15 қазан – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан патриоттары «Алмас қылыш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы «Алтын медалінің», Сорос қорының журналистика саласындағы «Батылдығы мен табандылығы үшін» сыйлықтарының иегері, «ДАТ» медиа-жобасымен шығатын «Общественная позиция» газетінің бұрынғы бас редакторы, белгілі журналист, ұлт жанашыры болған марқұм Бақытгүл Мәкімбайдың туған күні. Биыл оның өмірден өткеніне 5 жыл толды. Егер арамызда тірі жүргенде дәл бүгін 64 жасқа толар еді. Әттең, әттең!..
Рухы шат болсын деген ниетпен әріптесімізді еске алып, сіңлісі Мейіргүлдің осы өлеңін жариялап отырмыз.
Сенің жоғың жүрегіме батып жүр,
Дейсің маған «еш уайымсыз өмір сүр».
Бір сәт менің ойымнан еш шықпайсың,
Сені, ӘПКЕ, ұмытқам жоқ, соны біл!
Мен сенсіз – күнсіз қалдым түнекте,
Бар шуақты ап кеттің ғой жүректен.
Қадіріңді білмеппін сен барыңда,
Зардап татып жүрмін енді түнекте.
Қамқор едің тым ерекше жанашыр,
Талапшыл ең, әр ісіңде жаңашыл,
Ұрсып тұрып еркелете салатын,
Мейірімді ең ғой, заты бөлек, жаны асыл!
Қалай саған сағынышты қоя алам,
Ерке кездің естелігін жоя алам?
Түсімде сені көрем деген үмітпен
Ылғи жоқтап, жылап жатып оянам.
Мейіргүл МӘКІМБАЙ