ҚАНША АДАМ ҚАЗА БОЛДЫ?

  • Қазақстанда қаңтардың басында болған дүрбелеңнен кейін жағдай тұрақтала бастағанымен, жұртты мазалайтын сұрақтар бар. Қанша адам қаза тапты? Қанша адам қамауда отыр? Неше қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр? «Азаттық» жұрт көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі ресми органдар хабарлаған негізгі деректер (26 қаңтарға дейінгі мәлімет):

  • 227 адам қаза болды;
  • 4578 адам зардап шекті;
  • 2044 қылмыстық іс қозғалып, 898 күдікті ұсталған;
  • 9257 әкімшілік іс қозғалып, 63 адам қамауда отыр;
  • Билік өкілдерінің қысымы мен азаптауына байланысты 109 шағым түскен;
  • 1466 ғимарат, 700 көлік қираған.

Кемі 227 адам қаза тапты. Қазір қолымызда 15 қаңтарда және 18 қаңтарда жарияланған ресми дерек қана бар. Билік қаңтар дүрбелеңінен он күндей өткен соң, «тәртіпсіздіктен 225 адам қаза болғанын» мәлімдеді. Марқұмдардың арасында 19 полицей мен әскери бар. Қаза тапқандардың 149-ы – Алматы қаласынан.

18 қаңтарда денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, жансақтау бөліміне түскен екі адам көз жұмғанын хабарлады. Дәл қазір қаңтар дүрбелеңінен, ресми дерек бойынша, 227 адам қаза болғаны белгілі (қаңтарда қаза тапқандардың атын-жөнін анықтап жатқан қоғамдық топтың жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның деректері бойынша, өлгендер саны бұдан да көп – «Д»). Қаза тапқандар жөнінде 18 қаңтардан кейін басқа статистика жарияланған жоқ. Билік қаңтар оқиғасында 227 адам мерт болғанын айтқанымен, олардың тізімін жарияламай отыр. Осыдан соң азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер мен құқық қорғаушылар марқұмдардың тізімін туыстарының және куәгерлердің көмегімен өз бетінше жинай бастаған. Қаза болғандар арасында алматылық екі бала бар.

ЖАРАЛЫЛАР ҚАНША?

Бас прокуратураның 15 қаңтардағы мәліметі бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 4578 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4353 адам жараланған. Билік органы статистикасында зардап шеккендердің 3393-і полиция мен күштік құрылым қызметкерлері екені айтылады. Қазір елде зардап шеккендер жайлы тек осы ресми дерек қана бар. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендер арасында оқ тигендер, таяқ жегендер барын мәлімдеген.

ҚАНША АДАМ ҚАМАУДА ОТЫР?

Бас прокуратураның 25 қаңтардағы мәліметінше, 2044 қылмыстық іс бойынша 802 күдікті қамауда отыр. Әкімшілік іс бойынша 63 адам қамалған. Енді қылмыстық және әкімшілік істердің ара-жігін ажыратайық.

25 қаңтардағы дерек бойынша, дүрбелеңге байланысты 2044 қылмыстық іс қозғалып, 898 күдікті ұсталған. Соның ішінде 802 адам қамауда отыр. Қалғаны үйқамақта немесе кепілмен босатылған. Қылмыстық істердің дені «адам өлтіру», «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік», «ұрлық», «қаруды заңсыз сақтау», «бұзақылық», «тонау» баптарымен қозғалған.

Бас прокуратураның 25 қаңтардағы дерегінше, қаңтар оқиғасына байланысты 9257 әкімшілік іс қозғалған. Прокуратура бұл істердің көбінде айыпталғандарға жаза қолданбағанын, 4500 мың адамның қамаудан босатылғанын, 63 адам ғана абақтыда отырғанын айтады.

«4584 адамға ескерту жасалды. 577 адамның айыппұлы ескерту шарасына ауыстырылды» деді Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов 25 қаңтардағы брифингте.

Прокуратура өкілдері 25 қаңтардағы брифингте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдетіңдер» деген тапсырмасының қалай орындалып жатқаны жайлы есеп берген тұста Алматыда қамауда отырған оннан аса адамның бостандыққа шыққаны белгілі болды.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде ұсталғандарға қысым жасалып жатыр деген хабар көбейген кезде президент Тоқаев 14 қаңтарда Бас прокуратураға «жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, ұсталғандардың жазасын жеңілдетуді» тапсырған еді.

АБАҚТЫДА «АЗАПТАУ» БОЛДЫ МА?

Елде қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталып, изоляторға қамалғандар мен олардың туыс-жақыны, құқық қорғаушылар күдікті ретінде ұсталған азаматтарға полиция, тергеушілер қысым жасап, азаптап, айыпты мойнына алуы үшін қинап жатыр деп шағымданған еді. Бұдан бөлек, қаңтардағы оқиғалар кезінде жараланғандарды ауруханада ауырып жатқанына қарамастан тергеуге әкеткені жайлы шағымдар айтылған.

25 қаңтардағы брифингте Бас прокуратура өкілі Қилымжанов орган өкілдерінің қызметіне байланысты 109 шағымтүскенін, 21 қылмыстық іс қозғалғанын, 43 арыз тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Прокурор 22 шағым расталмағанын айтады.

ҚАНША ҒИМАРАТ/КӨЛІК БҮЛІНДІ?

ІІМ мәліметінше, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда қаңтар оқиғалары кезінде 1466 нысан бүлінген. Оның ішінде – 71 мемлекеттік мекеме (12 әкімдік ғимараты, 27 полиция бөлімшесі) және 1395 бизнес нысаны зақымданған.

700 көлік бүлінген я толық қираған. Бүлінген көліктердің ішінде 116 жеке авто, 500-ден астамы жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру көліктері және қызмет мәшинелері.

ІІМ қаңтар оқиғасы кезінде аңшы қаруы сатылатын жеті дүкенге шабуыл жасалып, 1564 қару ұрланған деп хабарлады. Бас прокуратура қару-жарақты өз еркімен өткізген азаматтар, егер олар басқа қылмыстық іс бойынша күдікке ілінбесе, жауапкершіліктен босатылады деп мәлімдеді.

Бұл деректер алдағы уақытта әлі де өзгеруі мүмкін. «Азаттық» өзіне түскен ақпараттар негізінде мәліметтерді уақтылы жаңартып отырмақ. Ал қаңтардың басында елдегі оқиғалардың хронологиясын төмендегі мақаладан оқып, таныса аласыз.

Azattyq.org

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Жазықсыздарды АЗАПТАҒАНДАР жазалануы тиіс!

Жаңаөзенде басталып, жалпы елді қамтыған бейбіт ереуілде халық ел қамы үшін шықты. Кейін Алматыдан бастап, көп қалаларда бейбіт шерушілерге күмәнді топтар қосылып кетіп, арты қанды бүлікке айналды.

Ал енді ереуілге шыққандары үшін ғана жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы көптеген нақты мәліметтер мен видеолар келуде. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылуда. Арасында осындай түрмеде азаптаулардан өліп кеткендер туралы да ақпараттар бар! 

Өткенде жазғанымыздай, біздің «шаш ал десе, бас алатын» полицейлер ереуілшілерді заң бұзбауға шақырған заңгер, әділдік үшін күрескен әйгілі сот істерімен белгілі адвокат Абзал Құспанның өзін де бес күн отырғызып қойған соң, қарапайым халықты қалағанынша түрмеге тоғытқаны анық болып тұр…

Тіпті олардың ішінде митингіге қатыспай-ақ, ауруханада өз жарақатымен жатқандарды тұтқындап алып кетіп, түрмеде азаптау қандай заңға, қандай адамдыққа жатады? 

Мысалы, бізге келген видео-мәліметте шалғайдағы Шардарадан Алматыға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түрікпенбай қаңтардың 5-і күні түстен кейін Төле би – Байтұрсынұлы көшелеріндегі поликлиникада дәрігерге қаралып, анализдерін алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді. Қансырап жатқан ол № 12 ауруханаға жеткізіледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен қаңтардың 8-і күні түрмеге алып кеткен. «Алаңда болдым деп мойында» деп, ұрып-соққан. «Ешқандай митингіге қатыспаған, ауруханада жатқан менің балам СИ-18 түрмесінде неге жатыр?» – деп, көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасының видеосын көргенде, шыдап тұра алу мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып, адвокат жалдап, Алматыда жүр енді…

Қан ішкендер құтылып, қарап жүргендер тұтылмауы тиіс! Тек қылмыс жасағандар ғана жазасын алуы қажет! Нағыз содырларға тосқауыл қою қолдарынан келмеген құқық қорғау органдары енді жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатқаны жанымызды ауыртуда.

Көшеде көлденең содырлардың сойылын жеп, қаңғыған оқтан жарақаттанған жазықсыз жандарды полицияның азаптауы да шұғыл тоқтатылуы тиіс! Ереуіл күндері көшелерде болған қанды қырғын енді түрмелерге ауысқаны не масқара!

Қылмысты жасаған полицейлер қатаң жазаларын алуы керек!

Бұлардың бәрі елдің қатты ашу-ызасын туғызуда! Бұндай қылмыстар нағыз арандату, мемлекетке, Президенттің саясатына қарсы қасақана жасалып жатқан қарекеттер деп қабылдаймыз! 

Өйткені ел ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ереуілге шыққандарға жала жабылып, жазықсыз жазаланбауын, әрбір істің әділ қаралуын, тіпті айтарлықтай қылмысы жоқтардың жазаларын жеңілдету керек деген талабына қарама-қарсы жасалып жатқан қарекеттерге куә болуда. Ереуілден кейін елде болып жатқан мұндай адам құқын аяққа таптау фактілері туралы Бас прокуратураның өзі де мәлімдеді. 

Бұндай бассыздыққа Бас прокуратурадан бастап, мемлекеттік қадағалаумен бірге қоғамдық бақылаулар орнату керек! Бұл бағытта Абзал Құспан бастаған адвокаттар комиссиясын және қоғамдық бақылауларды қолдауымыз қажет!

Халықтық бақылау ғана заңсыздықтың жолын кеседі. Парламентте де комиссия құрылып, адам құқы бұзылуы қатаң бақылауға алынуы тиіс!

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн