Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық салу жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Өз кезегінде бұл өзгерістер тек кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым тұтынушыларға да, жалдамалы қызметкерлерге және жалпы экономикаға әсер етеді. Реформаны жасаудағы негізгі мақсат – бюджет кірісін арттыру ғана емес, салық жүйесін әділ, ашық әрі заман талабына сай ету.
Көпшілік арасында ең көп талқыланған мәселелердің бірі – қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты өзгерістер мен салық саласын толық цифрландыру. Алайда реформа мұнымен ғана шектелмейді. Оның астарында көлеңкелі экономиканы қысқарту, адал кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты ұзақмерзімді міндеттер жатыр.
Негізінен экономика өзгерген сайын, оны реттейтін механизмдер де жаңарып отыруға тиіс. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қолданылған салық жүйесі өз міндетін атқарғанмен, уақыт өте келе бұл салада бірқатар түйткіл анық байқалды. Алдымен салық жүктемесінің теңгерімді болмауы мәселесі көтерілді. Бірдей мөлшерлемелер әртүрлі табыс деңгейіндегі азаматтар мен кәсіпкерлерге бірдей әсер етпейді. Ірі бизнес үшін айтарлықтай салмақ саналмайтын төлем шағын кәсіпкерлер үшін айтарлықтай шығын болуы мүмкін. Сондықтан жаңа тәсіл салық салудағы әділеттілік қағидатын күшейтуге бағытталып отыр.
Екінші мәселе – көлеңкелі экономика. Кейбір кәсіпкерлер тарапынан нақты табысын толық көрсетпей, салық төлемдерін азайтуға тырысу жағдайлары жиі кездесіп тұрады. Соның салдарынан мемлекет бюджетіне түсетін қаражат көлемі қысқарып, адал салық төлейтін кәсіпкерлер тең емес жағдайда жұмыс істеді. Сонымен қатар соңғы жылдары инфляцияның өсуі, сыртқы нарықтағы құбылмалылық және импортқа тәуелділік те жаңа экономикалық шешімдерді қажет етті. Ал мемлекет тұрақты бюджеттік кіріс қалыптастыру арқылы әлеуметтік бағдарламаларды, инфрақұрылымды және кәсіпкерлікті қолдауды жалғастыруды көздейді.
Айта кетсек, қосылған құн салығы (ҚҚС) дегеніміз – тауар мен қызметтің бағасына енгізілетін жанама салық. Оның ерекшелігі – салық өнімнің толық құнына қайта-қайта есептелмейді. Әр кезеңде тек сол кәсіпорын қосқан жаңа құн ғана салыққа тартылады.
Бұл жүйе өндіріс пен сауданың барлық кезеңінде жұмыс істейді. Өнім өндірушіден көтерме сатушыға, одан бөлшек саудаға, кейін соңғы тұтынушыға жеткенше әрбір қатысушы өзі қосқан құн үшін ғана есеп айырысады. Нәтижесінде бір өнімге бірнеше мәрте бірдей салық салынбайды.
Ал салықтың негізгі ауыртпалығы соңғы тұтынушы төлейтін түпкілікті бағада көрініс табады. Мәселен, кәсіпкер шикізатты 1 000 теңгеге сатып алды делік. Егер ҚҚС мөлшерлемесі 10 пайыз болса, сатып алу кезінде оның құны 1 100 теңгені қамтиды. Кейін кәсіпкер осы шикізатты өңдеп, оған өз еңбегі мен шығындарын қосып, өнімді 1 500 теңгеге өткізеді. Бұл кезде есептелетін ҚҚС – 150 теңге. Бірақ кәсіпкер бұрын шикізат сатып алған кезде төлеген 100 теңгені шегере алады. Сондықтан бюджетке тек 50 теңге аударады. Одан әрі өнімді сатушы өз үстеме бағасын қосып, мысалы, 2 000 теңгеге өткізсе, ҚҚС соңғы бағаға есептеледі. Түпкі тұтынушы өнімнің толық құнын, оның ішінде салықты да төлейді. Осылайша, әрбір кезеңде тек қосылған құн ғана салық салу объектісі болып есептеледі.
Реформаның тағы бір маңызды бағыты – салықтық әкімшілендіруді толық цифрлық форматқа көшіру. Қазір электрондық шот-фактуралар, онлайн есептілік, мобильді қосымшалар арқылы салық төлеу және автоматтандырылған бақылау жүйелері қолданысқа кеңінен енгізіліп отыр. Бұл өзгерістердің бірнеше артықшылығы бар. Толығырақ тоқтала кетсек, құжат айналымы жеңілдейді, есеп беру уақыты қысқарады, адами қателіктер азаяды, салықтан жалтару мүмкіндігі төмендейді және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы байланыс ашық болады. Сонымен қатар цифрландырудың нәтижесінде кәсіпкерлердің де уақыт шығыны азайып, бақылаушы органдардың жұмысы тиімдірек ұйымдастырылады.
Енді реформа кімдерге әсер етеді дегенге келсек, жаңа салық жүйесінің ықпалы қоғамның түрлі топтарына әртүрлі деңгейде сезіледі. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін басты өзгеріс – есеп жүргізудің жаңа талаптары мен цифрлық бақылаудың күшеюі. Сонымен бірге шағын және орта бизнеске арналған жеңілдетілген режимдер мен әкімшілік рәсімдерді оңайлату жұмыстары жалғасады.
Тұтынушылар үшін кейбір тауар мен қызметтердің бағасы өзгеруі мүмкін. Себебі ҚҚС түпкілікті баға құрамына енеді. Дегенмен Үкімет әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар қолдау тетіктерін сақтап отыр. Мемлекет үшін бұл реформа бюджет кірістерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жиналған қаржы әлеуметтік саланы дамытуға, жол, мектеп, аурухана салуға және экономиканы қолдау бағдарламаларын қаржыландыруға бағытталады.
Бастысы – салық реформасының түпкі мақсаты көбірек салық жинау ғана емес, барлық қатысушы үшін бірдей әрі түсінікті ереже қалыптастыру. Мысалы, цифрлық бақылау көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал етсе, жаңа тәсілдер адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға тиіс. Ал бюджет кірісінің артуы мемлекеттік бағдарламаларды тұрақты қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Экономистердің пікірінше, мұндай реформалардың нәтижесі бірден байқалмайды. Олардың тиімділігі бірнеше жыл ішінде кәсіпкерлік белсенділікке, инвестиция көлеміне және халықтың әл-ауқатына әсері арқылы бағаланады.
Қысқаша түсіндіре кетсек, 2026 жылғы салық реформасының бар мәні осы. Ол дегеніміз – Қазақстанның қаржы жүйесін жаңғыртуға бағытталған кешенді өзгерістердің бірі. Демек қосылған құн салығына қатысты жаңа тәсілдер, цифрлық бақылаудың күшеюі және салықтық әкімшілендірудің жеңілдетілуі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Өз кезегінде бұл өзгерістер әрбір азаматтың күнделікті өміріне белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Сондықтан жаңа ережелердің мәнін түсіну – тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, ел экономикасының дамуына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды.
Сондықтан салынатын салықтан шоши берудің, одан ат-тоныңды ала қашудың қажеті шамалы. Өйткені салық, қарапайым көпшілік ойлағандай, тек мемлекеттің табыс көзі ғана емес. Оны қоғамның ортақ игілігін қалыптастыратын негізгі құралдардың бірі деп түсінген жөн. Одан ешкімнің ұпайы кеміп, табысы ортайып қалмайды.
Ерік ЕЛЕУСІЗ