Екеуміз кафенің бір бұрышына барып жайғастық. Бір-бір бокал арзан сыра алдық. Соны сыздықтатып ішіп, кәдімгіше мәдениетті демалып отырмыз.
Кафеде адам аз, жеңіл бір әуен ойнап тұр.
Жұмабай:
– Мұрным сезеді, бүгін бір жақсылап тұрып демалатын сияқтымыз, – деді. Үндегем жоқ.
Жұмабай екеуіміз де сүр бойдақпыз. Қырыққа келдік. Әке-шешеміз үйлен де үйлен деп миды ашытты. Үйленейік десек, қыз жоқ. Қыздар бар. Бірақ солардың қайсысы біздікі екенін тек бір құдай біледі…
Жанымыздағы үстелге алты-жеті қыз келіп отырды. Бірі ұзын, бірі қысқа, бірі жуан, бірі жіңішке… Бұлар да байға шыға алмай, күйеуді рестораннан іздеп келген мафияға ұқсайды. Екі үстелді біріктіріп, шуылдасып, әңгімелерін қыздырып жатыр. Арасында біз жаққа да көз салып қояды.
Жұмабай екеуіміз алаңдай бастадық. Екеуіміз іздеп жүрген Жібек пен Баян осылардың біреуі емес пе екен?!.
Сәлден кейін кафеге бір-екі жігіт келіп кірді. Біздің елдің адамдарына ұқсамайды. Жүрген жүрістері де, тұрған тұрыстары да басқаша. Шетелдік екендері бірден көрініп тұр. Сырбаз, асықпайды. Киген киімдерінде мін жоқ. Екі сөзінің бірі: «о кей», «ноу проблем». Қазақша да, орысша да тілдерін бұрап сөйлейді.
Мен шетелдіктерді қатты құрметтеймін. Бай, ақшаны суша шашады. Аяғын басып кетсең де, «сорри» дейді. Тағы басып кетсең, тағы да «сорри» дейді. Біздегі сияқты жетпіс жеті атаңды түгендеп бермейді. Өздері ылғи ешқандай себепсіз-ақ күлімдеп тұрады.
Әлгі екеуі кірісімен кафенің ішін қымбат бір әтірсудың иісі алып кетті. Олар да бізге жақын келіп орын алды. Бұл кезде біз де екінші бокалды орталап қалғанбыз. Сол жағымызда бір қора қыз, оң жағымызда шетелдіктер. Жұмабай екеуміз де рахаттанып отырмыз. Осы кезде шетелдіктердің біреуі біздің жанымызға келіп:
– Сорри, мына сеньориналарды білесіңдер ме? – деп сұрады.
Біз:
– Жоқ, бірінші рет көріп тұрмыз, – дедік. Әлгі шетелдік:
– Біз қазақша-орысша жаман, аз білеміз. Сіздердің жандарыңызға қыздарды шақырайық. Сіздер де бізбен бірге компания болыңыздар. Бүгін бір жақсылап демалайық. Ақшасын біз төлейміз, ноу проблем… – деп бізге күлімдеп қарады. Жұмабай екеуіміз қуана келістік. Бәрінен қатты ұнағаны «ақшаны біз төлейміз, ноу проблемы» болды.
Екі шетелдік біздің жанымызға келіп отырды. Жұмабай қыздарды шақырғалы кетті. Сыраға қызыңқырап алған Жұмекеңнің сол кездегі жүрісі-ай! Абрамович та біздің Жұмабайдай жүре алмайтын шығар. Ырғатылып, ширатылып қыздарға барды. Сөздері бізге естіліп тұр.
– Қыздар, сіздерді, – деді ол шіреп, – біздің үстелге қонаққа шақырамыз. Бізбен бүгінгі мына ғажайып кешті бірге бөлісіңдер. Ноу проблем! – деді.
Жұмабайдың «ноу проблеміне» әлгі қыздар «урааа» деп шу ете түсті. Сол сол-ақ екен, екі-үш үстелді бір-біріне қосып, кішігірім банкетті бастап та жібердік. Жұмабай маған мұрнын көрсетіп, көзін қысып қояды. Шетелдіктердің біреуінің аты Сандро, екіншісі Жермен екен. Жермен көп сөйлемейді. Оның есесіне Сандро есіп отыр. Қазақша дұрыс сөйлей алмаса да, ойын толық ұғып отырмыз. Айтуына қарағанда, дүниеде қазақтың қыздарынан сұлу қыздар жоқ. «Жолымыз болса, елімізге бір-бір қалыңдық алып кетпекшіміз» деп қалжыңдайды Сандро.
«Ал, Сандро, ал, сенен аяғанды ит жесін», – деп қоямыз біз.
Ақша аямайтын жомарт күйеу бала қазаққа да қажет. Сандро әзіл-қалжыңға да асып тұр екен. Қыздарды әп-сәтте үйіріп алып кетті. Қандай ас келтіру, не ішу жағын Жұмабай мен Жермен ұйымдастырды. Жеті қыз, төрт жігіт – бәріміз он бір адамбыз. Шөпке ораған түйеқұс еті, жаңғақ салып қозы етінен істеген кәуап, салаттың жеті түрі. Құмыраға салып ыстық пешке бұқтырған қырғауыл еті, зәйтүн майына қуырылған итальяндық макарон… тағы да атына тілің келмейтін, көзіңе де ыстық, көңіліңе де ыстық дәмді тамақтар… Балмұздақ, торт… Ішімдікке немістің маркалы сырасы, виски, текила, ромдар келді сап түзеп. Сусынның он түрі бар шығар. Бәрін жау тигендей қылып, ойсыратып жатырмыз. Жарайсың, Сандро! Жарайсың, Жермен!
Қыздардың да қарындары ашып қалған екен, жапырып барады. Кафенің күтушілері кезекті тамақтарды әкеп, әрең үлгеріп тұр. Кешіміз қызып жатыр. Ду-ду әңгіме, күлкі…
Байқаймын, бір жуан қара қыз маған «кет әрі» емес сияқты… Маған қарап көзін төңкереді, қасын кереді, бір түрлі қарайды… Басқа қыздарды менің жаныма жолатпай жүр. Менің Жібегім осы болмасын…
Қаралар мықты болады. Қазақ қарадан тер шыққанша, сарыдан жан шығады деп тегін айтпаған. Мына қыз майлыққа да, сулыққа да жарайтынның нағыз өзіне ұқсайды. Әке-шешемнің іздеп отырғаны да осындай келін.
Қыздар бір ән-би ансамблінің әртістері екен. Ансамбльдің аты «Қызғалдақ» па, «Сарғалдақ» па, «Аққайың» ба… әйтеуір гүл ме, ағаш па бірдеңе. Сандро қазақтың халық әндерін жақсы көрем дегеннен кейін қыздар қазақтың небір әндерін шырқады. Қара қыздың дауысы жуан екен. Басқа бөлмеде отырса, еркек деп ойлап қалуға болады. Ештеңе етпейді, мен әнші іздеп жүргем жоқ қой, ал мынау он бала тапса да,етін бермейтін шойын қара. Не болса да, осы қызды айналдыру керек… Қыздарға Жұмабай қосылды. Жұмабайдың дауысы жіңішке… Басқа бөлмеде отырса, әйел екен деп қаласың… Жұмабайды байқатпай бүйірінен түйгілеп әрең тоқтаттым. Біз мұнда ән айтқалы келгеміз жоқ.
Әндердің ішінен «Қош бол, сәулем, көргенше» Сандро мен Жерменге өте ұнады. Мұндай әсем әнді олар әлі естімепті. «Сөзі жақсы екен» дейді Сандро көзін сүртіп. «Қош бол, сәулем, көргенше» дегенде көңілім босайды дейді Сандро. «Жылама, – дейміз біз Жермен мен Сандроны құшақтап, – Жыламаңдар. Өмір алда, кездесеміз», – дейміз.
Жұмабай да, мен де қызып алғанбыз. Отырыс ду-ду. Қыздардың күлкісі, рюмкенің сыңғыры, әзіл-қалжың… Тамақтар парады әлі жүріп жатыр. Жұмабай «Ноу проблем! Әкеліңдер!» дейді күтуші қыздарға. Арасында би кетті. Кәдімгі «жынды би». Вальс билеуге жағдайымыз келмейді, тойып алғамыз. «Жынды би» асты бойға таратқанға жақсы. Шу-шу, ду-ду…
Кафенің іші жартылай қараңғы. Қызып алған Жұмабай орыстың «Казачок» биін билеймін деп үстелге шығып кетті. Біз қолымызды шапалақтап, еліріп жүрміз. Жұмабай үстелден-үстелге секіреді. Арасында «Казачок-казачок» деп қышқырып қояды. Ой, тамаша… әй, керемет, ой, рахат!.. Түһ, ғажап әй.…
Бірақ… бірақ… Бүйткен рахаты да, тамашасы да, кереметі де ғажабымен бірге құрысын…
Жұмабай жынды үстелден-үстелге секіріп, «казачок» билеп жүргенде, Сандро мен Жермен… қашып кетіпті! Екеуі де!.. Жер жұтқандай!
Би басталғанда бар болатын, екеуі де жүрген. Жұмабай секіріп жүргенде, қашып кетсе керек. Қалай байқамағанбыз, ешкім көрмей қалыпты. Қайтадан үстелге отырған кезде бір-ақ білдік. Онда да қыздардың біреуі сұрады. «Сандро мен Жермен қайда?» деп. Мұны естіген кезде Жұмабай екеуміз қасығымызды жұтып қоя жаздадық. Жұмабай жүгіріп дәретхананы қарап келді. Маған қарап қолын жайды. Жоқ дегені…
Қыздар ештеңе сезер емес. Әзіл-қалжың, тамақпен әлек. Осындай тамақты көп ішетін қыздарды бірінші рет көріп тұрмын. Бұған дейін көңіл аудармаппын. Қара шегірткеше не әкелсе де жалмап, жапырып барады. Ауыздары ауыз емес – комбайн! Қайда кетіп жатыр? Менің «ғашығым» да тамаққа осал емес екен, үстелдің жартысын ойсыратыпты… Мынаны алсам, тойдыра алам ба? Бар тапқаным мұның тамағына кететін сияқты…
Ең қызығы – енді мына «сабантойдың» ақшасын кім төлейді? Кафенің бір жылдық тамағын жеп қойған сияқтымыз. Масқара! Өмірімде ұят жағдайға талай түсіп едім. Мынау соның бәрінен сорақысы болды. Жұмабайда тіл жоқ, тек ымдайды, көзін алайтады.
«Казачоктың» пайдасы…
«Чакраборти»!..
Жұмабайдың ымынан түсінгенім «біз де қашып кетейік» деп отыр. Бәйгеге шабатын балаша қопаң-қопаң етеді. Арасында маған қарап, «дігідік-дігідік» деп қояды. Білдірмей шапқылап, жеткізбей кетеміз дегені. Қашарсың… Енді «дігідік-дігідік» болып полицияға түсу ғана қалды.
Күтуші жігіттер мен қыздар біздің үстелді қоршап алыпты. Бір жігіт келіп кафенің жабылатынын ескертті. Сағат он екі жарым болыпты. Ду-думен уақытқа да қарамаппыз. Әй, Сандро! Әй, Жермен! Әттең…
«Қош бол, сәулем, көргенше» деп екеуі бекер жыламаған екен! Жыламағанда қайтеді, біздей ақымақтарды, біздей топастарды күн сайын іздеп таба ала ма?
Қалтада ақша жоқ, шегінетін жер жоқ, жерге кіріп кетейік десек, тесік жоқ… Тесікке сыятын біз жоқ, қарын шеңбірек атып тойған, жарылайын деп тұр. Ақшаны біз төлемейтін болғаннан кейін біз де «газды» басқамыз…
Енді не істейміз?
Жұмабай екеуіміздің де бойдақ әрі топас екенімізді қалай дәлелдейміз? Екі мақұлыққа мыналар сене ме?..
Танымайтын біреулердің сендер тамаққа тойып алыңдар, ақшасын біз төлейміз дегеніне есі дұрыс адам келісуші ме еді?.. Тек Жұмабай екеуіміз сияқты есуастар болмаса…
Ақыры тамаққа тоймайтын жеті крокодил қызды өтірік күліп кафеден шығарып жібердік те, өзіміз күтушілерге қарап қолымызды көтердік. Күтушілер басында бізге күліп, сенбей, қалжыңдап тұр екен деп қалды. Ақшамыз рас жоқ екенін білген кезде… шыңғырып, боқтап, бәрі жабылып, жанып тұрған пиццаның пешіне тығып жібере жаздады. Бір ажалдан қалдық!.. Біз кінәлі емеспіз, Сандро мен Жермен қашып кетті деп ақталдық. Олар: «Сандро-мандроны біз білмейміз, сендер отырдыңдар, сендер жедіңдер, бітті, ақшасын төлеңдер… әйтпесе бірінші әкелеріңді танытамыз, сосын полиция шақырамыз!» – деді.
Ой, Алла, осындай да болады екен. Міне, үш ай болды, сол банкеттің ақшасын әлі төлеп біткеміз жоқ.
Қара қызбен махаббат жәйіне қалды… қасын керу, көзін төңкеруі құрысын… Тамақтың жартысын сол жуан қара қыз жайпап кетті. Мұны алсам, өзім аш қалатын түрім бар…
Айтпақшы, сол жолы кафеден шықсақ, әлгі тоймайтын жеті қыз бізді тосып жүр сыртта, «қайда жүрсіңдер, үйімізге таксимен апарыңдар, әйтпесе ренжиміз…» – дейді.
– Кетіңдер! – дедік біз. – Жоғалыңдар! Ендігі көрмегеніміз сендер болсын!.. Сандро да құрысын, Жермен де құрысын, бәрің құрыңдар!..
Қыздардың да бізге айтпағаны жоқ. Аферистер!.. Алаяқтар!.. Топастар!..
Естімегеніміз қалмады.
Міне, қара қызбен махаббат осылай бітті…
Ендігі көрмегеніміз кафе мен қыздар болсын!
Қатынсыз өтсем де, енді кафе-ресторанға бармаймын!..
Әнеугүні Жұмабай «Сандроны автобуста көрдім, бірақ аты Сандро емес, Бенжамин боп кетіпті…» дейді.
Әй, білмеймін, өтірік айтады ғой деймін…
Қабдырахман ОТАРБАЙ