ЗАРЫҚТЫРҒАН ЗАҢ

Мәжілістің қарауына түсті

  • «Елден заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы» заң жобасы мәжіліске түсті. Активтерді жинақтайтын қор құрылады.

Заң жобасы авторларының айтуынша, құжат “активтерді анықтау және қайтару үшін қажет заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға” бағытталған.

Бірақ депутат Ермұрат Бапи Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында бұл заң жобасының атауы тар ауқымда жазылған деді. «Президент Тоқаев былтырғы жылғы қарашада ҚР Үкіметіне «Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы» заң жобасын дайындауды тапсыран еді. Ал Мәжілістің талқылауына зарықтырып жеткен заң жобасы «заңсыз сатып алынған активтерді қайтару» деген атаумен бізге жетті. «Заңсыз сатып алу» мен «елден заңсыз шығарылған» деген екі тіркестің мән-мазмұны екі бөлек. Халық қаржысын талан-таражға салғандар барлығын әлдеқашан заңдастырып алған, олар ұрлаған мүліктің «мұртын балта шаппайды». Егер біз сол ұрланған мүлікті «елден заңсыз шығарылған» деген желеумен іздейтін болсақ, бұл жұмыстың ауқымы әлдеқайда кең болар еді. Бірақ мен осы заң жобасын талқылаушы жұмыс тобына мүше болып, аса қажетті құжаттың қауһарлы болуына күш салатын боламын» деді депутат газет тілшісіне.

Заң жобасы Бас прокуратура ішінен заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жеке ведомство құруды қарастырады. Ол осы саладағы уәкілетті органның міндетін атқарады. Бұған қоса, активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор мен басқару компаниясы құрылады. Аталған қорға байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қордың он шақты адамнан тұратын шағын болатынын айтты.

Заң жобасы аясында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы сияқты жалпы саны 11 кодекс пен 13 заңға түзуту енгізілмек.

ДАТақпарат.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн