополияны жою мен мемлекеттің бизнеске шамадан тыс араласуын тоқтату. Барлық қазақстандықтарды мұнайшы немесе банкир ету мүмкін емес, бірақ әр азаматқа шағын және орта бизнес арқылы ұлттық табыстан өз үлесін табуға жағдай жасауға әбден болады. Мемлекеттік бақылаушы органдар кәсіпкерді жазалаушы емес, оның көмекшісі болуы тиіс. Сондықтан бақылаушы органдар алғаш рет анықталған заңбұзушылық бойынша кәсіпкерге бірден айыппұл салмай, оған кемшіліктерді өз бетінше жоюға мүмкіндік беретін сервистік модельге көшуі керек. Экономикалық құқық бұзушылықтар қылмыссыздандырылып, бизнесмендерді түрмеге жабу, қамауға алу тоқтатылуы тиіс. Олар қателік жасаса, айыппұлын төлеп, жұмысын жалғастыра берсін, елге жұмыс орнын беріп отырған адамды қылмыскер етудің қажеті жоқ. Отандық өндірушілерді қолдау үшін, ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық зауыттардан тауарлар мен қызметтер сатып алуға міндеттелуі қажет. Егер олар бұл міндеттемені орындамаса, қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Сонымен қатар өндіріс орындарына түнгі тарифті қайтару, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және IT-технологиялар салаларына қосылған құн салығының төмендетілген, сараланған мөлшерлемелерін енгізу – отандық бизнестің тынысын ашып, бағаның өсуін тежейтін нақты экономикалық құралдар. Квазимемлекеттік сектордағы алыптар мен өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың артық функциялары қысқартылып, олар бәсекелі ортаға берілуі қажет. Экономика еркін демалып, монополистердің бұғауынан босағанда ғана елде бай мен кедей арасындағы алшақтық қысқарып, мықты орта тап қалыптасады.
Барлық әлеуметтік және экономикалық реформалар тек саяси әділдік орнағанда, билік халыққа есеп бергенде ғана толыққанды жүзеге асады. Бұл ретте 2026 жылғы Жаңа Конституция бізге орасан зор демократиялық мүмкіндіктер беріп отыр. Президенттің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы тек қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде көрініс табуы тиіс. «Ақ жол» партиясы Қазақстанға ұлттық сенімге ие Үкімет қажет деп санайды. Үкіметтің құрамы Парламенттегі барлық партиялардың өкілдігін ескере отырып жасақталуы керек, сонда ғана олар Құрылтай алдында, яғни халық алдында ортақ жауапкершілік арқалайды. Сонымен қатар қоғам Президенттің ешқандай саяси партияға мүше болмауын үлкен саяси мәдениеттің белгісі ретінде қабылдады. Енді осы әділ талапты әрі қарай жалғастырып, облыс және қала әкімдеріне де қызметте болған кезінде саяси партия мүшесі болуға тыйым салу керек! Әкімдер сайлау процестеріне әкімшілік ресурс ретінде ықпал етпей, өз өңіріндегі барлық азаматтарға, тіпті қарсы дауыс бергендерге де бірдей қызмет етуі тиіс. Ал Құрылтайға адам өлімі немесе ірі сыбайлас жемқорлық фактілері сияқты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалар бойынша парламенттік тергеу жүргізу құқығын беру – биліктің халық алдындағы есептілігін шыңдай түседі.
Кез келген демократияның басты өлшемі әрі айнасы – әділ сайлау. Сайлаудың әділдігін қамтамасыз ету, сайлаушылардың дауысын бұрмалаудан қорғау үшін, «Ақ жол» партиясы дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі барлық рәсімдерге толық бейнемониторинг енгізуді талап етеді. Бұл камералар бюллетеньдерді беруден бастап, оларды жәшікке салу, жәшіктерді ашу және дауыстарды санау процесін түгел қамтуы керек. Ал бет-әлпетті автоматты тану жүйесімен жабдықталған камералар әртүрлі сайлау учаскелерінде қайта-қайта дауыс беретін «карусельшілерді» бірден әшкерелейтін болады. Бұл технологиялық шешім сайлау заңнамасын бұзушылықтарды түбірімен жойып, халықтың сайлауға деген сенімін жүз есе арттырады. Отандық цифрландыру деңгейі жоғары Қазақстан үшін электрондық дауыс беруді енгізу, сайлаушыларды e‑gov арқылы сәйкестендіру ешқандай қиындық тудырмайды. Әділ сайлау – мықты мемлекеттің басты іргетасы.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Саяси бағдарламасы – тек проблемаларды тізбектеп қоятын дәптер емес, Қазақстанды жаңа даму сатысына көтеретін, халықтың әл-ауқатын арттырып, орта тапты қалыптастыратын, жастарға үміт, қарияларға құрмет сыйлайтын нақты, ауқымды әрі терең ойластырылған іс-қимыл жоспары. Біздің мемлекетіміз күшті, жеріміз бай, ал халқымыз өте талантты. «Ақ жол» партиясы әрбір азаматтың еңбегі бағаланатын, кәсібі өркендейтін, заңы үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құру жолында қашанда халықпен бірге. Сенім мен жасампаздық, қажымас қайрат пен ортақ мүдде бар жерде ғана ұлы істер атқарылады. Ендеше еңсемізді тіктеп, ел болашағы үшін, өзіміздің және ұрпағымыздың бақытты өмірі үшін бірлесе еңбек етейік. Біз дұрыс жолды таңдасақ, жарқын өзгерістер болады!