Жанболат балама ҚОЛ ЖИНАЙМЫН!

Елде әне-міне демократия орнайды деп жүргенімізде 75-ке де келіп қалыппыз. Қазақстанды демократияның елесі кезгенмен, өзінің орнайтын түрі жоқ. Бір төбенің басын шыр айналып, халықтың мұңын жоқтайтын пролетариат диктатурасының орнына атауы «нұр»-мен басталатын диктатураны орнатысқанымызды білмей де қалдық. Енді келіп, бәріміз де сол нұр шашыраған «сәулелерге» байланып, тыпыр етуге әліміз келмей қалды.

Дегенмен де, қараңғылықтан жарық іздеп, бастарын қатерге тіккен демократ азаматтарымыз да бар. Соның бірі, әрі жас болса да ірісі – Жанболат баламыз /Мамай/ деп есептеймін. Оның демократиялық партия құрамын деп, жанын шүперекке түйіп жүргенінің өзі неге тұрады?!

Бұл азаматты сонау «бала» кезінен байқап жүрміз. Алған бетінен айныған күнін көрген жоқпыз. Ендігі үміт – дәл осы Жанболатта және оның айналасында жиналған патриот азаматтарда. Қолдан келсе, оған жәрдем беріп, түймедей кемшілігін түйедей етіп көрсете бермей, жолын ашуға қол ұшын созуымыз керек.

Айта берсең сөз көп. Тұяғы бүтін тұлпарды, қанаты бүтін сұңқарды көргендеріңіз бар ма? Мен көрмедім. Әйтеуір білгішсініп, сызбайланғаннан, көкірек қаққаннан ешнәрсе шықпайды. «Бапи жаман», «Қуаныш жаман», «Мамай жаман» – сонда кім жақсы?! Осылайша және тағы 30 жыл бір-бірімізді жамандап, бір-бірімізді жағадан алып, сын айтып, мін тағып, жүре береміз бе?

Енді міне босқа сандалмай, нақты іске кірісетін сәт келді. Жанболат ашатын партия сізге ұнамайды ма, онда басқасына өтіп ал. Бірақ жөні түзу басқа партия және жоқ. Мәселе – алдымен «нұрланған» диктатураны құлатуда болып тұр.

«Нұротандықтар» 30 жылда бір ғасырдың жолын жүріп өттік деп жүр-ау. «Елу жылда – ел жаңа» деген бар. Енді орындарын өз еріктерімен демократтарға босататын уақыт жетті.

Қайсы бір жылы Мұхтар Шаханов елге келіп, «Халық рухы» партиясын құрамын дегенде, айналдырған жеті күнде 700 қол жинап бергенбіз. Енді біз Мамайдың партиясына да жеткілікті қол жинаймыз, оның бастауыш ұйымын құрамыз.

Өзіме келсем, 1964 жылы Ташкентте қазақ жастар ұйымын құруға атсалысып, тәжірибе жинағаным бар. М.Горбачевтің тұсында көптің қолдауымен «І-хатшы» болып кете жаздағанмын.

30 жылдан бері түк тындырмаса да, өре түрегеліп, сайлауларды бұрмалап, қара халықты тұйыққа тіреп жүргендерден тойған қазығұрттық азаматтар аз емес. Сол жерлестерімнің көмегімен Жанболаттың рухын, оның саяси мәртебесін көтерейік! Ол президент, скипер, әкім, министр боламын деп жүрген жоқ. Елді өзгертейік деп жүр. Соны түсінейік!

Тастанбек БЕРДІҚҰЛ,

Қазығұрт ауданының

Құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн