ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ КҮЙЕУ БАЛАСЫ мемлекеттің меншігіндегі жерді қалай иемденген? 

  • Қазақстандағы ең бай адам – Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын компаниялар Алматының қымбат ауданындағы бұрын мемлекет иелігінде болған жерді иеленіп отырғанын «Азаттық» анықтады. Біз осы зерттеуді ықшамдап, қазақ тіліне жатық нұсқада редакциялап, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Жылдар бойы мемлекет меншігінде болған жерлердің жеке меншік қолға өтіп, орнына зәулім кеңселер, кең-мол сауда орталықтары мен көпқабатты тұрғын үйлер қалай бой көтерді деген сұрақ қазақстандықтарды жиі мазалайды.

Сұрақтың жауабы элитамен байланыста жатыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда Тимур Құлыбаевтай билікпен байланыста «қолы ұзын» болған кәсіпкер сирек. Ол – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы.

Құлыбаев әйелі Динара Құлыбаевамен бірге (Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы) елдегі ірі банктердің бірі – «Халық банкке» иелік етеді. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарды. Forbes Kazakhstan дерегінше, Құлыбаевтардың отбасылық ортақ байлығы 8 млрд долларға жуықтайды. Журнал жасаған Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде Құлыбаев пен оның әйелі металлургия саласының «патшасы», Назарбаевпен тығыз байланысы бар Владимир Кимнен кейінгі орында тұр.

Бірақ 238 адамның өмірін қиған «Қаңтар қырғынынан» кейін элита ішінде біраз өзгеріс болды. Назарбаев мемлекеттік лауазымдарынан, Конституцияда бекітілген «Ұлт көшбасшысы» мәртебесінен айырылып, бүкіл билік өзі 2019 жылы орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі екенін көрсетті. Назарбаевтың туыстары да мемлекеттік қызметтен, корпорация басшысы лауазымынан босатылды. Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағалығынан кетті.

Бірақ кланның басқа мүшелерімен салыстырғанда, Тимур Құлыбаев қоғам назарынан алыстамады. Президент сөз сөйлеген бизнес-форумға, Тоқаевтың инаугурациясына қатысты.

«Азаттықтың» жаңа зерттеуі Құлыбаевтың белгісіз жолмен жеке меншікке өтіп кеткен Алматыдағы жерлерде құрылыс жүргізгенін көрсетті. Енді Қазақстандағы саяси жағдай өзгеріп жатқан тұста Құлыбаев қолындағы мүмкіндікті ұстап қала ала ма?

Былтыр қаңтардың басында Алматыда мыңдаған наразы жиналып, «Шал, кет!» деген ұранмен Назарбаевтың саясаттан біржола кетуін талап етті. 5 қаңтарда бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, президент резиденциясы наразылар мен күш құрылымдары арасындағы шайқас алаңына айналды.

Өртеніп, кейін құлатылған резиденция ғимаратының жанында 2014 жылдан бері қараусыз жатқан 3,8 гектар жер бар. Бұрын бұл жерде Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталі болған. 2010 жылы аурухананы қиратып, қайта салу туралы шешімге отставкадағы әскери қызметкерлер қарсы шығып, астыртын келісімшартқа қатысты күмән көбейді.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев сол кезде: «Белгілі адамдар мен құрылымдар біраз уақыттан бері бұл жерге көз тігіп жүр. Алматының орталық алаңында қоғамдық маңызы бар ғимараттар болуы керек» деген. Арада бірнеше жыл өткен соң, Матаевтың күмәні шынға айналды.

Қорғаныс министрлігі үшін құны 23 млрд теңгеге бағаланған жаңа аурухана салып берген және ескі госпиталь орнын иелініп қалған компания «Достық строй» деп аталады. Ол кезде орталықта орналасқан қымбат жер телімі қаланың сыртына жаңа аурухана салу құнынан да қымбат тұратын. Одан бері жердің бағасы өсе түсті.

«Достық строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Joint Technologies және «Кипрос» деп аталатын екі компанияға тиесілі. Екеуінің де түпкі иесі – Тимур Құлыбаев.

Құлыбаевтың компаниясы жерді алған кезде Алматы әкімдігін Ахметжан Есімов, ал Қорғаныс министрлігін Әділбек Жақсыбеков басқаратын. Назарбаевтың серіктерінің ішінде осы екеуі бірінші президенттің отбасына ерекше адал және өте жақын болды. Ақпарат құралдары Есімов – Назарбаевтың туысы деп те жазып жүрді.

Қорғаныс министрлігі «Азаттықтың» сұрағына Есімов әкім болып тұрған кезде жер жеке меншікке өтпеc бұрын, оны қала билігі өз бақылауына алған деп жауап берді. 2013 жылы 8 қарашада жердің пайдалану мақсатын өзгертуге, жеке меншікке беруге сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов қол қойған.

Мемлекеттік жер кадастрінен алынған деректер бір кездері әскери госпиталь болған учаскенің қазіргі статусы қонақүй салуға арналғанын көрсетеді. Құрылыс қашан салынатыны белгісіз, жер ондаған жылдан бері бос жатыр.

Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі біраз жерді Тимур Құлыбаев қалай иемденіп кетті?

Осы жерге құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан Atlas Development компаниясының сайтында тұрғын үй мен кеңселерден тұратын «Deniz Park» кешені «сапалы жерде өмір сүріп, жұмыс істегісі келетіндерге арналған мекен» деп сипатталады. «Deniz Park» кешенінде кең вестибюль, жасыл желекке толы терраса, бейресми кездесу өткізуге арналған орындар болады. Әдемі жер айналадағы ландшафтпен де жақсы үйлеседі.

Бірақ «Deniz Park» салынып жатқан аумақтың біраз жері бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі болған. Екі жыл бұрын Құлыбаевқа қарасты Omirex және Atlas development компаниялары университеттің 0,8 гектар жерін жалға алу туралы келісімшарттың бенефициары болып шықты. Жер Esentai Mall сауда орталығы мен Ritz-Carlton қонақүйінің дәл қасында орналасқан (суретті қараңыз).

2022 жылы тамызда Алматыдағы жер ресурстарын басқару комитеті келісімшарттың заңдылығына сот арқылы күмән келтірді. Қазан айында сот жерді университеттің бақылауына қайтарды. Atlas Development сот шешіміне қарсы арыз түсіріп, мүлікті даулап жатыр.

«Азаттық» радиосы осы маңдағы аумағы 1,8 гектар болатын өзге жер Құлыбаев басқаратын «Кипрос» компаниясының иелігінде екенін анықтады. Бұл жер алғаш рет 2007 жылы Алматыда Иманғали Тасмағамбетов әкім болған кезде жекешелендірілген. Былтыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Азаттыққа» сол уақытта жер Алматы әкімдігі, Білім министрлігі мен Esentai Development компаниясы арасындағы үшжақты шарт аясында жеке меншікке берілгенін мәлімдеді.

Келісімге қол қоярдан бір күн бұрын Жансейіт Түймебаев Бірғаным Әйтімованың орнына білім министрі болып тағайындалған. Қазір Түймебаев – осы университеттің ректоры.

Заңды тұлғалардың тіркеу базасында қазір «Esentai Development» деген атаумен жұмыс істеп жатқан компания табылмады. Бірақ осындай атауы бар компанияға кәсіпкер Сержан Жұмашов иелік еткені жөнінде дерек бар. Жұмашов Esentai Mall сауда орталығының меншік құқығын Назарбаевтың күйеу баласы Қайрат Боранбаевпен бөлісіп отыр. Қазір Боранбаев ақша жымқырды деген күдікпен айыпталып, абақтыда қамауда жатыр.

Университет қарамағындағы жердің Құлыбаевтың қолына қашан және қалай өткені белгісіз. Билік жекешелендірудің заңдылығын тексеруге қаншалық құлықты екені де беймәлім.

Қазан айында жер ресурстарын басқару комитеті «Азаттыққа» учаскенің жеке меншікке қалай өткенін тексеріп көретінін айтты. Бірнеше айдан кейін комитет «тексеріс басталмады, оған негіз болатын өтініш түскен жоқ» деп жауап берді.

Алматы әкімдігі биыл қаңтарда университетке берілген жер алғашында 6,6 гектар болғанын, оның көп бөлігі оқу орнына қайтарылғанын, 1,8 га жер ғана жеке меншікте қалғанын түсіндірді.

«Азаттықтың» осыған дейінгі зерттеулері Назарбаев отбасының мүшелері Алматыда және елдің басқа бөліктерінде ондаған жер телімдеріне иелік ететінін анықтаған. Олардың шетелде де зәулім сарайлары бар.

Жер активтерінен бас тартуға мәжбүр болған отбасы мүшелерінің бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаев. 2 ақпанда «Аманат» партиясы Болат Назарбаевтың Жамбыл және мұнайға бай Маңғыстау облысындағы 300 мың гектар жері тәркіленгенін хабарлады.

Баспасөзде соңғы тараған мәліметтерге қарағанда, Тимур мен Динара Құлыбаевтар «Халық банктің» миноритар пакетінің бір бөлігін сатылымға шығаруы мүмкін. Орталық Азия мен Кавказ елдерінде хабар тарататын Eurasianet сайты Құлыбаевтардың бұл шешімі «Астананың Назарбаев әулетінің Қазақстан экономикасына ықпалын шектеу талпынысына жауап па деген талқы туғызғанын» жазды.

Құлыбаевтар «АЛМЭКС» холдингтік компаниясы арқылы «Халық банктің» біраз акциясын 2019 жылы да сатып жібергісі келген. Ол кезде «АЛМЭКС» акцияны сатылымға шығаруға «халықаралық инвестициялық қауымдастықтың бірнеше рет өтініш жасағаны» себеп болды деген.

Azattyq.org – «DAT»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн