ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ мерекесін қалай тойлап жүрсіз?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №44 (408) от 30 ноября 2017 г.

 

ДАТ-сауалнама


 

«1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш президенті күні» мемлекеттік мереке ретінде 2011 жылы заңмен бекітіліп, алғаш рет 2012 жылы 1 желтоқсанда тойланды. Заңды қабылдаған ҚР парламентінің депутаттары «Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістіктері Қазақстан халқының орасан зор шынайы құрметі мен сеніміне ие болғанын», сондықтан Президент күні мерекесі «азаматтарының отаншылдық рухын арттыра түседі», – деген еді.

Мұндай мереке тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі ең алпауыт елдердің қатарындағы АҚШ-та ақпан айының үшінші дүйсенбісі Президент күні ретінде мерекеленеді. Аталмыш мереке 1855 жылдан бері жалпыұлттық деңгейде Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне тойланады.

Исландия елінде бұл күн 14 мамырда тойланады. Мемлекеттің бесінші әрі қазіргі президенті Олавура Рагнара Гримссонның құрметіне мемлекеттік дәрежеде мерекеленеді.

Ангола мемлекеті елдің негізін қалаушы президенттерінің құрметіне Президент күнін 17 қыркүйекте мерекелейді. Португалдардың бодандығынан Анголаға тәуелсіздік алып беру үшін аянбай күресіп, сол мақсатына жеткен Агоштинью Нету 17 қыркүйекте дүниеге келген. Күздің алғашқы айында тойлануының себебі де сол.

Осы мерекеге қатысты қазақстандық қоғам өкілдері арасында сауалнама жүргізіп, пікірлерін білген едік. Елдің көкейінде жүрген түйткілді ашық айтқан азаматтардың қысқа да нұсқа пікірлері мынадай сұрақтар төңірегінде өрбіді:

 

• Сіз «Қазақстанның Тұңғыш президенті күнін» қалай атап өтесіз?

• «Тұңғыш президент күні» дүйім ел тойлайтын мерекеге айналды ма?

• Президентке айтар қандай датыңыз бар?

 

 

 

Болат ЖЕТЕКБАЙ,

ақын:

– Әріге бармай, тек ең соңғы жәйттерді ғана айтсақ, мойнындағы несиесі еңсені езіп, біржола тұралатып тастауға айналғанда, өкімет халықты емес, банктерді қолдап, миллиард долларлап ақша құйып жатыр. Мұнай бағасы дүниежүзілік нарықта төмен түскенде, бізде өсіп, жаңғырту мақсатымен бірнеше жыл бойы жұмсалған есепсіз мол қаражаттың құрдымына айналған өңдеу зауыттары тиісінше жұмыс істемей, жанар-жағармай бағасы аспандап ұшты. Тиын санап, титықтаған елдің әл-ауқатын ойлауға тиіс елбасы «коммуналдық төлемдер бағасын өсіріңдер» деп нұсқау берді… Тұрмыстық түйткілдерден әбден қажыған халықтың көпшілігіне «рух көтеретін» мерекелердің теріс әсер беретіні, қай-қайдағы ашу-ызасын қоздыратыны анық.

Сондықтан біз алдымен Астана күнімен сәйкестендіріліп атап өтілетін президенттің туған күні, «тұңғыш президент күні» деген мерекелердің мән-маңызы неде деген сұраққа толымды жауап іздеуіміз керек. Мүбада, ширек ғасырдан асқан тұңғыш президент қызметіне барлық жағынан әділ баға берілген жоқ, ол әлі де биік лауазымда қалып отырғандықтан, бұл биліктің ақыры немен бітеді? Белгісіз.

Сонда ертеңгі күні мемлекет басшысы өзін, айналасындағылар ел басшысын алдайтын баяғы советтік үрдістің нәтижесіне куә болмасымызға – оның аты кітапханалардан, мектептерден, университеттен алынып, ескерткіштері құлатылмайтына кім кепіл?! Қазір осындай мағынасыз мерекелер белгілеп, президентті «Құдай емес, Құдайдан былай емес» деп асыра мадақтап, аспандатып жүрген шенеуніктер мен депутаттар ертең соны өз қолдарымен жойып, «мерекемізді» тәрк етіп, халықты ақымақ қылып кетері айқын. Демек, бұл мерекелер – халықтың рухын көтеру мақсатын көздемейді, әлгілердің президентті алдау, көңілін аулау, көзбояу әрекеті ғана.

Рухтану деген не? Павлодар, Петропавловск, Усть-Каменогорск атаулары өзгертілсе, сол күні халық рухтанар еді. Бұл – мерейленер, масаттанар, өршіл рухты үрлейтін күн емес, өткен дәуірдің өкінішімен опына ойланатын күн шығар, бәлкім?!

Алладан тілер дұғам көп. Иншалла, береді. Президентке датым жоқ. Ол не бере алады?!

 

Нұрлан ӘУЕСБАЕВ,

қоғам белсендісі (Астана):

– Жауап айтуға ұяламын, бұрын-соңды мұндай мейрам естімегенмін. Бірақ та мен не үшін ұялуым керек, осы заңды қабылдаған жағымпаз депутатар ұялсын! Рухтандыру туралы айтсақ, бұл қиналып жүрген қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырады, ал биліктегілер мен басқа да байларға онсыз да күнде мейрам. Сондықтан көпшілік үшін бұл мейрамның мәні жоқ деп ойлаймын.

 

Инга ИМАНБАЙ,

журналист (Алматы):

– Мен бұл күнді мереке деп санамаймын. Менің өмірімде ол күннің басқаша мәні бар, сол күні – сіңлімнің туған күні. Мен үшін маңыздылығы сол ғана.

Ал «Президент күні» деген абсурдты мойындай алмаймын. Мұндай жеке басқа табыну бізге абырой емес. Онсыз да жағдайымыз мәз емес. Жуырда шыққан әлемдік рейтинг бойынша, Қазақстан ең кедей мемлекеттердің санатында. Сөз бостандығы бойынша рейтингте де ең соңғы жиырмалықта – Солтүстік Корея, Өзбекстан мен Гондурастың көршісіміз.

Осындай жағдайда ұялмай, аузымыз көпіріп, мақтанып, президенттің күнін қалай мерекелейміз?! Мерекелесе, сол президенттің төңірегіндегі, осы жемқор жүйенің арқасында шалқып жүрген «үкілі топ» мерекелейтін болар. Басқа дүйім жұрттың, меніңше, ол күнде еш шаруасы жоқ.

Ал президентке айтар датым көп: саяси тұтқындарға бостандық, әділ сайлау, сөз бостандығы, жиналыс, бейбіт шеру бостандығы, яғни түбегейлі саяси реформалар.

 

Шара ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

журналист (Ақтөбе):

– Бәлки, қазақы сана, бәлки, қазақы тәрбие… мен президентті жақсы көрем, елбасы ретінде. Елде жүргізіліп отырған саясатқа мүлде қарсы болсам да, кейде басқа елдердің басшыларымен қатар көргенде, бой-басын іштей салыстырып… кәдімгідей мақтанамын.

Бірақ бір басына ауыздыда бар барлық атақ-сыйды жабыстыра беру – шектен шығу деп түсінемін. «Айналасындағылар ғой жалбақтап», деген пікір де көп айтылады ел арасында. Бірақ осы қаптаған «нұр» мен кенеттен пайда болған «новый» мерекелер туралы президентіміз білмейді деу – бекерлік.

Ендеше елбасының өзі мұндай «нұрлану» мен «жаңғыруларға» шек қоюы керек. Ал президенттің «мені мақтай бермеңдер» дегені Қожанасырдың «ақша тауып алдым» деп үш рет «айқалағанындай» болып естіледі… Қазақтың «нұр» деген керемет сөзін құбыжық қылып болып, енді «рух» деген сөзіміз де сол сапқа кіріп кететін сыңайлы…

Осы 1 желтоқсан – «Тұңғыш президент күні» деп аталып өтетін болғалы, ат шаптырып, той жасап жатқан қазақ көргенім жоқ. Әбден «нұрланып» болып, енді «жаңғырып» жатқан мемлекеттік мекемелер ғана шырт-пырт бірдеңе өткізген болады, бірақ оның өзі «көңілсізден туған» бала сияқты… кембағалдау бірдеңе. Бар болғаны – демалыс қана. Оның үстіне СПИД-пен күресудің дүниежүзілік күні дегенмен қабаттасып, қаншама анекдотқа арқау болғанын айтпай-ақ қойсам да болатын шығар…

Қазақта «әдемі қартаю» деген сөз бар. Асарын асап (!), жасарын жасаған абыз қарттарымыз өзінің орнын біліп, ақылман, батагөй ақсақалдарға айналған да, ел тізгінін жасқа берген. Нұр-аға, қазақ деген еліңіз кең халық, кемеріне сыймай лықсып тұрған сәтінде… орнымен, жөнімен… ел басқаруды соңғы кездері жарқылдап көрініп жүрген жастардың біріне беріңіз! Сонда бар абыройыңыз сақталып қалады. Көп кемшілікті де тез ұмытатын көңілшек халқыңыз бар екенін білгейсіз…

 

Макпал ШАДАН,

Алматы қаласының тұрғыны:

– Біз отбасымызбен күнтізбеде мереке күні деп белгіленген күндерден үшеуін ғана мойындаймыз. Балалардың санасына сіңіруге тырысудамыз соны: Наурыз мерекесін, Жеңіс күнін, Тәуелсіздік күнін. Қалған мереке деп белгіленгендер тек демалыс күннің есебінде. Осы көзқарасымыз үшін кейбір құрдастарымыз «оралман» деген мәртебе беріп қойды.

 

Ербол РАХПАН,

блогер (Тараз):

– Атап өтпеймін және сол күні мерекелік көңіл-күймен жүрген адам көрген емеспін. Мүмкін, менің араласатын ортам солай шығар. Дүйім ел тұрмақ, өз еркімен мейрамдап, ырза болып жүрген бірде-бір адам көрген емеспін.

Ал айтар дат көп қой, қайсыбірін айта берем?! Бірақ біреуін айтып көрейін. Ең бірінші, халыққа тізесі батып бара жатқан мына сыбайлас жемқорлық деп ойлаймын. Тым болмаса, соны қолға алса екен. Әй, қайдам бірақ… Одан да жартасқа барып айқалағанымыз дұрыс шығар.

Дегенмен, президент мырзаға айтатын бір тілек бар. Макс пен Талғатты және басқа да саяси сотталғандарды түрмеден босатса екен. Сонымен бірге шындық айтқандарды қудалауды тоқтатса екен, тым болмаса, мына елдің жағдайына байланысты шын жағдайды айтқан адамдарға тиіспесе екен. Әйтпесе кез келген шындық айтқан адамды қудалау әдет болып кетті.

 

Бекен Қайрат,

журналист (Астана):

– Қазір мереке көп. Оның бәрін атап өту мен үшін мүмкін емес. Ең үлкен мереке – елдің амандығы, отбасының тыныштығы, адал несібе… Болды!

Кейбір мерекелердің (көбі діни-ғұрыптық: Наурыз, Ораза, Құрбан айт, т.б.) мың жылдан артық тарихы бар. Осындай көне мейрамдар болмаса, жаңа мейрамдар бұқара үшін әлі қалыптаспаған. Сондықтан күллі жұрт тойлайды десем, ағаттық болар.

Елбасына айтарыңыз дейсіз бе? Елдегі жап-жақсы бастамалар науқаншылдыққа айналып кете береді. Сөйтіп, мақсаты мен құнын жоғалтып жатыр.

 

Ардақ ӘШІМ,

блогер (Шымкент):

– Өзім Жаңа жыл, Наурыз, 8 наурыз, Тәуелсіздік күні мерекелерін ресми мойындаймын. Ал енді Тұңғыш президент деген күнді мойындамаймын. Және бұл азаматтардың отаншылдық рухын өшіріп, керісінше, жағымпаздықты жандандыратын күн.

 

Асембай НАДЫРБАЕВ,

Алматы қаласының тұрғыны:

– Желтоқсанның 1-і – күнтізбенің жай бір күні. Дүйім ел тойлайтындай мереке емес. Президентке айтатын датым: жерін қорғаған батырларымызды абақтыдан босатсын!

Ұлттық рух, Ұлттық мақсат тек қана жермен байлануы керек. Өзін-өзі сайлап алған ешқандай президент маған рух бере алмайды. Ал президенттің төңірегіндегі асыранды билік сөйлей береді.

 

Азамат ХАЙСИН,

ЖСДП мүшесі (Астана):

– Президент күні – президенттің жақтастары үшін, президент көзіне түсіп қалғысы келген шенеуніктер үшін тамаша күн! Ал ақшасы жетпей, несиені қалай төлеймін деп басы қатқан жұртқа қайдағы мереке?!

Егер осы күні азаматтар алған несиесіне амнистия жарияланып, немесе 1-2 жылға несиені төлемей тұра тұруға мұрсат берсе, онда әңгіме басқа.

Мереке иесіне айтар тағы бір дат: бағзы заманда өз елінің жағдайын білу үшін, әділ патшалар жұпыны киініп, жасырын түрде ел аралап, жағдайды өз көзімен көреді екен. Қазір елдің жағдайын білу үшін, әлеуметтік желілерде, дәлірек айтсақ, оппозициялық көзқарастағы партияның, саясаткерлердің парақшаларына күніне, ең болмаса аптасына бір мезет кіріп отырса – жеткілікті. Сондықтан осындай мүмкіндікті жібермей, әлеуметтік желілердегі ЖСДП мен оның көрнекті өкілдерінің парақшаларына кіріп, елдің тұрмысын біліп отырса, құба-құп болар еді.

 

Роллан МАШПИЕВ,

қоғам белсендісі

(Семей):

– Мен бұл күнді мереке деп санамаймын. Сондықтан атап та өтпеймін. Ел тойлатын мерекеге айналды деп те айта алмаймын. Бұл күні жоғарыдан келген бұйрық арқылы мекемелерде, оқу орындарында іс-шара өткізеді. Менің байқауымша, сол шараларға қатысып жатқан адамдардың өзі сол жерде бір сөз сөйлеп тұрса, іш жүзінде оған өзі де сенбейді және сол айтқан сөзін қолдамайды да. Тыныш өмір сүру үшін, зейнетке аман-есен шығуды армандап, мәжбүр болып жүргендер.

Макс Бокаев пен Талғат Аянды босатсын! Президенттің өзі айтқан: осындай патриот жігіттер болса, қорқатын ештеңе жоқ деп. Еңді сол батыр патриот жігіттерді босатсын. Екі азаматтың сотын Қазақстан халқы және де халықаралық ұйымдар да көрді. Біз құқықтық мемлекетте тұрамыз десек, жігіттерді босатуы керек. Өйткені соттың дәлелсіз, дәйексіз болғанын сотқа қатысқан адамдар айтады. Сот үкімі шыққанына – бір жыл, абақтыда отырғандарына – бір жарым жыл болды.

Сауалнаманы ұйымдастырған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн