Әрбір қадам халықтың көңілінен шығуы тиіс!

– Нұргүл Тауқызы, бірінші кезекте депутаттық, заң шығарушылық қызметіңіздің ерекшеліктері жайында айтсаңыз. Заң жобалары қалай, қай тілде және кімдер тарапынан дайындалады? Неге олардың қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларында айырмашылықтар кездеседі? Заңдарды о бастан мемлекеттік тілде жазып, қабылдауға не кедергі?

– Ең алдымен сұхбат алуға ниет білдірген редакция ұжымына алғыс айтамын. «Дат» газетін талай шығармашылық қиын жолдардан өткен, медиа әлемде өзіндік орны бар басылым деп білемін. Ал енді сіздің сауалыңызға келер болсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанда Президент әкімшілігі, Үкімет, олармен келісе отырып, өзге де мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларының әзірлеушілері бола алады. Сонымен бірге Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заң жобаларының әзірлеушілері болып саналады.

Заң жобаларын әзірлеу тәртібі Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілері туралы» заңымен реттеледі және бекітілген талаптар бойынша олардың мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы мен заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс.

Бұдан басқа, қазақ және орыс тілдеріндегі заң жобаларының мәтіндері тең түпнұсқалы болуға тиіс.

Заң жобаларының қазақ және орыс тіліндегі нұсқаларында айырмашылықты болдырмау мақсатында Парламент Мәжілісінде заңнама, редакциялау және сараптама бөлімдері бақылау жасап отырады. Айырмашылық анықталған кезде олар дереу ретке келтіріледі.

Сондай-ақ Парламентаризм институты деген дербес мекеме де заң сапасы мен оның аударма сәйкестігін, құқықтық маңызын саралайды. Мемлекеттік тілде заң жобаларын жасақтау процесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Шынында да, кейбір заң нормалары мемлекеттік тілде басқаша, ресми тілде басқаша қолданылатыны айтылып жүр. Демек, бұл тек мемлекеттік тілдің мәселесі емес, бұл ең жоғары санайтын адам құқықтарының сақталуына да кері әсерін тигізіп отыр деген сөз. Жалпы, бұл жұмысты жүйелі және сапалы атқару үшін, құқықтық терминдер тізбегін бекіту, ол терминдердің мағынасы мен мәнін жоғарыда аталған заң шығару бастамасына ие органдардың заңгерлерін оқыту, қолданыстағы заңнаманың мән-мағынасын толық зерделеу секілді жұмыстар жүруі тиіс деп есептеймін. Жалпы, мемлекеттік, яғни қазақ тілінде заң жобаларын әзірлеуге және қабылдауға ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен бұл жұмыс мен атап өткен жұмыстармен қатар жүруі керек деген ойдамын.

 – Адамзаттың болашағы, соның ішінде Тәуелсіз Қазақстанымыздың бүгіні мен ертеңі тікелей білім саласына байланысты екені анық. Еліміздегі білім саласының қазіргі жағдайы жөнінде не айтар едіңіз? Саладағы кемшіліктерді жою, жас ұрпаққа тиянақты білім беріп, оларды шын мәніндегі отаншыл, мемлекетшіл тұлға етіп тәрбиелеу үшін не істеу қажет?

– Қазіргі таңда ел өмірінің қай саласын алсақ та, проблемалық мәселелер жеткілікті. Оның ішінде білім, адами капиталдың дамуы экономиканың өсуіне өзіндік ықпалын тигізетін маңызды салалардың бірі.

Өкінішке қарай, елдегі апатты жағдайдағы білім ордалары, үшауысымдық мектептер, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуының төмендігі, білікті кадрлардың тапшылығы, сапасыз оқулықтар, ауыл мен қала арасындағы білім деңгейінің алшақтығы секілді бірнеше жылдан бері қордаланып қалған проблемалық мәселелер білім сапасына кері әсерін тигізуде.

Бұған дейінгі жылдарда жүргізілген халықаралық зерттеулердің қорытындыларына сүйенсек, Қазақстан білім сапасы жөнінен ортадан төмен деңгейде.

Дегенмен, жағдайды жақсарту үшін Үкімет тарапынан іргелі шаралар қабылдануда. Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы 2019 жылы қызметіне кіріскен сәтте ел тарихында тұңғыш рет ұстаздардың Тамыз кеңесіне қатысып, білім мен ғылымды дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Педагогтардың айлық ақысының кезең-кезеңімен бірнеше есе өсуі, ғылым мен білімге жауапты министрліктердің өз алдына орталық орган болып құрылуы, бір кездері қараусыз қалған Ғылым академиясының қайтадан мемлекет қарауына өтуі – осы тапсырмалар ізімен істеліп жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Алысқа бармай-ақ, қазір жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» жобасын бөлек айтуға болады. Білім беру саласындағы ұлттық жобаға сәйкес, 2026 жылға дейін қалаларда және белсенді дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде оқушы орындарының қазіргі және болжамды тапшылығын жабу үшін жеткілікті көлемде, кемінде 800 мың (екі ауысымда оқыту) оқушыға арналған жаңа мектеп салу жұмысы басталды. Бұл білім ошақтарын салу үшін арнайы қор құрылып, оған сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша тәркіленген қаржы жиналатын болды. Бұл арнайы заңнамалық нормалармен айқындалған үлкен реформа десек, артық айтқанымыз болмас.

«Жайлы мектеп» жобасы – елімізде бұрын болмаған үлкен жоба, маңызы жоғары меже. Сондықтан да бұл мәселе мемлекет басшысының, Парламент Мәжілісінің, өзге де құзырлы органдардың жіті бақылауында.

Сонымен бірге елімізде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба бойынша білім берудің барлық деңгейінде тың өзгерістер күтілуде.

Білімге қатысты мәселені көтеру, оның шешілуіне ықпал ету, бағдар беру – Парламенттегі «Respublica» партиясы фракциясының негізгі жұмыстарының бірі. Жуырда білім сапасын көтеру мәселелеріне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілетін болады.

– Мемлекет басшысы «Күшті Президент, Ықпалды Парламент, Есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанады. Осы тұрғыда бүгінгі Сіз мүше болып отырған Парламент қаншалықты ықпалды? Үкімет атқарылған жұмыстарына қаншалықты есеп беріп отыр?

– Ең алдымен Конституцияның 49-бабының 1-тармағына тоқталғым келеді. Оған сәйкес, Парламент республиканың заңнамалық функциясын жүзеге асыратын жоғары өкілді органы болып табылады. Оның негізгі құзыреті – халықтың еркін заңнамалық актілерде жүзеге асыру.

Парламенттің ықпалын күшейту мақсатында:

Біріншіден, аралас сайлау жүйесін енгізу және Мәжілістің өкілеттігін күшейту жолымен заң шығарушы органды жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жаңа аралас сайлау моделі саяси әртүрліліктің кеңдігін қамтамасыз етті. 70% пропорционалды жүйе арқылы Мәжіліске «AMANAT» партиясынан – 40 депутат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 8 депутат, «Respublica» партиясынан – 6 депутат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – 6 депутат, Қазақстан халық партиясынан – 5 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 4 депутат сайланса, 30% мажоритарлық жүйе арқылы 29 депутат бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды.

Екіншіден, Сенаттың заңдарды қабылдау жөніндегі өкілеттіктерін қайта қарау жолымен «Мәжіліс – қабылдайды, Сенат – мақұлдайды» формуласы бойынша еліміздің жоғары өкілді және заң шығарушы органын жетілдіру жүргізілді. Бұл заң жобаларының сапасын арттыруға және палаталардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік берді.

Үшіншіден, Парламенттің республикалық бюджетті сапалы іске асырудағы рөлі күшейтілді. Бұл ретте Жоғары аудиторлық палатаны құру және Палата төрағасының Мәжіліс депутаттарына жылына екі рет есеп беру міндеті уақтылы болып табылады.

Бұдан басқа, аптасына бір рет Мәжілісте Үкімет сағаты өтеді, Үкімет мүшелері атқарылған жұмыстары туралы Мәжіліс депутаттарының алдында есеп береді.

– Сіз – еліміздегі ең жас және жастардың «Республика» партиясы атынан депутат болып сайланғаныңызды білеміз. Қазір, жаңа ғана өзіңіз айтқандай, Мәжілісте басқа да бірнеше партияның өкілдері бар. Олардың заң шығарушылық қызметтегі орны мен маңызы туралы не айтар едіңіз? Жалпы партиялар арасында қандай да бір пікірталас, өздерінің ұстанымдарын дәлелдеу деген бар ма?

– Илегеніміз – бір терінің пұшпағы демекші, Мәжілістен орын алған 6 партияның депутаттары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Әр партияның мүшелері Мәжілістің Аграрлық мәселелер, Заңнама және сот-құқықтық реформа, Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік, Әлеуметтік-мәдени, Қаржы және бюджет, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеттеріне бекітілген. Бұдан басқа, заң жобаларын талқылау аясында өтетін жұмыс топтарының отырыстарында, конференция, дөңгелек үстел, диалог, кездесу шараларында әр депутат өз ойын ашық білдіреді, өз ұсыныстарын енгізеді. Барлығының мақсаты – халық мүддесіне сәйкес келетін сапалы заң шығаруға белсенді қатысу және өзіндік үлес қосу. Әрине, белгілі бір мәселеге қатысты келіспеушілік туындауы мүмкін. Бұл ретте шешім көпшіліктің дауысымен қабылданады.

Заң шығару кезінде әр партияның өкілдері өзіндік үлес қосады, ұсынылған нормаларды қолдайтындығы немесе қолдамайтындығы туралы пікірлерін білдіреді.

– Қазақ қоғамында күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі де бірегейі – мемлекеттік тіл мәселесі. Менің ойымша, отаншыл, мемлекетшіл, өз ұлтының мүддесі үшін тапжылмай күресетін азаматты қалыптастыру – бірінші кезекте осы мемлекеттік тілге, түптің түбінде қазақ тіліне келіп тіреледі. Бұған қалай қарайсыз және латын әріптеріне негізделген әліпбиге өту оған қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

– Кез келген мемлекет өз елінің тілін дамытуға байланысты барлық жағдайды жасайды. Біздің елімізде қазақ тілінің мәртебесі Конституциямызда айқындалған және мемлекеттік статусқа ие. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің тұтас аумағындағы заңдық мәртебесі басқа тілдерден ең жоғары бекітілген тіл.

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілінің даму қарқыны жаман емес, мемлекеттік тілді меңгерген азаматтарымыздың да саны артып келеді.

Ал мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыздың тағдыры мен ертеңі үшін маңызды қадам болары сөзсіз. Латын әліпбиіне өту және болашақта оны қолдану – ұлттық санамызды жаңғыртуға, жаһандық әлеммен және түркі халықтарымен интеграцияға жол ашады.

Бірақ біз бұған асықпауымыз керек. Өткен жылы Президент Қ.-Ж. Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында осы мәселеге қатысты пікірін білдірген болатын. Мемлекет басшысы тиісті әріптерді өзгерту арқылы кириллицадан латын әліпбиіне жасанды көшуге асықпау керектігін және бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жүргізіп, түбегейлі шешім қабылдау қажеттігін атап өтті. Мен Президенттің пікірін толық қолдаймын.

– Президентіміз жариялаған Әділетті мемлекет, Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам болып қалыптасу үшін не істеуіміз керек? Мұнда зиялы қауым, азаматтық қоғам, жергілікті билік және Парламент пен Үкіметтің орны мен қызметі қандай болмақ?

– Барлық күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Қазақстан қазір өзгеріс кезеңінде тұр. Өткен жылы Президент Қ.-Ж.Тоқаевтың Жолдауы елімізде Әділетті мемлекет, Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам құруға арналды. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы елімізді дамытудың бес нақты бағдарын айқындап берді. Оның ішінде жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, заң және тәртіп – басым бағыттар болып белгіленді.

Бұл мақсатқа жету үшін зиялы қауым, азаматтық қоғам, жергілікті билік, Парламент пен Үкімет өз деңгейінде сапалы жұмыс атқаруы керек. Мәжіліс депутаты ретінде алдымызға қойылған міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек етуге дайынмын. Ең бастысы – жасалатын әрбір қадам халықтың көңілінен шығуы тиіс! Бұл Қазақстан азаматтарын жаңа жетістіктерге шабыттандырып, ертеңгі күнге сенімділік ұялататыны сөзсіз.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Онда екі нәрсе – жаңа экономикалық жүйеге көшетініміз және кадр тапшылығы жөнінде ерекше айтылды. Үкіметтің құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшырады, бірақ жаңадан келген ешкім жоқ. Бұл екі мәселе – бір-біріне қайшы емес пе? Жолдауда жүктелген міндеттерді уақтылы орындауға жаңа құрам қаншалықты қауқарлы?

– Президентіміздің таңдауына күмән келтіретін ешқандай себеп жоқ. Үкіметтің құрамына өз ісінің мамандары, мемлекеттік басқаруда тәжірибесі мол азаматтар келді. Жаңа құрамдағы Үкіметтің Жолдауда қойылған міндеттерді орындау жұмысына баға беруге әлі ерте. Оны уақыт көрсетеді. Дегенмен, Үкімет Жолдау бойынша жұмыс жоспарын бекітіп, сала-сала бойынша мақсат-межелерін айқындап алды. Жалпы, мемлекет басшысының биылғы Жолдауы жылдағыдай ұзақ мерзімге емес, 2-3 жылдық мерзімге арналған іргелі бастамаларды қамтиды. Сол себепті біз онда айтылған барлық бастамалардың Үкімет деңгейінде орындалуын өз құзыретіміз шеңберінде жіті бақылайтын боламыз және заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуге дайынбыз.

– Онсыз да қауырт уақтыңызды бөліп, оның үстіне қоғамда әрқалай қабылданатын «Дат» газетіне еш екіленбестен сұхбат бергеніңізге редакция ұжымы мен оқырмандар атынан алғыс білдіреміз! Ел игілігі жолындағы депутаттық қызметіңізге мол табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан

Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ,

Республиканский еженедельник онлайн