Мораторийді 5 жылға созу – ЕШТЕҢЕ ШЕШПЕЙДІ!

Фото – Aikyn.kz

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

  • Бұрыннан бері бірқатар көзқараста пікірлес болған қоғамшыл һәм қайраткер азамат, танымал саясаттанушы, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлымен жуықта жолығыса қалғанда, «Арон Атабекті босатуды қолдаймын» деген пікірінен өрбіген сөз тұтас бір сұхбатқа жалғасты. Дербес, өзіндік қоғамдық ұстанымы берік – Берік мырза сол сұхбаттасуда қозғаған бірқыдыру тақырыптың ұзын-ырғасы төмендегідей болды.

– Жер комиссиясында бір топ азаматтар жерді жеке меншікке беруге қарсы шыққан еді. Ал сіз Парламент депутаттарының арасынан алғашқы болып жеке меншікке қарсы шықтыңыз… Не себептен?

Бірінші кезекте қоғамдағы елдің пікірімен санасу керек. Қазақстанда жерді экономикалық мүдде тұрғысынан ғана қарауға болмайтынын үкімет әлі түсінбей келеді. Жерді жеке меншікке беру үшін, халықтың көпшілігі әлеуметтік-экономикалық жағынан да, тарихи жағынан да дайын емес. Оны қоғамдағы талқылау және соңғы кездергі наразылық акциялары көрсетті. Бізге бүгінгі күні жерге мемлекеттік меншікті сақтай отырып, кәсіпті, экономиканы, ауылды дамыту жолдарын қарастыру қажет.

– Үкіметтің ресми позициясы ауыл шарушылық жерлеріне жеке меншікті енгізу еді. Ол – «Нұр Отан» партиясының үкіметі. Сонда сіз «Нұр Отан» партиясының өкілі ретінде басшылық тарапынан сөз естіп, сөгіс алмадыңыз ба?

– Жоқ. Ол менің жеке азаматтық позициям еді. Ешкім де маған қысым жасаған жоқ. Бұрынғысын білмеймін, қазіргі Парламентте де, партияда да, үкіметте де жеке позицияны құрметтейді. Жерге жеке меншікке қарсы әріптестерім Бекболат Тілеухан, Жанарбек Әшімжан, сенаттан – Ақылбек Күрішбаев, Мұрат Бахтиярұлы да қолдады.

– Жерді сату мүмкіндігіне қатысты мораторийді тағы да бес жылға созды. Ол не шешеді?

– Ештеңе де шешпейді! Тек бес жыл бойы сол дау-дамайды жалғастырамыз. Бұл сұраққа енді қайталап келмеу үшін, шетел азаматтарына жерді сатпау секілді түбегейлі шешім қабылдау керек еді. Қазақ үшін жер қасиетті ұғым екені белгілі, бес жылда ештеңе өзгермейді.

– Сіз танымал саясаттанушы ретінде елдегі қазіргі ахуалдың саяси ерекшеліктерін айтып бере аласыз ба?

– Біз бұрын қоғамның саясатпен қызығушылығы төмендігін жиі айтатынбыз, қоғамдық пікірдің саясаттандырылу деңгейі өте төмен еді. Ал қазіргі уақытта керісінше, саясаттандырылу деңгейі өте жоғары, көпшіліктің азаматтық позициялары анықталған. Бұрын халықтың көпшілігі саясатқа еш ықпалы жоқ, бақылаушы секілді болатын. Ал бүгін бәріне тек баға ғана бермей, талап ету де күшейді…

– Бұл талап қашан басталды деп топшылайсыз?

– Соңғы кезде дамып, күшейіп кеткеніне, менің ойымша, біріншіден, Астана қаласындағы 2019 жылғы ақпандағы бес бірдей сәбидің тірідей өрттеніп кетуі себеп болды. Ол трагедия жылдан-жылға жиналған әлеуметтік проблемалардың бетін ашып тастады. Ешкімді бей-жай қалдырмай, бүкіл ел болып жоқтадық.

Оның алдында миллиардтаған мемлекеттік қаражатты ЭКСПО-ға, банктерді дағдарыстан құтқаруға, ЛРТ секілді экономикалық жағынан тиімсіз жобаларға есепсіз жұмсап, ал халықтың әлеуметтік деңгейін көтеруге керісінше, қаражаттың жетпеуі елдің заңды наразылығын туғызды. Оған жерге жеке меншік құқығын енгізуге деген ұмтылыс, елдегі ауық-ауық қайталанатын жемқорлық дауы қоғамның «саяси қызуын» көтеріп жіберді.

Екіншіден, 2019 жылғы президенттік сайлауындағы балама кандидат немесе «Қосанов факторы». Бұрынғы сайлауларда Елбасыға балама ретінде шығатын кандидаттар болмайтын. Сондықтан сайлау нәтижесі алдын ала белгілі болатын. Ал 2019 жылғы жағдай өзгеше, бөлек болды. Лайықты балама кандидат пайда болды. Әміржан Қосановтың өмірлік жолы, саяси ұстанымы біраз азаматтың көңілінен шықты, халық екінші тур болатынына сенді. Қосановты қолдаушылар сайлаудың алдын ала шыққан қортындысына сенбей, қайта санауды талап ете бастады. Сол кезде бәріміз де бақылаушылардың саяси күшке айнала бастағанына куәгер болдық. Оларды тоқтатқан – балама кандидат Қосановтың сайлау қортындысымен келісуі болды. Ол заң аясында өзіндік шешім қабылдады. Ал оған жақтастары келіспей, олардың ашуын туғызды. Саяси сахнада оппозициялық демесек те, жаңадан балама қоғамдық-саяси күш пайда болғанын аңғардық.

Үшіншіден, ол – пандемия. Әсіресе былтырғы жылғы індет күшті болды. Жұмыссыз қалған халыққа көмек көрсету – бір бөлек әңгіме, ал халықтың індеттен қырылып жатқаны қиын болды. Ең ауыры – қарапайым дәрілердің жоқтығы, бар дәріні елге бермей, қоймаларда сақтауы халықтың ызасын туғызды. Нешетүрлі миллиардтан тұратын медициналық техниканы алып жатырмыз, ал өңірлерде қарапайым кислородтық концентратор мен пульсоксиметр болмады, тіпті аспирин мен парацетамол болмады… Бұл жағдай аштық сияқты болды ғой, бір-бірімізге хабарласып, үйде жатқан қандай дәрі болса да сұрап алуға мәжбүр болдық. Сайып келгенде, осының бәрі қоғамдық сананы саясаттандырып жіберді, қалыптасқан жағдайды сыни тұрғыдан ойлау күшейді.

– Дегенмен пандемия әлі де күшейіп тұр. Қалай ойлайсыз, ахуалдың қайталанбау кепілі бар ма?

Бұл сұрақ көпшілікті де мазалайды. Президент жағдайды жіті бақылауда ұстап тұр. Үкіметке ахуалды оңалтуға уақыт берді… Бұл карт-бланштың соңы не боларын көрерміз…

– Президенттің тапсырмасы уақытында орындалмаса, үкімет отставкаға кетуі керек деп ойлайсыз ба?

– Иә, әрине. Жауапкершілік деген болу керек. Бәріне жалғыз Біртанов кінәлі емес шығар. Бүгінгі күндегі негізгі саяси талап – әділеттілік. Халықтың наразылығы әлеуметтік жағдайына ғана байланысты емес, қоғамда тиісті әділеттіліктің болмауында. Халық мемлекеттің қамқорлығын сезгісі келеді. Осыған орай билік халыққа деген құрметі мен қамқоршылық көмегін көрсетуі керек. Президент Тоқаевтың талап етіп жүргені де осы.

Маңыздысы – бүгінгі протестік жағдайдың өршу кезеңінде биліктің беделі түспеуі керек. Популисттік ұрандар бұрын билік тарапынан жиі шықса, бүгінгі күні оны керісінше, биліктен емес, қоғамдық күштерден жиі естиміз. Халықтың санасын популистік-демагогиялық, жалған, бос сөздік ұрандар билеп барады. Жаңаша айтсақ, фейктер мен хайптар билеп тұрған кездің тренді басып барады.

– Сайлау туралы ой-пікіріңізге қайта айналып соғайық: сіз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісіне сенесіз бе?

– Әлбетте! Қалай десек те, билік эволюциялық жолмен жаңғырып келеді. Ал бұл ретте Тоқаев мырза – лайықты тұлға. Адамгершілігі, тазалығы, біліктілігі, саяси ұстанымы жағынан лайықты, халықаралық беделі бар саясаткер. Ең бастысы – саяси жігері бар, соның әсерінен еліміз саяси өзгерістерге бет алды. Оны мойындау қажет.

Әрине, бәзбіреулер тез арада өзгеріс болғанын қалайды. Бәлкім, бұл да «шаршау синдромының» әсері болса керек. Бірақ қажетсіз теңселістер тудырмау үшін, бәрі рет-ретімен болуы керек.

Бастысы – ниет бар. Бастама бар. Кеше ғана көпшілік талап етіп жатқан сайлау заңына өзгерістер енгізілді. Жақын арада ауыл әкімдерін, аудан, қала әкімдерін сайлаймыз. Саяси реформалар басталды. Бұның барлығы өзгеріске бет алудың белгісі емегенде – не болуы мүмкін? Елдегі жағдайға осындай позитивті призма пайымымен қарау керек.

– Жақында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының тізгінін президентке тапсырды. Бұған не дейсіз?

– Бұл да қазақстандық саяси транзиттің ерекшелігі. Елбасы өз ретімен президентке қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігінің символы болуы керек. Елбасы өз миссиясын орындады – тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалыптастырды, билікті лайықты шәкіртіне тапсырды. Ендігі кезекте Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік ету құзырын да президент Тоқаевқа тапсыруы алыс емес деп ойлаймын. Менің ойымша, тек «Нұр Отанның» төрағасы болып қала береді, себебі партия сабақтастықты қамтамасыз ететін саяси күш…

– Сіздің пікіріңізше, Тоқаевтың перспективалық миссиясы қандай?

– Ол кісі ел басқаруға өте қиын кезде келді: екінші жылға созылған пандемия, Арыс қаласындағы жарылыс, Қордайдағы қақтығыс… Дегенмен де бәрін абыроймен атқарып келеді. Ең бастысы – өзі уәде берген саяси реформасын бастап кетті.

Саяси жүйе елдегі саяси ахуалға сай болуы керек. Әйтпесе қоғамда қарама-қайшылық күшейіп, дағдарыстың тереңдеуіне, қоғамдық теңселіске соқтыруы әбден мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев соған орай кезең-кезеңмен саяси жүйені елдегі ахуалға сәйкестендіріп жатыр. Заңға өзгерістер енгізілуде. Сондықтан президент Тоқаевтың негізгі миссиясы – осы саяси модернизацияны аяғына дейін жеткізу деп ойлаймын. Оған бәріміз де мүдделіміз, сондықтан мейілінше қолдау көрсеткен абзал.

Оның үстіне қоғамда өзгеріске деген сұраныс күшейіп келеді. Билікте жаңаша ойлайтын, білікті тұлғаларға сұраныс бар. Президенттің талаптарын орындау үшін, үкіметке, кейбір облыс басшылықтарына жаңа тұлғалар келуі керек.

Сонымен қатар мемлекет басшысы бірқатар рухани жобаларды да бастады. Ұлттық тарихи сана-сезімді дамыту, ұлттық намысты ояту, қалыптастыру жобалары қолға алынып жатыр. Қазақ тарихындағы империялық жобалары «Ұлық ұлыстың», Алтын Орданың 750 жылдығы, ұлттық күрес пен намыс оятатын жобаларға көңіл кеңінен бөлінуде. Тарихи әділеттілікті орнату үшін, мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бізде 20–30-жылдары коммунистердің қолынан қудаланған отандастарымыз әлі күнге дейін толық ақталмағандары аз емес.

– Иә, саяси ақтау өте қажетті науқан. Ал бүгінгі құрбандар ше? Мәселен, Арон Атабектің босатылуын қолдайсыз ба?

– Иә, Арон Атабекті түрмеден босатуды қолдаймын. Бүгінгі күні жасы 70-ке жақындаған кісіні денсаулығы нашарлағанын ескеріп, түрмеден босату керек деп есептеймін. Ол совет заманынан бері азаттықты аңсап жүрген, аты аңызға айналған саяси диссидент болатын.

– Берік мырза, сұхбатыңызға рақмет! Сіз білдірген позитивті көзқарас қоғамға да жұғысты болса, құба-құп болар еді…

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн