Автократтардың ҚҰПИЯ ӨМІРІ

  • Постсоветтік авторитарлық елдерде жоғары лауазымды тұлғалардың жеке өмірі мен отбасы туралы ақпарат әдетте қоғамнан құпия сақталады. Бұл танымал саясаткерлердің отбасы мүшелері үнемі халықтың көз алдында жүріп, талқылауынан түспейтін Батыс елдеріндегі жағдаймен салыстыруға келмейді. Сарапшылар мұны саяси мәдениеттің ерекшелігімен және тарихи дәстүрлермен байланыстырады.

Жарты жыл бұрын Қазақстан президенті болған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ондаған жыл бойы халық алдында жүргеніне қарамастан, оның жеке өмірі туралы ақпарат жоқтың қасы. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев (ол мемлекеттік аппаратқа ықпал ету тетіктерін әлі де өз қолында ұстап отыр) президенттік қызмет өкілетін мерзімінен бұрын доғарғаннан кейін, Тоқаев президент қызметіне кіріскен күні ақпарат құралдары жаңа бірінші ханымның аты-жөні Надежда Давыдовна деп жазды. Бірақ бір аптадан кейін Ақорда сайтында жарияланған Тоқаевтың ресми өмірбаянында оның «ажырасқаны» айтылған. Президенттің қашан ажырасқаны белгісіз. Бұрын жазылған материалдарда Тоқаевтың «мұнай саласындағы кәсіпкер» деп аталған 36 жастағы ұлы Тимур Тоқаев туралы да дерек кездеспейді.

Бұрынғы бірінші ханым Сара Назарбаева соңғы жылдары ел алдына көп шықпады. Ол күйеуі Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге шетелдік сапарларға барған жоқ, ресми шараларда да бой көрсетпеді. Тұңғыш президенттің сайтында Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Алпысқызы Назарбаева деп көрсетілгенімен, ашық дерекке жататын бірқатар қаржылық құжаттарда, қаржы министрінің есебінде Назарбаевтың әйелі және оның үш қызының анасы Сара Алпысқызы Қонақай деп жазылған. Бұрынғы бірінші ханым шын мәнінде қыз кезіндегі тегін (тұрмысқа шыққанға дейін бұрынғы президент әйелінің тегі Қонақаева болған) қайта алғаны я алмағаны, ал бұл ақпарат рас болса, оған не әсер еткені белгісіз. 2010 жылы Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, биліктің қырына ілінген Рахат Әлиев (2015 жылы Вена түрмесіндегі камерадан өлі табылған Әлиевтің қазасының ресми себебі суицид деп көрсетілген) Назарбаевтың әйелімен ресми түрде ажырасқанын айтқан.

Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы, саяси мансабы бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің өлімінен кейін жоғары өрлеген Дариға Назарбаева қыркүйек айының соңында ел астанасында өткен «Томирис» көркем фильмінің тұсаукесеріне бірнеше жоғары лауазымды шенеунік және «Қазтрансгаз» басшысы Қайрат Шәріпбаевпен бірге қатысты (төменгі фотода – оң жақта отыр). Бірнеше жыл бұрын кейбір ақпарат құралы 12 жыл бұрын үш баласының әкесі Рахат Әлиевтен ажырасқан Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі Қайрат Шәріпбаев деп хабарлаған.

Дариға Назарбаева шынымен Қайрат Шәріпбаевқа тұрмысқа шықты ма – бұл жайлы ешқандай ресми ақпарат жоқ. Дәл солай сенат спикерінің Асылжан есімді сегіз жасар ұлы туралы да дерек табу мүмкін емес. Басылымдар Назарбаеваның кенже ұлы бар екені туралы өткен жылы сенат спикері мен Рахат Әлиевтің қызы Венераның тойы болған кезде жазған.

Мемлекеттегі бірінші тұлғалар туралы ақпарат құпиялығы Қазақстанға ғана емес, басқа бірқатар авторитарлық режим орнаған постсоветтік елдерге де тән құбылыс. Көршілес Ресейде билікте 20 жылдан көп уақыт отырған Владимир Путин отбасы туралы деректі қатаң құпияда ұстайды. Reuters және Bloomberg ақпараттық агенттіктері 2015 жылы Мәскеу мемлекеттік университетімен әріптестік орнатқан «Иннопрактика» қорының басшысы Катерина Тихонова Путиннің қызы деп жазған. Бірақ Путин Тихоновамен туыстық байланысы барын не растап, не жоққа шығарған жоқ. 2017 жылы Ресей президенті немерелері туралы сұраққа жауап беріп тұрып: «Елге мұны білудің қажеті қанша?» деп жауап берген.

Беларусь президенті Александр Лукашенконың некесіз туған ұлының анасы туралы еш дерек кездеспейді. Ақпарат құралдары «Беларусьтегі ең танымал бала» деп атайтын 15 жастағы Николай бала күнінен әкесі шетелге іссапарға шыққанда бірге еріп жүреді. Ол ресми қабылдау шараларына қатысып, БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны өткен залда отырған. Президент 30 жылдан бері Галина Лукашенкомен ресми некеде тұрады. Беларусь Республикасында Николайдың анасы туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ бірқатар ақпарат құралы оның дәрігер болып істейтінін хабарлаған.

«Отбасылық өмірді құпия ұстау дәстүрі советтік дәуірде Сталиннен басталған» дейді, – «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаев. Ол совет көсемі Лениннің өмірі туралы оның әйелі Надежда Крупскаяның естелігінен көп дерек белгілі екенін айтады.

– Бұл дәстүр Қазақстанға да жетті. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев «Совет Одағының шекпенінен» шыққан. Владимир Путин де сондай – олардың саяси сипаты бір. Аталған президенттердің мазмұны советтік, тек формасы ұлттық кейіпте. Бірақ екеуін салыстырғанда, Назарбаевтың ұлттық формасы көбірек байқалады. Өйткені Путинге өзгерудің қажеті болмады: советтік Путин мен ресейлік Путиннің айырмасы жоқ – екеуі де орысша сөйлейді, советтік жүйедегі Сталин сияқты ойлайды. Путин Сталин сияқты құпия жоспар құрып, шешен соғысы, Украина мен Сирия аумағындағы соғыстар сияқты күтпеген қадамдар жасағанды ұнатады. Ол өзін қолбасшы император санайды. Отбасы арқылы әскери құпиясы белгілі болмас үшін, оларды өзінен алшақ ұстап, жеке өмірін құпия сақтайды, – дейді Досым Сәтпаев.

Қазақстандық саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов мұның сырын мемлекет басқарушылардың билікте ұзақ уақыт отыруынан іздейді. «Ұзақ уақыт билікте отырған басшылар халыққа отбасылық өмірін көрсетіп, олардың наразылығын одан әрі күшейткісі келмейтін шығар. Батыс билеушілері жиі ауысқан соң, ашықтыққа дайын болуымен қатар, кейде мұнысын популистік мақсатқа да пайдаланады. Билікте ұзақ отыру, керісінше, мұндай ашықтыққа жол бермейді», – дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Нұрмұхамедовтың сөзінше, өзін элитаға жатқызатындар әлі саяси элита ретінде қалыптаспаған. Саясаттанушының пікірінше, саяси элита бірнеше буын ауысқаннан кейін ғана қалыптасады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн