Ділмарсыған Ділманов КІМГЕ ДОҚ КӨРСЕТТІ?

  • Мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен екі этникалық қазақты Қытайға береміз, деп мәлімдеді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – ҚР ҰҚК шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов.

«Ал мақұлданған құжат статусы бар қолдағы келісім бойынша сот, сондай-ақ барлық қылмыстық жауапкершілік аяқталысымен, біз аталмыш азаматтарды Қытайға ма, әлде басқа мемлекет пе – келген елдеріне береміз. Яғни, бұл жағдайда біз шекара өкілдері қызметінің желісі бойынша, ҚХР-ға қайтарамыз. Ол жақта сәйкесінше көрші мемлекеттің әрекетіне байланысты. Сондықтан олардың осында қалуға мүмкіндіктері жоқ, тіпті олар осында жүрсе де», – деді Ділманов ҰҚК баспасөз қызметіндегі сұхбатында.

Ол этникалық қазақтардың Қазақстанда заңсыз жүруіне «мүлдем мүмкіндіктері» жоғын атап өтті. «Жоқ, бірауыздан олай (осы жерге заңдастыру) болмайды. Біз әрекет етеміз және өте қатал әрекет етеміз», – деп мәлімдеді ҰҚК төрағасының орынбасары.

«…Мен шекараны заңсыз бұзып, Қазақстан Республикасы аумағында түк болмағандай жүре береміз деп ойлайтындарға мынаны айтқым келеді. Біріншіден, олардың жұмысқа орналасуда қиындықтары болады. Екіншіден, медициналық қамту, қандай да білім алу, жеңілдік алу, басқа да бағыттар. Бәрібір ерте ме, кеш пе, кімнің, қашан заңсыз келгенін және не үшін келгенін анықтаймыз. Біз олар ерте ме, кеш пе табылады деп батыл мәлімдейміз. Олар тиісінше қылмыстық жауапқа тартылады», – депті Ділманов.

Ділмановтың ділмарлығы Қазақстан билігінің Қытайға қатысты «жалпақшешей» саясатына байланысты екендігі даусыз. Бірақ қытай қазақтары «бергі бетке» еріккеннен қашып келіп жатпағаны ділмановтардың доғал діңіне сіңбегені өкінішті-ақ жәйт. Әйтпесе былқылдақ билікке емес, қалжыраған қазағына қызмет етуі тиіс генералдың «олар ерте ме, кеш пе табылады» деп доқ көрсетуі азамат айтатын сөз бе еді?

«ДАТ-ақпарат»

Бет қатталып жатқанда

  • ҰҚК шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов “шекараны заңсыз кесіп өтті” деп айыпталған этникалық қазаққа байланысты жуырда айтқан сөзіне түсініктеме берді. Оның сөзінше, “шекараны заңсыз кесіп өтті” деп айыпталған этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер ӘлімұлынҚытайға қайтарылады деп, бұған дейінгі мәлімдемесін қоғам «дұрыс түсінбеген екен. «Мені дұрыс түсінбеді. Мен бұл екі азаматқа қатысты сот шешім шығаруы тиіс, сот қалай шешсе, солай болады деп айтқанмын», – депті кеше Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Дархан Ділманов.

Бұл екі арада

НЬЮ-ЙОРКТА Қытайға қарсы МИТИНГ ӨТТІ

  • Бүгінгі таңда әлемнің түпкір-түпкірінде Қытайдың аз ұлттарға қатысты жүргізіп отырған саясатына қарсы шерулер кең етек жайып барады. Сондай наразылық шерулердің бірі күні кеше АмерикаДА – Нью-Йорк қаласының дәл ортасында өтті. Сол шерудің бейнежазбасы әлеуметтік желілерге таралуда. Наразылық шарасына қатысушылардың бірі – қазақ азаматының шеруге қатысты бөліскен пікірін оқырман назарына қаз-қалпында ұсынамыз.

«Құрметті отандастар! Бүгін Нью-Йорктың дәл ортасында Қытайдың аз ұлттарға қатысты жүргізіп отырған саясатына қарсылығымызды білдіріп, бейбіт шеру өткізіп жатырмыз. Тибет, Қазақстан, Вьетнам, Шығыс Түркістан, Тайвань, Гонконг – бәрі де Қытайға қарсы шығып жатыр. Осы шеруді ұйымдастырушылардың арасында Америкадағы біздің «Еркін Қазақстан» деген саяси оппозициялық ұйымымыз бар. Полиция бізге тиісіп жатқан жоқ.

Біз де диктатор Назарбаевқа қарсылығымызды білдірдік. Біз Жаңаөзенді ұмытпаймыз! Жүзге жуық адамды қырды. Барлық белсенді азаматтарды түрмеге отырғызды. Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек секілді қазақтың белсенді азаматтары қамауда отыр. Назарбаевтың беті (карикатурасы – Ред.) бүгін Нью-Йорктың дәл ортасында. Барлық америкалықтар диктатор Назарбаевтың қылмыстарын білсін… Оның қазақ халқына жасаған қылмыстарын ағылшын тілінде америкалықтарға таратып жатырмыз. Құдай қаласа, АҚШ диктатор Назарбаевқа қарсы санкциялар қолданатын болады.

Біздің екі бауырымыз Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қазақстанның сатқын билігі Қытайға қайтарып бермекші. Өйткені диктатор Назарбаев халқының мүддесін Қытайға сатты!»

«D»

ҮШ ЛАУРЕАТ неге тізімде жоқ?

 Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР экс-президенті Н.Назарбаевтың мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.

ҚП президентінің өкімі бойынша, бұл стипендия жалпы жиыны 75 адамға тағайындалған екен. Оның 29-ы – ақын-жазушылар. Бұл тізімге ілінген ірілерге айтар алабөтен сөз жоқ – шетінен Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік ордендер иегерлері. Елге еселі еңбегі сіңген танымал тұлғалар, даңқты дарындар.

Бірақ осы 29 ақын-жазушының арасында Темірхан Медетбек, Дулат Исабеков және Бексұлтан Нұржекеұлы жоқ. Бұл санатта былтыр да болмаған бұл үшеуі де Мемлекеттік сыйлық пен бірнеше мемлекеттік орденнің иегері еді. Басқадай алған атақ-дәрежелері – бірнеше төбе. Бұлар елге 29-дан кем еңбек етті деп айтуға ауыз бармайды.

Ендеше стипендия бұйырған бұл тізімде Темірхан ақын, жазушылар – Дулат пен Бексұлтан неге жоқ? Былтырғысы – былтырғы дейік: бұлар Назарбаевты жер-көкке сыйғызбай насихаттау науқанында «көштен қалып», оны пайғамбарға теңеу, Құдайдың қасына «апарып қою» жарысында «жаңылған» шығар. Ал биылғы «алапестік ауруды» қалай түсінуге болады: стипендия тағайындау жөніндегі өкімге президент Тоқаев қол қойған жоқ па еді? Әлде ресми атауы «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясы» деп аталатын шүлен таратуға конституциялық президент қол қойып, рәсімдеуші ғана болғаны ма?

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн