Жұлдыздардай біз де БІР КҮН ӨЛЕРМІЗ…

Есенғали РАУШАНОВ

Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма?

Біз өзіміз айналамыз «тауларға».

Мейірхандар қартаяды қудай боп,

Есенқұлға ақсақалдық ауғанда.

Мүлде бөлек ұлысы да ұраны,

Ойхой, шіркін, ел боламыз мұралы.

Өтежандар шығады ертең бізден де,

Енді, әрине, өзгелер де шығады.

Шығады өрге жүйріктер мен жабылар

Бүркіті бар,

Жапекеңі тағы бар,

Өзіміздің Олжасымыз болады,

Бір Олжасқа бір тәржіман табылар.

Бүгінгі күн Қадекеңде тұрған бақ

Ауысайын қайсыңа деп жүр барлап.

Н. Рубцов болам дейді Аманхан,

Сонда біздің Тоқашымыз кім болмақ?

Қазірден-ақ шаруасына тас, мығым,

Сейтқұлдар шығар, бәлкім, бастығым.

Байбота шал отырады балконда,

Қай пәтерде калды екен деп жас күнім.

Өрекпімей, байқай шабар ма екенбіз,

Өрге қарай шайқай салар ма екенбіз?

Қырық жастан асқаннан соң біздер де

«Атақ бер» деп айқай салар ма екенбіз?

Ұсақ емес, сақалар ма екенбіз,

Атан бермей, ат алар ма екенбіз?

Қазақ үшін жан қинамай жүріп-ақ,

Қазақ жазушысы атанар ма екенбіз?

Мұрагерің біз боламыз, жарық күн,

Сен де бізге басқа емессің, ғаріп түн.

Қасиетің де, қасіретің де – еншімде,

Қара өлеңі қазақ деген халықтың.

Әңгіме ме, болмас, бәлкім, болар шен,

Туады өлең – сене бергін, оған сен.

Жұлдыздардай самсап өлі тұрамыз,

Жұлдыздардай сирейміз біз содан соң…

Содан соң ба?

Күледі жел жындана,

Күрсінеді жасыл қала, гүл қала.

Содан кейін… отырады ойланып,

Біздер жайлы өлең жазып бір бала… 

Қазіргі қазақ поэзиясының бір қабырғасы құлап қалды… Қара өлеңнің құдіретін қапер қылған қалың қазақ қайғырып, ақындарын аңыратқан Алла салған сәтте біз басқа не айта аламыз?.. Артында қайғырып қалған аға-бауырларының жыларман жыры, қазіргі мұсылманның тілімен айтқанда, ақынның аруағына тие берсін! Қош, енді қайтып қайталанбас Ақын!

«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына, қара орман Қазақ еліне, барша ақын-жазушылар қауымына қайғырып көңіл айтамыз! Жаның жанатта болсын, Жақсы Адам!

«DAT»

ҚАЙДА ҰШТЫҢ?

Байқатып бір сұмдықтың басталғанын,

Қайда ұштың, қара бауыр Қасқалдағым?

Сен едің арқа сүйер артымдағы,

Қашалған қара өлеңнен тас қорғаным. 

Қайғының қалың бұлты әлі қаптап,

Жылжиды алға қарай өмір аттап.

Отырмын қара өлеңді жұбата алмай,

Жылаған дауыс айтып, сені жоқтап.

Асқар тау, байтақ далаң күңіренді,

Жылатып жүрегі бар тірілерді.

Ұрпақпен табыстырып сені іздеген,

Жасайды жетім қалған жырың енді…

Несіпбек АЙТҰЛЫ

Анасымен қатар қойған өлеңді, –

Ақын анау дүниеге жөнелді.

Жүріп жатыр талай «ақын» бұ жақта,

Айырмайтын тақпақ пенен өлеңді…

Жүрегін ап кескендейін арамен,

Өмірі – өлең,

Көңілі – өлең,

Ары – өлең!

Ол қазақты қара өлең деп ойлады,

Басқаларға көр-жеріңнің бәрі – «өлең…».

Есенғали жоқ қой?!

Сонда мен енді,

Неменеге жазамын сұм өлеңді?!

Соқпа дертті шәйір көп қой бұ жақта,

Содан ғана еңсем еңкіш, төмен-ді!

Жазды ол бір-ақ том болатын өлеңді,

«Соның өзі, – деді ол – өте көлемді…».

… Алла менен Абай ғана түсінген,

Ойлап тапқан кім бұл қара өлеңді?

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Жалғаннан Есенғали ағам көшті!

Ол дағы нар құлжадай аран кешті!

Пір Бекет, Абай-әруақ ертіп келген

Жетектеп жүре берді тәмам көшті…

Уа, көшті!

Көшті деймін Есен ағам,

Сумиып қала барды көсе-ғалам…

Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде,         

Кісінеп: «Ием қайда?» – десе маған?..

Айт-ман НҰРЖАН

Ақ кемедей ақша бұлтқа шым батқан

Өтті Есағам, кетті Өлең…

Бүгін маған қара хабар тыңдатқан

Телефонды жек көрем!

Жек көремін,

Жағдайым жоқ ұғатын,

Аяп, көңіл айтқанды,

Ақындарға қазанама шығатын

Газеттер мен сайттарды.

«Көз жасыңды төге берме сен енді…» –

Жұбатады кәрі іңір.

Жазбасыншы «ақын өлді» дегенді,

Оқымаймын бәрібір…

Өзімді алдап, өтірікпен достасып,

Мен отырмын түн ішіп.

Бір қызғалдақ бағбанымен қоштасып,

Жылап жатыр бүрісіп…

Өмір солай мәңгілікке бұрылмақ,

Қалғаны – тек бос ұран.

Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап,

Айырылып досынан…

Гүлнәр САЛЫҚБАЙ

Көш мынау… құбылаға бет түзеген,

Беу, тағдыр, нысанаға жетті жебең!

Кісінер Көкмойнақ-жыр дәл іргемнен

Жалаңдап, жал-құйрығын от күзеген…

Ой, Кеңсай, «жолың қиын, бұралаң-ды»,

Тұрғызып жібермейсің құлағанды.

Өлеңнің ұлы көші келіп шөккен

Жүрекке көшірейін бұл алаңды. 

Атыңды «Текті Ұлылы» деп түзер ем,

Ес-ағам, құс жолына бет түзеген! 

Шарам жоқ… мәңгі мекен – тұрағыңа

«Қайық қып қабырғамды» жеткізер ем… 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Сәуір самғап енген шақта түстіктен,

Қызыл шоқтай жанып жатыр іш тіптен…

Мен аспанның аһ ұрарын білемін,

Жылағанын көрдім енді құс біткен.

Жеткен шайыр Мырзашөлдің төсінен –

Ей, ұлы жыр, артық туған несібең!

Есенғали деген дегдар қазақтың

Рязандық Есениннен несі кем!

Жүрегінде жатқан жайлап жүз барыс,

Ойхой, қайдам!.. 

Ондай айбар бізге алыс.

Даңқыңа ешкім талас алмас тіріде,

Өліміңнің өзі ақынға – қызғаныш.

Көшесінде сан қаралы сөз өріп,

Алматының жалын атар өзегі.

Неге үнсізсің,

«Тілің ғана байланғыр?!».

Жыла, жыла, шерлі Есентай өзені!

Бозда, бозда, сыңар өркеш кер үлек!

(Біз де сендей сордан өнген өмір ек…).

Бара жатыр Келінтөбе үстінде

Ай маңырап, жетім жұлдыз мөңіреп…

Сен де жыла, бауыры тас қасірет,

Маңдайыма тамсын көзің жасы кеп.

Менің таңғы түсіме енер ме екенсің,

Уа, Қара өлең! «…Басы жоқ…».

Құмды сүйді, қанаттыны ұнатты,

Мың өксіді, мың булықты, мың ақты.

Бізді қойшы, ұмытшақтау пендеміз,

Жұбатамын құсын қалай жұмақтың?!

Мұрат ШАЙМАРДАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн