Назарбаев кетті. Бірақ оның тұсында қалыптасқан басқару тәртібінен құтылдық па? «Самұрық-Қазынадағы» басшылардың аты-жөні ауысқанымен, қоғамның сұрағы өзгерген жоқ: ұлттық байлық кімнің игілігіне жұмыс істеп жатыр?
Мәселе бір басшының орнына екіншісін отырғызуда емес. Сол орынға келген адамға қандай өкілеттік берілетінінде, оны кім бақылайтынында және кімнің алдында жауап беретініне байланысты.
Менің бағалауымша, Назарбаев тұсындағы олигархиялық басқарудың ең қауіпті мұрасы осы жерде сақталған: байлық ортақ, шешім қабылдайтындар санаулы, ал жауапкершілікті іздесең, бәрі бір-біріне сілтейді.
2012 жылы қорға арнайы заң қабылданды. Басқарудың ерекше тәртібі, сатып алудың өз рәсімдері бекітілді. «Тиімді жұмыс істеу үшін дербестік керек» деді.
Дербестік берілді. Енді сол дербестіктің нәтижесін сұрайық. Ұлттық байлықты қорғай алды ма? Тәуекелдерді дер кезінде анықтады ма? Жауапты адамдардың жұмысын кім бағалады?
Ескі тәртіптен пайда көретіндер оның өзгергенін өздері сұрамайды. Сондықтан өзгерісті қоғам талап етуге тиіс.
ҚАҢТАРДАН КЕЙІН ОСЫНЫ КҮТІП ПЕ ЕДІК?
Қаңтардан кейін ел ескі әділетсіздіктің жалғаспауын күтті. «Өз адамдарына барлығы рұқсат, қалғандарына тек заңмен» деген түсініктің жойылуын күтті. Байлықтың аз адамның қолына шоғырлануы туралы мәселе ашық айтылды. KPMG-дің 2019 жылғы зерттеуінде 162 адамның иелігіндегі байлық халықтың жалпы байлығының шамамен жартысына тең екені көрсетілген.
Конституция өзгерді. Әділеттілікке талап күшейді. Ал ұлттық байлықты басқару тәртібі қаншалықты өзгерді?
Қор сақталды. Өкілеттіктері сақталды. Қоғам «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», ҚТЖ, «Самұрық-Энерго», KEGOC, QazaqGaz секілді компаниялардың жұмысы жақсарады деп күтті.
Енді тағы да басшылардың ұсталғанын талқылап отырмыз. Басшыны ауыстыру оңай. Оның орнына келген адамға бұрынғы мүмкіндіктерді қалдырсаң, не өзгереді?
ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ ҚАТАҢ ТАПСЫРДЫ.
БЕКТЕНОВ НЕ ҰСЫНАДЫ?
Президент «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының жемқорлық күдігімен ұсталуына қатаң баға берді. Үкімет пен бақылаушы органдар 24 қарашаға дейін нақты ұсыныстар дайындауға тиіс. Бес күн қалды. Не ұсынады?
«Бақылауды күшейтеміз». «Жауапкершілікті арттырамыз». «Қосымша шаралар қабылдаймыз». Қоғам бұл сөздерді жатқа біледі.
Бақылауды күшейтпес бұрын, бұрынғы бақылаудың нәтижесін көрсетіңіздер. Жауапкершілікті арттырмас бұрын, бұрынғы міндетін кім орындамағанын анықтаңыздар. Жаңа Үкіметтің жоспары бұрыннан жауыр болған мәселені қайтадан жасырып қалмауы тиіс.
«САМРҰҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» БАЙЛЫ БАЛАЛАРЫМЫЗ, НЕМЕРЕЛЕРІМІЗ КӨРУІ КЕРЕК
2025 жылдың соңындағы есеп бойынша «Самұрық-Қазына» тобының активтері 44,2 триллион теңгеден асқан. Бұл санның артында теміржол, өндіріс, энергетика, мұнай-газ, байланыс тұр. Адамдардың еңбегі тұр. Отбасылардың табысы мен шығыны тұр.
Бұл бүгінгі басшылардың жеке мүлкі емес. Олар келеді, кетеді. Ал ел қалады. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз қалады. Келесі ұрпаққа тозған кәсіпорын, қордаланған қарыз және «кезінде тексеру жүргізілген» деген анықтама қалдырмауымыз керек.
Ұлттық байлықты басқаруға беру халықты одан шеттету деген сөз емес. Қоғамның «ақшамызды кім басқарып отыр?» деген сұрағы ешкімге қолайсыз болып көрінбеуге тиіс. Қолайсыз болса, жауап беруге дайын болмаған адам бұл қызметке бармауы керек еді.
АҚШАҒА ҚОЛ ҚОЙҒАНДА БАР, ЖАУАП БЕРЕТІНДЕР ҚАЙДА?
ҰҚК қызметкерлеріне жұмысы үшін рақмет. Бірақ әр жолы құқық қорғау органдары араласқанша күтетін болсақ, ішкі бақылаудың мәні неде?
Директорлар кеңесі бар. Аудит комитеті бар. Ішкі аудит пен комплаенс бар. Құрылым жеткілікті. Нәтижесін көрсетіңіздер. Қандай тәуекелді анықтадыңыздар? Кімге хабарладыңыздар? Қандай шешімді тоқтаттыңыздар? Қай ескертуді кім елемеді?
Үкімет пен қор басшылығы бір қалада отыр. Бір-бірін таниды. Жобаларды талқылайды. Тағайындауларды келіседі. Есептерді тыңдайды. Маңызды ақпарат Үкіметке жетпесе, ақпаратты кім тоқтатты? Жетсе, Үкімет не істеді? Миллиардтарды басқаруға өкілеттік жетеді. Ал жауап беруге келгенде неге бәрі «ұжымдық шешім» болып шыға келеді?
Қол қойылған құжатта адамның аты-жөні бар. Жауапкершілік те болсын. Директорлар кеңесінің әр мүшесінің, аудит пен комплаенс басшыларының әрекеті және әрекетсіздігі тексерілсін. Міндетін орындамағаны анықталса, жауапқа тартылсын. Лауазым бақылау міндетін орындамаған адамды жауапкершіліктен қорғамауға тиіс.
ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК,
ТАҒЫ БІР ЖОСПАРМЕН ҚҰТЫЛУҒА БОЛМАЙДЫ
Біріншіден, қордың ерекше құқықтық тәртібін қайта қарау қажет. Қай норма тиімділікке қызмет етеді? Қай норма жабықтықты сақтайды? Қай жерде жауапкершілік бұлдыр? Әр ерекшеліктің қоғамға қандай пайдасы барын Үкімет түсіндірсін. Ұлттық мүддеге қызмет етпейтін артықшылықтар жойылсын.
Екіншіден, премьер-министр мен директорлар кеңесінің қызметін мүлдем ажырату керек. Жеке өзім Олжас Бектеновке құрметпен қараймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көп нәтижелі әрекет жасады. Бірақ бүгін одан өзі төрағалық ететін кеңестің жұмысын бағалау талап етіліп отыр. Бұл құрылым оған қызметімен бірге мұра ретінде келді. Енді оны өзгертуге бастамашы өзі болсын. Премьер-министр қордың директорлар кеңесінен шығып, тиісті заңнамалық өзгерістерді ұсынғаны жөн. Үкімет басшысы бүкіл кеңестен қатаң есеп сұрай алуға тиіс.
Үшіншіден, директорлар кеңесін қалыптастыру тәртібін ашу қажет. Ұлттық байлықты кімге сеніп тапсырдық? Неге дәл сол адамдарға? Қандай еңбегі үшін? Олардың жұмысын кім, қандай нәтижемен бағалайды?
Аты-жөндерін, міндеттерін және оларға қойылатын сұрақтарды бөлек жазамын. Кеңес құрамына қоғам сенетін қайраткерлер, белгілі ғалымдар, экономистер, өндірісті білетін мамандар ашық іріктеу арқылы келуге тиіс. Басшының айтқанына бас изейтін адамдар ұлттық байлықты қорғай алмайды. Кеңеске құжат сұрайтын, күмәнді шешімге қарсы дауыс беретін, өз пікірін қорғай алатын адамдар керек.
Төртіншіден, қоғамдық бақылауға нақты құқық пен мүмкіндік беру керек. Ірі мәмілелердің негіздемесі, мердігер таңдаудың себептері, жоба құнының өсуі, мерзімнің созылуы ашық көрсетілсін.
Аудитор кемшілік тапса, қоғам оның қалай түзетілгенін көрсін. Жауапты адам сұрақтан баспасөз хабарламасының артына тығылып құтылмасын.
Бесіншіден, комплаенстің өзін тәуелсіз тексеру керек. Бақылаушыны кім бақылайды? Оның байланыстары мен мүдделер қақтығысын кім бағалайды? Өзі қатысқан шешімді кейін өзі тексермейтініне қандай кепіл бар? Тәуелсіздік лауазымның атауымен дәлелденбейді. Оны нақты жұмыс көрсетуге тиіс.
Бұл әңгімені кабинеттерде аяқтауға болмайды. Сіз осы жүйеде жұмыс істедіңіз бе? Сатып алуларына қатыстыңыз ба? Қандай ереже мәселені жасыруға немесе жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік береді? Нені бірінші өзгерту керек? Бұл біздің ортақ байлығымыз. Балаларымыздың да несібесі бар.
Назарбаев кеткенімен, оның тұсында қалыптасқан тәртіп өздігінен кетпейді. Он күннен кейін қоғам тағы бір жоспарды емес, сол тәртіпті өзгертетін шешімдерді күтіп отыр. Ережелер өзгермесе, ауысқан фамилиялар ештеңеге кепіл болмайды.
ОЙҒА ОЙ ҚОСЫҢЫЗДАР!
Мүмкін, «Самұрық-Қазынаны» мүлде тарату керек болса ше? Ұлттық компанияларды салалық министрліктерге қайтарған дұрыс па? Әлде арадағы холдингті алып тастап, әр компанияны Үкіметке тікелей есеп беретін дербес мемлекеттік компания ретінде қалдырған жөн бе? Қорды сақтаймыз десек, ол елге нақты не үшін қажет? Онсыз қандай жұмыс тоқтайды?
Сіз қай жолды таңдар едіңіз: қорды тарату, компанияларды бөлек басқаруға беру немесе заңын түбегейлі өзгертіп сақтау?
Пікір жазыңыз. Келіспесеңіз, қарсы дәлеліңізді айтыңыз. Ұлттық байлықтың тағдырын тек оны басқарып отырғандар шешуге тиіс емес.
Мұрат ӘБЕНОВ, Халық Кеңесінің мүшесі,
Білім және адами капитал жөніндегі комиссия төрағасы