Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас БЕКТЕНОВКЕ
Ветеринариялық қауіпсіздік – халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі.
Бүгінде 8 миллион ірі қара, 20 миллион қой-ешкі өсіріледі, осы салада препараттар өндіретін 21 кәсіпорын, бақылауды қамтамасыз ету үшін шекаралық аумақтарда 67 бақылау бекеті жұмыс істейді, Үкімет бекіткен ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары аясында саланың материалдық-техникалық базасын 80 пайызға дейін жаңарту және қызметкерлерінің жалақысын 2,5 есеге дейін арттыру көзделіп отыр.
Өзіміздің көргеніміз – өңірлерден келіп түсетін өтініштер, сала мамандарының ұсыныстары және ғылыми қауымдастықтың пікірлері шешілмеген мәселелердің барын көрсетеді. Соңғы жылдары жүргізілген реформаларға қарамастан орталық уәкілетті орган, аумақтық инспекциялар және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функциялар шашырап, бірыңғай басқару тетігі әлсіреді. Меніңше, осы саланы республикалық деңгейде басқарып отырған басшылардың тәжірибесі аз, мемлекеттік жауапкершілікті толық түсіне бермейді, өндірісте ысылмаған. Соның салдарынан ветеринариялық бақылаудың тиімділігі төмендеп, кейбір өңірлерде эпизоотиялық жағдай бойынша жауапкершілік нақты айқындалмай отыр.
Мал басы жөніндегі мәліметтердің дәлдігіне қатысты сұрақтар туындап, кейбір жағдайларда жалған мәліметтер беру мен субсидиялау саласындағы құқық бұзушылықтар анықталуда. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне де кері әсер етуде.
Облыстардағы зертханаларда зерттеулердің жекелеген түрлері жүргізілмейді немесе нәтижелерді алу мерзімі ұзаққа созылады, зертханалардың материалдық-техникалық мүмкіндіктері нашар. Әсіресе бруцеллез, туберкулез, құтыру, эхинококкоз және басқа да қауіпті ауруларды диагностикалау барысында мамандар, фермерлер тарапынан көптеген сұрақтар туындауда.
Саладағы көптеген нормативтік-құқықтық актілер ұзақ жылдар бойы қайта қаралмаған. Инфекциялық және инвазиялық аурулардың алдын алу бойынша кешенді ғылыми тәсілдер жеткіліксіз қолданылуда.
Кадр мәселесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Ауылдық жерлердегі ветеринариялық мамандардың тапшылығы сақталып отыр. Жас мамандарды тарту, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту және кәсіби біліктілігін тұрақты арттыру мәселелері өзекті күйінде қалуда.
Осыған байланысты Үкіметке ветеринария саласын одан әрі жетілдіру мақсатында мынадай ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз:
Бірінші, ветеринариялық қызметті басқарудың тиімділігін арттыру үшін саладағы бірыңғай басқару вертикалін күшейту, жергілікті жерлердегі бірігіп қызмет етіп отырған ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларын екіге бөлу;
Екінші, жануарларды есепке алу және сәйкестендіру жүйесінің нақтылығын қамтамасыз ету, өңірлік зертханалардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртып, жедел диагностика жүргізу мүмкіндіктерін кеңейту; қызметте цифрлық технологияларды енгізу, ғылыми-әдістемелік орталықтың әлеуетін арттыру; отандық поливалентті вакциналар мен заманауи биопрепараттарды әзірлеуге мемлекеттік қолдауды кеңейту;
Үшінші, сала мамандарының әлеуметтік мәртебесін арттыру, еңбекақысын кезең-кезеңімен көтеру; халық арасында ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауру ошақтары туралы ашық ақпараттық саясат қалыптастыру қажет.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары:
- Жигули Дайрабаев, Серік Егізбаев, Қарақат Абден, Николай Арсютин, Анас Баққожаев, Аян Зейнуллин, Ерболат Саурықов, Таңсәуле Серіков.
ҚР Праламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері:
- Еркебұлан Мәмбетов, Қазыбек Әлішев, Аманжол Әлтай, Нұржан Әшімбетов, Павел Казанцев, Данияр Қасқарауов, Айдарбек Қожаназаров, Ислам Сұңқар