ШЫҢҒЫС ХАНДЫ «моңғол»  ДЕП ЖҮРГЕНДЕРГЕ…

  • «Шыңғыс ханнан бастап, бір әулеттің төрт мүшесі осы өңірде – Ұлытауда жер қойнына тапсырылыпты. Қалай десек те, Шыңғыс ханның бөтен жұртта емес, өзі құрған Алаш елінің ортасында өз ажалымен өлгені көңілге қонымды.
  • Кейінгі кезде профессор Әлімғазы Дәулетханұлы, ШҚМУ доценті Маратбек Аханов, т.б. «моңғолшыл» ғалымдар баспасөзде жариялаған мақалалары арқылы Шыңғыс қағанның түркілік тегін жоққа шығаруға тырысуда. Олардың хұндарды протомоңғолға жатқызуын, түркілер мен моңғолдар ежелден аралас-құралас, құдандалы елдер болатын, сондай-ақ «Шыңғыс хан – моңғол» деген ұстанымдарын ғылыми негізсіз деп тануға қолда бар шежірелік және тарихи деректер толық мүмкіндік береді екен.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі» атты кітабында: «Жоғарғы хуннулар ханның қатынын «иэн-ши» деуші еді. Біздің қазақтың өзінен үлкен кісінің қатынын жеңеше деуі сол сөз болар» деп, хундардың тұрмыс-салтынан қазақтық белгілерді іздеуі өз дәуірі үшін соны әрекет екені сөзсіз. Текті кісі бұнымен де шектелмей, хундардың шежірелердегі баламасы моғұлдар екенін анық аңғартып, олардың Оғыз ханын қоңыраттардың түпкі атасы деп санауы, сондай-ақ тайпаның ежелгі мекені Қалқа өзенінің Бұйра көліне құяр сағасы деп көрсетуі осы салада көп сұрақтардың шешімін табуға жол ашады екен.

Міне, енді қараңыз – Хунну, Түрік қағанаты, Көк түріктер қағанаты, Шыңғыс ханның Алтайда құрған «Алты Алаш» мемлекетінің ордалары сол қасиетті Қалқа даласында тігілуі аталмыш құрылымдардың түп негізі бір екенін байқатып тұрған жоқ па?! Қалқадағы Көк түріктер қағанаты дәуіріне жататын тарихи нысандар – «Орхон-Енисей» ескерткіштер кешендерінің сырына толық қанықтық па? Көп томдық үлкен ғылыми еңбек – Қазақ Совет Энциклопедиясындағы: «Алпамыс батырдың түп негіздерінің пайда болғанына 1200–1300 жыл толды», деген тұжырым Көк түріктің бас қолбасшысы Алып Елетмішке арнап соғылған ескерткіштің эпикалық жыр түрінде ел жадында сақталған қоңырат батырына тән екенін анық дәйектеп тұр емес пе?

Оғыз ханымыз бен Алпамыстай батырымыздың ерлік істері өрілген Қалқа өңіріне аталарымыздың қашан келгені және оған не себеп болғаны кімді де болса қызықтырары анық. Ұлы көштің мән-жайын Л.Гумилевтің «Хунну» атты кітабындағы: «По-видимому, хунское кочевое скотоводство развилось уже настолько, что хунны в поисках пастбищ двинулись на север, причем это же самое скотоводческое хозяйство обеспечило их достаточной тягловой силой» (М. 2003 ж. 35-бет.) деген жолдардан аңғарып едік. Л.Гумилев ары қарай: «… когда прахунны пересекли песчаные пустыни, на равнинах Халхи возникли исторические хунны» (сонда, 21-бет) деп, тайпаны сол дәуірдегі жаңа мекеніне қоныс тептіреді. Байсыннан қоныс аударған он мың отбасының қиырдағы қалмақ даласына барып қоныстанғаны туралы «Алпомиш» жырындағы дерек Гумилевтің тарихи тұжырымдарымен толық қабысатыны көзге ұрып тұр.

Тайпаның мемлекет ретінде тарихқа ену мерзімін қытайлық тарихшы Сыма Цяньға сілтеме жасаған француз ғалымы Дегинь б.д.д. 1200 жыл деп есептейді екен. Одан да әріректе, яғни б.д.д. 1764 жылы хұндардың Қытай тарихында төбе көрсеткені туралы дерек бар. Бұл Л.Гумилевтің шамамен 4000 жыл бұрын жер шарында климаттың өзгеруі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын елді қоныс аударуға мәжбүр еткен болуы мүмкін деген пайымы қисынды екенін көрсетіп тұр. Оңтүстіктен келген бұл тайпаның тегі туралы жоғарыда айтылған деректердің ғылыми негізділігін Моңғолиядағы «Эйгин гол» некрополындағы Хунну жұртының моласындағы сүйек ДНК-сы «Y» ерлер хромосомасы С2с1а1а1-М407 формуласын көрсетуі тиянақтай түседі. Бұл бүгінгі қазақ қоңыраттарының қан құрамымен сәйкес келеді.

Оңтүстік отаршыларының тұрмыс-салты мен тіліне келсек, мұнда түркілік белгілер жетіп-артылады. Тарихи деректерде хұндардың 24 рудан тұратыны және бұл рулар құдандалық жолмен өзара байланысып жататыны айтылады. Л.Гумилев: «Жен полагалось брать исключительно из чужого рода», дейді. Ал Н.Я.Бичурин тайпаның әмеңгерлік салты туралы былай депті: «Вдова старшего брата становилась женой младчего, который обязан был о ней заботиться, как о своей любимой жене». Бұл тұрмыс-салттық деректер хұндардың бізге жат емес екенін анық көрсетіп тұрған жоқ па?

Ал хұндардың тілі жөнінде Әлкей Марғұлан былай дейді: «Мы видим сходство многих гунских слов с казахскими. Однако слова эти переданы китайской транскрипцией в искаженной форме. Это прежде всего касается имен и титулов племенных вождей. Так, слово би в китайской передаче ми, т.е. в китайских источниках гуннского Күн би – Кунми, соответственно Унгар би – Унгуйми, Төлеке – Тулехэ, Күлке – Хулхэ, төре – доле, тархан – дагян, дүй – дуйю»(Ә. Марғұлан. Толық жинақ, 15-том, 29-бет). Бұл үзіндіде хұндардың тілімен қатар мемлекеттік құрылымы да көрініс тауып тұр.

Ғұндармен аралас-құралас болған тайпалар қатарында татарлар-дунху, қырғыздар-цигу, қыпшақтар-кюеше, ұйғырлар-чиди, үйсіндер мен қаңлылар екенін де тарихтан білеміз. Бұлардың өзара тығыз қарым-қатынасы, тыныс-тіршілігінің жақындығы нәтижесінде ағайындас түркі тілді тайпалар тобы қалыптасқанын көріп отырмыз. Моңғолия үстіртінде аталарымыздан қалған көптеген тас белгілердің тағы бірін – Түрік қағанаты дәуірінен қалған моланың қорғаны маңындағы кіндіктаста қашалған алпысқа жуық түркілік тайпалардың таңбаларының суретін ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы назарға ұсыныпты. Солардың қатарында қалмақ тілді бүгінгі моңғолдардың аталарынан қалған таңба туралы әңгіме жоқ. Шыңғыс ханның түркілік тегі туралы белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан профессор Қайрат Закирьяновқа сенсек, моңғол ғалымдарында тайпа таңбасы туралы түсінік те жоқ екен. Олардың ойынша, тайпалардың таңбалары көне жазуға жатады-мыс.

Моғолшыл ғалымдар қатарындағы ШҚМУ доценті Маратбек Ақанов «Жас Алаш» газетінде (12.12. 2019 ж.) жарияланған «Шыңғыс ханды қазақ деп жүргендерге…» атты мақаласында Шыңғыс ханның тегі моңғол екенін қаған аталары аттарының моңғол тіліндегі мағынасымен дәлелдемек болыпты. Оның жазуынша, Шыңғыс ханның әкесі «Есүхэйдің» аты «тоғыз тамыр», атасы Бардан батырдың есімі «мақтаншақ», «өркөкірек»; ары қарай Қабыл хан – «күшті тірек», Түмбине хан – «домалану», «дүрдию», Байсұңқар – «ашулы үй», Қайду хан – «өсекші», Қашықұлық – «тозған байлауыш», Менентуды – «жарымес», «ақымақ» … деген мағыналарға ие екен.

Сонда қалай болғаны, моңғолдарда ел билеушілеріне осындай жағымсыз есімдер беру дәстүрі бар ма екен? Оларда хандық лауазым болыпты деген дерек те тарихта жоқ қой. Шыңғыс хан аталарының Есукей, Бардан батыр, Қабыл хан, Түмбине хан, Қайду хан, Қашықұлық, Менентуды деген аттарын қазақшаға аудару қажет пе? Жоқ, әрине. Шыңғыс ханның түп негізі моңғол емес, түркіден екені Маратбек келтірген осы кісі есімдерінің түркіше-моңғолша салыстырмалы баламаларынан-ақ көрініп тұр.

Қаған отбасы қай тілде сөйледі деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Жалпыға бірдей мәлім деректерге қарағанда, хандар әулеті атамзаманнан бері қоңыраттармен құдандаласқан. Әріге бармай-ақ, қағанның анасы Ұлын да, бәйбішесі Бөрте де қоңырат қыздары екені мәлім. Шыңғыс ханның екінші әйелі Құлан да, Есуген, Есуқат деген ханымдары да түркі қыздары ғой. Бәйбішеден туған төрт ұлының да бәйбішелері қоңыраттан, қала берді бүгінгі қазақ елі құрамындағы тайпалардан. Сәйкесінше әулеттің отбасылық тілі моңғолша емес екені анық қой. Шыңғыс хан дәуіріндегі хандар әулеті мүшелерінің қалмақ тілді бүгінгі моңғолдан алған ханымдары, құдандалығы туралы нақты дерек жоқ. Моңғол ғалымдары, оларға қосамжарланған қазақтың «моңғолшылдары» қоңыраттар бұрын «хоңхират» атымен моңғол болған, Шыңғыс хан оларды Орталық Азияға көшіріп апарған соң түркіленіп кеткен дейді екен. Сонда қалай, Хұн дәуірінен түркі болған тайпа екінші рет «түркіленіп» пе?

Шежірелік дереккөздердің барлығында дерлік Моғұл (қытайшасы Хунну) билеушісі Оғыздан бастау алған хандық дәстүр Шыңғыс ханға келіп тіреледі. Түркілік ежелгі тайпаның перзенті Шыңғыс хан аталары қалыптастырған отбасылық қағидатты арнайы өз жарлығымен бекітіпті. Орыс тілінде жария болған жарлық мәтіні мынандай: «Когда в роде хун-цзи-ла (кунграт) рождаются девочки, они из поколения в поколение становятся императрицами; когда рождаются мальчики, они из поколения в поколение женятся на принцессах. Пусть непрерывно из поколения в поколение объявляют этот жалуемый указ в первую луну четырех времен каждого года»(цит. по: Мэн-да бэй-лу). Бұл жарлықтың шынайылығы қаған әулетінің отбасылық қатынасымен де дәлелденіп тұр ғой.

Баз біреулер қолыңыздағы мақала авторын «қоңыратшыл» деп айыптайды екен. Петербург Ғылым академиясының академигі, шығыс зерттеушісі, тіл білімпазы, түрколог, этнограф, археолог В.В.Радлов: «Қай халықтың болмасын шығу тегін оның рулық құрамы арқылы анықтауға болады», – депті. Сондықтан қазақ елін құраған іргелі тайпалардың бірі – Қоңырат туралы сөз қозғаудың еш сөкеттігі жоқ деп білеміз. Керісінше, бұл деректердің барлығы Шыңғыс ханның шыққан тегін дәл анықтауымызға мүмкіндік беріп отыр ғой.

Шыңғыс ханды ақырын қазақ даласынан алыстату, оның Ұлытауда жерленуін жасыру мақсатымен қолдан құрастырылған аңыздардың бірі – «Таңғұт жорығын» алқалаған Әлімғазы Дәулетханұлы қаған өлімі төсекте жұптасу кезінде Таңғұт патшасы жесірінің сілтеген кездігінен орын алды деген сандырақты елдің құлағына құйып жүргені өкіндіреді. Ал шын мәнінде алақандай ғана Таңғұт уәлаятын Шыңғыс хан ең әдепкі жорықтарының кезінде-ақ тізерлетіп, оған өз әкімін қойғаны белгілі («Түрік шежіресі», 61-бет). Жошы қазасынан кейін көп кешікпей, ары салғанда алты айда о дүниелік болған Шыңғыс ханның қандай да бір жорыққа қатысуы ақылға сыйымсыз.

«Түрік шежіресінде» Шыңғыс ханның өмірден өтуі жөнінде былай делінген: «Шыңғыс хан бұл дүниемен алты жүз жиырма төртінші тауық жылы (жаңаша 1227 ж. ) қоштасты… Үш ай бойы жан-жақтан халық келіп, аза тұтып, ханзадалардың қайғысына ортақтасты. Аза тұту аяқталған соң, әркім өз жұртына кетті, мемлекеттің болашақ құрылысы жайында ешкім ешнәрсе ойлаған жоқ». Мұны шындыққа ең жақын дерек деп қабылдадық.

Жошы қазасынан кейін Шыңғыстың немересі Батуға «Сайын хан» лауазымдық атын бергені белгілі. Атасының Алтын ордасын иеленуінен «Алтын орда» ханы атанған жас қолбасшы батыс жорығы қарсаңында бірнеше жыл бойы әкесі Жошы ханға және атасы Шыңғыс қағанға өз дәрежелеріне сай кесенелер салдырады. Қағанның Алтын ордасын көздің қарашығындай сақтаған екінші ханымы Құлан қатын да Ұлытауда қайтыс болыпты. Оның кесенесі Жошының қызы Болған ана кесенесімен қатар тұр. Шыңғыс ханнан бастап, бір әулеттің төрт мүшесі осы өңірде – Ұлы тауда жер қойнына тапсырылыпты. Қалай десек те, Шыңғыс ханның бөтен жұртта емес, өзі құрған Алаш елінің ортасында өз ажалымен өлгені көңілге қонымды. Сол өңірдің тумасы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев Алаша хан кесенесі Шыңғыс ханға тән деп айтқан екен деген әңгіме бар. Қазақтың тағы бір данасы Мәшһүр Жүсіп Көпеев те солай депті.

Шыңғыс ханды дүниеге әкелген моңғолдар емес, ол түстіктен келіп, Алтайдың шығысын мыңдаған жылдар бойы мекен еткен түркілік тайпаның перзенті екенін мақаланың өн бойында дәлелдей алдық деп ойлаймыз. Хұн дәуірінен бермен келе жатқан хандық дәстүрді жалғастырып, Алаш елін дүниеге әкелген Шыңғыс хандай арысымыздың рухын бүкіл ел болып ардақ тұту – ортақ парызымыз деген шешімге тоқтағанымыз жөн деп білдік.

Оңғар НАҚЫП

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн