ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
- Мемлекет басшысы жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының өзегінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті нығайту және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр. Ата заңды тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің, ұлттық бірегейліктің және мемлекеттік сананың негізі ретінде қоғамдық өмірде кеңінен орнықтыру маңызды.
Дамыған мемлекеттердің тәжірибесі бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жүргізілетінін көрсетеді. Мәселен, АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде Конституция мемлекеттік басқарудың ғана емес, қоғамдық өмірдің де негізгі бағдарына айналған. Сот шешімдері мен мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінде Конституция нормаларына тұрақты түрде сілтеме жасалып, азаматтардың конституциялық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақстанда да соңғы жылдары Конституцияның рөлін күшейту бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылды. Конституцияны ілгерілету жөніндегі жоспар қабылданды, сот тәжірибесінде Ата заң нормаларына тікелей сүйену үрдісі қалыптасып келеді. Білім беру жүйесінде құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған жаңа пәндер енгізілді.
Алайда Конституцияның қоғамдағы орны мен маңызын терең түсіну деңгейі әлі де жеткіліксіз. Көп жағдайда оның нормалары кәсіби құқықтық орта аясында ғана қолданылып, азаматтардың күнделікті өмірімен толық сабақтаса қойған жоқ. Ал Конституция әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына, құқықтық мәдениетіне және азаматтық жауапкершілігіне негіз болатын құндылыққа айналуы тиіс.
Мысалы, АҚШ-та құқық қорғау органдары азаматты ұстаған кезде оған Конституциямен кепілдік берілген құқықтары туралы міндетті түрде түсіндіреді. Бұл – конституциялық нормалардың қоғам өмірінде нақты жұмыс істейтінінің айқын көрінісі.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес. Ол – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қоғамдық келісімнің тірегі және еліміздің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағдары.
Осыған байланысты Үкіметке мынадай ұсыныстарды қарастыруды ұсынамын:
Біріншіден, Конституция күнін мерекелік сипаттағы шаралармен ғана шектемей, құқықтық мәдениет пен конституциялық патриотизмді нығайтатын жалпыхалықтық ағартушылық жобалармен толықтыру қажет.
Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің кәсіби қызметінде Конституция қағидаттарын басшылыққа алу тәжірибесін одан әрі күшейтіп, бұл бағыттағы оқыту және түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу қажет.
Үшіншіден, Конституцияның қазақ және орыс тілдеріндегі ресми мәтінінің барлық білім беру ұйымдарында, әскери бөлімдерде, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесін қарастыру қажет.
Төртіншіден, азаматтардың конституциялық сауаттылығын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен цифрлық платформалар арқылы тұрақты ақпараттық-ағартушылық жобаларды іске қосу орынды деп санаймын.
Ата заңға құрмет – құқықтық мемлекеттің ғана емес, әділетті қоғамның да басты өлшемі. Сондықтан Конституцияның қағидаттары әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Үнзила ШАПАҚ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты