АҚШ астанасы Вашингтонға жақын жерде қазақтың ұлы жазушысы, абыз ақсақал, марқұм Мұхтар Мағауиннің қабіріне халқымыздың «топырақ апару» дәстүрі жасалып, рухына құран бағышталды. Бұл туралы қандасымыз Сапарбек Нағашыбеков Facebook парақшасында хабарлады.
«Мұхтар атамыздың ұлы Едіге ағамыз Қазақстандағы ата-бабасы жерленген жерден алып келген топырақ пен жусанды атамыздың қабіріне көмді. Бұл шараға Вашингтондағы қазақтар мен біздің Kazakh American Association ұйымының өкілдері қатысты.
Бірнеше ай бұрын атамыздың осы АҚШ-тағы қабірінен топырақ алынып, Қазақтандағы ата-бабалары жерленген қорымға жеткізілген болатын.
Мұхтар Мағауин атамыз бүкіл өмірін қазаққа арнап, болашақ ұрпақ үшін 27 том кітап жазып, қазақтың тарихын түгендеп берді. Қазақтың тарихында осыншама кітап жазған жазушы болмаған.
Уа, Алла, сен – рахмансың, рахимсың, ғафурсың, кешіргенді жақсы көресің. Мұхтар атамыздың күнәләрін кешіріп, жанын жаннаттық қылғайсың!
Зираттан кейін Едіге ағамыздың үйіне барып, атамызды еске алдық, құран оқылды. Бұл үйде атамыздың кабинеті, кітапханасы әлі сол күйінде сақталған.
Атамыз туралы біраз жақсы әңгімелер айтылды. Бір ағамыз: «2022 жылы Мұхтар атамыз ауырып қалып, «Құдайдан жазып жатқан кітабымды бітіруге енді 3 жыл өмір берші деп сұрадым!» деп айтып еді. Сөйтіп, 2024 жылдың күзінде кітапты бітіріп, 2025 жылдың қаңтарында, 85 жасқа толуына 1 ай қалғанда қайтыс болды», – деді.
2022 жылы маусымда АҚШ-та кенже қызымның тұсауын Мұхтар атамыз кесіп, той жасағанбыз. Сол тойға атамызды үйінен алып келіп, қайта апаруға өзім барып, көлікте екі сағат текті атамыздың әңгімесін тыңдап келдім.
Вашингтонда біздің Ассоциация жасаған барлық Наурыз, Бас қосу, т.б. іс-шараларға Мұхтар атамыз қатысып, батасын беріп, жақсы әңгімелерін айтып отыратын. Атамызды сағындық!» – деп жазды ол.