Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 қазанда қол қойған «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес, елімізде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашаға белгіленді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы тиісті шешім қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында оның төрағасы Нұрлан Әбдіров: «Біз мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі сайлау науқанына кірісіп отырмыз. Президенттің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлығына сәйкес сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге бағытталған тиісті жұмыстар басталады», – деді.
Ал комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман заңға сәйкес мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы олардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалуға тиіс екенін атап өтті.
«Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындау туралы қаулы етеді. Мәслихаттар халық тарапынан жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады. Алдағы сайлауда 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Атап айтқанда, 668 мандат – 20 облыстық мәслихатта, 626 мандат – 38 қалалық мәслихатта және 2 153 мандат – 170 аудандық мәслихатта қарастырылған», – деді Мұхтар Ерман.
- Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну мен өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталуға тиіс. Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-де басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. 28 қараша – тыныштық күні. Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде дауыс беру сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сонымен қатар аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысымен дауыс берудi бастап, аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге құқылы. Сайлау қорытындылары 3 желтоқсаннан кешіктірілмей анықталуы тиіс.
ОСК қаулысына сәйкес мәслихат депутаттарының сайлауына «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы мен «Respublica» партиясы қатысады.
Кезектен тыс мәслихат депутаттарының сайлауы аралас сайлау жүйесі негізінде өтеді. Бұл жүйеге сәйкес сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттар да қатыса алады. Осыған байланысты кандидаттар саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну тәртібімен де ұсыныла алады. Заңнамаға сәйкес мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлау жарнасын төлеуге міндетті.
ОСК мүшесі Әсел Жанәбілованың айтуынша, Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде, яғни 425 мың теңге сайлау жарнасын өз қаражаты есебінен аударады. Ал өзін-өзі ұсыну тәртібімен мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған азамат белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, тіркеуге дейін жергілікті атқарушы органдардың шотына дәл осындай мөлшерде сайлау жарнасын енгізеді.
Сондай-ақ мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңіріндегі сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы оқыту семинарлары өткізіледі.
«Қысқа мерзім ішінде 86 мыңнан астам сайлау комиссиясының мүшесін, оның ішінде 1 729 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін, 15 мыңнан астам округтік сайлау комиссиясының мүшесі мен 70 мыңға жуық учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін даярлауды қамтамасыз етуіміз керек. Мұндай ауқымды жұмыс сайлау комиссияларының әр деңгейінде заңнама, рәсімдер мен іс-қимыл алгоритмдерін бірыңғай түсінуді қамтамасыз ететін, жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын оқыту жүйесін талап етеді», – деді ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов.
Осыған орай, ОСК төрағасы электоралдық оқытуды ұйымдастыруға жауапты тұлғаларға оқытудың сапалы өткізілуін, сайлау үдерісіне қатысушылардың барынша толық қамтылуы мен оқытудың әр кезеңіне белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды.
«Сайлау науқаны барысында комиссия мүшелері мен аппаратының қызметкерлері дәстүрлі түрде еліміздің барлық өңіріне инспекциялық сапарлар жасайды. Сапарлар аясында сайлау комиссияларының дайындығы зерделеніп, сайлау үдерісіне қатысушыларға оқыту жүргізіледі, әдістемелік қолдау көрсетіледі. Сайлау науқанының ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті оқу жоспарларын қабылдап, олардың іске асырылуын ұйымдастыру маңызды», – деп түйіндеді Нұрлан Әбдіров.
Қазақстанда соңғы жылдары жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар аясында билік тармақтарының тепе-теңдігі мен жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайту басты басымдыққа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлауды мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің қорытынды кезеңі деп атап өтті. Мәслихаттардың таратылып, жаңадан сайлануы – жергілікті деңгейдегі саяси элитаны жаңартуға, халық пен аймақтық билік арасындағы сенім көпірін нығайтуға бағытталған заңды қадам.
Бұл сайлаудың елдің ішкі саяси аренасына тигізер әсері зор болмақ.
Біріншіден, аралас жүйе арқылы мәслихаттарға жаңа адамдар – кәсіпкерлер, заңгерлер, блогерлер мен аймақтық белсенділер келеді. Бұл ескі кадрлық жүйенің сеңін бұзады. Екіншіден, партиялар үшін бұл сайлау – өздерінің өңірлік құрылымдарының шынайы күшін сынайтын алаң. Сайлау нәтижесі алдағы Құрылтай немесе басқа да саяси науқандар алдындағы үлкен дайындық болып саналады. Үшіншіден, жаңадан сайланған депутаттар халық алдында тікелей жауапты болғандықтан, аймақтық бюджеттердің жұмсалуын, әкімдіктердің есептерін қатаң бақылауға алады. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтуға септігін тигізеді.
Түйіндеп айтсақ, 29 қарашаға белгіленген мәслихаттар сайлауы – құрғақ саяси рәсім емес, елдің әлеуметтік-экономикалық тынысын айқындайтын маңызды қадам. Сайлау нәтижесінде құрылатын жаңа мәслихаттар корпусы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының аймақтардағы нақты көрінісіне айналуы тиіс!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ