ҚАҢТАР: КЕШЕ, БҮГІН…

Қалай басталды?

Қаңтар оқиғасын өткен шақпен айтатын кезге жеттік. Осыдан екі жыл бұрын ғана елді әуреге салған дүрбелең еді. «Уақыт – емші» деген. Қаңтар қасіреті де санамыздан ақырын-ақырын жылыстатып бара жатыр. Дегенмен Қанды қаңтардың қасіреті жанымызды әлі мазалайды. Айдың-күннің аманында жастарымыз не үшін, кім үшін оққа ұшты деген сұраққа жауап іздейміз іштей.

Басынан бастайық. Әуелі Қаңтар оқиғасы қалай басталып еді? Хроникасына тоқталсақ.

1-қаңтар. Жаңаөзен қаласы. Кешкі сағат 17.20. Тұрғындар қала әкімдігінің алдына жинала бастады. Наразылыққа шыққандар сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге бірден қымбаттауына қарсылық білдірді. Президентке видеоүндеу жолдады. 18.00-де наразылыққа шыққандар өз еркімен тарап кетті.

2-қаңтар. Наразылыққа шыққан тұрғындар әкімдік ғимаратының жанындағы жолды жапты. Іле-шала бұл қарсылық Маңғыстаудың өзге өңірлерінде де бой көрсете бастады. Қарақияның Жетібай кенті мен Құрық ауылында наразы жұрт көшеге шықты. Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында да тұрғындар наразылық білдірді. Халықтың талабы – газ бағасын 50 теңгеге түсіру.

3-қаңтар. Жаңаөзендегі наразы халықтың саны үш мыңнан асты. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындармен кездесуге барды. Бірақ халықпен тіл табыса алмады…

Жаңаөзендіктерді қолдау мақсатында осы күні Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Астана қаласында тұрғындар алаңға шыға бастады. Бірден бірнеше қалада жалғасқан наразылыққа полиция араласты. Олар наразыларды ұстай бастады.

4-қаңтар. Наразылық шаралары бірнеше қалаға ұласты. Әсіресе, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда қалаларында ереуілге шыққан халық саны сағат сайын артты. Митингіге шыққандардың алғашқы талабы – жаңаөзендіктерді қолдау болса, кейін наразылыққа шыққандар қымбатшылыққа қарсылық білдірді. Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Алаңға не үшін шыққандарын білмейтіндер де көп болды. Көппен бірге қызық көріп жүргендердің қарасы қалың еді.

Алматының «Алатау» театрының алдына жиналған көпшілік кеш бата сап түзеп, Республика алаңына қарай бет алды. Жол бойы қала тұрғындарын өздеріне қосып алып отырды. Қосылғысы келмегендерді күшпен тартты, сес көрсетті. Бірлі-жарым тұрғындар көпшілікке қарсы шыға алмай, амалсыздан ергендері де болды. Олардың көбі жұмыстарынан шыққандар, базар, дүкен аралап жүрген бейбіт қала тұрғындары болатын.

Республика алаңына жеткенде полиция халықты тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашып, шулы граната қолданды, резеңке оқ атты. Бірақ халық тарай қоймады.

Төртінші қаңтардан бесінші қаңтарға қараған түні алаңға жақын жерде полиция көліктері өртенді. Бейбіт митингінің сипаты өзгере бастады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарға қараған түні Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады.

5-қаңтар. Түске дейін. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Үкіметтің отставкасын қабылдады. Түстен кейін. Алматы. Наразы топтың құрамындағы адамдардың түр-тұлғасы, ереуілдің сипаты қатты өзгеріп кетті. Белгісіз адамдар тобы пайда болды. Атыс басталды. Бір күн бұрынғы наразы халықтың мінезіне мүлде ұқсамайтын, қызуқанды жігіттер әр топтың құрамында бой көрсетті. Олар қарапайым бейбіт тұрғындардың намысын оятатын сөздер айтып, әр жерден бүлікті күшейте бастады.

Әлгі белгісіз бүлікші топтың бастамасымен наразылар Алматы әкімдігін өртеді, ішін тонады. Прократура ғимараты да бүлінді. «Көпте ақыл жоқ» деген рас екен. Көпе-көрнеу бүлікшілердің араласып кеткені көзге көрініп тұрса да, халық солардың соңынан ерді. Бір қызығы, халықты ертіп, отқа айдап жүрген сол бүлікшілер әр жер, әр жерден бой көрсетіп отырды, арнайы дайындықтан өткендері сол әрекеттерінен байқалып тұрды. Қолдарына рация ұстаған координаторлар алаңда бұйрық беріп, топтарды керек бағытқа бұрып, басқарып отырды. Белектеріне ақ белгі байлаған адамдар қарапайым халықты ертіп, тұрғындарды отқа айдады.

Белгісіз адамдар Республика алаңындағы телеарна ғимаратына басып кіріп, тонап, өртеді. Олардың бұл әрекетіне қарсы болғандардың өзіне қауіп төндірді. Біз айтып отырған бастамашыл топтың бәрі – діни радикалдар еді.

Алматы тұрғыны Гауһар Нұрсейітқызы әуелде наразылармен бірге көшеге шыққан, билікке өз талабын жеткізу үшін Республика алаңына дейін барған. Алайда бесінші қаңтар күні түстен кейін наразылық шараның сипаты өзгере бастағанын бірден сезіпті.

«Төртінші қаңтар жұмыста болдым. Бесінші қаңтар наразылармен бірге алаңға бардым. Түске дейін бәрі бейбіт, сауатты адамдар болды. Митингіге шыққандардың көбі жүзтаныс, үнемі Алматыдағы бейбіт жиындарға шығып жүретін белгілі адамдар мен қарапайым қала тұрғындары болатын. Арандатушылар түске қарай араласты. Халықтың арасында сақалды, киімі мен тұр-тұлғасы бөтен адамдар пайда болды. Олар өте қызуқанды көрінді, ешкімді тыңдамайды, айғайлап сөйлейді, ешкімді сөйлетпейді, халықты тыныштыққа шақырған үлкен қариялардың өзіне дүрсе қоя берді. Үлкенді де, әйелдерді де сыйламайтын, тыңдамайтын бүлікшілер. Бірдеме десең, қол көтеруге дайын. Сосын, бәрі бір-бірін қолдап, бір біріне арқаланып отырды. Мықты дайындықтан өткендерін бірден байқауға болар еді. Мен соны байқадым да, мұның соңы дұрыс болмайтынын бірден сездім. Әкімдік ғимаратын өртегенде, телеарнаны тонағанда бүлікшілердің жатпиғылды, ешнәрседен қаймықпайтын радикалдар екеніне бірден көз жетті. Ары қарай, ондай бүлікшілердің арандатуына түсіп қалмайын деп үйіме қайттым. Республика алаңының айналасындағы барлық көшелерде арандатушы діни радикалдар жұмыс жасады, бәрін өз көзіммен көрдім» дейді куәгер.

Бесінші қаңтар бүкіл Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды.

Талдықорғанда да жағдай күрделілене бастады. Наразылар Назарбаевтың ескерткішін құлатты. Республикалық телеарнадан тікелей эфирде мәлімдеме жасаған Қазақстан Президенті елден кетпейтінін мәлімдеді. Ол Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алатынын жариялады. Күштік құрылым өкілдері қаза тапты. Дәл осы уақытта Шымкент пен Таразда, Ақтөбеде де жағдай қатты ушықты. Қазақстанның барлық өңірінде бір күнде, бір сәтте оқиға бірдей сипатта өрбіп отырды. Ереуілдің сценарийі бірдей болды. Осының өзі оқиғаның арнайы ұйымдастырылғанын көретеді.

Бесінші қаңтар кешке қарай арандатушылардың бастамасымен наразылар Алматы әуежайын басып алды. Сол жерде атыс болды: күштік құрылымдардан да, наразылардан оққа ұшқандар кездесті. Әуежайды басып алуға барғандардың көбі өз әрекеттерін түсіндіріп бере алмады. Әуежайды басып алуға барғандардың ішінде отыз жастағы Алматы тұрғыны Нұрлыбек те болған (өз өтініші бойынша фамилиясын құпия қалдырдық).

«Бізді рация ұстаған бір адам басқарып отырды. Алаңнан дайын көлікке отырғызды. Әуежайды басып аламыз, ешкім ұшып келе алмайды, бәрін бақылауда ұстаймыз, бізге басқа билік керек» деді. Жастардың көбі сол сөзге тоқтады. Әуежайға барғанда бастамашыл топ өте дөрекі әрекет жасады. Банкоматтарды тонады, жолындағының бәрін өртеді, қиратты. Осының бәрін көргеннен кейін, көңілім қалды, бойымды қорқыныш биледі. Бір кезде атыс басталып кетті, амалсыз бас сауғалап қашуға тура келді. Құдай сақтап, оқтан аман қалдым» дейді. Кейін белгілі болғанындай, осы күндері бизнес пен экономикаға келтірілген зиян көлемі 3 миллиард долларға жеткен.

6-қаңтар. Алматы мен Талдықорғанда бірнеше ғимарат өртенді, тоналды. Бүкіл елде интернет өшірілді. Осы күні Алматыда «Дикий Арман» лақап атымен белгілі Жұмагелдиев пайда болды. Қаңтарға дейін іздеуде болып, шетелде тұрып келген Жұмагелдиев шекарадан қалай кедергісіз өткен? Оған қандай міндеттер жүктелді?

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың орталық бақылу комиссиясында өткен брифингте сөйлеген сөзінде «Дикий Арманның» қаңтардағы міндеттері туралы жеткізді.

Оның айтуынша, 6 қаңтарда «Дикий Арманның» қылмыстық тобына оқиға қатысушыларының бірі Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйіне келген қылмыскерлерге «Glock» жəне «Макаров» маркалы тапанша таратып, оларға нұсқау жасап отырған. «Олар өздерінің серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, жоспарланған рөлдерін анықтайды. Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы жəне 200 мың теңге ақша берілді», – дейді.

Шалабаевтың айтуынша, «Дикий Арман» серіктестеріне суық қару, дубинка мен басқа заттар тапсырып, өз адамдарын тану үшін әрқайсысының жеңіне ақ мата тағып берген. «Аталған қарулы қылмыскерлер тобы қаланың əртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, «Ritz Carlton» жəне «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстаған. Кейіннен жəбірленушілерді қала шетіне шығарып, қылмыскерлердің қарулы күзеті қойылып, контейнерге қамалған» дейді. «Дикий Арманның» тұтқынында болған Бекболат Исабеков қарапайым таксист болған, нәпақасын содан тауып жүргенін айтады.

Исабеков Достық көшесімен төмен қарай түсіп келе жатып, «Қазақстан» қонақ үйінің жанынан қолына ақ мата байлап алған адамдарды көреді. Тоқтайды, сол сәтте оның көлігіне ірі денелі бірнеше ер адам жетіп келген. Өздерін «тонаушылардың жолын кесіп, қалада тәртіп орнатып жүрміз» деп таныстырып, Исабековке қонақүйдің ішіне жүр дейді. Ол келіседі.

– Мені Жұмагелдиевтің алдына апарды. Екеуміз амандастық. Оған: «Қаладағы ұрлық пен бассыздықты тоқтатып жатқандарың дұрыс болыпты», – дедім. Ол «Мына ақ таңғышты қолыңа байла да, бізге қосыл», – деді. Сол кездегі қателігім – таңғышты тағуға келіспегенім болды. Тұрдым да, бұрылып кетіп қалдым. Бірінші есіктен шықтым. Осы кезде арт жағымнан «Ананы ұстаңдар! Таксисті бері алып келіңдер!» деген дауыс естідім.

Таксисті ұстап, қайтадан Жұмагелдиевтің алдына апарған. Осы кезде «Дикий Арман» оған қару кезеніп, қорқыта бастайды. Осы сәт бақылау камерасына да жазылып қалған.

– Ол маған «Кімнің адамысың? Мойында, әйтпесе атып тастаймын!» – деді. «Ешкімнің адамы емеспін» деп жауап бердім. Ол адамдарына көзімен ымдап еді, олар мені жұдырықпен, таяқпен ұрып, тебе бастады. Содан соң залдың түкпіріне алып барды. Арман Жұмагелдиев жағамнан ұстап тұрды да, қазір оның адамдары мені жертөлеге апарып, басымды салбыратып іліп қойып, атып тастайтынын айтты. «Мынаның аяғын сындырыңдар» деген бұйрық берді. Сосын аяғымнан ұра бастаған кезде, жаным көзіме көрініп, айқайладым. Біреуі мачетеге ұқсайтын темір бірдеңемен сүйегіме дейін тіліп жібергенде, қан сау ете түсті, – дейді…

«Дикий Арманға» Қаңтарда жүктелген міндет – Көктөбедегі телемұнара мен әуежайды басып алу. Ол осы міндетін атқару үшін қызмет еткен. Бірақ ісін аяғына жеткізе алмады.

Бүлікшілер Алматыда полиция департаменттеріне шабуыл жасады, қару-жарақ дүкендерін тонады. Осы күндері 3 мыңнан аса атыс қаруы ұрланған, оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет бар. Талдықорғанда СИЗО-ға шабуыл жасап, сотталғандарды босатпақ болды. Тараз бен Шымкент қаласында да іс қатты ушықты.. Осының бәрі қаңтардың әуелде бейбіт жиын болғанымен, кейін арнайы ұйымдастырылған мемлекеттік төңкеріс екенін көрсетеді.

Полицейлер халықты және өздерін қорғау үшін оқ атуға мәжбүр болды. Себебі осы уақытта полицияның 3400 қызметкері жарақаттанып, 19 қызметкер оққа ұшқан болатын. Сондықтан қару қолданды. Қазақстанға ҰҚШҰ әскерилері уақытша кіргізілді.

Қаңтар оқиғасы қалай аяқталды?

7-қаңтар. Президенттің жетекшілігімен елде конституциялық тәртіп орнады, күштік құрылымдар мемлекеттік ғимараттар мен әкімдіктерге бақылау орнатқанын хабарлады.

Қаңтар ісіне қатысты сот пен тергеулер дәлелдегендей, бұл оқиға мемлекеттік төңкеріске әрекет екені анықталды. Бұл туралы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та биыл жазған өзінің кітабында «Қаңтар – билік үшін күрес» деп баға берген. Сонда бұл кімдердің күресі? Әрине, ескі Қазақстанның күресі. Қаңтар ісі үшін сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтың тұтқындалуы, орынбасарларының сотталуы – қаңтардың билік үшін күрес, мемлекеттік төңкеріс екенінің айқын айғағы.

Президент Тоқаев Қаңтар туралы берген сұхбатында былай дейді: «Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты – ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның ірегсін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді». Айдың-күннің аманында шағын топтың салған лаңынан Қазақстан өз тәуелсіздігінен айырылып қала жаздады. Бұл Қазақстан халқы үшін үлкен сабақ болуға тиіс. Қаңтар оқиғасынан кейінгі екі жыл бізге тәуелсіздіктен қадірлі құндылықтың жоқтығын түсіндірді. Мемлекетке сатқындық жасаудың ешқашан кешірілмейтінін көрсетті. Тәуелсіздікті қорғау әрбір қазақстандықтың парызы екенін, оған ешкім немкетті қарамау керек екенін дәлелдеді. Кез келген ауқымды наразылықтың артында әлдебір саяси топтардың тұратынын көрсетті. Сондықтан елдігімізді сақтау биліктің ғана емес, әрбір Қазақстан азаматының міндеті деген қағида әрдайым басшылыққа алынуы қажет.

Айсұлу ОСПАН,

«D».

04 қаңтар 2024 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн