ЗАҢ ТҮЗЕЛМЕЙ – ТІЛ ТҮЗЕЛМЕЙДІ

«Еститін мемлекет» азаматтардың тіл туралы өтінішін, өкінішке қарай әлі естімей жатыр»

24 қаңтарда Павлодарда мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрген  Руза Бейсенбайтегін тілге қатысты кикілжіңнен кейін күштеп психдиспансерге қамалған болатын. Артынша Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса сияқты мәжіліс депутаттарының араласуымен ауруханадан шығарылып, үйіне жіберілді.Осы орайдаорын алған келеңсіз инциденттің анық-қанығын білу мақсатында оқиғаның басы-қасында жүрген тілжанашыры Қазыбек Исамен сұхбаттасқан едік.

  • Қазыбек Жарылқасынұлы сізді қазақ тілінің жанашыры ретінде халық біледі. Тілге қатысты осы уақытқа дейін қанша бастамалар көтеріп те жүрсіз. Қашан қазақ тілі мемлекеттік қызметтің, бизнестің, қаланың тілі болады?
  • Қазақ тілі мемлекеттің, бизнестің тілі болуы үшін алдымен «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдануы керек. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдердің ішінде «Мемлекеттік тіл туралы» заңы жоқ біз ғана. Қырғыздардың өзі былтыр тіл туралы мемлекеттік заңын қабылдап алды. Ал біздегі қазіргі Тіл туралы заң кезіндегі 1989 жылғы заңның 1997 жылғы косметикалық өзгерістер енген, соның көшірмесі ғана. Сол жылдары қараңыз елдегі жағдай қандай болды мысалы?! Қазақтар мен орыстардың көрсеткіші 38-39%, тең болды. Ал онан бері қанша жыл өтті, бүгін қазақтардың саны 75% асып кетті. Үлкен деген орыс  этносының көрсеткіші 10-15% ғана құрып отыр. Мінекей, осындай демографиялық, басқа да әлеуметтік көрсеткіштерді ескере отырып, біз осы ситуацияға сай шешім қабылдауымыз керек еді. Яғни, қалыптасып отырған статус-квоны ескеріп, «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдауымыз керек еді. Міне, сол заңды қабылдамағанымыздан қазақ тілі мемлекеттік қызметтің, бизнестің тілі бола алмай келе жатыр.

Негізі әлемде Қазақстанда ғана мемлекеттік қызметкерлер мен басшылары мемлекеттік тілді білмей жұмысын істеп, жиналысын өткізіп жүре беретін. Басқа әлем елдері үшін бұл парадокс! Мемлекеттік тілді мемлекет міндеттеген кезде ғана, ол қаланың, бизнестің, тіршіліктің тілі болады. Ал мемлекеттің тілді міндеттеу ол Руза Бейсенбайтегінің немесе Қазыбек Исаның міндеті емес, ол сол мемлекеттің міндеті!

  • Сонда мемлекеттік тілге қарсы шығып отырған кімдер?
  • Мемлекеттік  тілге қарсы шығып отырған, қолында билігі бар шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер. Және олар өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің қара көз қазақтар. Осынша жылдар бойы қазақ тілі үшін күресіп келе жатқанда, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге қарсы шыққанын көрген емеспін. Қай кезде де қарсы шығып келе жатқан билікте отырған құлдық сана қамытын киген, нигилист қазақтар.
  • Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек, Конституциядағы 7 бапқа өзгеріс енгізіп, мемлекеттік тіл ретінде жеке-дара статусын айқындау керек, Мемлекеттік тілді дамыту үшін президентке жеке-дара бағынатын тіл агенттігін құру керек ұсыныстарыңыздың арты не болды?
  • Бұл мәселені мен ең алғаш 2019 жылы Президент Қ. Тоқаев басқаратын ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы қыркүйектегі бірінші отырысында көтеріп, өз ұсыныстарымды берген болатынмын. Сонан кейін бір айға жетпей Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен ұлттық кеңесте айтылған ұсыныстар бойынша есеп жиыны өтті. Сол жиында алдымызға кесте қойды, кестеде менің ұсыныстарымның біразы бар екен және ол бойынша өндірістің жұмыстардың басталғанын министр Ақтоты Райымқұлованың өзі жеткізген. Оның ішінде әрине «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау, Алтын Орданың 750 жылдығын, Жошы Ұлысының 800 жылдығын атап өту мен шет елдік мультфильмдерді қазақ тіліне аудару секілді ұсыныстарымды көрдім.  Бірақ сонан бері ешбір әрекетсіз жылжып келе жатыр, мемлекеттік тіл туралы заң қабылданған жоқ. Біз бұл бастаманы 2020 жылы көтердік. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хат жолдадық.  125 ұлт зиялысы қол қойған бұл Ашық хатты әлеуметтік желілер мен «Қазақ Үні» ұлттық порталына орналастырып қойдық.  Міне сол уақыттан бері бұл бастаманы қолдап, дәл бүгінге дейін 130 мың қазақстандық азаматтар қол қойып отыр. Министр Райымқұлованың кезінде қатқан сең қозғалып, Мәдениет министрлігі «Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясын» дайындады. Сол кездегі Үкімет басшысы Асқар Мамин мырзаға кіргізді, сол жатқаннан бұл тұжырымдама Үкіметте әлі жатыр.  2021 жылы 15 қаңтарда қолыма мандат тиіп, Парламент депутаты болған соң алғашқы депутаттық сауалымды осы тақырыпқа арнадым. Тұжырымдама мен мемлекеттік заң не болғанын сұрадым. Кейін бір жыл өткен соң 2022 жылы 27 сәуір күні тағы да ашық депутаттық сауал жасадым. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы және Ата-заңымызда қазақ тілінің мәртебесін айқын көрсетуді талап етіп. Бұл бастамамды сол кездегі 108 депутаттың 41 қолдап қол қойды. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл сауал петицияға ұласып, жарты миллион адам қолдау білдіріп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Халық өте қатты қолдады, алайда «Еститін мемлекет» азаматтардың бұл өтінішін, өкінішке орай әлі естімей жатыр. Ал Президент жанынан Тіл агенттігін құру бастамасы да әлі іске аспай жатыр. Бірақ тіл жанашырлары қолдап жатыр. 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” атты республикалық форумы өткен болатын. Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.А. Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, тіл жанашырлары, ҚХА мүшелері қатысқан. Іс-шара барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайтуды талқылап үндеу жасаған. Сонда кімді күтіп отырмыз? Осыдан 20 жыл бұрын, 2002 жылы сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Егер сіздер менің миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрена алмаймын» деп  парламентте мәлімдеген болатын. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен ұлт зиялыларының көбі қазір өмірден өтіп кетті. Олар осы тіл туралы заңның қабылдануын күтіп өмірден өтіп кетті.
  • Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек.
    Бұл да 30 жылда орындалмаған заң. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы елдің үмітін жойған «жансыз», өлі заң. Сондықтан бұл «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңды саяси-қоғамдық банкрот деп жариялау қажет! Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға тиіспіз!
  • “Тіл жанашыры” Құрмет белгісі иегері Руза Бейсенбайқызын Павлодар қаласындағы психодиспансерге өз еркінен тыс зорлап жауып, өздеріңіздің қолдауларыңызбен босап шықты. Осы оқиға бойынша қандай пікірдесіз? Неге қазақ тілі мен қазақылық үшін күрескер азаматтар елімізде қысымға ұшырап жатады? Бұл бір осындай әрекеттерге мүдделі топтың болуын көрсете ме?
  • Өте орынды сұрақ. 2024 жылы 24 қаңтар күні белгілі қоғам қайраткері, “Тіл жанашыры” Құрмет белгісі иегері, 70 жасқа жақындаған зейнеткер Руза Бейсенбайтегін Павлодар қаласындағы психоневрологиялық диспансерге өз еркінен тыс зорлап жауып қойды. Бірнеше полицейлер мен дәрігерлер бірге барып алып кеткен. Бұны қоғамдық пікір Павлодардағы Қазақ тілі күрескеріне жасалған барып тұрған заңсыздық, Адам құқын қорлау деп қабылдауда.Біз, бір топ парламент депутаттары араласып жүріп, Руза Бейсенбайтегін босатып алдық.24 қаңтарда Павлодар қаласында көшеде Жунисов деген кісімен ерегісіп қалып, ол полиция мен жедел-жәрдемге, 103 пен 102-ге бірден қоңырау шалған. Ал әшейінде уақытында келе қоймайтын полицейлер мен дәрігерлер келіскендей бір мезетте шұғыл жетіп келіп, Руза апайды басып алып кеткен.Психдиспансер дәрігерлері қоғам белсендісі Р.Бейсенбайтегіне қойған “психиканың бұзылуы” (бредовое расстройство) диагнозы сенімсіз, қоғамның зор күдігін тудыруда. Руза апайдың ешқандай психикалық ауруы жоқ, сол дәрігерлер зорлап алып кеткен күні ғана түс уақытында cөйлескенімде сау болатын.Руза Бейсенбайтегіге жасалған әділетсіздік туралы нақты факт елдің бәріне белгілі болды. Руза Бейсенбайтегін психдиспансер қызметкерлері көшеден күшпен басып алып кеткен. Аяқ –қолын байлап, төсекке таңып тастаған. Ол сол байлаулы күйде 7-8 сағатқа дейін жатқан.  Руза Бейсенбайтегін аяқ-қолын байлап тастап, өзінің келісімінсіз дәрі еккен. Одан кейін Рузаның жағдайы нашарлап, қол жууға шыққанда құлап қалған.Рузаны ұстаған кезде медқызметкерлер оның телефонын тартып алған, сондықтан ол үйіне хабарласа алмаған. Медқызметкерлер Рузаның телефонын тексеріп, ондағы өздерінің заңсыз басып алып кеткенін түсірген видеоны өшірген. Егер бәрі заңды болса, қылмысының ізін жою үшін видеоны өшірмес еді. Яғни, Рузаның өзін ұстағанда денсаулығы дұрыс, адекватты, ешқандай психикалық кемшілік болмағаны видеода бар. Руза психикалық ауруханада есепте тұрмайды.Егер адам бұрын-соңды ми жүйкесі ауыруымен ауырып, арнайы есепке алынбаған болса, оны сот шешімінсіз бірден психоневрологиялық диспансерге, яғни жындыханаға мәжбүрлеп қамап тастауға ешкімнің құқы жоқ, бұл заңды бұзу болып саналады.Бұны Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының өзі де мойындап тұр. Олар таратқан пресс-релизде Руза Бейсенбайтегін көшеден ұстап алып кетіп, психдиспансерде 2 күн ұстағаны жазылған. Бұл жерде қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бар. Ауырмайтын адамды психикалық ауруханаға заңсыз еріксіз жатқызуға қарсы Қылмыстық Кодекстің 127 бабы бұзылып отыр.Екіншіден, Руза Бейсенбайтегін психдиспанцерден шығарғанда қолына ұстатқан выпискада оны не үшін зорлап алып келгені, не үшін 2 күн ұстағаны, қандай дәрілер қандай негізде не мақсатпен егілгені туралы ешқандай негіздеме, яғни комиссия, бұйрық, өкім, қаулы шешімдері жоқ. Тек бөлім меңгерушісі Бақытжан Садыкованың қолы мен жеке мөрі ғана бар.Осы елге белгілі екі жағдайдан-ақ бұл барып тұрған заңды бұзу екені айқын көрініп тұр! Бұны адам ұрлау қылмысы деп санауға болады.Бұдан Руза Бейсенбайтегін жындыханаға жатқызу әдейі ұйымдасқан түрде тапсырыспен болған заң бұзушылық деп санауға болады. Жындыханаға есепке тіркеп тастаған, сол үшін мақсатты түрде қасақана ұйымдастырылған.Бұндай заңсыз әрекет Павлодарда бірінші рет емес. Осыдан төрт жыл бұрын 2020 жылы күзде Мемлекеттік тіл мәселесімен әкімдікке келген Руза Бейсенбайтегіне жындыхана қызметін шақыртқан Павлодар қаласы әкімі аппаратының сол кездегі басшысы Қайыржан Оңғаров тіл жанашырларының, журналистердің шуынан кейін қызметінен босатылған еді. Бұл туралы сол кезде «Қазақ үні» сайты жазған болатын. Енді міне, мемлекеттік тілді талап еткендерді көрсе, жау көргендей болатын Павлодарлық шенеуніктердің теріс пиғылы ақыр іске асып тынды…Кейбір әлеуметтік желілер мен сайттарда, мысалы «Нурсултанский соловей» телеграм каналында, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегіне “психиканың бұзылуы” (бредовое расстройство) диагнозын қойды деп, қоғам белсендісіне қоғамдық тәртіп бұзушы ретінде жала жауып, жалған ақпарат таратқан. Бұл жерде адам құқығы бұзылып отыр. Егер диагнозды дәрігерлер таратқан болса, онда дәрігерлік құпия сақтау нормасы бұзылған.Бұл іс түбегейлі тексеріліп, кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы тиіс.Ел қазір Руза апайдың денсаулығын уайымдап отыр.Бұндай елдің қоғамдық тұрақтылығын бұзатын арандатушыларға сабақ болуы үшін шұғыл шаралар жасалуы қажет. Руза Бейсенбайтегін Павлодар қаласындағы психоневрологиялық диспансерге өз еркінен тыс зорлап жауып қойған полицейлер мен дәрігерлер жасаған заңсыз, адам құқын қорлағаны үшін қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Руза Бейсенбайтегін психоневрологиялық диспансердегі заңсыз тіркеу мен әділетсіз қойылған “психиканың бұзылуы” (бредовое расстройство) диагнозы жойылуы тиіс.Осы диагнозды қойғандар жалған құжат жасағаны үшін жауап беруі керек. Бұл оқиға Қазақстанның қоғамдық-саяси тұрақтылығын бұзу үшін қасақана жасалған арандатушылық деп танылып, тиісті заңдық шаралар жасалуы керек.
  • Жалпы тілге келгенде көрші Ресейдің белсенді медиа-тұлғалары бізге қатысты жиі сын айтып тұрады. Бұл ненің белгісі? Басқа бір елдің ішкі мәселесіне келесі елдің азаматтары араласқаны қалай?
  • Өте дұрыс айтасыз. Олар әдейі айтқызып алады да, «Ол мемлекеттің емес, жеке тұлғаның пікірі» деп шығады. Кезінде Ресей президенті Владимир Путин өзінің бір кезде айтқан белгілі сөзі бар еді. Ол Кеңес одағын қайта қалпына келтіруге ұмтылу туралы сұраққа: “Кеңес одағын қайта орнатқысы келгендердің жүрегі бар, бірақ миы жоқ” деген еді. Тағы шайқала бастағанның миы да шайқала бастайды. Бұны Путинннің кейінгі кезде Тәуелсіз мемлекеттерге тас лақтыра берген арандату сөздері анық айқындап берді. Яғни, Путиннің өзі өзінің кезінде айтқан әйгілі сөзінің кейіпкеріне айнала бастады.
  • Cұхбатыңызға рахмет!
Республиканский еженедельник онлайн