Алтынбекті КІМ АТТЫ?

Осыдан 14 жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың арда азаматы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосын, Василий Журавлев қанды қарақшылардың қолынан мерт болды. Осы қаралы күнді еске алуға арналған «дөңгелек үстел» Алматыдағы «Астана» қонақүйінде өтті. Шараны ұйымдастырған «Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қоры» (төрағасы – мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев). Бұл шараға қоғам және мемлекет қайраткері Балташ Тұрсымбаев, қоғам қайраткері Бахтылы Түменова, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі, қоғам қайраткері Жанболат Мамай және құқыққорғаушылар мен қоғам өкілдері қатысты.

Жиында басты баяндаманы (8–9-бетті қараңыз) Алтыкеннің ағасы, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы мен белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтис жасап (газеттің алдағы номерінде жарияланады), Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов, тарих ғылымдарының докторы Есенғазы Қуандықов және басқалар сөз сөйледі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Алтынбек Сәрсенбайұлының есімін өзі оқыған орта мектепке, Алматы қаласындағы бір көшеге, гуманитарлық жоғары оқу орындарының біріне беру жөнінде билікке ресми ұсыныс жасау жөнінде бастама көтерді. Бұл бастама бұрын да көтеріліп, ел азаматтары қол жинап, құзырлы орындарға жолдаған еді. Жиналған қауым бастаманы бірауыздан қолдады.

Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы:

ЖАУАП БЕРЕТІН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ

Алтынбектің орны ойсырап тұр, ол қазір бізге керек еді, қоғам былығып, быт-шыт, түсінудің өзі қиындап кетті. Алтынбек пен Заманбекті толысып тұрған кезінде жойып жіберді, мақсаттары – шындықты айтқызбау. Қазіргі билік өзінің саясатының халыққа қарсы екенін білді.

Билік шындықты айтатын халықтан өлердей қорықты, Алтынбекті қыршынынан қиып, оққа байлады. Алтынбек аз жылдың ішінде биліктің болмысын, табиғатын жіліктеп тұрып айтып берді.

Бүгінгі болып жатқан оқиғаларға Алтынбектің көзімен қарауымыз керек. Мәселен, бір аптаның алдындағы Қордайдағы жанжалға үкіметтік комиссия барды десіп жатыр. Төбелестің қандай жағдайда болғанын байқадым. Өштескен адамдардың арасында адам өлімі болған. Масаншыда кім тұрғанын білеміз, бірақ теледидарда, не газеттерде «дүңген» деген бір ауыз сөз жоқ, жасырамыз, «бұзақылар» дейді: аспаннан парашюттен бұзақылар түскен сияқты. Қайдан келген бұзақылар екенін ешкім айтпайды, адам төзгісіз әділетсіздік, шыдамның таусылған жағдайы осыған жеткізген.

Дүңген деген қиын халық, жәйіл ұлт. Діні мұсылман болғанымен, тілі мен мінезі – қытай. Қытайдың Ганьсу, Шинхай өлкелерінде 10 миллиондай дүңген тұрады. Осы 10 миллион дүңген 1 миллиард қытайға қырық-елу жылда ғазауат жариялап тұрады. Қытай миллиард екен деп қаймықпайды.

Біздегі халықтар ансамблі дей ме, ассамблея ма еді, ширек ғасырдан бері соларды үкілеп, асырап отырмыз. Ұлттар достығын қолында ұстап отыр деп насихаттаймыз, бірақ дүңген мен қазақ төбелесіп жатқанда, ішінен бір адамы бармапты. Осы түк бітірмеген, септігі жоқ ассамблеяны тарататын уақыт жетті. Оған қаншама шығын жұмсалуда?

Назарбаевты жыл сайын Нобель сыйлығына ұсынатындардың бірі – осы ассамблея. Дүние жүзіндегі дін өкілдерін жинап, құрылтай ашамыз, біріктірмекпіз, татуластырмақпыз дейді. Оны кімдер істеп жатыр? Оны да кешегі атеистер, комсомолдар жасап жүр. Біріккен кім бар? Суннит пен шейтке бөлінетін исламның басы қосылмайды. Олар Қазақстандағы коммунистер айтты екен деп қосыла қала ма? Сондықтан ассамблеяны тарқату керек. Биліктің мойнындағы қылмысты тізе берсең, таусылмайды. Жауап беретін уақыты жетті!

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн