30 ЖЫЛДА 15 МИНИСТР

ауысқан білім саласында

БЕРЕКЕ ҚАШАН БОЛАДЫ?

  • «Адамдардан өз пікірлерінен бас тартуды және өзгелердің пікіріне бойұсынуды талап ету, ғылым мен көркемөнер саласына мүлдем надан адамдарды тағайындау, не болмаса ғалымдарға білімсіз адамдарды төреші етіп қою – мемлекетті қиратушы және апатқа ұшыратушылар». Вольтер.

Қазақстанның білім саласында 1988–1991 жылдары Халық ағарту министрі болған Шәйсұлтан Шаяхметовты қоса есептегенде, 2023 жылдың қаңтарына дейінгі 30 жылда 15 министр келіп-кеткелі, оның ең көп отырғаны 3 жылдан аспағандығын қалай түсіндіруге болады?

Әулие Ахмет Яссауи бабамыздың: «Ақырзаманның ғалымы залым болады, залымды қолдағандар ғалым болады» дегені бүгінгі күні анық көріну үстінде.

Министрлікті басқарғандар:

1. Ғалым Әбілсейітов 30 маусым 1992 – қазан 1994

2. Владимир Школьник тамыз 1994 – қазан 1999

3. Қырымбек Көшербаев қазан 1999 – 18 желтоқсан 2000

4. Нұралы Бектұрғанов 18 желтоқсан 2000 – қаңтар 2002

5. Шәмшә Беркімбаева қаңтар 2002 – 14 маусым 2003

6. Жақсыбек Күлекеев 14 маусым 2003 – 14 желтоқсан 2004

7. Бірғаным Әйтімова 14 желтоқсан 2004 – 19 қаңтар 2007

8. Жансейіт Түймебаев 19 қаңтар 2007 – 22 қыркүйек 2010

9. Бақытжан Жұмағұлов 22 қыркүйек 2010 – 2 қыркүйек 2013

10. Аслан Сәрінжіпов 2 қыркүйек 2013 – 10 ақпан 2016

11. Ерлан Сағадиев 10 ақпан 2016 – 2019

12. Күләш Шәмшидинова 25 ақпан 2019 – 13 маусым 2019

13. Асхат Аймағамбетов 2019 – 10 маусым 2022

14. Саясат Нұрбек 11 маусым 2022

Мен КСРО заманын мақтаушыларын түсінбейтін адамдар қатарынанмын. Себебі қызыл заманның Қазақ халқына әкелген зардабына толықтай баға берілмеген және барлық мұрағаттар зерттеліп, кімнің – кім болғаны толықтай анықталмайынша, миллиондап құрбан болған қазақтардың әруақтары тыным таба қоймасы анық. Одан қалды, сол заманда өз Қазағын орыстың қолымен өлтіртіп, бүгін сол сатқындардың шалқып өмір сүріп жүрген бала-шағалары, аталарының кім болғанын білулері тиіс деп есептеймін. Жарайды, бұл тұбегейлі басқа тақырып, менің айтайын дегенім – сол сұрапыл дәуірдің қанша айтқың келмесе де мойындауға тура келетін жақсы жақтары да бар еді. Соның бірі – білім саласындағы бекітілген бағыт (мұнда мен білімді керемет деп тұрғаным жоқ, тек ұсталған бағыты туралы айтып отырмын).

Біз бала күнде ондаған жыл алдын ала шыққан кітаптарды пайдаланып білім алдық, ол дегеніміз – ондаған жыл бойы оқу бағдарламасы да, оқу құралдары да өзгеріссіз, жылдан-жылға өтіп отырған. Бұндай тұрақтылық өз кезегінде ұстаздарға өз білімін жетілдіруге және сапалы білім беруге мүмкіндік бергені сөзсіз. Бүгінгі күні әрбір жаңадан келген білім министрі жаңа бағдарлама ұсынады, жаңа реформа жасайды, өз кезегінде ол реформалар жаңа кітаптар мен жаңа бағдарламаларды талап етеді, демек бағыт өзгереді. Әрбір бағыт ауысқан сайын, жүйелі білімнің бір бөлігі шеттен тыс қалатынын ескерсек, барлық реформалардан кейін білімнің қанша сатысы бағдарламадан шығып қалды, оны ешкім білмесе керек.

Оның үстіне білімді емес, табысты көздеген жеке меншік жоғары оқу орындарының қаптауы да өз үлесін қосты. Бұндай білім ордаларынан шыққан ұстаздар не білім беріп жүр – ол да үлкен сұрақ.

Кезекті реформа үш тілділік деген түсінік әкелді, ондағы керемет идеяларға толы бастамалар қандай серпіліс бергенін кім айта алады? Миллиардтаған қаражат жұмсалғаны болмаса, ағылшын тілінде химия пәнін меңгерген адамды мен өз басым көрген емеспін, қателессем айтыңыздар. Осындай мағынасыз реформалар шынымен біздің білім саламызға қажет болды ма?

Мысал ретінде Жапонияның білім саласын қарастырсақ, онда шет тілі тек жоғарғы сыныптардан басталады, ол жасқа дейін балалар тек өз тілінде білім алады және тізімде тұрған ең бірінші сабақ – ол жапон тілі. Бұл елдегі білім жүйесінің тиімділігін жапондықтардың әлемдегі алар орны дәлелдеп отыр.

Егер бізде жасалған реформалар арқасында білім саласы керемет дамыса, әр қадам сайын орналасқан ҰБТ-ға дайындық немесе ақылы қосымша сабақ беретін орталықтар қайдан пайда болып жатыр.

Әлемде мен үшін білім деңгейінің керемет көрсеткіші – ол әр елдің жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингте алатын орындары. Мысалы үшін әлемнің ең үздік он жоғары оқу орындарының бесеуі АҚШ-та, төртеуі Ұлыбританияда және біреуі Швейцарияда орналасқан. Бірінші жиырмалыққа Еуропа, Қытай, Жапония сынды дамыған елдердің жоғары оқу орындары кіреді, ал біздің биліктің пір тұтатын орыс елінің ең керемет Ломоносов университеті осы тізімнің 74-орнында болса, біздің сан реформалардан кейінгі «Ең үздік» атағын ұстап отырған Әл Фараби университетіміз 165-орынға жайғасқан. Осындай рейтингпен біздің елде ғылыми серпіліс болады дегенге сенетін адам бар ма?

Тағы бір көрсеткіш – ғылым саласындағы патенттер саны. 2021 жылдың қорытындысы бойынша әлемде 16,5 млн патент бар болса, соның 3,6 млн Қытайға, 3,3 млн АҚШ-қа, 2 млн жапондықтарға тиесілі екен, олардан сон Оңтүстік Корея мен Германия орналасқан. Ал бұл тізімде біздің ел қай орында екенін қарамасақ та түсінікті. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша біздің елде білім саласына бюжеттің 20,5 % жұмсалған екен, әрине, бұл өте қомақты қаражат, олай болса неге бізде білім мен ғылым дамымай отыр? Бірден-бір себеп – бұл шығынның ішіне министрлер мен білім саласындағы шенеуніктердің барлық шығындары ескеріліп, соңында бүкіл қаражат білім саласына құйылғандай көрінеді, бұл таза көзбояушылық, бөлінген қаражаттың нақты қаншасы білімге жұмсалғанын көрсетпейінше және расында ол білім мен ғылымға жұмсалмайынша, бұл статистикаға сүйенудің мағынасы жоқ деп есептеймін. Осы тақырыпты жазып отырып, бүгінгі Ғылым мен жоғары білім министрі өз балаларын Кипрде оқытатыны есіме түсіп кетті, себебі ол өзі басқарып отырған министрліктің жасаған жұмысының сапасына сенбесе керек, олай болса, бізде ғылым қайдан дамысын?!

Оңтүстік Африкадағы Стелленбос университетінде мынандай сөздер жазулы екен:

«Кез келген елді жою үшін атом бомбалары немесе алыс қашықтыққа ұшатын зымырандардың қажеті жоқ, бар болғаны білім сапасын төмендету және студенттердің емтихан кезінде алдау фактілеріне көз жұма қарау қажет. Білімді осылай алған дәрігерлердің қолынан науқастар өледі, осындай инженерлердің қолымен ғимараттар қирайды, осындай экономистер мен есепшілердің қолынан ақша жоғалады және осындай заңгерлер мен соттардың қолынан әділдік жоғалады. Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі» делінген.

Бұл салаға шын мәнінде Ұлтын, Елін, Жерін суйетін және Халқының ертеңі үшін қам жейтін шынайы ұлтшыл азаматтар министр болмайынша, бірдеңе өзгереді дегенге сену мүмкін емес!!!

Олжас ӘБІЛҚАЙЫР,

арнайы «DАТ» үшін

ҰБТ ҰЛТ ТІЛІН

неге

ЕСКЕРМЕЙДІ?

  • Құрметті Саясат Нұрбек мырза!* 
  • Руслан Емелбаев мырза!** 

Еліміздегі қазақ тілінің халі мүшкіл екенін білесіздер. 

Желілерді ашсақ, қазақ тілі мұғалімдеріне қатысты сын пікірлер көп айтылады. 

Мектепті 11 жыл оқыған оқушы қазақша сөйлей алмайтындығы немесе мектепті «5» бағасына бітірген оқушы қазақша сөйлей алмайтындығына қатысты көп сынның астында қаламыз. 

Оның себебі неде? 

1. Қоғамда қазақ тілін білмесе де, жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар.

2. Қазақ тілін білмесе де, мемлекеттік қызметке орналаса алады. Депутат, министр, директор, басқарма басшысы бола бересіз. 

3. Көшеге шықсаңыз, қазақша сөйлеу мүлдем сән емес. Сәнде басқа тілдер. Қазақша сөйлемесеңіз де, қоғаммен араласа аласыз. 

Сондықтан қазақ тілін үйренбесеңіз де болады.

Ал «5» бағасына келер болсақ, бала барлық сабақтан «5» алады. Ондай балаға «4» бағасын қойсаң, ата-ананың және директордың қысымына тап келесіз. Оны дәлелдеу үшін, шашыңыз ағарады.

Жыл сайын енгізілген қазақ тілінің емтиханын жауап ретінде беріп жүрмеңіздер. Ол мәселені шешпейді. 

Керісінше, басқа тілдерге жағдай жасалған. Қазір ЖОО көбі ағылшынша оқиды.Егер бала сол ЖОО таңдаса, ағылшынша үйренуі қажет. 

Яғни, ағылшын тілін үйренуге міндетті. 

Магистратурада оқу үшін де ағылшын тілінен тест тапсырасыз. Онсыз болмайды. Бар өмірді ағылшын тіліне байлап берген. Дәл сол сияқты қазақ тілін де оқушы іздеп жүріп оқитындай жағдайға әкелу керек. 

Ұсыныс: 

Мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеуінде өзге тілде мектеп бітірген түлектерге қазақ тілінің оқу сауаттылығын қосу керек. Оның балл саны жиырмадан кем болмасын. Қазақ тілінің оқу сауаттылығынан алған баллы саналса. Бала қай тілде мектеп бітірсе, сол тілдің оқу сауаттылығынан тест тапсырады. Соны алып тастаңыздар. Онсыз да білетін тілдері ғой. 11 жыл оқыды. Оның орнына мемлекеттік тілден тест тапсырсын! 

Бұл жағдайда егер қазақ тілінен төмен балл алса, жалпы баллдың санына әсер етеді. Ондай талапкер ЖОО грант ұтып ала алмайды.

1. Мемлекеттік грантты мемлекеттік тілден тест тапсыртпай бермеу керек. 

2. ЖОО бітірмесе, мемлекеттік қызметке бара алмайды. Ақылы оқуда оқитын шығар? 

Оқуға қабылдағанда да, грантты берерде де, мемлекеттік тілден алған балл санын назарға алу керек. 

Сонда ғана оқушы мемлекеттік тілді жауапкершілікпен оқиды. 

Сонда ғана мемлекеттік тілде сөйлей алатын болады.

Құрметті қазақ тілі мұғалімдері! 

Бізге Отанымыздың ең маңызды қызметі аманаттап берілген. Ол мемлекеттік тілді балаларға үйрету. Бүгінгі бала – ертеңгі халық. Біз жауапкершіліктен қаша алмаймыз.

Сондықтан маған ренжімеңіздер. Оқушыға керек болса, сабағыңыздан өзі-ақ жақсы оқиды. Бәрібір, түбі халықтың қазақшасына бізден жауап сұрайды. Сондықтан реніш болмасын! 

Құрметті Саясат Нұрбек мырза! 

Ұсынысты тыңдайды деп үміттенемін! 

Айман САҒИДУЛЛА,

қазақ тілі мұғалімі

*Ғылым және жоғары білім министрі

** «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн