Міне, бір жылға жуық еліміздің мұнай саласындағы ең алып кен орындарының бірі – Теңіз кеніші келешекте, яғни 2033 жылдан бастап қалай жұмыс істеуі керек деген сұрақ төңірегінде белсенді келіссөз жүргізіліп келеді. Өйткені оны игеру жөнінде 1993 жылы 40 жыл мерзімге жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталады. Бірақ кім мүдделі екені, қайдан шыққаны белгісіз, БАҚ-та жабық әрі құпия келіссөздердің нақты деректері жария болды. Оған сәйкес, Қазақстан бұл жобадағы үлесін 35%-ға дейін ұлғайтып, 10 млрд доллар көлемінде біржолғы төлем алғысы келеді.
Теңізден кейін Қарашығанақ және Қашаған кеніштері бойынша да келісімдер жасалғанын айта кеткен жөн. Енді бұл келісімдерді ұзарту еліміз үшін қаншалықты сәтті болатыны Теңіз бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздің қорытындысына байланысты болатыны сөзсіз. Қазір мұнда Chevron – 50%, ExxonMobil – 25%, ҚМГ – 20%, Lukoil – 5% үлеске ие болып отыр.
Жуырда Bloomberg агенттігі келісімшартты ұзарту үшін, Қазақстан өз үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуды және 10 млрд доллар көлемінде біржолғы төлем төлеуді талап етіп отырғанын хабарлады. Егер бұған дейін америкалық серіктестер біржолғы төлем ретінде 1,5 млрд доллар ұсынғанын, ал үлестерді қайта қарау туралы мүлде сөз болмағанын ескерсек, жаңа талаптар Қазақстан тарапының жеңісі сияқты көрінеді.
Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Chevron рекордтық деңгейде – 12,1 млрд доллар көлемінде таза пайда тапқан. Мұнай өндіру де рекордтық деңгейге жетіп, тәулігіне 4,07 млн баррельді құраған. Бұған ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – Теңіз. Оның жиынтық өңдеу қуаты тәулігіне 1 млн баррельден асқан.
«Теңізшевройл» ЖШС есебі бойынша, 2025 жылы компания 39 млн тонна немесе 311,3 млн баррель мұнай өндірген. Қазақстанға төленген тікелей қаржылық төлемдер 10,6 млрд доллар болған.
– Менің болжамым бойынша, 2026 жылы ТШО-ның операциялық пайдасы 20–25 млрд доллар, ал таза пайдасы шамамен 6 млрд доллар болады. Бұған қоса, компанияда 30 млрд доллар көлемінде бөлінбеген пайда бар, – дейді Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, Қазақстан біржолғы төлем ретінде талап етіп отырған 10 млрд долларды компания бір жылдан сәл астам уақытта қайта өндіріп алады. Ал кен орнын бірнеше ондаған жыл бойы пайдаланады. Сондай-ақ бұл төлемнің бірнеше принципті талапқа сай болуы өте маңызды.
– Ең бастысы – бұл 10 млрд доллар акционерлер тарапынан, «ҚазМұнайГаздың» қатысуынсыз төленуі керек. Яғни, әр акционер – Chevron, ExxonMobil, егер қалса «Лукойл» – өз үлесін төлеуге тиіс. Бұл ақша ТШО-ның айналым қаражатынан емес, оның акционерлерінің қалтасынан шығуы керек, – дейді ол.
Мұнай-газ нарығының сарапшысы, Pace Telegram-арнасының авторы Асқар Исмаилов тағы бір маңызды шартты атап өтті: бұл ақша Қазақстанға 2033 жылы емес, қазір қажет.
– Әрине, Теңіздегі серіктестеріміз ақшаны белгілі бір уақыт ішінде тең бөліп төлеуді қалауы мүмкін. Тіпті бұл соманы бізге 2033 жылға таман, яғни келісімшартты ұзарту мерзімі келгенде төлеуді ұсынуы ықтимал. Өйткені қазір берілетін 10 млрд доллар мен бес жылдан кейін төленетін 10 млрд доллардың құны екі бөлек, – дейді ол.
Бұл мәселелер Қазақстан мен қазақстандықтар үшін аса маңызды. Өйткені халық – Қазақстанның жер қойнауындағы барлық байлықтың иесі. Сондықтан, біріншіден, халық өз мұнайы үшін ТШО арқылы өзі төлем жасамауы керек. Екіншіден, өз кен орнын әрі қарай пайдаланғаны үшін төлемді бес жыл күтпеуі тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, тағы бір айла болуы мүмкін.
– ҚМГ-ның жобадағы үлесін 35%-ға дейін арттыру туралы айтылды. Бұл қазіргі деңгейден 15 пайыз жоғары. Егер үлес 2028 жылы, яғни қолданыстағы келісімшарт аяқталғанға дейін бес жыл бұрын ұлғайтылса, осы бес жыл ішінде «ҚазМұнайГаз» шамамен сол 10 млрд долларға тең қосымша пайда алады. Бірақ мұнда ҚМГ-ның мемлекетпен тең емес екенін түсіну өте маңызды. Оның өз қажеттіліктері бар, ол қаржыны соларға жұмсауы мүмкін. Мысалы, сейсмикалық барлау, жаңа ұңғымалар бұрғылау немесе әлеуметтік жобалар салу. Бұл республикаға тікелей төленетін дивиденд емес, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Асқар Исмаилов Қазақстанның Теңіздегі үлесін арттыру міндетті түрде ҚМГ-мен байланысты болуы керек деген пікірмен келіспейді.
– «ҚазМұнайГазда» жетілу кезеңіне өткен кен орындары өте көп. Жыл сайын оның операциялық шығындары артып келеді. Бұған қоса, еңбекақы қорын жыл сайын 10%-ға арттыру міндеті қарастырылған ЕСОТ бағдарламасы бар. Егер бұл шығындар компанияның ТШО-дағы үлесі есебінен өтелетін болса, бұл ел бюджеті үшін мүлде тиімсіз, – дейді Асқар Исмаилов.
Оның пікірінше, Теңіз мұнайындағы ілеспе газдың үлесі артып келе жатқанын ескерсек, консорциум құрамында «ҚазГаз» АҚ-ның пайда болуы әбден қисынды. Оның үлесі «ҚазМұнайГаздың» қатысуынсыз, консорциумдағы басқа қатысушылардың үлестерін қайта қарау есебінен қалыптасуы керек.
Бірақ үлесті бөліске салмас бұрын, келіссөзде көтеріліп жатқан сандар ақпарат кеңістігінде неге тарағанын түсіну де маңызды. Нұрлан Жұмағұловтың болжамынша, деректердің тарауына Теңізді игеріп отырған шетелдік компаниялардың өзі түрткі болуы мүмкін.
– Мендегі ақпаратқа сәйкес, «ҚазМұнайГаз» Қазақстанның үлесін 50%-дан жоғары деңгейге жеткізуді көздеген. Бұл – әділ бөлініс, – дейді ол.
Иә, Теңіз – жетілген кен орны. Бірақ ол кем дегенде тағы 20 жыл бойы өнімді болады. Сондықтан Қазақстан өз мұнайын сатудан түсетін табыстың кемінде жартысын талап етуге құқылы.
Energy Analytics директоры Абзал Нарымбетовтың пікірі де осыған саяды.
– «Қазақстан 10 млрд доллар және 35% талап етіп отыр» деген тақырып қатаң позиция сияқты естіледі. Ал мәселені дұрыс қырынан көрсетсек, былай болуы керек: Қазақстан 2033 жылдан кейінгі жылдарда елдегі ең ірі кен орнының 65%-ын біржолғы төлемге айырбастауға дайын, – деп жазады ол.
Нарымбетовтың айтуынша, шын мәнінде 2033 жылдан бастап Теңіздің 100%-ы Қазақстанға тиесілі болады және ол кен орнын игеру бойынша серіктес ретінде кімдерді және қандай шартпен шақыратынын өзі шешуге құқылы. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның 35% үлесі – елге емес, Теңіздегі серіктестерге тиімді мардымсыз көрсеткіш.
Мұндай жағдайда кен орнындағы мұнай өндірісінің төмендеуі әзірге талқыланып жатқанымен, нақты бекітілмегенін ескерсек те, шетелдік компаниялар Теңізді пайдалану үшін төлейтін біржолғы төлемді шамамен бір жылдың ішінде-ақ қайтарып алады.
Нарымбетов БАҚ-та жария болған сандарды негізге алмауға шақырады. Себебі қоғам осы көрсеткіштерді қабылдап қойса, кейін соларға жақын кез келген нәтиже, тіпті шын мәнінде берілетін құқықтардың әлеуетті құны әлдеқайда жоғары болса да, келіссөздердің сәтті аяқталғаны ретінде көрсетілуі мүмкін.
Көптеген сарапшылар да бұл сандарды келіссөздегі бастапқы бағдар деп санайды. Олардың ортақ пікірінше, қазір Ормуз бұғазындағы жағдай мен геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі аясында Қазақстанның келіссөздегі ұстанымы бұрын-соңды болмаған деңгейде мықты.
Әрине, америкалық компаниялар Теңізден кеткісі келмейді, ол бізге де тиімсіз. Өйткені Теңіздің геологиясы өте күрделі, ал мұнай құрамында күкірт қоспасы көп. Жобаны толыққанды игеру үшін, бізге шетелдік технологиялар қажет. Оның үстіне бұл кенішті өз бетімізше игеру геосаяси тәуекелдерге алып келеді.
– Америкалық инвестициялар бізге тек мұнай өндіру және бюджет кірісін толықтыру тұрғысынан ғана қажет емес. Қазақстанға өзінің көпвекторлы саясаты мен геосаяси икемділігін сақтап, Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру үшін де америкалық инвестициялар керек. Өйткені америкалық инвестициялар болмаса, Қазақстан Ресей мен Қытайдың қысымы күшейгенін өте тез сезінеді, – дейді Асқар Исмаилов.
Нұрлан Жұмағұлов мұнайды өндіру жеткіліксіз екенін, оны сатып алушыларға жеткізу де қажет екенін еске салды. Бұл бағытта Қазақстанның КҚК-дан басқа айтарлықтай баламасы жоқ.
– 2022 жылғы ақпандағы оқиғалардан кейін жағдай өзгере бастағанда, АҚШ не істеді? АҚШ Қаржы министрлігі КҚК санкцияға ілінбейтінін және оған санкциялар қолданылмайтынын көрсететін арнайы қаулы шығарды. Құбыр Ресей аумағы арқылы өтеді, онда «Лукойл» мен «Транснефть» компанияларының да қатысуы бар. Бірақ біз қазір америкалықтарды қуып жіберсек, бәрі жақсы болатынына кім кепіл? – дейді ол.
Сондықтан сарапшылардың айтуынша, Теңіз жөніндегі келісімді қайта қарау мәселесі өте күрделі. Олардың пікірінше, әзірге БАҚ-та жарияланып жатқан барлық сандар қоғамның пікірін «байқап көруге» және шенеуніктердің реакциясын бағалауға жасалған әрекетке көбірек ұқсайды.
– Меніңше, келіссөздер қандай параметрлер аясында жүргізілетінін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Майямидегі G20 саммитіне сапарының қорытындысынан кейін білеміз. Мұндай маңызды мәселелерді Мемлекет басшысының өзі талқылауы ықтимал, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Қазір Қазақстан шетелдік мейджорлармен жетілдірілген үлгілік келісімшарттар жасасып жатыр. Олар инвесторларға тұрақтылыққа кепілдік береді, бірқатар қатаң талап қояды. Олардың ішінде тауарлар мен қызметтердің кемінде 70%-ын қазақстандық жеткізушілерден сатып алу, ішкі нарыққа өнім жеткізу міндеттемесі, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (НИОКР) және жергілікті бюджеттерге бағытталған қаражатты бақылау жұмыстары бар. Бөліп айтатын жайт – Қазақстанның кен орнындағы үлесін кемінде 50%-ға дейін арттыру мәселесі келіссөздердің негізгі тақырыбына айналуы тиіс!
Еліміздің кен орындары, соның ішінде Теңіз де – ұлттық ресурс. Олардың ешқайсысы Қазақстан шетелдік серіктестерден сатып алуға тиіс актив емес. Сондықтан бізге қанша пайыз үлес алуға рұқсат берілетіні емес, мемлекет инвесторларға кен орнын әрі қарай игеру құқығын қандай шартпен беруге дайын екеніндігі маңызды. Келіссөздердегі басты мәселе осы!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ «D»