Елдегі «екінші адам» атанған азаматқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген сенімнің салмағы орасан зор, жауапкершілік одан да жойқын! Төрт жылдың төңірегінде төрге шығарар абырой мен бедел жинай жүру, салмағы батпан мемлекетшіл міндеттер үддесінен шыға білу – бұл елдікке еткен ерен еңбектің нәтижесі болса керек!
Саяси истеблишментте екі жаққа бірдей міндеті болуы тиіс «сенім» деген жалғыз ауыз атаудан біраз сөз суыртпақтауға болады. Қаңтарға дейінгі екіұдай жылдарды есепке алмағанда, билігі бекемденген бергі төрт жылда ел Президенті біраз азаматқа сенім артты: некен-саяқ біреулері суырылып шыға білді; енді біреулері өгіз бен арбаның амандығы арқасында ғана боразданы бұзбай жүр; сенім жүгін қызмет-қарымына өңгере алмаған біразы биік-биік лауазымнан кетуге мәжбүр болды.
Ал ендігі жерде саяси иерархиядағы «екінші адам» атанған Ерлан Карин – Қаңтарға дейін де, одан кейін де президенттік сенімнің жетегімен тек қана өрлеу үстінде келе жатқан тұлға. Әрине, елдің басты идеологы болған соң, ескі билік бөлшектеп тастаған ала-құла қоғамның «неге өйтпейді, неге бүйтпейді» деген сияқты «қазақы сарапшылық» сөздері естіліп жатады. Әсіресе онлайн-ортаның аузына қақпақ бола алмайсың…
Бірақ мемлекеттік ішкі саясат алып-қашпа пікірдегі «өйтіп-бүйтумен» жасалмайды. Бұл саясат әдетте дабырашыл қоғамның алдында ғана емес, тұтас елдің, мемлекеттің және тәуелсіздік талаптары алдында жауапты. Сондықтан Қазақстан халқын біртұтас елдік даму идеологиясына жұмылдыра білу – «майдан қыл суырғандай» сырбаз қадамды қажет етеді. Және бұл салиқалы қажеттілік едел-жедел емес, уақытпен бірге мысқалданып қалыптасады.
Міне, меніңше, кешегі мемлекеттік кеңесші, бүгінгі вице-президент Ерлан Карин – ел басшысы артқан осындай сенімді арқалай алған азамат. Ділмәрсіз сөз бен құттықтаудың бүгінгі тобықтай түйіні – басталған өте маңызды мемлекеттік ісіңе Жаратқан жар болсын, Қазақстан Республикасының вице-президенті Ерлан мырза!
Арқаңды айбынды еліңе сүйе, аяғыңды тәуелсіз жеріңе тіре! Осы екеуіне қалтқысыз қызмет қыла білсең, тұғырдан түспесің кәміл! Іске сәт!
PS. Айтпақшы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде вице-президенттік лауазым болғаны жаңа тарихтан мәлім. Бірақ ол лауазым кейінгі жеке-дара билікті қалыптастыру қамының құрбаны болды. Ал ендігі вице-президент тәуелсіздік тұғырын бекіту жолындағы халық пен қоғамның дәнекер тұлғасына айналады деген сенім зор!
Ермұрат БАПИ