«ИНВЕСТОР» АТЫН ЖАМЫЛҒАН қытайлардан бізді Жақып Асанов құтқарды

Өткен 2018 жылдың қаңтарда басталған «Досхан-тур» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қытайлық мүддесі бар «Мерей-Агро» компаниясымен арадағы дауы ҚР Жоғарғы сотында серіктестіктің пайдасына шешілді. Зайсан ауданы (ШҚО) шаруа қожалықтарының қытайлық инвесторлар қысастығына қарсы әділ іс-әрекеті осымен тамам болды ма?

Қытай инвесторларымен арадағы дау-дамайдың мәселесін «ДАТ» газеті бірнеше рет көтерген еді. Зайсандық фермерлердің қытайлықтар мен соттың арасында қалған қыспақтағы жағдайына араша түскен газет редакциясына алғысымыз шексіз.

Мәселе газет оқырмандарына түсінікті болу үшін, біз тап болған жағдайдан қысқаша мәлімет бере кетейін. 2017 жылы зайсандық фермерлер мен қытай инвесторларының мүддесін көздеген «Мерей-агро» компаниясы арасында соя өсіруге келісім-шарт жасалған еді. Еске сала кетейін: соя егетін фермерлер – шығыстағы Зайсан ауданына қарасты, ал қытайлармен бас келісімшартты жасасқан «Мерей-Агро» компаниясы – Алматы облысының Қаскелең қаласында тіркелген. Түптеп келгенде, біз қытайлық инвесторлардың алдында емес, қаскелеңдік «Мерей-Агро» серіктестігіне қарыздар ненсиегерлер едік.

Қысқасы, «Мерей-Агро» компаниясы қытайлық инвесторлармен жасақан сол келісім-шартқа байланысты, зайсандық фермерлер өсірген сояны оруға қажет комбайндарды бас мердігер – яғни «Мерей-Агро» әкеліп, егінді өздері шабуға тиіс еді. Бірақ та келісімшартта көрсетілген бұл талап алдыңғы соттарда ескерілмеді, соның салдарынан фермерлер тартқан шығындар саналмады, тіпті есепке де алынбады.

Содан, ақырында, егін оруға қажетті комбайндар Зайсанға қажетті мөлшерде  жеткізілмегендіктен, өсірілген сояның негізгі бөлігі қар астында қалды. Ал  «Мерей-Агроның» мүддесін күйттеген Алматы облысының Талдықорған қаласының ауданаралық экономикалық соты зайсандық фермерлерді жазықты санап, мәселен менің иелігімдегі «Досхан-тур» серіктестігін 13 миллион теңге қарыздар етіп, істі «Мерей-Агро» компаниясының пайдасына шешіп берді. 

Әуел баста Зайсан ауданының әкімдігі қытай компаниясына жергілікті жерде комбайнның жоқтығын айтып, сояны шабуға қажетті техникамен қамтамасыз етуді ескерткен еді. Бұған «Мерей-Агро» компаниясының басшысы Мерей Слямұлы шаруаларды комбайнмен қамтамасыз етуге уәде берген болатын. Ол – ол ма, компания келісімшарттың қосымша данасын аудан әкімдігіне өткізіп, ал аудан әкімшілігі Зайсандағы соя өсіретін 37 шаруа қожалығының бәрін жинап, уағдаға мөр басып, қолымызды қойдырып, қайтадан «Мерей-Агро» компаниясына жіберуін өтінген. Біз бұшл шартты да орындадық.  

Негізі, расын айту керек, «Мерей-Агро» Зайсан ауданына қыркүйек айында 3 комбайн әкелген болатын. Оның екеуін кейіннен қайтадан Алматы облысына алып кетті, ал қалған жалғыз комбайнмен 5 мың гектар жерді қар түскенше мүмкін емес болатын. Оны компания басшылығы білді. Бірақ та, кейіннен белгілі болғандай, олардың басты ойы шаруаларды қарызға батырып, олардың жер иелену құқығын өздеріне алу еді. Бұл мақсаттың астарында қытайлық инвесторлардың арам пиғылы жатты ма, жоқ әлде қаскелеңдік компанияның бір есебі болды ма – ол жағы бізге белгісіз.

Сондықтан менің «Досхан-тур» серіктестігім еккен сояның жартысы шала шабылып, жартысы шабылмай далада қар астында қалды. Егер келісімшарт талаптары дұрыс орындағанда, «Досхан-тур» ЖШС-нің 800 тонна соя алу мүмкіндігі бар еді.

Ақыры, мен «Мерей-Агроның» жыртысын жыртқан Талдықорған облыстық экономикалық сотының шешімімен келіспей, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановқа арыздандым. Себебі – мен ғана емес, аудандағы 37 фермер нақақ қиянат пен әділетсіздіктің құрбаны болған едік.

Біз нәтижесін 6 ай күткен Жоғарғы соттың шешімі өткен 27 ақпанда шықты. Азаматтық абыройын айта кету керек: Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов менің берген шағымымды тікелей өзі қарап, бұрынғы сотта жол берілген қателіктердің бәрін үтір-нүктесіне дейін тапты. Осылайша Жақып мырза Зайсандағы қазақ шаруаларының жерін қытайлық инвесторлардың алып қоюынан құтқарды. Соның нәтижесінде «Мерей-Агромен» жасалған келісімшарт талаптарын заңды деп танып, алдыңғы екі соттың қытай пайдасына шешіп берген үкімнің  күшін жойып, «Мерей-Агро» компаниясының «Досхан-тур» ЖШС-не келтірген шығынын өтеп беруге ШҚО сотына жіберілді.

Тағы бір атап өтерлік жәйт, Жақып мырза мұрындық болған Жоғарғы соттың шешімінің арқасыда, осы уақытқа дейін жартысы Талдықорғанда, жартысы Өскеменде сенделіп жүрген 36 шаруаға қатысты іс бірыңғай ШҚО сотында қаралатын болыпты.

Енді мына қызыққа қараңыз: барлығы бір келісімшартпен жұмыс істеген 36 шаруа қожалығының ісі – бір сотта, ал менің шағымым жеке сотта бөлек қаралғаны қалай деп ой тууы мүмкін. «Мерей-Агроның» мені дара бөліп алып, ісімді бөлек сотқа беріп жүрген себебі – мен бұл компанияның адамдары Зайсандағы 36 шаруа қожалығын қорқыту-үркіту тәсілімен, келісімшартты орындамадыңдар деген желеумен мал-мүлкін, тракторларын, басқа меншігін сот арқылы алып қоймақ болып, несиелік қарыздарын растатып, қолхатқа қол қойдыртқан екен. Мен осыны естігеннен кейін, 36 шаруақожалығын жинап, олардың істегені заңсыз екенін, сояның уақытында шабылмауы қытайлықтардың кінәсі екенін түсіндіргеннен кейін, олар дүние-мүліктерін сақтап қалды. Ал қытайлықтар мені наразылықты ұйымдастырушы тұлға деп танып, сот арқылы бөлек жазаламақ болды.

Жақып Асанов мырзаның әділ шешімнің шығуына мұрындық болуы қытайлықтармен соттасып жүрген қожалықтардың сотқа деген сенімін ұялатты. Мен жеке өз атымнан және қалған 36 фермерлердің атынан істі қараған Жоғарғы соттың мүшелері төрағалық еткен Н. Қайыпжан, А. Смайлов және А. Сапароваға алғысымды айтамын.

Енді осы соттың әділ шешімі зайсандық фермерлердің биылғы егіс науқанына құлшынып кірісулеріне түрткі болады деп ойлаймын КСебебі – кезінде біз – 37 шаруа қожалығының жетекшілері Астанаға барып, мәжіліс депутаттарымен арнайы дөңгелек үстел басында кездескенбіз. Мәжілістің сол кездегі Аграрлық комитетіндегі депутаттар Сапархан Омаров пен Сергей Звольский сол жиындашаруаларға қолдау көрсеткен еді. Не істерін білмей, дағдарып қалған 37 шаруа қожалығына «КазАгро» және басқа да ауылшаруашылығына несие беретін ұйымдар жетекшілерін жинап, шаруаларға қолдау жасап, 10 күн ішінде несие беруге жәрдем беріңдер деген-ді. Ал «КазАгро»-ның сол кездегі төрағасы Нармұқан Қалмұқанұлы Өскемендегі филиалының директоры Кирилл Әлібекұлына тікелей эфир  арқылы бұйрық беріп, жеңілдетіп, тездетіп несие бөлуге нұсқау берді.

Бірақ «КазАгро»-ның ШҚО директоры Кирилл Әлібекұлы: «Сендерге сот бітпей, ешқандай несие бере алмаймыз!» – деп, шығарып салды. Республика тарапынан түскен нұсқау сол күйінде орындалмай, ал шаруалар былтырғы жылы тақыр жерде отырып қалды. Кейіннен филалдың директоры әлдекімдерден «пара алды» деген қылмыстық іске тартылды.  

Негізі, қазіргі ауылшаруашылық бағдарламалары тауар өндірушілерді  қолдау емес – қорлау. Бұған дәлелім – мемлекеттік көмек ретінде ауыл шаруаларына 1 га соя себуге – 2 кг тұқым тегін беріледі. Сонда 100 гектар жерге –200 кг соя тұқымы тегін беріледі деп, күпінеді бағдарлама жасаушылар. Ал  100 га жерге соя егу үшін, 13 тонна тұқым керек. Мемлекеттің бұл көмегі жас баланың қолына жыламай отырсын деп, ойыншық ұстатып қойғанмен бірдей.

Бізде қытайдың ауылшаруашылық тәжірибесін өзіміз неге қолданбасқа? Мысалы, қытайлық мүддені қолдайтын «Мерей-Агро» компаниясы 37 шаруаға жердің иелік қағазына қарап қана, 260 миллион теңгені айналдырған бір жетінің ішінде әркімнің жер көлеміне байланысты бөліп берді. Соның нәтижесінде Зайсан ауданында 37 шаруа қожалығына 500-600 адам жұмысқа тартылды. Неге осы тәжірибені біздің ауылшаруашылығына қолданбасқа? Әркімнің сурамалы жер көлеміне байланысты, тікелей әкімшілік комиссия арқылы келісімшартқа отырып, қолма-қол несие берсе, қаншама халық қытайсыз-ақ өз жерлерін игеріп алар еді.

Ал қазіргі кезде «КазАгро» және «Даму» бағдарламалары ауылшаруашылығын тұншықтыруда. Шаруалар 6 айдан 1 жылға дейін жүріп, несие ала алмайды. Бөлінген миллиардтаған қаржы құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалуда. Бұл ысыраптың жауапкершілігі кімде?

Мен соңғы 2 жылдың көлемінде Зайсан ауданына тәжірибе жасап, 20-30 га жерге қарақұмық, 5 га жерге асқабақ, 10-15 га жерге асбұршақ, 400-500 га жерге соя егіп көрдім. Осының бәрі де Зайсан өңірінде жақсы өнім береді. Бірақ қазіргі таңда шаруаларды қынжылтатыны – жақын маңда ешқандай өнімді өңдеу өнеркәсібі болмағандықтан, жиналған астықты 500 шақырым жердегі облыс орталығына тасымалдауға мәжбүрміз. Бұл жағдай біз сияқты шағын шаруаларды қып-қызыл шығынға батырады.

Негізінен, егіншілікке несиені ұзақ мерзімге беру керек. Неге десеңіз, қазіргі бағдарламалар бойынша, көктемде берілген несие күзде қайтарылуы тиіс. Ол мүмкін емес. Өйткені қазіргі уақытта ауа-райы құбылмалы, қар ерте жауып, жауын-шашын болып, шаруалар егіндерін дер кезінде жинап үлгермей қалулары мүмкін. Содан кейін шаруалар банкке немесе басқалай қаржылай қорларға қарыздар болады. Бұл жағдай ауыл шаруашылығының еңсесін көтертпейді. Сондықтан несие ұзақ мерзімге берілсе, егіншілердің еңбегі ақталар еді.

Жуықта ҚР ауыл шаруашылығы министрі болып, фермерлердің жағдайын жақсы түсінетін Сапархан Омаров келді. Зайсандық фермерлерді жеке қабылдап, жағдайымызға араша түскен Мәжілістің кешегі депутаты шекаралық аудандағы фермерлердің биылғы көктемгі егіс жұмыстарына жәрдем жасайды деген ойдамыз.

Әлібек МҰҚАШЕВ,

«Досхан-тур» ЖШС-нің директоры

Республиканский еженедельник онлайн