Соңғы кезде көп айтылып жүрген мәселелердің бірі – кімнің Құрылтайға сайланатыны. Кешегі партиялар тарапынан ұсынылған тізімдер асығыс жасалған. Біріншіден, Парламенттің функциясы – Үкіметпен жұмыс істеу, себебі заң жобалары сол жақтан келеді, үкіметтік сағаттарда жұмысын талдап-талқылап, кез келген шешіміне баға беру және өз тарапынан ұсыныс беру болып саналады. Мен Мәжіліс депутаттарымен ІV шақырылымнан бастап жұмыс жасап келдім. Басында министрліктен заң жобасының бастамашысы болып жүрдім, ол кезде үлкен кісілер көп болды, абырой-атақтары жер жарады, бір-екі рет «сенімен сөйлеспейміз, министріңді шақыр» деген кездер де болған.
Біздің заңдарға, 2008 жыл болуы керек, қатты мән беріп, үлкен дау-дамай көтерген депутат Алтай Абылайұлы Тілеубердин болды, министрің келсін деді. Артынан мен министрді ертіп келіп, мәселеміз тез шешілді!
Бұл тек бір мысал. Тілеубердин министр де болды, Үкіметте де басшылық қызметте болды. Сондықтан экономикалық саланы өте жақсы білетін. Оны айтып отырғаным, депутаттар бірінші орында экономикалық мәселелерді жетік білулері керек, бюджет өте көп қаралады, барлық мәселе түбінде осы бюджетке келіп тіреледі. Бұл сала бойынша тиісті заңдар да бар, олардың бәрін депутат білуге тиіс. Одан бөлек салық саясаты, инвестиция, өндірістерді дамыту салалары бар, басқаларын айтпағанда. Бұл тек экономика саласы, ал әлеуметтік сала – өзінше ең көп мәселесі бар салалардың бірі.
Енді бұрынғы депутаттарға келетін болсақ, мына үш депутаттың фотосын бекер қойып отырған жоқпын, ең күрделі мәселелерді Базарбек, Бапи, Жаңбыршиндер көтеріп жүрді. Бұлардан бөлек Перуашев бастаған, Қазыбек Иса ағамыз қоштаған «Ақ жол» партиясының депутаттары да көп мәселені қозғап жүрді. Әлеуметтік салаға келетін болсақ, Аймағамбетов, Заитов, Толықбай, Сәрсенғалиевтарды айтар едім.
Президентіміз бізге ықпалды парламент керек дейді. Ондай болса, партия басшылары тізімдерді қайта қараса, 23 тамызға дейін уақыт жеткілікті, оң өзгерістер керек. Біздің елге керек осы өзгерістерді жасап жатсаңыздар, ешкім кінә тағып, сын пікір айтпайтыны анық, халық қолдайды деп ойлаймын! Мемлекет басшысы айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз!
Ғалым ӘМІРЕЕВ