«ЖАСТАР ЖЫЛЫНАН» ЖАСТАР НЕ КҮТЕДІ?

Президент Н.Назарбаев биылғы Жолдауында келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялайтынын айтқан еді. Осы уақытқа дейін мемлекеттің саясаты мен әлеуметтік қолдауынан тыс қалған жастарға бұл жыл не береді? Жастардың өзі «Жастар жылы» қалай болғанын қалайды? Осы сауалдармен қоғам өкілдері – жастардың өз пікірін білген едік.

Жанболат МАМАЙ –
«Қазақ журналистер клубы»
қоғамдық қорының үйлестірушісі:

– Бірқатар әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне сенсек, жастардың 10 пайызы шетелге көшкісі келеді. Және шет мемлекеттерге қоныс аударғысы келетін жастардың дені көзі ашық, білімі жоғары, парасатты азаматтар. Бұл енді ресми мәлімет. Ал шын ойын білдірмей, шетелге тұрғысы келетінін жасырып қалған жастар қаншама?!

Егер Қазақстанда жастарға жағдай жасалса, тең мүмкіндіктер берілсе, әрине, олар басқа елге кетуге ұмтылмас еді. Жастарға жағдай жасау деген – ол баспана не жұмыс орнын беру ғана емес. Ол әділетті экономикалық бәсекелестікке жол ашу. Кәсіппен айналысқысы келе ме? Айналыссын. Тергеу орындары мазасын алмасын. Барынша салық, әлеуметтік жеңілдіктер жасалсын. Мысалы, шағын және орта кәсіпкерлерді мүлдем салықтан босатсын. Оның орнына олар жұмыс орындарын ашып, жастарды еңбекке шақырып, нарықтық деңгейде жалақысын төлесін. Парақорлықтың мәселесі де күйіп тұр. Қазір пара бермейтін адам бар ма Қазақстанда? Пара алып көрмеген бір шенеунік те жоқ деуге болады. Қай ірі шенеунікті алмасаңыз да, бала-шағасы шетінен – кәсіпкер, миллионер, тіпті миллиардерлері де бар. Осының бәрі ұрлықпен, парамен, жемқорлықпен келді емес пе? Мұндай жағдайды көрген жастар қалайша Қазақстанда тұрғысы келеді?

Егер ашық, тең экономикалық бәсекелестік болса, кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашылса, қазір қаншама жастар шығар еді. Оған күмәнім жоқ. Неге барлық технологиялық жаңалықтар АҚШ-та болып жатыр? Google, Facebook, Amazon немесе «Тесла» сияқты алпауыт компаниялардың барлығы сол елден шықты. Қытайдан, Ресейден шыққан жоқ қой. Себебі АҚШ-та ашық бәсекелестікке жол бар.

Идеяң, халыққа өтімді инновация жасадың ба – жұмыс жасауға толық жол ашылады. Ертең Обаманың немесе Трамптың туыстары сенің жасаған бизнесіңді тартып алады деп ешкім қорықпайды. Ал біздің елде сондай жағдай жасалған ба? Кәсібің дөңгелеп, ісің алға басып, қалталы азаматтардың қатарына қосылған соң-ақ, шен-шекпенділермен табысыңмен бөлісуге тиіссің. Тіпті бөліскен күннің өзінде барыңнан айырылып қалмасыңа кепілдік жоқ.

Бұл жағдай тек кәсіпкерлікте ғана емес, барлық салада бар. Саясатпен, мәдениетпен, ғылым-біліммен, өнермен еркін айналысуға жол ашылып отырған жоқ. Австрияда небәрі 32 жастағы Себастьян Курц канцлер болып сайланды. Оған дейін де жап-жас болса да, талай қызмет атқарды. Себебі білімі, өресі, дарыны бар адамдарға жол ашылған. Ал бізде 30 жастағы азаматтарды билікке жолата ма? Жолатады, егер қазіргі шенеуніктердің баласы, інісі, туысқаны болса. Ал шын талант иелері тамыр-таныстықсыз, не болмаса жағымпаздық бен жалтақтықсыз жолай алмайды. Әділетсіздік пе?

Елдегі білім мен ғылым саласы да жетісіп тұрған жоқ. Парақорлық, жемқорлық дендеп барады.

Осының барлығын өзгерту үшін, елге күрделі саяси реформалар қажет. Оны баяғыдан айтып келе жатырмыз. Жақында Ручир Шарма деген инвестордың «Взлеты и падения государств» деген тамаша еңбегін оқып шықтым. Ол мемлекеттің экономикалық дамуының 10 алғы шартын ұсынады. Соның бірі – биліктің ауысуы. Путин мен Ердоғанның жайына да тоқталады. Олар ең алғашқыда билікке келгенде, шынында, Ресей де, Түркия да экономикалық тоқырауда еді.

Билікте отырған екі мерзімнің ішінде бұл елдердің экономикалық жағдайы көтерілді. Ал екі мерзімнен соң Ресейдің де, Түркияның да экономикасы құлдырауға кетті. Ресей әскери авантюраларға ұрынды, Түркияда деспотиялық режим орнады деуге болады. Сол кітапта АҚШ президенттерінің реформалары да айтылады. Америкада «президенттік екінші мерзімнің қарғысы» деген түсінік бар. Яғни, бір адам екінші рет президенттікке сайланған соң, түрлі сәтсіздіктерге, қателіктерге бой алдырады. Тіпті импичментке ұшырайтындары да болды.

Американың президенттері негізгі, сәтті реформалардың барлығын бірінші мерзімінде жасап шыққан. Демек, биліктің ауысып тұруы, жаңа басшылардың қызметке келуі – сәтті реформалардың алғы шарттарының бірі. Ал билікте тапжылмай, ондаған жыл бойы отырған адамдар елді алға жетелемейді. Ондай елде жастардың да, басқа да азаматтардың болашағы бұлыңғыр болатыны сондықтан.
Жалпы, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау айтарлықтай өзгерістер әкеледі деп күтпеймін. Баяғы бөспе сөз, бір адамның атына айтылатын мадақ пен мақтаудан нәтиже күту – ақымақтық.

Оңғар ҚАБДЕН –
ақын, (Павлодар)

– Тәуелсіздік алғалы, жастар саясаты билік назарынан тыс қалды. Жастар саясаты дегеніміз «Жас Отанның» немесе студенттік альянстардың алаңға елді жинап ап, «Алға, Қазақстан», «Алға, Нұрсұлтан» деген науқаны немесе пиар-акциясы емес. Бұл кезең-кезеңімен іске асырылуы керек бағдарлама. Қазіргі жастардың ең үлкен мәселесі – баспана. Тапқан-таянғанын пәтерақыға төлеп, қала берді несиесін жауып отырған кейінгі буын үшін атқарылар тірліктер шаш-етектен.

Ең бірінші атқарылар тірлік – сол жастардың ертеңгі күнге деген Үміті мен Сенімін ояту. Пәтер де, жұмыс та табылар, өлген сенімді қайтіп тірілтесіз? Қазіргі оқу бітірген, бітіргелі отырған студенттердің көпшілігі Еуропада, Батыста тұруды армандайды. Көбі елден кетіп те жатыр. Мен танитын бірнеше қыз-жігіт Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүр. Қазақстанда болашақ жоқ дейді. Сол үшін біз жастардың ертеңге деген сенімін оятуымыз керек. Жастардың мемлекетшілдік Рухын көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Бізге ең керегі – ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ. Қалғанының бәрі тұрмыстық мәселе.

Ася АСЕТКИНА,
«Аңыз адам» журналының
бөлім редакторы:

– Жалпы, бүгінде еліміздің барлық жүйесі азып, барлық салаларда іріп-шіру, рухани мешелдену басым болып барады. Жасыратын ештеңесі жоқ, Қазақстанның ертеңгі жарқын болашағы деп үміт күтетін бүгінгі жастарымыздың жұмыссыздық салдарынан, жағдайының келмей үйленбей жүріп алып, елде бойдақтардың санын күрт көбейтуі, тіпті олардың маскүнемдікке, есірткіге, әртүрлі діни ағымдарға да әуес болып кетуі – өзекті мәселелердің бірі болғаны рас.

Жастардың арасындағы жұмыссыздық, олардың әртүрлі діни секталарға кіруі, экстремизмнің күшеюі, 500-дей қазақ жастарының Сирияда жүруі, т.б. – осылардың барлығы бүгінгі күннің үлкен қасіреті. Қазақстан әлемдегі ең көпдінді және де ұлттық, ұлтаралық бірлігі нашар, мемлекеттік идеологиясы өте нашар қалыптасқан ел екені бәрімізге аян. Үкімет пен әкімдердің жастар мәселесіне тиісті көңіл бөлмей, елде жүйелі жастар саясатының болмауы – ол бұл елдің болашағының бұлыңғырлығын көрсетеді.

2017 жылы елден 36 мың адам кетсе, соның 80% мұғалім, дәрігер, инженер, яғни кәсіби жақсы мамандар екен. Солтүстік облыстарда мектепті жақсы бітіргендердің 75–80% шетелге оқуға кетіп, сонда қалуда. Астана, Алматы, т.б. қалалардағы жастардың 55–65% баспанасыз, 30–40% жұмыссыз, 20–25% базарда арба сүйрету, аялдамаларды күзету, т.б. уақытша арзанқол жұмыспен күн көруде.

Сондықтан жастардың көпшілігі уақытылы отбасын құра алмайды, құрғандарының өздерінің 40–50% ажырасып жатыр. Бұндай азғындық қазақ тарихында тіпті соғыс пен аштық жылдарында болмаған. Демографиялық өсу де ақсап қалды. Біз 1991 жылы 17 млн болсақ, өзбек халқы 13 млн-ға (54%) өсіп, 21-ден 33 млн-ға жетті. Осыған дейін елімізде жастарды қолдау мақсатында билік тарапынан ешқандай да әрекеттер жасалынған жоқ.

Алдағы 2019 жыл «Жастар жылы» деп бекітілуіне орай жастарға байланысты мына мәселелерді шешуді жолға қою қажет деп ойлаймын:

  1. Үкіметтен жастарға тұрғын үй салып беруге қаражат бөлінуі керек;
    Қала немесе ауылдан он сотық жер пайызсыз немесе ұзақ мерзімдік несиеге пәтер және тегін жатақхана салып беру керек.
  2. Елдегі қонышынан басып тарту, яғни көкең болса, «Болашақпен» шетел асып оқуға кету немесе бір жақсы компанияларда басшы қызметінің құлағын ұстау беделі өскен. Көкесі жоқ білімді жастарымыздың тасада қалып қоюы белең алуда. Осыны тоқтату керек. Сапасыз білім алуды тоқтату керек! Бұл мәселеге бір-ақ мысал– соңғы 27 жылда, яғни Тәуелсіздік жылдарында ел қазынасынан бөлінген $600 млн-дай қаржыға «Болашақ» бағдарламасымен барлығы шетелде оқыған жүз мыңдай жастардың ішінен халықаралық деңгейде не бір ғалым, не инженер, не мықты менеджер шықпапты.
  3. Облыс және қалаларда әр деңгейдегі конкурстарды өткізу арқылы талантты жастардың еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде оқуына мүмкіндік ашатын және ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіріп, жалпы білім сапасын көтеруге бағытталған жобаны дайындап шығарып, оны іске асыру керек.
  4. Бұрынғы «Серпін» бағдарламасын қайта жаңғырту. Яғни, халықты оңтүстіктен солтүстік өңірге көшіру бағдарламасына жастарды тарту және көшіп барғандарға, олар барған жерде қала маңынан қосымша міндетті түрде жер беру немесе үй беру керек.
  5. Жастардың діни көзқарастарын ашу мақсатында жергілікті өңірлерде сапалы білім беретін медреселерді ашуды қолға алу немесе мектеп және жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламаларына аптасына 90 минуттық сауатты діни сабақтарын қосу керек.

Амандық ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ –
кәсіпкер (Астана қаласы):

– Біріншіден, осы бір анау жылы, мынау жылы деп атап ат қоятын, Кеңестерден қалған мүләйімсіген өтірік сарқыншақты суқаным сүймейді. Оның үстіне қай салада болсын, ат қойылған жыл мен қойылмаған жылдың іш жүзінде айырмасын бүгінге дейін көре алғам жоқ. Үйдің ішінде жоғалтқан инесін айдың жарығымен сырттан іздеген кісі секілді қордаланып жатқан проблемаға арнап жылға ат бере салды екен деп, сол проблеманың өздігінен шешіле салғанын күтудің қаншалықты күлкілі (бәлкім, аянышты?) хәл екенін ойлаңызшы? Күлейік пе, жылайық па? Мәселе пәленше жылы деп жариялауда емес, мәселе жүйенің соншалық шірігенінде, алдаусыратып уақыт ұтуында. «Жастар жылы» деп жариялауларына байланысты айтарым осы.

Ал жалпы айтатын болсақ, қазір профессионал жастардың шетелге шығып кетуінен басқа амалдары азайып бара жатыр. Мынау деп нұсқап, нақты бір себепті көрсету мүмкін емес. Баспана, жұмыссыздық, төлем қабілетсіздігі, әлеуметтік психологияның нашарлығы, білім беру сапасының тиімсіздігі, құндылықтардың (әсіресе рухани) девальвациясы, коррупция… бұлардың барлығы проблеманың өзі емес, сол проблемалардың салдарынан туындаған заңды нәтижелер. Нәтижемен емес, себеппен күресу керек. Тіпті себептің де өзімен емес, сол себептің пайда болуына оңтайлы жағдай тудырған шарттарды зерттеуіміз керек. Тартып отырған сорымыздың басы сол жерде. Жүйе кадрымен қоса түгел өзгеруі керек, мен көре алатын жалғыз жол осы. Осы «өзгерудің» болатыны айдан анық. Мәселе қалай қарай, қайтіп өзгеретінімізде. Барды бүлдіріп алмасақ екен. Тәңірім өзі жар болсын қазағыма!

Ринат РАФХАТ –
Халықаралық құқықтық бастама
қорының қызметкері:

– Жақында жолданған Жолдауда президент Н.Назарбаев келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялайтынын айтты. Жарайды, жарияланбай жыл болмайтынға етіміз үйреніп те қалды. Дегенмен, бірінші кезекте ЖАСТАРДА ДИПЛОМЫ БАР ДА, ЖҰМЫСЫ ЖОҚ! Қоғамда «жастар» аты аталған жерде «жұмыссыздық» егіздің сыңарындай қалыптасты. Қазіргі уақытта жұмыссыздық дерті ең әуелі жастарды шарпуда. Елімізде «жұмыссыздықпен күрес қызу жүргізіліп жатыр» дегенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Соңғы жылдары елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары көбейіп жатпаса, азайды дей алмаймын. Бұған не себеп? Жастардың жұмыссыз қалуына кім кінәлі?..

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазір дүние жүзінде 17 пен 26 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы, яғни 75 млн жастар жұмыссыз дейді. Ал елімізде ше? Ресми деректер еліміздегі жұмыссыз жастардың деңгейін әрқалай көрсетеді. Жалпы, біздегі статистикаға да адам сеніп болмайды ғой. Былайғы жұрттың аузында әңгіме басқаша өрбісе де, статистикаға келгенде, бәрі керемет сайрап тұратыны қызық. Осыған орай бір кездері ағылшындардың «ең үлкен өтірік – статистика» дегені мен үшін орынды.

Бағдарламасыз жұмыс істей алмайтын замандай, «мемлекеттік бағдарлама» деп айдарлайтынымыз тағы бар. Жылдар сала жарнамасы жақсы бағдарламалар пайда болады да, сосын аяғы не болғанын сезбей қаласын. Себебі қортынды жасағанда әспеттеп, жастарда проблема жоқтай тағы бір статистика бой түзейді. Мысалы: «Ауыл жастары», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар – кадрлық резерві», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы сияқты аты жақсы жобалар жарыққа шықты.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы алғаш жүзеге асқанда, жастардың барлығы ауылға аттанып бара жатқандай көрінгенмен, алайда қалаға дипломсыз ағылған жастардың саны едәуір басым болды. Олардың қалаға үдере бас қоюына бір ғана себеп бар еді. Ол – жандарын қысқан жұмыссыздық. Бағдарлама бойынша жұмыс іздеген «дипломды» жастар мемлекеттің қолдауын көріп қалу үшін ауылға да бет бұра бастады. Шынтуайында, сол жастардың ауылға барып, алған білімі бойынша кәсіп көзін ашып жатқандарын көрмедім (бірен-саран болар, бірақ ол түбегейлі жастар мәселесі шешілді деген емес).

Айналып келгенде, «жастарды ауылға тартып жатырмыз» деген статистика тағы да өзгереді. Сонда да қазір жұмыссыз жүрген жастардан «диплом бар, жұмыс жоқ» деген жауапты естейміз. Жоғары оқу орнын аяқтап, қолына дипломын алған көптеген жас маманның жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтыны тағы бар. Осыдан кейін жастарды жұмыспен қамтудың тағы бір жолы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына ерекше көңіл бөлінді. Елімізде осы бағдарламаның шамамен 60 % қатысушылары жастар болды. Жасыратыны жоқ, мемлекет іске қосқан мемлекеттік бағдарламаның аясында еліміздің барлық облыстары мен аудан орталықтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсына бастады.

Алайда аталмыш бағдарлама арқылы екі қолға бір күрек тапқан жас мамандардың жалақысы мардымсыз болатыны естілді. Ал нарық заманы қысқан уақытта төмен жалақыға жұмыс істеуге құлықты жастар табыла қояр ма екен? Сондықтан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы ұсынған қызметтен бас тартқан жас маманды да кінәлай алмайсыз. Бүгінгі нарық заманында төменгі мөлшердегі жалақының ешнәрсеге жетпейтіні анық.

Сондықтан жастардың көпшілігі бағдарлама бойынша қызмет етуден бас тартып, өздігінше жұмыс іздеуге тырысады. Ендеше жылдарды «атын атап» шығарып салғанымызбен, келер тағы бір «есімі бар» жылда күтетініміз мынау болсын. Ең бірінші: 1. Жаңа парламент керек; 2. Жастардың құқығы қорғалуы керек; 3. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы аясында нақты шаралар мен міндеттер орындалуы керек; 4. Жастар кәсіпкерлігін қолдау тиіс; 5. Жастардың белсенді өмір сүріп, ел ішіндегі әрбір істен тыс қалмауына жағдай жасалуы керек. Сол жастардың бірі болып, Жастар жылына аяқ басар уақытта менің айтар ойым – осы!

Тазабек СӘМБЕТБАЙ –
ЖСДП Алматы қалалық филиалының жетекшісі
:

– Келесі жыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланғанымен, кезекті жасанды науқаншылдық бола ма деген күдігім бар. Қазіргі режим жоспарлаған бағдарламаларын, сайлауалды уәделерін аяғына жеткізгені аз. Атай берсек көп, бірі «Ақ бұлақ» сияқты ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету жоспары еш мәселе шешпеді. Енді бірі отандық өндірісті дамыту жолындағы сансыз бағдарламалар. Олардың немен аяқталып жатқаны баршаға аян. Бәрімізге ортақ қыруар қаржылар бөлінгенімен, бір қорап сіріңке шығаруға қауқар жоқ. Сол себептен де қоғамда биліктің барша бастамаларына деген сенім төмен деңгейде.

Өз кезегінде қоғамда әлеуметтік араздық, экономикалық тұрақсыздық салдарынан наразылық өршіп келеді. Бәрімізге белгілісі – наразылықтың басында әрдайым жүретін жастар. Содан болуы керек, мемлекет басшылығы ел жастарының көңілін аулауға көшкендей. Алайда жастардың бетін бері қаратудың жолы жасанды жарияланымдарда емес, олармен мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілікті бөлісу. Яғни, биліктің барлық тармақтарында жаңа толқынға жол ашу. Қоғамның басқарушы тетіктеріне жастарды орналастыру.

Өркениетті дамыған елдерде де үрдіс сондай. Мәселен, Еуропа елдерінің парламенттерінде жастардың үлесі кем дегенде үштен бірі. Үкіметтерінде одан да мол. Прогрессивті мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, билік басындағы жастар жаңашылдықты ту етіп, даму жолын жаңылмай табады. Төл тарихымызға үңілсек, жасындай жарқылдаған Қасым хан Қазақ хандығын қуатты ел етсе, Шоқан жиырма бесінде әлемге танымал ғалым болғанындай мысалдар жетіп артылады. Ал еліміздегі алуан саладағы тоқыраулар бастық креслосына жабысып отырған «динозаврлар» кесірінен деп білем. Парламент «қарттар үйіне» айналғаны қашан. Зейнеткерлік жасына жеткен қариялар онда не істеп отыр? Иә, қалғып-мүлгіп отыр. Қазақстан үшін түбегейлі өзгерістер қажет. Әйтпегенде жас өркен өзіне тиесіліні кәрі қолдардан жұлып алады.

Динар КАМИЛҚЫЗЫ,
тәуелсіз журналист:

– Жуырда Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында президент «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деді. Жөн дедік! Дегенмен бұған дейін мемлекеттік түрлі бағдарламалар мен басқару тетіктерінен қағылып қалатын жастар президентке не үшін қажет бола қалды деген күмәнді сұрақ туындайды. Болашақ – жастардікі. Ертеңгі күні келешекті қалыптастырып, өткенді жаңғыртатын да сол жастар. Сол себепті мұны болашақтың кілтін өз қолына алатын жастарға жағынудың бір жолы ма дедім.

Қазір жастар азып-тозып бітті. Оның бір көрінісі – қылмыс көбейді. Себебі көбісінің қолында табақтай дипломы бар болғанымен, істейтін жұмысы жоқ. Ауылдан қалаға қызмет іздеп сабылған жастар. Ал екі қолға бір күрек таппай, баспанасыз қаңғып жүрген соң, жаман жолға түспей қайтеді. Қазір бір ғана Алматының өзінде тас лақтырсаң, жеңіл жүрісті қыздар мен жұмыссыз жігіттердің басына тиеді.

Тыраштанып үйлі-баранды болғандарының өзі баспанасыз, пәтерден-пәтерге сандалып жүр. Алматы мен Астанада салынып жатқан үйлер көп. Бүгінгі жастарға соларға кезекке тұрудың өзі қиямет-қайым. Ол үшін отбасындағы ері не әйелі мемлекеттік қызметте жұмыс жасауы қажет. Ал мемлекеттік қызметкердің айлық табысы жұмырға жұғымсыз. Осылайша жалғаса беретін сәйкессіздік. Ілдебайлап күн көріп кетерміз деп, шағын кәсіптің көзін тапса, салықтың түрлерін төпелейтіні тағы бар. Оқу ақысы қымбат.

Қаншама талантты жастар жоғары оқу орындарының табалдырығын аттауға зар болып жүр. Ата-анасы оқытатындар жанына жақын мамандықты сырып қойып, ақша табатын мамандықтың «құлына» айналды. Білімсіз, қауқарсыз дәрігерлер осындай олқылықтан шығып жатқан жоқ па?! Жуырда ірілі-ұсақты банктердің жағдайын жақсартуға 20 миллиард теңге бөлінетінін естідік. Халықты қанап отырған банктердің жағдайы бюджетке зәру деп кім айтты. Одан да сол ақшаға әрбір облыстан жоқ дегенде бір-бір зауыт-фабрика салсыншы. Құдай-ау, жастарға көмек сол болмай ма? Неге бізде жастарға көмек берілу үшін, оны жар салып жолдауларға қосуымыз керек. Жастардың жағдайы баяғыда-ақ күннің басты мәселесі болып қалыптасуы керек еді.

Тегін білім гранттарын берсін, жастарға арналған өндіріс ошақтарын көбейтсін, қабілетті жастар оқуын бітірген соң, пұл-парасыз қызметке қабылдансын, баспана мәселесін оңтайлы шешіп берсін – сонда ғана жастардың жайы ретке келеді. Әйтпесе «Нұр Отанға» арнап ода жазған бірді-екілі жастардың кешін өткізіп, кітабын шығарып беріп, «Жастар жылын ойлағыдай атқарып жатырмыз» деу кімге керек? Жастар – әр заманда да қозғаушы күш болып табылған. Жастар толқыса, түбі жақсылыққа апармайды. Сол себепті жарылуға шақ жүрген жастардың жағдайын жарнамаға салмай, жасап беретін кез келді. Әйтпесе ертең бәрі кеш болады. Оқу ақысы қымбат.

Қаншама талантты жастар жоғары оқу орындарының табалдырығын аттауға зар болып жүр. Ата-анасы оқытатындар жанына жақын мамандықты сырып қойып, ақша табатын мамандықтың «құлына» айналды. Білімсіз, қауқарсыз дәрігерлер осындай олқылықтан шығып жатқан жоқ па?! Жуырда ірілі-ұсақты банктердің жағдайын жақсартуға 20 миллиард теңге бөлінетінін естідік. Халықты қанап отырған банктердің жағдайы бюджетке зәру деп кім айтты. Одан да сол ақшаға әрбір облыстан жоқ дегенде бір-бір зауыт-фабрика салсыншы. Құдай-ау, жастарға көмек сол болмай ма? Неге бізде жастарға көмек берілу үшін, оны жар салып жолдауларға қосуымыз керек. Жастардың жағдайы баяғыда-ақ күннің басты мәселесі болып қалыптасуы керек еді.

Тегін білім гранттарын берсін, жастарға арналған өндіріс ошақтарын көбейтсін, қабілетті жастар оқуын бітірген соң, пұл-парасыз қызметке қабылдансын, баспана мәселесін оңтайлы шешіп берсін – сонда ғана жастардың жайы ретке келеді. Әйтпесе «Нұр Отанға» арнап ода жазған бірді-екілі жастардың кешін өткізіп, кітабын шығарып беріп, «Жастар жылын ойлағыдай атқарып жатырмыз» деу кімге керек? Жастар – әр заманда да қозғаушы күш болып табылған. Жастар толқыса, түбі жақсылыққа апармайды. Сол себепті жарылуға шақ жүрген жастардың жағдайын жарнамаға салмай, жасап беретін кез келді. Әйтпесе ертең бәрі кеш болады.

Сауалнаманы дайындаған –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

(медиа-проект «DAT» №37 (449) от 18 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн