Назарбаевтардың озбырлығына«СРОК ДАВНОСТИ» БОЛМАУЫ КЕРЕК

Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры Берік Асыловқа!
Ел қазынасынан ұрланып-жырланған активтерді қайтару жұмысы қалай
жүріп жатқаны Қазақстан халқы түгілі, бізге – депутаттарға да беймағлұм. Біз
қазір Үкіметтің анда-санда жария ететін хабар-ошарын ел қатарлы ашық
ақпараттан ғана білеміз. Бізде басқадай мәлімет жоқ.
Отставкаға кетер алдында бұған дейінгі Үкімет басшысы 1 трлн теңгенің
активі Қазақстанға қайтты деген еді. Қазір біз «мұзға жазылып, күнге
қойылған» сол триллионды малданып отырмыз. Активтерді қайтару заңын
шығарған Парламентте нақты мән-жайды білетіндей басқа дәрмен жоқ.
Дегенмен, тағы да сол экс-премьердің айтуы бойынша, 220 трлн теңгенің
активіне байланысты тексеру қолға алынған сияқты. Бұл – Қазақстанның 15
жылғы бюджетіне пара-пар актив. Бірақ осылайша, жылына бір триллионнан
қайтаратын болсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті
Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру үшін, 220 жыл керек екен.
Әйтсе де, мемлекеттің активін қайтару төңірегінде түсініксіз құпиялық
қоюланып тұрса да, бізге басқа активтердің мән-жайы белгілі болып жатыр.
Бұл – жеке меншік иелерінен әртүрлі айла-амалмен, тіпті рэкеттік жолмен
тартылып алынған активтер. Жеке меншігінен айырылғандар – қарапайым
бизнесмендер, тартып алғандар – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев
әулетінің өкілдері.
Президент Тоқаевтың әділеттілік қағидасын қалыптастыру үшін, жеке
кәсіпкерлердің заңсыз жолмен тартылып алынған активтері де кері
қайтарылуы керек. Әділет ешқашан жартыкеш болмайды, ол толық мәнде
орнауы тиіс.
Мәселен, тартылып алынған активтерін қайтарып алуға жәрдем жасау
жөнінде менің атыма бірнеше кәсіпкерден өтініштер келіп түсті. Осы
өтініштерде баяндалатын жағдаяттардың жай-жапсарын анықтап, тиісті

прокурорлық пәрмен беру үшін, мен бұған дейін Сіздің жеке өзіңізге сол үш
өтінішті табыс еткен едім. Соның Назарбаевтарға қатысты екеуін сөз етейін.
Үшіншісі – депутаттың атына жазылған өтініште көрсетілгендей, алматылық
жеке кәсіпкер, қорғансыз жас қыз Әсемгүл Хасанғалиеваның бизнесін тартып
алуға мұрындық болған «ескі Қазақстанның» бір өкілі – отставкадағы МВД
генералы Маратқали Нүкеновтің қысастығымен қозғалған іс бүгінде
азаматтық-құқықтық негізде қаралып жатқандықтан, әзірге сот ісіне
араласпай, тұра тұралық.
Бірінші кезекте сол үш өтініштің бірі «Азия» сауда-өндірістік компаниясын
Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның тартып алуына байланысты. 2003
жылғы активі 160 млн долларға (немесе 72 млрд теңгеге) бағаланған,
құрамында Қазақстан бойынша 68 жанар-жағармай стансасы, 6 мұнай базасы
бар компанияны Әлия Назарбаева Валентина Рогованың заңгерлік көмегімен
өз атына жаздырып алғаны жөніндегі куәлікттің көшірмесі мен басқа да
құжаттарды мен Сіздің қолыңызға тапсырған едім, Бас прокурор мырза.
(Әлия Назарбаева қол қойған нотариалдық куәліктің және басқа да
келісімшарт құжаттарының көшірмесі Бас прокурорға тапсырылды).
Құрметті депутаттар, сіздердің қаперлеріңізге салайын: Валентина Рогова –
2000–2002 жылдарғы әділет министрі, 2004 жылдан 2017 жылға дейін
Конституциялық кеңестің төрағасы болған Игорь Роговтың зайыбы. Көңіл
аударыңыздар: Бұл – Әділеттің және Конституцияның бірінші жақтаушысы
болған, ал 2017 жылдан бері Бірінші президент қорының атқарушы
директорының орынбасарлық қызметіне тағайындалған Рогов еді!
Экс-президенттің қызы жасаған қысымның салдарынан заңды бизнесінен
айырылған азаматтар бұл қылмыстық іс-әрекет туралы Сіздің атыңызға да
өтініш жолдады, Бас прокурор мырза. Сондықтан Сіз бұл өтініште
көрсетілген деректерді тегіс тексеруге прокурорлық пәрмен беруге тиістісіз
деп есептеймін!
Ал Сіздің атыңызға жолданатын депутаттық сауал мен қосымша құжаттарда
«Азия» компаниясының алғашқы құрылтайшысы Серік Бимурзиннің белгісіз
жағдайда қалай қаза болғаны; кейінгі құрылтайшысы Медғат Қалиевтың
құны 160 млн доллар тұратын компанияны қандай жағдайда Әлия
Назарбаеваның атына су тегін жазып беруге; Серік Бимурзиннің мұрагері
Нұрлан Бимурзин небәрі 18 мың теңгеге «сатуға» мәжбүр болғаны жөніндегі
дерек-дәйектер егжей-тегжейлі жазылған.

Бұны менің шұғыл түрде жария етуіме себеп болып отырған жағдай: істі
қайтадан қарау мерзімі – «срок давности» өтіп кеткен деген желеумен бұл
өтініштерді жылы жауып қоюға прокурорлық органдар тарапынан әрекет
жасалып жатқан сияқты! Бір кездергі «бірінші семьяның» озбырлығы мен
қылмысты қиянаттарына қатысты істер «срок давности» деген желеуге
жатпайды, Берік Ноғайұлы мырза!
Депутатқа және Бас прокурордың атына өтініш беруші азаматтар Медғат
Қалиев пен Нұрлан Бимурзин Президент Тоқаевтың «әділетті Қазақстан»
бастамасынан үміт күтіп отыр. Сіз бен біз жазықсыз жапа шеккен,
қылмыстық қысастыққа тап болған азаматтардың үмітін алдамауымыз керек!
Өтініш иелері Бас прокуратурадан Әлия Назарбаева мен Валентина Роговаға
қатысты қылмыстық іс ашуды талап етіп отыр. Бұл талапты мен де депутат
ретінде қолдаймын!
Маған келген екінші өтініш Қайрат Сатыбалдыға қатысты.
Айтпақшы, өткен желтоқсан-қаңтар айларында Қайрат Сатыбалды тағы да
150 млрд теңгенің активін мемлекетке қайтарды деген ашық ақпарат болған
еді. Міне, осы соманың 4 миллиардтан астам теңгесі – Қайрат Сатыбалдының
жеке кәсіпкерден тартып алған активі. Бұл сома экс-премьер «мемлекетке 1
трлн теңге актив қайтарылды» деген есептің ішіне де кіріп кеткен.
Анығында, Қайрат Сатыбалды «мемлекетке қайтардым» деген активтің бір
бөлігі – «Хилтон-Алматы» қонақ үйін қитұрқы қысастық жасау жолымен
«Абли-Құрылыс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншік иесі
Шолпан Қаранеевадан тартып алған. Экс-президенттің немере інісі 50-ге
жуық сақалды нөкерлерімен келіп, «Хилтон» қонақ үйін басып алған кездің
видеосы меншік иесінде сақталған. Осы рэкеттік-қылмыстық әрекетті
тексеру барысында қажет десеңіз, ол видеоны Қаранеева ханымнан сұратып
алуға болады.
Өтініш беруші сотқа шағымданса да, бүгінде Сатыбалды түрмеде жатса да,
әлі күнге дейін «күштінің арты диірмен тартуда». Бұл қысастық қылмысқа
қарсы бұған дейін депутат Мақсат Толықбай араша түсу әрекетін жасаса да,
жәбір көруші жақ жанұшыра жан-жаққа шағымданып жүрсе де,
«Хилтонның» хикаясы Сатыбалдының пайдасына шешіліп тұр.
Сізге жолданып отырған құжаттарда бұл рэкеттік қылмыстың жай-жапсары
толық қамтылған. «Хилтонға» қатысты рэкеттік тартып алу туралы бір бума
құжатты сізге жолдап отырмын, Берік мырза!

Сатыбалдының рэкеттігіне байланысты тағы бірнеше өтініштің дерек-
дәйегіне менің көмекшілерім тексеру жүргізуде. Мән-жайдың қылмыстық
және қысастық жағы анықталар болса, бұл құжаттарды да Сізге жолдаймын,
Бас прокурор мырза!
Қысқасы, Президент Тоқаевтың активтерді қайтару бастамасы «ескі
Қазақстанның» қысастығы салдарынан зардап шеккен жеке бизнесмендерге
де қатысты болуы тиіс. Президент мемлекеттік тұрғыда міндет еткен
әділеттіліктің толық талабы – осы.
Ермұрат БАПИ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Республиканский еженедельник онлайн