Әлемдегі геосаси ахуал тұрақты деу қиын, күрделі жағдай күн сайын өзгереді десек артық емес. Бір қуанарлығы, 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран бітімге келді деп жариялады. 13 маусымнан бері бір-біріне әуеден шабуыл жасап, бірін-бірі тас-талқан етпейінше тынбайтындай көрінген Израиль мен Иран оқ атпау туралы ұсынысқа келіскенін мәлімдеді. Сөйтіп, екі ел арасында атысты тоқтату режимі күшіне енді.
Содан біршама уақыт бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль атысты тоқтатуға келіседі деп мәлімдеген. Ол АҚШ-қа және президент Трамптың жеке өзіне «Израильдің қорғанысына қолдау білдіргені және Иран тарапынан төнген ядролық қауіпті жоюға қатысқаны үшін» алғысын жеткізген. Бұған қоса «Израиль мемлекеті тарихи ұлы жетістіктерге жетіп, әлемдік державалар қатарына қосылғанын» айтқан.
Оған дейін Иран билігі де атысты тоқтатуға келісетінін мәлімдеген. Сейсенбі күні таңертең Иранның мемлекеттік телеарнасы Израильмен арадағы қарулы қақтығыста атысты тоқтату режимі басталғаны жайлы ақпарат таратты.
New York Times басылымының хабарлауынша, атысты тоқтату жөніндегі келісімге келуге Қатар араағайын болған. Бұл ел Иранға АҚШ-тың бітімге келу жөніндегі ұсынысын жеткізген.
Әрине, атыстың тоқтағаны жақсы, Таяу Шығыста тыныштық орнаса – одан да жақсы. Бұл келісімге тараптардың қалай бірден келісе қалғаны да белгісіз. Мүмкін, «ерден ердің қаупі бар» дегендей, бір-бірінің әскери шама-шарқын, өліспей беріспейтінін, мұның арты салдары ауыр жаһандық соғысқа ұласып кетуі мүмкін екенін сезінген шығар. Мүмкін, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи көмек қолын созады-ау деп Мәскеуге барғанмен, Кремль де екі оттың ортасында қалуды қаламай, келісімге келу жөнінде кеңес берген шығар. Оның үстіне Иранның өзі де алғашында әлемдік мұнай тасымалының бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазын жауып, АҚШ-тың сол аймаққа жақын орналасқан әскери базаларын атқылайтынын айтқанмен, бұл өзіне де орасан зор экономикалық және әскери шығын әкелетінін анық түсінген шығар…
Қалай дегенде де қасарысқан қарсылық бәсеңдеп, оқ атпау туралы келісім жасалды. Үлкен өкінішке қарай, арадан көп өтпей-ақ екі тарап та бұл келісімді бұзып, тағы да зымырандармен атқылау деректері тіркелді. Бұл – әлгі келісімнің тым нәзік, кез келген сәтте бұзылатынын көрсетеді. Сенімсіз, қауіпті жағы да осы!
Екінші жағынан алыста орналасқан бүкіл Еуропа, АҚШ бастаған батыс елдері Израилдің Иранға қарсы аса қатал агрессорлық әрекетін қолдап, тіпті көмек беріп жатса да, мұсылман елдері түк болмағандай тып-тыныш отырғаны алаңдатады. Тереңірек үңіліп, байыбына анық бойлай алсақ, шынтуайтына келгенде – бұл христиан дінін ұстанатын бүкіл батыс елдері мен ислам дінін ұстанатын мұсылман елдерінің арасындағы қақтығыс, «келешекте әлемді мұсылман халықтары билейді» деген қорқыныш, соның алдын алу сияқты көрінеді. Ал Израиль – АҚШ бастаған батыстың Таяу Шығыстағы отты көсеп, өшіргісі келсе өшіретін, лаулатып жаққысы келсе – отқа майды лақылдатып құйып жіберетін қолбаласы іспетті.
Олай дейін десек, бір дінді ұстанатын, дерлік бір ұлт секілді туысқан халық – орыс пен украин да міне үш жырым жыл бойы тоқтаусыз соғысып келеді. Қаншама адам жазықсыз құрбан болды? Қаншама ауылдар мен қалалар қирандыға айналды? Оларға да «қойыңдар» дейтін біреу жоқ, Біріккен Ұлттар Ұйымының қауқары түк сезілмейді. Есесіне «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деп, Батыстағы бай мемлекеттердің айтқанына көніп, айдағанына жүріп, бас шұлғып қана отыр. Осыны анық білетін олар қайта «қырыла түсіңдер» деп ақшалай да, әскери де көмек беріп, ашық қолдау көрсетіп, әдетте айтып келмейтін ажалдың аузына айтып апарып-ақ айдап салып, миллиондаған адамның құрбан болғанын қалайтын сияқты. Ал бұдан «экономика – саясаттың шоғырланған көрінісі» деп, әдетте «дамыған ел» деп аталатын елдердің әскери-өндірістік кешені миллиардтаған доллар табыс тауып отыр!
Жалпы, бүкіл әлем елдері сол қарулануға кететін есеп-саны жоқ қаржыны өз мемлекетінің әлеуметтік-рухани, адамгершілік тұрғыдан дамуына жұмсағанда, о дүниені күтпей-ақ, осы дүниенің өзінде қанша адамзат баласы ұжмақта өмір сүрмес пе еді?! Оның үстіне қазір көптеген елдер ішкі жалпы өнімінің 5 пайызына дейін қорғаныс саласына бөлуді қарастырып жатыр. Бұл да дұрыс шешім деп ойлау қиын. Өйткені, әйгілі жазушы Антон Чеховтың «сахнада мылтық ілулі тұрса, спектакльдің соңына дейін ол міндетті түрде атылуы керек» дейтініндей, жаппай қарулану ешқашан жақсылыққа әкелмейтіні анық. Себебі, бәрібір ол бір күні атылады.
Соған қарағанда, Құдай бетін аулақ қылсын, ақырзаман топан судан емес, әлем елдерінің жаппай қаруланып, жаһан соғысына тартылуынан туындайтын сияқты. Тарихта екі жаһан соғысы болды, ол кезде ядролық қару, ондаған мың шақырымға атылатын және көздеген нысанға дәл тиетін зымырандар жоқ болатын. Енді оның бәрі бар, сондықтан да үшінші жаһан соғысына жол беруге болмайды! Оның орнына бүкіл әлем жаппай қарусыздану жолына түсіп, бейбіт те берекелі қатар өмір сүруге ұмтылғаны дұрыс!
Осы тұрғыдан Ресей-Украина, Палестина-Израиль, Иран-Израиль арасындағы және басқа да соғыстардың түпкілікті тоқтағанын қалар едік. Бұл – Жер шарындағы ізгі ниетті барлық адамдардың арманы екені күмәнсіз!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ «D»