Қазан айында Қазақстан бойынша шикі мұнай мен оны өңдеу өнімдерінің бағасы өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шикі мұнайдың бір тоннасының орташа бағасы 104,5 мың теңгеге жеткен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,6 пайыз жоғары..
Шикі мұнай, әсіресе батыс аймақтарда көбірек қымбаттаған. Мәселен, Маңғыстау облысында бір тонна мұнайдың бағасы 12,8 пайыз өсіп, 120,9 мың теңгеге жеткен. Атырау облысында да айтарлықтай өсім байқалады. Мұнда баға 9 пайыз көтеріліп, тоннасы 99 мың теңге болған.
Мұнай өндіретін басқа өңірлерде де баға өскен. Қызылорда облысында шикі мұнайдың бір тоннасы 119,7 мың теңгеге бағаланып, былтырғы көрсеткіштен 3,2 пайызға артқан. Ақтөбе облысында баға 2 пайызға өсіп, 120,5 мың теңгеге жеткен.
Алдыңғы айда бензин өндірушілер бағаны орта есеппен 4,4 пайыз көтерген. Соның нәтижесінде бір тонна бензиннің құны 201,1 мың теңге болған. Дизель отынының бағасы да 3,7 пайыз өсіп, тоннасы 255,5 мың теңгеге жеткен.
Негізгі жанармай түрлерінен бөлек, өзге мұнай өнімдері де қымбаттаған. Сұйытылған пропан мен бутанның бағасы 7 пайыз өсіп, тоннасы 75,5 мың теңге болған. Тұрмыстық пеш отыны барлық санаттың ішінде ең жоғары өсімді көрсеткен. Оның бағасы 16,2 пайыз қымбаттап, тоннасы 221,8 мың теңгеге жеткен. Жол битумының бағасы да 5 пайыз өсіп, 237,4 мың теңге болса, мазут 1,6 пайыз қымбаттап, тоннасы 104,9 мың теңге болды.
Олардан басқа халық күнделікті тұтынатын азық-түліктің көтерме бағасы да қымбаттап барады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда бұл тауарлардың көтерме бағасы 9%- ға өскен. Бұл ретте отандық өнімдердің көтерме бағасы 13%- ға, ал ТМД елдерінен импортталатын тауарлар 5,8%- ға, өзге мемлекеттерден жеткізілетін өнімдер 1,2%-ға қымбаттаған.
Өңірлер арасында көтерме бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе облысында байқалған. Мұнда көрсеткіш бір жылда 30,6%- ға артқан. Ал Атырау облысында баға 14,9%-ға, Ұлытау облысында 12%- ға өскен.
Азық-түлік тауарларының ішінде өңделген көкөністер 16,2%-ға, ал жаңа піскен көкөністер 13,3%-ға қымбаттаған. Бұдан бөлек, қанттан жасалған кондитерлік өнімдердің бағасы 16,2%- ға, шоколад 10,5%-ға өскен. Сондай-ақ еттің бағасы 14,6%-ға, жарма өнімдері 11,2%-ға, сары май 10,7%-ға, жұмыртқа 8,6%-ға, жаңғақ 7,5%-ға, кофе 7,3%-ға, ал дәмдеуіштер 6%-ға өскен.
Ал бір жыл ішінде тек қант пен жеміс-жидек ғана арзандаған. Атап айтқанда, қант бағасы 7,8%-ға, жеміс-жидек 0,5%-ға төмендепті.
Кезінде Абылай ханың ақылшысы болған Бұқар жыраудың:
«Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп!» – деп басталатын термесі бар. Ал бүгінгі қазақ «баға қайда барасың?!» – деп толғанып жүр!
Сарбаз ҚҰТ-МҰХАММЕД «D»