Сонымен, 15 наурызда Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция негізінде елімізде тұңғыш рет заң шығаратын ең жоғары өкілді орган – Құрылтай сайланды. Алғаш рет парламенттің сессиясы қыркүйектің басында емес, тамыз айының аяғында – 28 тамыз күні өтіп, 145 депутат ант қабылдады. Құрылтай төрағасы, оның үш орынбасары мен комитет төрағалары сайланды.
Бірінші сессияның бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Құрылтайдың, жалпы еліміздің алдында тұрған экономиканы, әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі міндеттерді атап көрсетті.
Маған әсіресе Президенттің «біз әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың әлеуетін арттыруға әрдайым баса мән береміз» және «жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек» деген сөздері қатты әсер етті.
Әлеуметтік мемлекет – Қазақстанның Конституцияда айқындалған негізгі мақсат-мұраттарының бірі. Осы тұрғыда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия саласын жан-жақты дамытуға айрықша назар аударылатыны қуантады. Мемлекет мақсатшыл, табанды, еңбекқор адамдарға әрдайым қолайлы жағдай жасайтыны нық сеніммен айтылды.
Шынында да, хакім Абай бұдан бір жарым ғасыр бұрын айтқан талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – бәрі әрқашан, әсіресе бүгінгі күні өте маңызды. Егер мемлекет өзімді және отбасымды асыраймын, орнымды тауып, елімнің қажетті жеріне кірпіш болып қаланамын деген оймен талаптанып, адал еңбек етемін, тәуелсіз елімнің заңдарын, белгіленген тәртіпті сақтап, қоғамның дамуына қызмет етемін дейтін әрбір азаматты, әсіресе жастарды тұрақты, жалақысы жоғары жұмыспен қамтамасыз ететін болса, бұдан бүкіл қоғам ұтпаса – ешкім ұтылмайды!
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақсатта Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отырғанын, қаражат бұрынғыдай оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайтынын, азаматтарымыздың жаңа дәуірде құқықтық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет екенін де ерекше ескертті.
Бұның бәрі өте маңызды, әйтпесе «кертартпаның кесірі – кең дүниені тар қылар» дегендей, күнделікті өмірде, әлеуметтік желілерде қара аспанды жерге түсіріп, жігеріңді жаншып, жүрегіңді ауыртатын: «ел болудан қалдық», «ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін», «әй, біз ешқашан оңбаймыз» деген сыңайдағы үмітсіз, зияннан басқа ешкімге көк тиын пайдасы жоқ қаншама кертартпа сөздер айтылып жатыр! Қазақ о баста «жақсы ниет, жақсы сөз – жарым ырыс» деуші еді ғой! Ниетіміз, сөзіміз неге соншама бұзылды?!.
Мұның бәрі кешегі әділетсіз, озбыр заманда күш-қайраты тасыған, тепсе темір үзетін жастардың жұмыссыз қалып, «самозанятыйға» айналуы, басқа да билік тарапынан жіберілген қателіктердің кесірінен екені анық. Соның салдарынан ниет, сөз бұзылды, үміт үзілді, ел билікке сенуден қала жаздады.
Бүгін заман басқа, Аллаға шүкір, ниет те, сөз де, іс те жақсы жағына қарай өзгеріп жатыр. Көпшіліктің басында хан сарайындай үй, әр үйде үш-төрттен көлік, дастархан толы. Алматының айналасындағы сан жетпейтін салтанат сарайлары мен тойханаларда күнде той! Алайда сананы байлық билеген заманда мейірім, шапағат, бауырмалдық, қайырымдылық, ағайын-туыстық деген жақсы қасиеттеріміз кеміп барады. Айтатынымыз – өсек, өтірік. Тыңдайтынымыз – мақтану, бәсеке. Сонда қанағат қайда қалды?! Рақым неге жоқ?!
Президент бұл жөнінде де жақсы айтты.
– Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз керек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз керек. Біздің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды түрде жұмыс істеуіміз керек.
Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді.
Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама. Себебі қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық. Санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады.
Әсіресе қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды. Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінгі нақты іс, ертеңгі жарқын болашаққа деген зор үміт, нық сеніммен.
Шынында да біз «мың өліп, мың тірілген» туған халқымыздың даналығына, жасампаздығына, кез келген қиындықтан ұлт болып ұйысып шыға білетін жеңімпаздығына сеніп, оны күн сайынғы адал еңбек, мол табыс, бір-бірімізге деген шын құрмет, шынайы сыйластықпен нығайта беруіміз керек. Сонда ғана ұлттың ұлы мұраттарына жететініміз анық. Ал ең жаман нәрсе – үмітсіздік, сенім мен жауапкершіліктің жоқтығы!
Бізде ауылдық округтен бастап, Үкіметке дейінгі мемлекеттік қызметтің жылы орынтақтарында отырған шенеуніктердің басым көпшілігінде осы ең басты қасиеттердің бірі – жауапкершіліктің жетіспейтінін мемлекет басшысы талай жиында талай рет айтты. Әркім үшін аса қажет бұл асыл қасиет тек мемлекеттік қызметкерлер емес, кәсіпкерлерде, қарапайым азаматтарда да жетіспейтіні ащы ақиқат. Оның үстіне жемқорлық деген жегі құртты жоймақ түгілі, оның әлі мұрты да қисайған жоқ. Оған салғырттық, немқұрайдылық, бюрократия, қағазпаздық деген кесірлерді қосыңыз. Осы келеңсіздіктердің салдарынан жоғарыдан бөлінген қаржы төменге дейін толық жетпей, кейде түгелге дейін талан-тараж болады. Бұл өз кезегінде ауылдарды таза ауыз су, жалпы халықты мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үймен қамту сияқты әлеуметтік мәселелердің шешімін ондаған жылға кейін ысырып тастайды. Бұған мысал ретінде, басқасын айтпағанда, Астанадағы ЛРТ мәселесінің өзі жетіп жатыр!
1 қыркүйекте еліміз бойынша жаңадан салынған көптеген «Келешек мектептері», сондай-ақ күрделі жөндеуден өткен білім ошақтары пайдалануға берілді. Қарап отырсаң, солардың көбі халықтың игілігіне алғашқы жоспардан бір-екі жылға кешігіп тапсырылып отыр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік.
Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласының, сондай-ақ конституциялық ерекше мәртебеге ие болған, қарқынды дамыту көзделіп отырған жаңа қала Алатаудың іргесінде орналасқан Нұра ауылындағы № 12 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары бұдан екі жыл бұрын аяқталуы тиіс еді. Ол кешегі күнге дейін созылды. Төрт жыл бойы 1200-ге жуық оқушы ешқандай жағдай жасалмаған Мәдениет үйінде, ауылдық округ әкімдігінің кеңсесінде, ауыл ортасындағы дүкен ғимаратында, тіпті көрші ауылға қатынап оқыды. Жөндеу жұмыстарының кешігуіне байланысты ауыл тұрғындарының, ата-аналардың шағымына орай, бұл жерге қаншама рет Мәжіліс депутаттары, Оқу-ағарту министрлігінің басшылары, облыс әкімі, білім басқармасы мен аудан басшысы келді. Соның өзінде жөндеу жұмыстары екі жылға кешікті. Басты себеп – мердігер компания басшылығының жауапсыздығы мен қаржының талан-тараж болуы. Әйтеуір айтысып-тартысып, соттасып жүріп, бірінің қызметінен бас тартып, басқа компанияға тапсырып, аудан, облыс, министрлік, кешегі таратылған Мәжілістің белсенді депуттары араласып, әрең дегенде жөндеу жұмыстары біткендей болды. Егер әр мектеп, құрылысы басталған басқа да нысандардағы жағдай осылай болса, қалай біз қарқынды дамимыз?!.
Сондықтан біз қоғам мүшелерінің бойындағы жауапкершілікті, мейлі ол шенеунік, депутат, кәсіпкер не тағы басқа біреу болсын, ең басты қасиет деп санауымыз және оның қызметін соған қарап бағалауымыз керек. Ал жауапкершілік бар жерде үміт те оянады, сенім де күшейеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз» үшін әрбір азаматтың, мейлі ол қарапайым жұмысшы, оқытушы, кәсіпкер не мемлекетік қызметкер болсын – барлығы заң мен тәртіп қағидаты аясында адал еңбек етіп, қоғам, мемлекет алдындағы жауапкершілігі артуы тиіс!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ