Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНА: Билік Қаңтар оқиғасынан сабақ алған жоқ

Еліміздің тарихына қара әріппен жазылған қанды Қаңтар оқиғасы әлі талай жылдар бойы жұмбақ болып қалатын сыңайы бар. Оқиғаға қатысы бар деген лауазымды тұлғалардың істері құпия түрде өтті. Дегенмен, шындыққа жетеміз деген азаматтарымыз да жоқ емес. Сондай адамдардың бірі, танымал құқыққорғаушы Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНА ханымды әңгімеге тартып, Қаңтар оқиғасына қатысты сөз қозғадық.

– Бақытжан Аманғалиқызы, күні кеше Қаңтар оқиғасына қатысты «Стрелять на поражение» атты кітапты басып шығардыңыз. Осы кітаптың жарық көруіне не түрткі болды, кітапта қандай деректер бар және оны қайдан сатып алуға болады?

– Бұл кітап – Қаңтар оқиғасына қатысты деректерді құжаттау жұмысының нәтижесі. Біз, бір топ құқыққорғаушы, о бастан осы жұмысты қолға алып, оқиғаға қатысқан адамдарды іздеп тауып, олардың протестке не себепті қатысқанын, қандай жарақат алғандарын анықтап, бастан өткерген жағдайларын құжаттандырдық. Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған адамдардың туыстарынан сұхбат алдық. Осы жұмыстың бәрін қоғамға шынайы ақпарат жеткізу және айғақтарды жинау үшін жасадық.

Кітап Қаңтар оқиғасына қатысты баяндамалардың негізінде дайындалды. Сатылымда жоқ. Бар-жоғы 100 данамен шыққан кітапты прокуратура, қала және ҚР Президенті әкімшілігіне, сондай-ақ полиция қызметі басшылығына жолдадық. Нақты айтқанда, бірінші кезекте, Қаңтар оқиғасына қатысты шешім қабылдайтын адамдар осы кітаппен танысып шықса екен дедік. Кітапта құқыққорғаушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар келтірілді. Сол ұсыныстарымыз ескеріледі деген үмітіміз бар.

– Кітаптың атауы Президент Тоқаевқа тікелей қатысты екен. Атап айтқанда, Президенттің қару қолдану туралы бұйрығына. Айтыңызшы, сол жағдайда Президент қатты шараларға бармағанда, Қаңтар оқиғасының артында тұрған күштер, нақты айтқанда, тұңғыш президенттің туыстары жеңіп кетер еді деген пікірге қалай қарайыз?

– Қаңтар оқиғасы кезінде бұрын-соңды көрмеген нәрсені бастан өткердік. Ол – Президенттің қару қолдануға берген бұйрығы және қаза тапқандар саны. Осы екі дүние – сол қанды күндердің басты мәселесі.

Қаңтар оқиғасына тұңғыш президенттің туыстарының қатысы бар деген тұжырым әзірше тек болжам ғана. Бізде тұңғыш президенттің туыстары Қаңтар оқиғасына қатысы бар деген ресми мәлімет жоқ. Бұл жөнінде тек құқық тұрғысынан сөйлеу керек, ал әзірше олай айта алмаймыз.

Ал Президенттің қатаң қадамға баруы, адамдарға оқ ату деген сөз емес. Қатаң қадамды басқаша да жүзеге асыруға болар еді. Адамдарға қару қолданып, оқ жаудыратындай жағдай болған жоқ. Оқтан қаза болған адамдардың көпшілігінің қолында қарулары болмаған. 4 жастағы Айкөркем мен 12 жасар Сұлтан деген балалардан қандай қауіп болды, айтыңызшы! Сот барысында көптеген әскерилердің өздері айтып отыр, әйелдер мен балаларға қарсы қару қолдануға болмайтыны туралы білеміз деп. Соған қарамастан, бейбіт халыққа қарсы ескертусіз қару қолданылды. Адамдарды қырып салды. Біз өз баяндамамызда қару қолдану асығыс және төнген қауіпке сәйкес емес деп келтіріп өттік. Қаза болған 238 адамның 19-ы әскерилер, ал қалғаны жай адамдар. Тараптар шығынын салыстыруға да келмейді. Осы тұрғыда мемлекет адамдардың өмір сүру құқығына кепіл емес екенін көрсетті. Бұндай жағдайда өзге құқықтардың сақталуы жөнінде сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Мемлекет басшысы адамдардың өмір сүру құқығына кепіл болудың орнына, керісінше, өмірлерін қиятын бұйрық берді.

Сотталып жатқан әскерилердің сөздерін тыңдасақ, қару қолданған оқиғалар кезінде көп жағдайда әскерилердің өміріне тікелей қауіп болмаған. Жаппай тәртіпсіздіктерді тоқтатудың қару қолданбайтын талай жолдары бар еді, бірақ мемлекет оны жасамады.

Бастысы – қару қолдану туралы бұйрық берілген кезде бейбіт және қылмыскер арасындағы айырмашылық туралы түсініктеме болған жоқ. Билік осыны жасамағандықтан, көптеген бейбіт адамдардың өмірі қиылды. Бұл – халықаралық құқықтардың принциптеріне қайшы дүниелер.

– Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар халықты неліктен оп-оңай ілестіріп әкетті деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте ұйымдастыру жағы жоғары деңгейде болды. Осы ретте Президенттің оқиғаға алдын ала дайындалғаны туралы пікіріне қосыламын. Оны өз көзімізбен көрдік. Сол күндері бейбіт шеруді күштік қақтығыстарға апаратын саяси технологиялар да жетік қолданылған. Қаланың шет жағында жиналған адамдар қала орталығына бағытталған сайын, олардың саны өсіп отырған. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер кең пайдаланылған. Көп жағдайда қылмыстық әлемнің өкілдері араласқан. Олардың күштік құрылымдардан кураторлары болған деген де болжам бар.

– Күштік құрылымдардың Қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекеттеріне қандай баға берер едіңіз?

– 2022 жылдың 5 қаңтарында 17:00 сағат шамасында еліміздің көптеген қалаларында полиция қызметкерлері алаңдарды босатып, үйлеріне тарқау туралы бұйрық алған. Ол туралы құжаттар қолымызда бар. Күштік құрылым қызметкерлері әдейі аластатылған. Сонымен қатар ұлттық гвардия мен әскери қызметкерлердің көптеп зақым алулары олардың кәсіби дайындық деңгейінің төмендігін көрсетеді. Ашығын айтқанда, біздің құқық қорғау мен әскери күштеріміз шынайы төтенше жағдайға еш дайын емес. Оны бүкіл ел көрді.

– Сіздердің мәліметтерге сәйкес, Қаңтар оқиғасы бойынша неше адам сотталып, қаншасы ақталып шықты?

– Бізде 576 іс құжаттандырылды. Оның 175 ісі қаза болғандарға қатысты. Қалғандары жаппай протестік шараға қатысқандар бойынша. 40 шақты адамға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды. Біздің қазіргі жұмысымыз адамдардың бұзылған құқығын қалпына келтіруге бағытталған.

– Қаңтар оқиғасы бойынша тікелей жұмыс жасаған адам ретіндегі өзіңіздің жалпы ойыңыз қандай және оның артында кім тұрды деп ойлайсыз?

– Не десек те, бірінші кезекте адам құқықтары жаппай бұзылды. Жағдайды ресми жарияланған 238 қаза болған адам санының өзі-ақ айтып тұр емес пе?! Қаза болғандардың ішінде қарттар мен балалар да бар. Оны мемлекеттің өзі де мойындап отыр. Болашақта мұндай трагедияның қайталануына қоғам мен мемлекет болып жол бермеуіміз керек. Қаңтар оқиғасының артында нақты мынау тұрды деп айта алмаймын. Өйткені билік жағдайдың жай-жапсарын толықтай жария еткен жоқ. Мемлекет тергеу мен сотты ашық жүргізгенде ғана оқиғаның қалай болғанын, қалай ұйымдастырылғанын және артында кімдердің тұрғанын білер едік. Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының тергеуі мен соты құпия түрде өткендіктен, болжамдар деңгейінде ешнәрсе айта алмаймын.

– Қаңтар оқиғасына қатысты кінәлілердің барлығы әділ жазасын алды дегенмен келісесіз бе?

– Жоқ. Қаза болған 226 адамның ісі бойынша кінәлілер анықталған жоқ. Қазір тек қаза болған 12 адамға қатысты сот істері жүріп жатыр. Өкінішке орай, 226 адамның өліміне кім кінәлі деген сұраққа мемлекет жауап бермей отыр. Сондықтан әділ жаза туралы айту әлі ерте.

– Қаңтарға дейінгі және қаңтардан кейінгі Тоқаевтың айырмашылығы бар деп ойлайсыз ба?

– Иә, бар. Қаңтарға дейін дипломатиялық білімі бар интеллигенция өкілі біздің мемлекетті адам құқықтары сақталатын, демократиялық құндылықтары биік қоғамға жетелейді деген ойда болдық. Ал Қаңтардан кейін оның бәрі сағымға айналды. Бейбіт халыққа қарсы қару қолдануға бұйрық берген Президентке сұрақтарымыз көп.

– Қаңтар оқиғасынан кейін билік қатты абдырап қалды. Адамдар енді халық билігі үстемдік етеді деген ойда болды. Өкінішке орай, олай болмай шықты. Бас көтерген адамдарды ұстау, қамау, айыппұл салу секілді амалдар қайта күшейе түсті. Бәрі бұрынғы қалпына қайта келді. Азаматтық белсенділіктің төмендігін немен түсіндірер едіңіз?

– Сізбен келісемін. Бәрі бұрынғы қалпына қайта келді. Оның түпкі себебі саяси ойлау, жаппай бақылау, шексіз билік, жемқорлық және азаматтық қоғамды сыйламауда деп ойлаймын.

Бастысы – біздің биліктегілер «не жасасаң да, жауапкерлік арқаламайсың» деген ойды әбден сіңірген. Қаңтар оқиғасынан кейін амнистия жарияланып, оқ атқандарды жауапкершілктен алып кету амалы жасалды. Біздің заңдарымызды мұқият зерттесеңіз, билікті жауапкершіліктен барынша қорғауға бағытталған. Ең өкініштісі – біздің билік Қаңтар оқиғасынан сабақ алған жоқ.

– Азаматтық қоғамымыздың даму жолдарын қалай көресіз?

– Жаңадан бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Үндемей отыруға болмайды. Өз құқықтарыңызды қорғап, мемлекеттің өз халқының алдындағы жауапкершілігі туралы ашық айтудан қорықпау керек. Дамыған азаматтық қоғамға жетелейтін қадамдарды тоқтатпауымыз шарт.

Саяси партиялар құрып, өз азаматтық ұстанымдарымызға берік болуымыз керек. Қайда жүрсек те, жемқорлыққа қарсы тұрып, біз мемлекетке емес, мемлекет бізге жұмыс жасау керектігін есте сақтайық! Сонда ғана мықты азаматтық қоғам бола аламыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Азамат МОЛДАСАНОВ, «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн