Инга ИМАНБАЙ: Бұл қысымның аты – САЯСИ ШАНТАЖ

Бұдан бұрын әлеуметтік желілер мен электронды БАҚ арқылы белгілі болғандай, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Инга Иманбай қызметінен кеткенін мәлімдеген еді. Бұл орайда ол «Фейсбуктағы» өзінің парақшасында былай деп жазды: «Редакция саясатын күрт өзгертіп, Назарбаевтың өзі мен әулеті туралы өткір материалдар шығара бастадық. Осыған және Жанболат Мамайдың әйелі екендігіме байланысты «Жас Алаш» газетінің құрылтайшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына қысым жасалды».

Инга Иманбайдың жазбасынан белгілі болғандай, қастандықтан қаза тапқан қайраткер Алтынбек Сәрсенбайұлының әйелі, газеттің бас құрылтайшысы Салтанат Атушеваға бірнеше генерал келіп, Алтынбек Сәрсенбайұлының жақын туыстарының бірінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, егер Инга Иманбайды бас редакторлықтан босатпаса, оны қамауға аламыз деп, шантаж тұрғысында қоқан-лоқы жасаған.

«Салтанат Атушеваға белгілі бір ведомствоның генералдары келіп, мені міндетті түрде 22 ақпанға дейін босату жөнінде қатаң талап қойды. Газеттің Жанболат Мамайға қатысы жоқ дегенімізді тыңдамады. Салтанат Атушева мені бас редактор қызметінде қалдыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, бірақ қатты қысымнан соң, босатуға мәжбүр болды. «Жас Алаш» толығымен билік бақылауына өтті», – деп жазды Инга Иманбай ФБ-парақшасында.

Біз осы орайда Инга Иманбаймен сұхбаттасып, мән-жайды білген едік.

– Инга бике, бізге жеткен еміс-еміс хабарға қарағанда, сізді бас редакторлықтан босату жөнінде Салтанат Атушеваға үзілді-кесілді талап қойған үш бірдей генерал екен. Солай ма? Сіз олардың өзін көрдіңіз бе?

– Ол генералдарды мен көргенім жоқ. Себебі қысым тікелей маған емес, «Жас Алаш» газетінің құрылтайшыларына жасалған. Менің түсінгенім: күштік құрылым генералдарының қойған негізгі талабы – мені бас редактор лауазымынан босату болған. Осының бәрі ДПК-ның 22 ақпанға жариялаған митингісі қарсаңында 20 ақпан күні орын алған.

– Әлдебір генералдардың атымен билік тарапынан жасалған бұл қысымды қалай бағалайсыз?

– Әрине, бұл жасалған әрекет – барып тұрған саяси шантаж. Бұндай жағдай бізде бірінші рет болып жатқан жоқ. Президент ауысты деп айтып жүргенімізбен, Назарбаев режимінің жалғасын бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан «Жас Алаш» газетінің құрылтайшыларына жасалған қысым, менің және менің жұбайым Жанболат Мамайдың саяси алаңдағы белсенділігімен тікелей байланысты деп толық айта аламын. Сондықтан бұл әрекетті, әлбетте, саяси шантаж ретінде бағалаймын.

Дегенмен, құрылтайшылардың маған жасаған өтінішіне түсінікпен қараймын. Сондықтан да бастапқыда бұл жағдайды жариялаған жоқ едім. Алайда «Жас Алаш» газетіне редакторлыққа отставкадағы полковник, көп жылдар бойы Қазақстан полициясының баспасөз қызметін басқарған, соңғы жылдары Дариға Назарбаеваға тиесілі «365 инфо» сайтының редакторы болған адам тағайындалды деген хабарды естіген соң, мені өкініш пен күдік биледі. Сондықтан барлық мән-жәйді түсіндіріп, әлеуметтік желідегі парақшама пост жариялауға тура келді.

– Егер белгілі бір азамат қылмыс жасады деген күдікке ілігетін болса, оған қатысты іс алдын ала ешқандай шартсыз және тиісті заң талаптарының негізінде қозғалуы керек еді ғой… Осыған қарағанда, қазақстандық билік саяси қудалаудың жаңа және озбыр үлгісін ашық түрде жария ете бастады деп айта аласыз ба?

– Иә, біздің билік бүгінгі режимді сақтап қалу үшін ештеңеден тайынбайтынын ашық түрде көрсетіп отыр. Оған кеше ғана билік оппоненті Дулат Ағәділдің түрмедегі өлімі куә. Бұл режим өзін-өзі сақтап қалу үшін ештеңеден тайсалмайтынын түсінуіміз керек.

– Бәлкім, сізді бас редакторлықтан қуу жөніндегі биліктің талабына 22 ақпан күнгі митингіде Жанболаттың партиясын қолдап шығуыңыз себепкер болған жоқ па?

– Менің бас редакторлықтан кетуім туралы өтініш маған 20 ақпан күні жасалды. Сондықтан бұл жағдайды дәл 22 ақпан күнгі митингімен байланыстыра алмаймын. Оның себебі тереңірек. Бұл Жанболат екеуміздің саяси белсенділігімізбен байланысты. Өйткені,құрылтайшылар мені жұмыста қалдырып, жоғарыда айтылған генералдармен мәмілеге келуге тырысқан сияқты…

– Енді алдағы жоспар-жобаңыз қандай болмақ?

– Мен Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюрода бұрынғы журналистік және адам құқықтарын қорғау саласындағы жұмысымды жалғастыратын боламын. Менің басты көздеген мақсатым – Қазақстанды демократиялық құндылықтары орнаған мемлекеттер қатарында көру.

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн