ОТ ОРТАСЫНДА ЖҮРГЕН азаматтарды қорғайық!

Жақында «Abai.kz»сайтында журналист Ермұрат Бапимен болған «Екі оттың ортасында тұрған адаммын» деген сұхбаты жарияланды.

Сұхбат өте тартымды, ашық, риясыз шындықты айту, ағынан жарылу деңгейінде берілген. Қойылған сұрақтар да өткір, орынды. Қайтарылған жауаптар да сұхбат берушінің бойындағы адамгершілік қасиетінің жоғары деңгейін, өз ісіне шын берілгендігін, пейілі таза, сонымен қатар айналасындағыларға көзсіз сенгіштігін, аңғалдығын, ақкөңілділігін айқын көрсеткен. Әрине, бір сұхбатпен барлық жайды қамту мүмкін емес. Сондықтан сұхбатта толықтай айтылмай қалған кейбір тұстарға пікір білдірсем деген ой келді.

Айтылған мәселенің ең бастысы – ЖСДП-ның ыдырауы. Шындығына келгенде, партияны биліктің тікелей араласуымен ыдыратты деген тұжырыммен келіспеуге болады. Біздегі қалыптасқан жағдаймен: иә, солай болды, билік араласып, партияны ыдыратты дей салуға болар еді. Бірақ терең көз жүгіртіп, ақиқатқа жүгінсек, мәселенің басқадай жақтары ашылатыны белгілі.

Қанша дегенмен, партияның іштей ыдырауына билік араласты деген күннің өзінде, билік осы мақсатқа кімдерді пайдаланды? Биліктің тапсырмасын орындаушылар кімдер? Олар қандай пиғылда жүрген адамдар, ұстанымдары қандай? Төңкерісшілердің көздеген мақсаты не? Олардың көкейін тескен ақша ма, жоқ әлде өздерінің бойына сіңген сатқындық па?

Билік қай уақыттарда болмасын өзінің лас, кір әрекеттерін жүзеге асыру үшін, пиғылы арам, дүниеқоңыз, моральдық азғындауға жақын тұрған тоғышарларды пайдаланады. Ортағасырлық түсінікпен айтқанда, олар хан тағына жетер жолда ештеңеден тайынбай, кедергі келтіретін әкең болса да, оның басын алып, мұратқа жетіп, таққа отыруың керек» деген қағидадан алыс кетпеген озбырлар.

Бұған жақында өткен президенттік сайлауда орын алған келеңсіз жағдай толықтай дәлел бола алады. «Қосанов-Көшім» одағы «Ұлт тағдыры» қозғалысын көптеген ұлт патриоттарының және ұлттың мүддесіне қарсы пайдаланды. Дос Көшім Әділет басқармасында бөлімшенің тіркеу құжаттарын астыртын бұрмалап, менен «Ұлт тағдыры» қозғалысының Жамбыл облыстық бөлімшесін тартып алды. Жалпы турасын айтар болсам, Д. Көшімге менің билікке қарсы сөйлейтін сөзім ұнамай, оның қитұрқы әрекетін іске асыруына кесірім тиіп кетер деген ойы болған шығар. Қоғамға биліктен гөрі, осындай арамзалар өте қауіпті. Осы жағдайларды ескерсек, ЖСДП-ның іштен ыдырауына биліктен бұрын, партияның ішінде жүрген осындай «саяси алаяқтар» көп үлес қосқан сияқты. Төңкеріс солардың ісі деп білу керек.

Сұхбатта «кешегі КПСС пен ВЛКСМ-ның шинелінен шыққандар қазақ қоғамын өзгерте алмайды. Оппозицияның ең кәрі ақсақалдары 40-45 жаста болуы керек. Қазақстанда өзгеріс жасайтындар – КСРО деген қызыл империяны көрмеген, қызылкөздер мен комсомолдардың жетегіне ермеген, «Нұрсұлтан – Қазақстан» деген вирусқа шалдықпаған, отызында орда бұзатын жігіттер мен қыздар» деген сұрақтың астары ашылмай, толықтай айтылмай қалған тұстары бар. Біздің қоғам сол КПСС пен ВЛКСМ басқарған қоғамнан алыс кеткен жоқ.

Сол қызыл империяны жақтаған коммунистер мен комсомолдар тәуелсіздік алғаннан бері қоғамда өзіне ыңғайлы мемлекеттік басқару жүйесін құрып алды. Әлі солар билікке аш кенедей жабысып, өздерінің құрған шіріген жүйесімен елді басқарып келеді. Тәуелсіздік алған кездегі дүниеге келген сәбилер отызында орда бұзатын жасқа келіп қалды. Әзірге олардың қатарынан орда бұзайын деп, жұлқынып тұрған жастар көрінбейді. Осы отыз жыл ішінде бұл жастардың көргені – биліктегі парақорлық, ұрлық, қоғамның моральдық азғындауы. Осындай тұрлаусыздықпен уланған жастардың санасы бір күнде өзгеріп, елде өзгеріс жасайды дегенге илану қиын. Жастар күйзеліске ұшырап, бағытынан айырылып қалған.

Сонда қоғамды қандай жастар өзгерте алады? Күнкөрістің қамымен жетім бұрыштарды сағалап, бишараның күйін кешіп жүрген жастар ма, жоқ әлде үлде мен бүлдеге бөленіп отырған «шөпкетышар» жастар ма?

Әрине, болашақ – жастардыкі. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Дегенмен осы жастардың бойына патриоттық сезім ұялататындай мемлекет тарапынан оларға қандай да бір қамқорлық жасалды ма? Қиындықпен санасы сансырап, тоз-тозы шығып, тарыдай шашылып кеткен жастар мына жүйені өзгерте ала ма?

Сондай-ақ сұхбаттағы «Қазақстанда біртұтас оппозиция бола ма?» деген сұрақтың жауабына келсек. Менің ойымша, сананы тұрмыс билеп тұрған мына заманда қоғам белсенділерінен өз позициясында орнықты, нық тұра алатын табанды оппозиция шығару өте қиын. Өзін оппозиция қатарында есептейтін адамдардың ішінде жанын қинамай, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен күн көргісі келетін, елге жанашыр болып көрініп, іс жүзінде ақшаның құлы болып жүретіндер өте көп. Ондай адамдар қандай жағдайда болмасын халықтың сенімін аяққа таптап, ақша шығатын жерлерді сағалап, билікке жұмыс жасайтыны белгілі. Қашан да ел алдына ары таза, пиғылы түзу, халыққа жаны ашитын азаматтар шықпай, бізде жүйелі оппозиция қалыптаспайды. Бапиге қойылған сұрақтардың ішінде «Сізге айтар халықтың реніші өте ауыр. Соңғы кезде сізді түсіну қиын болып кетті. Біресе ЖСДП-ға төраға болып кеттіңіз. Одан кейін төрағалықтан кеткеніңізді көрдік…» дегендей, орынсыз сұрақтар болған. Дегенмен мұндай сұрақ үшін әлдекімді жазғыруға болмас. Қанша халық болса, әркімнің сонша пікірі бар.

Ал Е.Бапидың тәуелсіздік алған кезеңнен бері билікке қарсы жүргізген күресін айтсақ, ол Қазақстандағы барлық оппозициялық күштердің бірігіп жүргізген жұмысынан әлдеқайда артық. Былайша айтқанда, ерлікпен пара-пар. Ұзақ жылдар бойында билікті әшкерелеп, бетің бар, жүзің бар демей, ашық жазып, жүгенсіз кеткен жүйенің халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын елге уақытында, шынайы жеткізіп отырған елдегі белді, беделді басылымды биліктің тырнағынан аман-есен алып шығып, жұмысын жалғастырып келе жатқан азамат. Осындай атқарған жұмыстарына қарап, оны белі қайыспас қара нармен теңеуге болады. Бапи басқарған, кезінде биліктің нешетүрлі қыспағына ілініп, аман қалған, әртүрлі атпен шыққан газеттерден басқа осындай өміршең оппозициялық көзқарастағы бірде-бір басылым болған емес. Бұл азаматты халық болып қолдасақ, оның әлі елге берері көп.

Негізінен, «Abai.kz»сайтында жария болған сұхбатқа пікір жазып отырғандағы алға қойған мақсатым – Ермұрат Бапиды мақтап, оның атағын асқақтату емес. Ерекең менің мақтауыма, қолпаштауыма мұқтаж емес деп есептеймін. Ол ел білетін, халық қолдаған, өресі биік, азаматтық көзқарасы қалыптасқан азамат. Менің негізгі ойым – басынан қилы замандарды өткізіп, мың өліп, мың тірілген қазақты енді мың бірінші рет өлтірмей, қауіп-қатерден сақтап қалатын елім дейтін азаматтар болса, соларға қолдау көрсету.

Арамыздан сондай азаматтар шығып жатса, ел болып қолдайық! Жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып жүрген киелі, қасиетті қазақ деген халықпыз. «От ортасында жүрген» азаматтарымызды біліп жүрейік. Оларға бостан бос айып тағып, қараламайық. Бас біріктіріп, іргелі ел болайық.

Өмірбай САБЫРОВ,

Жамбыл облыстық «Ел болашағы» қоғамдық ұйымының төрағасы

Республиканский еженедельник онлайн