ОРМАНҒА ОТ ҚОЙҒАН – ЖЕМҚОРЛЫҚ!

  • 2002 жылы сол кездегі ауыл шаруашылығы туралы «Хабар Жер» атты ТВ бағдарламаның журналисі ретінде Шығыс Қазақстан облысына іссапармен бардым. Жергілікті фермер, өнім өңдеушілерді түсіріп жүрміз. Келгенімізді естіген жергілікті орманшылар өздері туралы сюжет жасауымызды өтінді. Жоспарда жоқ болса да келістім. Орманшылардың жұмыс орнына жетелейтін жолға түскенде-ақ келіскенімізге өкініп қалдық. Өйткені ол жол емес, бағыт қана еді.

Ондаған мың гектар орман алқабына қарайтын инспекторлардың жағдайы адам аярлықтай еді. Ешқайсынан съемка үшін жібі түзу форма табылмады. Көбі жай киіммен жүр. 5 жыл бұрын берілген форма күнге оңып кеткен, ағаш бұтағы жыртқан жері қырық жамау. Әр инспектор 2–3 мың га жерден айналатын аумақты атпен кезек-кезек аралайды. Себебі ат жетіспейді.

Ондаған мың гектар орман алқабына жалғыз өрт сөндіруші машина. Біз барғанда, коробкасы бұзылған күйі тұр екен. Рация жетіспейді, қыл аяғы дүрбіге дейін тапшы. Мылтығы да, оғы да санаулы. Ара бағып, жеміс-жидек сатып күн көріп отырған орманшыларға ол аздай, келетін комиссияның ас-суын да өздері көтеруге міндетті.

Сондай сорлы жағдайға жеткендіктен, ағаш кесетіндерден доля алып, олардың ісіне көз жұмуға мәжбүр екенін камера сыртында айтып қалды.

Дәл сол қорықтың қасында жеке меншік демалыс орны тұрды. Оны да түсірдік. Жап-жаңа ағаш үйлер қалашығы. Тікұшақ қонатын орын. Астанадан келген қонақтар аю атуға келеді екен. Демалыс үйінің иесі жыл сайын 50 мың теңгеден 3 аю атуға лицензия сатып алып, астаналық қонақтарға әрқайсысын 150 мың теңгеге атқызатынын айтқаны есімде қалыпты. Бірақ қонақ үзілмегеніне қарағанда, 3 аюдан көп-ау шамасы деп топшыладық. Орманшылар сол демалыс орны шақырғанда «калымға» барады екен.

Кейін сюжет шыққан соң, бізді Астанаға Ауыл шаруашылығы министрлігінің коллегиясына шақырды. Сол кездегі министр Ахметжан Есімов «қазір кино көреміз» деп біздің сюжетті көрсеткен соң, разборка жасаған. Ақырында ол уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағындағы орман шаруашылығы, су ресурстары комитетінің төрағасы қызметінен қуылды.

Содан бері 20 жыл өтті. Комитет басқа министрлік құзырында, сан төрағасы ауысты, талайы сөгіс алды. Бірақ баяғы жартас – сол жартас.

Қаза тапқан инспекторларда дені дұрыс байланыс құралы, жол талғамайтын көліктер, өрт сөндіруге қажет құралдар болғанда, қайғы дәл осындай масштабта болмас па еді? Меніңше, олар өрт орнына жеткенше көп уақыт өткендіктен, өрт аумағы туралы ақпар ескіріп кетті, ал олар байланыстың жоқтығынан жағдайдан бейхабар қалды.

Жыл сайын осы салаға миллиардтар бөлінеді. Бірақ ол діттеген жеріне жетпей, құмға сіңген судай жоғалады. Ал оны тексерген ешкім жоқ. Өйткені бәрі күлшеден үлес жеп отыр.

Ағаш мафиясын тудырған, инспекторларды байланыстан, қажетті өрт сөндіретін техника-құралдан, ақырында өмірден айырған, орманды да, өзекті де өртеген ЖЕМҚОРЛЫҚты жоймайынша, жылағанымыз жылаған, жылатқанымыз жылатқан күйде қаламыз.

Данеш Байболатов,

«Фейсбук» парақшасынан

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ

кедейлікке апарады

Ұлттық құрылтайды өткізуге бөлінген 390 миллион теңге кімнің қалтасына түсті?

Түркістан облысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Ұлттық құрылтайға 390 млн теңге жұмсалмақ. Мемлекеттік сатып алу порталында «Құрылтайға арналған» бес келісімшарт жасалған. Барлығында тапсырыс беруші – Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы» мекемесі.

Орталық құрылтайға байланысты екі келісімшартты (біріншісінің құны – 39 млн, екіншісінің құны – 76,6 млн теңге) Korzhyn Group деп аталатын компаниямен жасасқан. Мемлекеттік сатып алу порталында 39 миллион теңге нақты қандай қызметке бөлінгені жайлы мәлімет жоқ. Ал 76,6 млн теңгелік екінші келісімшарт мазмұнында «Пленарлық отырыс орнын тақырыппен безендіру» деп көрсетілген. Келісімшарттың негізгі құжаты саналатын техсипаттама порталда жоқ. Сондықтан 76,6 млн теңгеге нақты не істелетіні белгісіз.

Мемлекеттік сатып алу порталында жалпы отырыс залын безендіруге байланысты тағы бір келісімшарт бар. Оның бағасы – 88,3 млн теңге. Бұл қаржы ArtLab StudioALS компаниясына берілген. Порталда бұл келісімшарттың да техсипаттамасы жоқ. Мазмұнында «Пленарлық залды техникалық және сахналық жабдықтармен безендіру» деген қысқаша мәлімет қана көрсетілген.

Құрылтай аясында композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған концерт те өтеді. Оған жұмсалатын қаржы – 164 млн теңге. Қалдаяқовтың концертіне байланысты тендерді Astana Media Production деген компания алған. Бірақ Мемсатып алу порталында концертте кімдер өнер көрсететіні, қанша көрерменге арнап ұйымдастырылып жатқаны жайлы мәлімет жоқ.

Құрылтайға байланысты тағы бір келісімшарт «Сазды әуен» компаниясымен жасалған. Порталда бұл келісімшарт бойынша да нақты не істелуі керек екені туралы мәлімет жоқ. Тек «Құрылтайды ұйымдастыру қызметіне» деп көрсетілген.

Құрылтайға байланысты бұл бес тендер де конкурссыз өткен. Бірақ «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңда президент және күзетілетін өзге адамдар қатысатын іс-шаралардың тендерін конкурссыз өткізуге рұқсат бар.

Құрылтайға байланысты бес келісімшарт жасасқан Түркістандағы шығармашылық орталық директоры Мейіржан Әлиакбаров 390 млн теңге құрылтайға қатысушылардың келіп-кетуіне, құрылтай аясындағы концерттік бағдарламаға, жиынды өткізетін орын мен безендіруге жұмсалатынын айтты. Бірақ Әлиакбаров әр келісімшарт бойынша нақты не істелуге тиіс екенін түсіндірмеді. Ол үшін ресми сұрау хат жіберуді сұрады.

«Азаттық» әкімдікке қарасты шығармашылық орталыққа 8 маусым күні ресми сауал жолдаған, бірақ осы материал шыққанша жауап келген жоқ.

Құрылтайға байланысты тендер алған компанияның бірі – Korzhyn Group биыл 22 ақпанда тіркелген. Бұған дейін мемтапсырыс алмаған. «Құрылғанына ұзақ уақыт бола қоймаған компания екі тендерді қалайша конкурссыз алды?» деген сұраққа шығармашылық орталық директоры Мейіржан Әлиакбаров «Құрылтайға байланысты компаниялардың бәрін жоғарыдағылар таңдап берді» деді. Бірақ «жоғарыдағылар» деп кімді меңзегенін түсіндірмеді.

Korzhyn Group серіктестігінің директоры әрі жалғыз құрылтайшысы – 24 жастағы Ақсұңқар Жарылқасова. Ақсұңқар Жарылқасова 2021 жылы Түркістан музыкалық драма театрында сахналанған «Бөрте» қойылымында көркемдік жетекшінің ассистенті болған. Бұл спектакльді қоюға Түркістан драма театры 246 млн теңге жұмсап, қоғамда шу тудырған болатын.

«Азаттық» Жарылқасованың өзімен де сөйлесті. Айтуынша, құрылтай өтеді дегенді естіп, әкімдікке қарасты орталыққа ұсыныстарын жіберген. Орталық Жарылқасованың компаниясын таңдап, екі тендер берген. Ол компаниясына берілген екі тендер бойынша нақты қандай қызмет жүктелгенін ашып айтпады.

Ұлттық құрылтай деп аталатын жиын былтыр Ұлытау облысында өткен. Оның құрамы мен ережесін бекіту туралы жарлықты президенттің өзі шығарған. Ережеге сәйкес, президент Тоқаев – құрылтайдың төрағасы. Қатысушылар құрамын да президент бекітеді. Былтырғы жиынға 117 делегат қатысқан. Сөз сөйлегендерің көбі президентті мақтаған болатын.

«Азаттық»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн