Мұнайшылар мен «ҚазМұнайГаз»

ӘЛІ ОРТАҚ КЕЛІСІМГЕ КЕЛМЕДІ

  • Астанада жаңаөзендік наразы мұнайшылар мен «ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы, энергетика, еңбек министрліктері және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өкілдері арасындағы келісім әлі біткен жоқ. 17 сәуірде Астанада наразы мұнайшылар мен билік арасындағы келісімнің алтыншы раундының бірінші бөлімі нәтижесіз аяқталды.

Жаңаөзендік мұнайшыларының лидері Жолмұрат Лұқпанның сөзінше, 17 сәуірде «ҚазМұнайГаз» тағы бір жеке меншік «Мөлдір-Мұнай» мекемесін келісім жиынына қатыстырып, оларға осы мекемеге жұмысқа баруды ұсынған.

– Біз өткен тендерде сыбайластық болды деп күдіктенеміз. Әйтпесе ешқандай жедел жағдай, апат болмаса да, тағы бір «Мөлдір-Мұнай» деген компанияны әкеліп, соған баруымызды сұрайды. Шамасы, «біз жұмыс ұсынып отырмыз, бармай отыр» дегенді айтқысы келетін сияқты, – дейді Лұқпан.

Мұнайшылар ашық әрі тәуелсіз комиссия құрып, тендерге қатысты зерттеу жасауды, оған журналистерді қосуды талап еткен. Айтуларынша, түрлі себептермен бұған дейінгі өткен кездесулер хаттамасы да берілмеген.

– Біз өмірге бір-ақ рет келеміз. Осы өмірімізді қатерге тігіп, ескі техникамен жұмыс істей алмаймыз. Бізге еңбек жағдайы cақталған; жұмыста киініп, шешініп, демалатын таза, жылы орындары бар; қауіпсіз заманауи техникамен жабдықталған компанияны ұсыныңыз. Бірақ сіздерде ондай жоқ. Неге бізді «Бұрғылау», «Мұнайфилдсервис», «Өзенмұнайсервис» тәрізді тұрақты мекемелерге жұмысқа орналастырмайсыз? Біз – еңбек өтіліміз бар, тәжірибеміз бар мамандармыз. Біз – осы елдің толыққанды азаматымыз, – деді наразы мұнайшылардың бірі Нұрсұлтан Нұрымұлы.

Келіссөзде комиссия тарабы қарсы уәж айта алмады. Олар мұнайшылар талап еткен компаниялар қызметтің мұндай түрімен айналыспайтынын айтты.

Еске салсақ, сәуірдің басында «Өзенмұнайгаз» компаниясының мердігері «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесі тендерде жеңіліп, жүзден аса адам жұмыссыз қалған. Жаңаөзенде жұмыс талап еткен жүзге жуық мұнайшы 10 сәуірде Астанаға жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен. Бір тәулік Энергетика министрлігі алдына қонған мұнайшыларды 11 сәуір күні кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап, Астананың полиция бөлімшелеріне апарған. 12 сәуір күні таңертең мұнайшылардың көбін пойызбен Жаңаөзенге қайтарып, он адамды келісім жүргізу үшін қалдырған. Бірақ 12 сәуірден бері екі тарап әлі келісімге келген жоқ.

Кейін Жаңаөзенге пойызбен кетіп бара жатқан мұнайшылардың арасынан ондаған адам полициядан шыққан соң «бүйректері ауырып», «қабырғалары, белдері соққыдан ауырып жатқанын» айтқан. Бірақ полиция мұнайшыларды соққанын жоққа шығарған.

Қазақстанның батысында мұнайшылар жұмыс беруді, жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды, әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр.

Батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.

Сәния ТОЙКЕН,

Azattyq.org

ЖАҢАӨЗЕНДІ ЖАЗҒЫРУ

технологиясы қалай жасалды

  • «700 мың теңге жалақы»: билік Жаңаөзен мұнайшыларына қарсы негатив пікірді қалай қалыптастырды? Әлеуметтік желі мен БАҚ бетінде Жаңаөзен жұмысшыларының наразылығына қатысты бір жақты, жансақ пікір тарады.

Хабарлама мәтіні бір сарында: «700 мың теңге ұсынған екен, «Өзенмұнайгаз-дан жұмыс сұрап отыр, бірақ ол жақта 9000 адам кезекте тұр», «бұған Өзбекстан мен Түрікменстаннан келген қандастар кінәлі» делінген.

Айтпақшы, Жаңаөзендіктерге қара күйе жағуға арналған Facebook-тегі блогер, журналистердің жазбасына 100–200 мың теңге ақша ұсынған.

Билікшіл медиа, блогер мен республикалық БАҚ «Жаңаөзендіктер 700 мың теңгеден бас тартты» деген тек бір жақты пікірді берді. Олар Жаңаөзен жұмысшыларын «масыққан, қанағатсыз» деп көрсетуге тырысты.

700 мың теңге жалақыдан өздері бас тартқанын және ұсынған ақша Қазақстандағы ресми орташа жалақыдан (338 мың теңгеден) екі есе көп екенін алға тартты. Ал жұмысшылар бұл ұсыныстан неге бас тартып отыр, себебі қандай екенін жазбады.

Осы тұста жалақыға қатысты Маңғыстаудағы инфляция деңгейін де ескерген жөн. Өзге өңірлерге қарағанда, Маңғыстауда азық-түлік едәуір қымбат. Ұлттың банктің 2023 жылғы наурыз айындағы дерегі бойынша, ең жоғары жылдық инфляция көрсеткіші Маңғыстауда тіркелген.

Қазақстан бойынша азық-түлік ақпан айында 26,2%-ға қымбаттаса, Маңғыстауда көрсеткіш 32,1%-ға жеткен. Өткен айларда да Маңғыстаудағы инфляция деңгейі республика бойынша жоғары.

Одан бөлек, Жаңаөзен мұнайшылары жоғары жалақыны емес, тұрақты жұмыс беруді талап еткен еді. Олар тендер өткізу рәсімін өзгертуді сұрады. Себебі жұмысшылардың болашағы тендерді кім жеңгеніне тәуелді. Кезекті тендерден кейін бір-екі айдан соң, мұнайшылар қайтадан жұмыссыз қалады. Тіпті жалақысы 1 миллион теңге, бірақ уақытша жұмыс болса, одан мәселе шешілмейтінін айтты.

Астанада ұсталған жұмысшылар арнайы жасақтан таяқ жегенін, аяусыз ұрып-соққанын мәлімдеді. Бірақ бұл туралы да еліміздегі тәуелсіз медиадан өзгелері хабарламады.

Ал Ішкі істер министрлігінің өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Себебі, оның сөзінше, бұл туралы ешкім арыз жазбаған.

Тағы бір манипуляция, «ҚазМұнайГаз» жұмысшылардың «Өзенмұнайгаз» компаниясынан тұрақты жұмыс беру талабы орынсыз екенін хабарлады. Себебі қазір компанияда жұмысқа орналасуға 9 мың адам кезекте тұр.

Бірақ жаңаөзендіктер мұның жалған екенін және «ҚазМұнайГазға» жалған ақпарат таратуын доғаруды сұрады. Себебі жұмысшылар мәлімдемесінде «Өзенмұнайгаз» компаниясын мысалға алып, сол жақтағыдай әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді сұраған.

  • Ras aitamyn телеграм-арнасы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн