Өз көрімізді өзіміз қазбайық!

Қазақ жері, елі 1949 жылдан бері дүние жүзіндегі радиациямен, химиялық заттармен ең көп уланған аймаққа қалай айналды? Неге шетелдерде АЭС салуға қарсылық күшті? Саны аз халық үшін неге бізде АЭС салуға ынтызар күштер бар, олардың сыртында кімдер тұр? БАЭС салынса, Тұран ойпатын мекендейтін түрік халықтарының экологиялық келешегі не болмақ? Отанымыз АЭС-тен басқа энергия көздеріне – мұнай, газ, көмір, жел мен күн энергиясына өте бай бола тұра, соларды пайдаланатын электростанциялар неге салмаймыз? Таяу келешекте ең залалсыз әрі тиімді термоядролық синтезбен істейтін электростанциялар пайда болса, АЭС салдырып зиян шекпейміз бе?

Қазақстанның сынақ полигонына айналу тарихы

Кеңес үкіметі 1949 жылдардан бастап Қазақ жерін әскери сынақ аймағына айналдырды. Ядролық, зымырандық, ғарыштық, химиялық, бактериялық, геофизикалық, тағы басқадай қару-жарақ түрлерін сынақтан өткізе бастады. АЭС-терге, атом бомбаларына қажет отын дайындау үшін уран кеніштерін көптеп ашып, жерімізге радиация таратты. Қазақстан аумағын батыстан шығысқа қарай қақ жарып, көктей өтетін ракета трассаларын (әуе жолдарын), сынақ полигондарын, бірнеше атом полигондарын ашты. Әскерилер жер асты-үсті суларының ағысы мен жел бағыттарын әдейі пайдаланып, бүкіл қазақ жерін ластады. Ғалымдардың айтуынша, атом сынақтары аймақтарында он мың жыл, ракеталардың улы отыны – гептиль себілген жерлер үш мың жыл адам тұруға жарамсыз керінеді.

Мысалы, Семей атом полигонында тек жер бетінің өзінде ғана жиырма мың хиросималық бомбаның күшіндей атомдық жарылыс жасалған көрінеді. АЭС-тердің радиациялық шайындыларын төгетін қойма жасап, бірнеше миллион шаршы метр шашындыларды төккен. Басқа да көптеген облыс аймақтарында жер асты-үсті атом сынақтары өткізілген.

Байқоңырдан әрбір «Протон» ракетасы ұшырылғанда, кем дегенде, жанбай қалған екі не үш тоннадай гептиль жерге себіледі екен. Бұл – жарияланған дерек қана. Басқадай ракеталық трассаларда қаншама тонна гептиль ауаға, жерге, суға жайылды десеңізші. Бір грамм гептиль мыңдаған адамның денсаулығын нашарлатып, түрлі ауру туғызады. Осындай тауқымет салдарынан өзіміздің көз алдымызда өткен 75 жыл ішінде жеріміз тозып, өсімдіктер мен жан-жануарларымыздың тұқымы құрып, өзен-көлдеріміз тартылып, адамдарымыз айықпас ауруларға ұшырап, жеріміз шөл-шөлейтке айналды емес пе?!

Қазақстан халқының адам айтқысыз зардабы жөнінде жапон ғалымы, атомшы-физик, профессор Иоши Фудзие айтқан сөзді келтірейік: «Елімізде жарылған (1945 жылғы Жапониядағы) бір атом бомбасынан осы күнге дейін ұлтымыздың қатары сиреуде, ал жылдар бойы аспанда, жерде, жер астында ядролық сынақ жүргізілген Қазақстан халқының зардабы адам айтқысыз екенін мен білмегенде, кім біледі».

АЭС-тің қауіптілігі мен зияны

АЭС реакторларын суытатын сулармен және отын қалдықтарымен бірге шығатын, ұзақ мерзімді сақталатын радиоактивті нуклидтер (стронций-90, цезий-157) тірі организмдерге тез сіңетін ең залалды, аса қауіпті екен. Топырақта 70–100 есе, балықтар мен су өсімдіктерінде ондаған мың, жүздеген мың есе жинала беретін көрінеді. Сонымен қатар АЭС-тің жарылыс қауіптілігі тым жоғары. Мысалы, 1986 жылғы Чернобыльдегі төрт атом реакторының біреуінің жарылғанының өзі он хиросималық бомбаға тең болған. Ал егер де төрт реакторы аспанға ұшқанда, есеп бойынша, бүкіл жер шарының халқы зардап шегетін еді.

Жазушы, публицист Марат Бәйділдаұлының («Дат», 14/09/23) «Қазақстанға АЭС салу қажет емес!» мақаласында АЭС орташа 35 жыл ғана қызмет етіп тоқтайды. Оның қалдықтарын жоюға (мола салу) алғашқы жұмсалған қаржының 20%-ы мөлшеріндей қаржы кететін көрінеді және моласының қауіптілігін залалсыздандыру жұмыстары ешқашан тоқтамайды.

АЭС салуға қарсылық және

станция салуды кімдер қолдап отыр

Қазақстанда АЭС салу мәселесі 1990 жылдары туындады. 1992 жылы Жезқазғанда АЭС салуға тойтарылыс берілген еді. 1996 жылы семейліктер де көнбеді. 2001 жылғы наурызда «Аттан қозғалысы» БАЭС салуға қарсылық акциясын өткізді. Балқаштықтар мен приозерскіліктер БАЭС жобасын тәуелсіз сарапшылар тезінен өткізуді Парламенттен сұрады. Ақыры үкіметіміз БАЭС салуға уақытша мораторий қабылдады («Хабар», 10.01.2001 ж.). «АиФ Қазақстанның» 2001 жылғы 9-санында БАЭС жөнінде пікірталас болды. «АиФ Қазақстанға» берген сұхбатында академик Р.Ибраев «БАЭС-тің жобасы экономикалық, экологиялық, технологиялық тұрғыдан негізделмеген. Жобаны ашық талқылауға Ресей мен Қазақстанның әскери өндірістік кешендері (орысша ВПК) рұқсат етпейтін көрінеді», –депті. АЭС-ті Балқашта салуға Тоқаев пен Путин арасында келіссөздер жүргізілді дегеннің жаны бар (2023 жыл).

Мысалы, Санат Сүгірәлі 7 ч. 05/04/2019 «Фейсбуктегі» парақшасында былай депті: «Сарышағанда өте қуатты лазерлік қаруды және ПВО (әуе шабулынан қорғану), ПРО (зымырандардан қорғану), ПКО (космостық шабуылдан қорғану), СПРН (Зымырандық шабуылдан алдын ала сақтандыру) жүйелерін сынау полигоны бар көрінеді».

http://новости-россии.ru-an.info/ракета-буревестник/ сайты 2021 жылдың тамызында Қазақ жері «Сарышағанда» Ресейдің гипердыбыстан жылдам, таусылмайтын ядролық отынмен жүретін және круиздік рейстер жасай алатын қанатты «Буревестник» ракеталарының жаңа сынақтары дайындалып жатыр делінген.

Осы сынақ алаңдарына қажетті АЭС-ті Ресей неге өз жерінде салдырмайды? Неге Қазақстан халқын зардапқа ұшыратпақшы?

БАЭС-ті не себепті салдырмау керек?

Балқаш көлі түркі тұқымдас халықтардың ежелгі тұрағы – Тұран ойпатының ең шығыс жиегінде орналасқан. Балқаштан Каспийге дейінгі аралықта Бетпақдала, Қарақұм, Қызылқұм, Арал өңірі, Маңғыстау, Солтүстік Каспий ойпаты орналасқан. Ал әскерилердің таңдап алған сынақ жерлері осы Тұран ойпатының солтүстік шығысы мен Азғыр-Балқаш-Семей полигоны аралықтарындағы белдеуді қамтиды. Радиациясы да, гептилі де, тағы басқадай улы заттар да осы белдеуден жан-жаққа тарайды. Оларды бойына сіңірген жер асты-үсті сулары негізінен Тұран ойпатына сіңеді. Ал Тұран ойпаты жан-жағынан таулармен, қыраттармен қоршалған ең терең ойпаң жер. Онда Балқаштан Каспийге қарай қалыңдығы 50–100 метр, 300–500 метр, кейде 1000 метр тереңдікте артезиандық тұщы су массивтері бар. ОБАЭС салынған жағдайда өзара жалғасқан ірі-ірі жер асты жарықшақтары, ойыстары арқылы реактордың улы шайындылары Тұран ойпатына қарай жылжып таралуы мүмкін. Семей атом полигонының уланған жер асты сулары қай бағытта таралып жатыр? Оны зерттеп жатыр деген ақпаратты білмейміз. Мысал келтірейік: «Ресейдің Красноярск атом реакторларынан уланған жер асты суларының көлемді бөлігі Солтүстік мұхитқа қарай жылжып, улаңдырып барады» деген хабарды Ресейдің НТВ телеканалынан естідік (18.03.2001 ж.). Красноярск атом реакторлары 30 жыл бойы Енисей өзеніне сағатына 2400 микрорентген радиациясы бар шайынды су төгіп отыр.

Сондай шайындымен (БАЭС салынса) алдымен Бетпақдаламыз уланбай ма? Бетпақдала келесі ұрпақтардың егін егіп, мал өсіріп, өндіріс ашатын сайын даласы емес пе? Кезінде Сәкен Сейфуллин көктемгі құлпырған Бетпақдала көрінісіне сүйсіне қарап, бетбақтың шөбін жеп семірген қой етінің ерекше дәмділігін айтқан еді ғой!

Балқаш көлінің тағдырын Арал мен Каспийден бөліп қарауға болмайды. Қай-қайсысының болмасын экологиялық зардабы бүкіл Евразияға әсер етеді. Келесі ұрпақтардың алдында арымыз таза болуы үшін, жалпы Тұран ойпатының ауыз су қорын жарамсыз ететін АЭС салдырмаумен қатар, АЭС отыны үшін қажет уран шығаратын кеніштерге де бақылауды күшейту керек. Себебі олар кенді алуға қолданатын қышқылдармен жер асты ауыз су қорларын жарамсыз етуде деген ақпараттар жетерлік. Орталық Азия республикалары мен Қазақстан қоршаған ортаны қорғау шараларын бірігіп шешкендері дұрыс болады.

БАЭС жобасын сараптауға, Тұран ойпатын экологиялық қорғауға білікті гидрогеолог, гидрофизик, геолог ғалымдарымыз сұрап, депутаттарымыз Үкіметке ұсыныс берулері қажет.     Энергияның баламалы көздері                                                                                                       

Енді АЭС-ке баламалы энергия көздеріне тоқталайық. Қазақстанда энергияның жер асты отын түрлерінің дүниежүзілік мол қоры бар. Олар – мұнай, көмір, газ. Энергия көздері (2000 жылғы деректерден):

– Жел күші мен күн шуағы жеткілікті. Ғалымдардың болжамы бойынша, аталған шикізаттардың пайдалану мерзімі жобамен: көмір 600 жылға, мұнай – 90, табиғи газ – 50, уран – 27 жылға жетеді.

«Қазақстанда жел мен күннен алынатын энергия көздерінің өнімі 3% ғана болып тұр, егер оны 15%-ға жеткізсе, Қазақстанда АЭС салудың еш қажеті болмай қалады» (Марат Бәйділдаұлы, «Дат», 14/09/23).

АЭС салуды жақтаушылар көмір электр станцияларының экологиялық зияны АЭС-тен көп деп байбалам салуда. Олар АҚШ-тың көмір электростанцияларында экологиялық зияны жоққа тақау технология қолданатыны туралы ләм деп аузын ашпайды. Ондай технология көмір отынынан шығатын күл мен газдың 99,5 пайызын тұтып қалады. Және оларда энергияны үнемдеу мен қауіпсіздік шаралары өте жоғарғы деңгейге қойылған (2022 жылғы қыста Екібастұзда, басқа да ЖЭС-терде болған аварияларды айтсақ, сөзіміз дәлелді болады). Ал біздегі жағдайды көрген шетел мамандары, соның ішінде ертеректе Жапонның «Торэй» институтының зерттеушілері ТМД реслубликаларындағы ысырапқа таң қалып: «Тек қана үнемдеушіліктің аздығынан, технологияның нашарлығынан қара металлургия өндірісіне жылына 442 триллион халықаралық килокалория (бір килокалория = 1/860 вт/сағ.) энергия ысырап болады», – депті.

Неге мұнай мен газымызды иеленген шетел компанияларына мұнай және газбен істейтін злектростанциялар салу жөніңде талап қоймаймыз, немесе солардан түскен қаржыға өзіміз неге салмаймыз? Электроэнергия керек болса, осындай қадамға бару – өмір талабы.

«Қарағанды облысындағы «Құмкөл» кенішінде миллиард текше метр шамасы газ қоры бар. Қайта өңдеу арқылы ГазЭС-ын салуға болады екен. «Ембімұнай», «Теңізмұнай» кәсіпорындарында жылына 200 млн текше метр ілеспе газ ауада текке жағылады. «Прорвамұнай» газ басқармасы 30 жылда тұтас бір кеніштің қорындай (6 млрд текше метр) газды далаға жағыпты. Далада жаққанша, ЭС неге салмаған?» («Сарыарқа» газеті, 29.06.2001).

Жел энергиясы жөнінде де айта кетейік. Жаратқан ием осыншама кең байтақ жер беріп, оның үстінен энергиясы жойқын, Жоңғар қақпасы сияқты тоқтаусыз соғатын дауыл «дәліздерін ашқан». Желдідыр, Желтау географиялық атаулары – соның айғағы. Бізге мәлім деректерге жүгінсек, республикамызда жылына 3 млрд/кВт шамасыңдай жел энергиясын өндіруге болады. Келешекте ЖЭС-ын пайдалануда Австралия алға шығуы мүмкін. Оның ғалымдары 10-11 шақырым биіктікте атмосфера қабатындағы керемет жойқын дауылдар күшін пайдалану үшін жан-жақты зерттеу жүргізіпті.

Термоядролық синтез бен ядролық ЭС

Термоядролық синтез және ядролық электростанциялар жөнінде не айтуға болады? Қазіргі АЭС-терде уран атомдары ядроларын нейтрондармен ыдырату арқылы энергия алады. Келешектің ядролық электростанцияларында (ЯЭС) сутегі атомдары ядроларын бір-біріне кіріктіру арқылы энергия алатын болады. Бұл жөнінде атомшы маман академик В.Глухих былай деген (1996 жыл): «…келесі ғасырдың шамамен орта тұсында термоядролық реакциялар энергетикалық байланыста маңызды орын алады. Мұндай станциялардың артықшылығы – өте жоғары деңгейдегі экологиялық кауіпсіздігі. Олардың жұмысы үшін аз мөлшерде табиғи ресурс қажет етіледі және қопарылғыш масса жинақталмайды».

АҚШ, Франция, Жапония ғалымдары термоядролық синтезді енгізу жолында таяу келешекте жақсы нәтижелерге жетулері мүмкін. Яғни, ядролық ЭС-тер өмірге келуі мүмкін. Мысалы, 2015 жылы Германияда Wendelstein 7-X Stellarator термоядролық реакторында залалы жоқ ядролық энергия алу оң нәтижемен өтті. Жапондар да осы мақсатпен ядролық коллайдер салыпты. Таяу келешекте ядролық станциялар өндіріске енгізіліп, адамзат баласы экологиялық таза энергияға көшетін болады. Сондықтан елімізге келесі 20–30 жылда АЭС салдыртпау керек.

АЭС салдырмаудың тағы бір жолы

Әкежан Қажыгелдиннің «Дат» газетіндегі (14/09/23) мына сөздерін де ұмытпау керек. Ол «АЭС салудан қашып құтыла алмаймыз» атты мақаласында АЭС салу үшін екі мәселенің басы ашылмай тұр: біріншісі, станция салынатын орын. Балқашта салсақ, Балқаш көлінен айырыламыз. Және Балқаштан Оралға энергия жеткенше, тоқтың 45%-ы жол-жөнекей далада құриды екен. Шешім ретінде, таяу уақытта инвестиция тауып, тым болмағанда, Қазақстанның екі-үш жерінде 5000 мегаваттық ірі станциялар салатын болсақ, энергиямен қамтамасыз етудің келесі сатысына көшуге уақыт ұтар едік».

АЭС салуды референдум арқылы шешуге көзқарас      

Сонымен, әрі айтып, бері айтқанда, өз жеріміз бен еліміздің экологиялық келешегіне өте мұқият, жауапкершілікпен қарау – уақыт талабы. Газ, мұнай, желмен істейтін станцияларды көптеп салуға мемлекеттік қолдау қажет.

АЭС салу-салмауды екі жолмен шешуге болар еді: бірі – Парламентте, екіншісі – референдум. Парламентке де сенім жоқ. Дені – «ескі Қазақстанның» кадрлары. Референдум де сенімсіз: халыққа түсінік жұмысын жүргізетін оппозиция жоқ және халқымыздың АЭС жөніндегі білімсіздігін, білместігін пайдаланып, референдум өткізіп, АЭС салғызуды Үкімет көпшілік дауыспен жеңіп шығарына күмән жоқ (әділетсіз сайлау өткізудегі тәжірибесімен). Бірақ сорлайтын халық қой.

Халқымыздың абзал ақыны марқұм Кәкімбек Салықовтың өлең жолдарымен мақаламды аяқтайын:

«Қалың сорды шегер қазақ, өзбегім,

Қырғыз, тәжік, түрікпен де құр қалмас,

Қарсыз таулар жатар жұтап, көз көрім,

Қырсық адам өзі қазар өз көрін, өзі былғар өз төрін».

Болат ЖҮГІІНІС,

Жезді кенішінің бұрынғы бас геологы, тыл ардагері,

Астана қаласы

Республиканский еженедельник онлайн