Жаңа Қазақстанға – жаңа гимн!


«Дат» газетінің өткен жылғы, 07.12.2023 күнгі №43 саны қолға тиіп,
Қарақат Шалабаевтың осы аттас мақаласын оқығаннан кейін, қолыма
еріксіз қалам алдым. Қай уақытта шыққанын білмеймін, қазақ арасында
«Қазақтың жауы – қазақ» деген сөз бар. Бұл жоқ жерден бұра тартатын
адамдар үшін айтылған сөз шығар. Және осы сөздің жаны бар ма деп
ойлаймын. Сексеуіл ағашының қаттылығы сондай, оған ешқандай балта
батпайды екен. Сол сияқты Қазақ ұлтының өрлігі де сондай мықты деп
айтайын десем, өзінің алауыздығымен, билікқұмарлығымен кезінде
орыстың шекпені мен шеніне, оның мақтап-мадақтап арқасынан
қаққанына қызыққан билер Қазақ елінің жеке ел болуын қалап, орыстың
басқыншылық саясатына қарсы соғысқа шыққан Кенесары ханға ермей,
ақыры өздерімен бірге бүкіл қазақты орыстың астына түсірді емес пе?!
Патша билігінен құтылғанмен, қызыл партияның жалған идеологиясына
еріп, бір қалыпқа құйыла алмай, «Егемен ел боламыз» деген оймен
жандарын шүберекке түйіп, қызылдармен арпалысқа шыққан Алаш
асылдарының да сағын сындырдық емес пе?! Коммунистік партияның 70
жылғы құлдығынан құтқарып, Ельциннің сотқарлығының арқасында
ойда-жоқта келген тәуелсіздіктің өзін сан құбылтып жатқанымыз өтірік
емес. Оған дейін де осы жолда талай қырғын болғаны рас. Бірақ
Ельциннің сол бір әрекеті Қазақты арманына жеткізгені де рас.
Кезінде Назарбаевтың өтірігіне құдайдай сеніп қалдық. Бір өзбек ағайын
айтқан екен: «Бәлі, менің мына Ташкентте бір қызым бар, одан да өткен
сорақы» деп. Сол айтқандай, сенген басшымыз өтірік мақтан, бос сөзбен
қып-қызыл тонауға, одан әрі елді таза құртудың жолына түсті. Соны біле
тұра, көбіміз оған шаң жуытпай, қолын жаладық емес пе? Қарсы
шыққандардың көзін құртып тындық. Ақыры Назарбаев та өз көрін өзі
қазып, көзі құрыды ма деген ойда болып едік, құтыла алмаппыз.
Орыстың үлкен жұдырығы мен Назарбаевтың әлегінен құтылудың жолы
ұзақ болатын түрі бар. Шынында да, «Егеменбіз бе, әлде Тәуелсізбіз бе»
– әлі толық сезіне алмай келеміз. Тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Алладан «артының қайырын бер» деп тілейміз де.
Назарбаев бүкіл дүниені жекешесіне алып, ақыры әнұранымызға да ауыз
салды. Оған татымсыз бір-екі жол қосып, оның қосымша авторы болып
жазылды. Әрине, бұдан құтылу керек! Ж.Нәжімеденовтың сөзін өзгертуге
ешкімнің қақысы жоқ. Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденов ағаларымыздың
бұл өлеңін Қазақстанның әнұраны болуына ұсынған және соны қолдаған
депутаттардың Құдай тілеулерін берсін! Бұл өлең талай елдің көзжасымен жуылып, талай ұлдарымыз бен қыздарымыздың қанына шыланды емес пе?!
1979 жылы орталығын Ерейментау қаласы етіп, Неміс автономиясын
құру туралы указ дайындалған. Автономияның шекарасы белгіленіп,
басшыларының аттары аталып, тек указға Брежневтің қол қоюы ғана
қалған. Коркин Целиноградқа келіп, ұйымдастыру жұмыстарын бастап та
кеткен. Сол кезде аты өзгерген Ақмола облысының орталығы
Целиноград қаласының орталық алаңында қолдарында «Автономияға
жол жоқ!» деген көптеген плакаттар ұстаған мыңдаған жас «Менің
Қазақстаным» өлеңін айтып, Орталық алаңға қарай беттейді. Бұл үлкен
толқу еді. Облыстың бірінші хатшысы Морозов колоннаның алдына
трибуна қойғызып, жастарды тыныштыққа шақырады. Әртүрлі жалынды
сөздер айтылып жатқан кезде бір жас қыз атылып трибунаға жұлқына
шығып, микрофонды қолына алып: «Қазақ жерінде ешқандай автономия
құруға жол берілмейді! Егер де указға қол қойылатын болса, тура осы
жерге келіп, мен өзімнің үстіме бензин құйып, отқа оранатын боламын.
Жаным – жерімнің садақасы!» – деп өзі нәзік болғанымен, ашуға толы
дауысымен айқайға салғанда, мыңдаған адам осы ұранға қосылып,
айқайлап тұрды. Ашулы елдің көздерінің жасы сорғалап тұрды. Бұл – сол
мыңдаған адамның көкіректері толған ызадан булыға шыққан жас еді.
Тек сол батыр қыздың атын ешкім жадында сақтамапты. Сондағы
мыңдаған жастың аузында осы «Менің Қазақстаным» әні болды. Оларға
мың да бір рахмет!
1986 жылы желтоқсан айының 16-18 күндері Алматының Орталық
алаңында Д.А.Қонаевты орнынан алу мақсатында ашылған пленумның
шешіміне қарсы жиналған бірнеше мыңдаған жас та осы «Менің
Қазақстаным» әнімен алаңға шықты емес пе?! Назарбаевтың
шақыртуымен келген орыстың арнаулы қарулы жасағы қарусыз
жастарды қанға бөктіріп, қырып салған азабының қаны әлі кепкен жоқ!
Оның артындағы бірнеше мыңдаған адамның тағдырын ойран қылған
сол Желтоқсанның жарасы әлі жазылған жоқ, ол жазылмайды! Ол
ұрпаққа кетеді! Мен Шәмші ағамыздың осы «Менің Қазақстаным» әні
Қазақстанның әнұраны болып мәңгіге қалғанын қалар едім. Өте айбынды
ән!
Бұл жерде автор ұсынып отырған Қадыр Мырза-Әлі және Ескендір
Хасанғалиев ағаларымызға ешқандай көлеңке түсірейін деген ойым жоқ.
Өте дарынды, қадірлі, қазақтың маңдайына біткен ерекше тұлғалар.
Өлең де өте жарасымды, әні мен сөзі де егіз қозыдай, біріне-бірі қоса
құйылғандай өте шеберлікпен жарасқан. Бірақ «Атамекен» мен «Менің Қазақстаным» әндерінің өремі әртүрлі. Мысалы, «Маңғыстау» қазақтың
қасиетті жері, бірақ ол менің атамекенім бола алмайды. Ол менің
Отаным, менің Қазақстанымның бір бөлшегі ғана. Менің атамекенім –
қасиетті Қарқаралы аймағы. Сондықтан бұл жерде әртүрлі ой салудың
өзі артық деп ойлаймын.

Сәбит ТОҒАМБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қасым ауылы

Республиканский еженедельник онлайн