ОТТЫ СӨЗГЕ ОТЫЗ ЖЫЛ

  • Төменде аяулы ақын ағамыз Жұбан Молдағалиевтің әйгілі тарихи сөзінің 30 жылдығына арналған кездесудегі естеліктерді жазушы-публицист Талғат Айтбайұлының «Алматы 1986. Желтоқсан» айғақ-кітаптарының 10-томынан алып, ықшамдап жариялап отырмыз.

Талғат Айтбайұлы:

Биыл көтеріліске отыз жыл толды. Жұбан ағаның әйгілі сөзіне де отыз жыл толды. Қамығып, еске алатын-ақ оқиға! Алайда біздің бүгінгі қоғамымыз үнсіз… Меніңше, бұл әрқайсысымызға, біздің азаматтығымызға келіп тірелетін ауыр сын.

Бүгінгі қоғамдағы бір кісінің үстемдігі бәрінен биік болып тұр. Бірақ ол үстемдік ұлттық рухтың, намыстың алдында түк те емес! Өкініштісі – өзіміз жалтақпыз.

Мен Жұбан ағаның әйгілі сөзінің отыз жылдығын еске алып, атап өтетін жер іздедім. Әуелі тарихи кездесу өткен қасиетті қара шаңыраққа (Жазушылар одағы – Ред.) бардым. Басшыларына жолықтым. «Қап-ай, ә! – деді мен жолыққан бір басшысы. – Біздің Әдебиетшілер үйіміз алдын ала жалға беріліп қойылған еді, ол күні бос болмай тұр…».

Ол кісіден шыққан соң, Ұлттық кітапханаға бардым. Директоры қалалық әкімшілікке кетіпті. Орынбасары, ол да әлгі Жазушылар одағындағы азаматтың сөзін қайталады: «Бізде бәрі жоспарланған, график бойынша өтеді ғой», – деді. Ол жоспарлы нәрсе күні бұрын қағазға түсіріліп, қандай тақырыпта болатыны, оған кімдердің қатысатыны нақты көрсетіліп, құпталады екен.

Ал Желтоқсан көтерілісі ешқандай графиксіз болды емес пе? Горбачевтік билік ешкіммен ақылдаспай, Қазақстанның мәселесін жеке-дара шешті. Нәтижесінде халықтық қарсылыққа тап болды. Сонда олар «бұл – күн тәртібінде жоқ екен» демеді. Енді, міне, өзімізше тәуелсіз елміз деген уақыттағы басымыздағы бейшаралық жағдай. Сірә да, жаның жылайды, өкініш өзегіңді өртейді. Қазақ жастарының көтерілісіне деген көзқарасымыздың сиқы осындай…

Ғаббас Қабышұлы:

Желтоқсан – жүрегіміздегі ауыр жара. Ол жазылмайды. Қазақтың қай ұрпағының болса да жүрегіндегі жара болып қала береді. Себебі – осы жараны жазайық, емдейік деп отырған билік жоқ. Оларда ондай ниет болған да емес. Егер билік соны бір мейіріммен, игі ниетпен ойлайтын болса, Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсанға тағайындамас еді. Ақиқатын айтқанда, оны бір апта бұрынға немесе бір апта кейінге белгілесе, ештеңе өзгермейтін еді. Тәуелсіздікті ешкім қайтарып алмайтын еді. Міндетті түрде осы көтерілісті қайғы-қасірет басталған 16, 17, 18 желтоқсан күндерін көлеңкеде қалдыру үшін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнді деп белгіледі. Солай жариялағанда, шыдамай айтқан, жазған болатынбыз.

Оның жалғасы ретінде әйгілі алаңды «Желтоқсан алаңы» деп атау керек екендігін де қаншама рет көтердік! Бірақ ол ойымыз да ескерусіз қалды. Билік белінен басып, дегенін істеді. Қазір оның астын үстіне шығарып, жерастылық сауық-сайран, сауда-саттық орны етті. Одан кейін алаңның ең көрнекті жерінде тұратын бір әдемі ескерткіш болуы керек еді. Өздерінше ескерген болып, ең қолайсыз жерге ескерткіш тұрғызды. Ол Желтоқсанның рухы көрінбейтін, аты бар да, заты жоқ ескерткіш. Әдейі екі көшенің бұрышына қойылған, бағдаршамға қарап өтпесең, өте алмайтын жердегі ескерткіш. Қысастықпен жасалған дүние.

Ұлттық рух, қазақтық мәселеге келгенде, мұндай қысастықтар көп жасалады. Міне, енді мына биылғы жылы Желтоқсанды қай басшы аузына алды? Президент пе? Премьер-министр ме? Кім отыз жыл болды деп атады? Бір ауыз сөйлеген сөз жоқ. Оның орнына газеттің бетіне, алдыңғы күні қарасам, «Есілдің бетіне диаметрі 30 метр болатын сағат салдық. Гиннесстің рекордтар кітабына енеміз» деп айқайлатып, ісіп-кеуіп, жарыла жаздайтын мақтангөй мақала жариялап жатыр. Бұл не деген сұмдық? Міне, Желтоқсанға деген бүгінгі биліктің теріс пиғылы!.

Ал енді Жұбан ағаның сөзіне келейік, сол жиынның ішінде болдық, бәрін тыңдадық. Ағамыз қатты елжіреп, егіліп сөйледі. Бүкіл елдің көңілін босатты. Мен қазір де сол сезімде отырмын…

Жатқан жерің жарық болсын, ағатай!

Сейфолла Оспанов:

Жұбағаңның сөзі – тарихи сөз. Әлдекімдерге ұнамаған сөз. Бірақ әлдекімдер ешқашан халық бола алмайды. Дегенмен сондай пенделердің кесірлі ісі алдан шығып тұрады екен.

Мәселен, бір жылы Әбілмәжін ағамыз екеуіміз Жұбағаң туралы естеліктер кітабын шығарғымыз келді. Сол естелікті жинақтап алғаннан кейін, баспагерлердің біразына кіріп шықтым. Маған біреуі де қол ұшын берейік деп, шығаруға ықылас танытпады. Содан кейін «Мектеп» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабаевқа бардым. Сонда Жарылқасын азамат екен: «Менің басым кетсе де, мен осыны шығарамын!» – деді. Сол сөзінде тұрды.

Сол кітапта талай естеліктер сыр шертеді. Соның бірінде бір қызық дерек айтылады. Мұны да кейінгі ұрпақтардың біле жүргені керек. Жұбан ағамыз сөзін сөйлеп болғаннан кейін, төмен түспей ме. Түсіп бара жатқанда, отырған жігіттер өре тұрып, Жұбағаңды құшақтаған ғой. «Ой, аға, керемет сөйледіңіз, сұмдық сөйледіңіз!» деп қаумалап, бірінен кейін бірі құшақап, қойын қалтасына салған жазбасын сыпырып алыпты. Оны қатты толқу үстіндегі өзі білмей де қалады. Енді үйіне барған кезде жан-жақтан звонок түсіп, «Жұбаға, бір данасын берсеңіз» деген соң, әлгі қағазды алайын деген оймен қалтасына қолын салса, жаңағы жазбасы жоқ болып шығады…

Молдағали Матқан:

Жұбанның сөйлеген жиналысында да, Желтоқсан оқиғасында да басынан аяғына дейін болғанмын. Бір күн, бір түн КГБ-ның түрмесінде отырғанмын. Келесі күні мені алып кетті. Оның ертесінде қайтып алып келді. Жалпы осыған байланысты материал Талғат шығарып жүрген айғақ-кітаптардың төртінші томында бар. Сонда әңгімемді толығырақ етіп жаздым.

Сол бір қысталаң шақта ел үшін шындықты айтқаннан артық, шындыққа шырылдап жанашырлық танытқаннан артық ұлағатты іс, асқан бақыт жоқ деп білемін. Жұбан ағамыз сол шындықты тура уақытында әрі тікелей қатысы бар Колбиннің алдында айтты. Сөйлеген сөзінің мәңгілік болатыны сондықтан…

Кезінде Жұбан ағамен араласта болдым. Сонда: «Аға, қазақ мың өліп, мың тірілген деген сөзіңізді түсінбеймін. Мың өлгендігі рас. Жер бетінде қазақтай қырылған халық жоқ. Ал мың тірілгендігін қалай дәлелдейсіз?» деп, пікір таластырған кезім де болды. Енді қазір ақындық оймен айтқанын түсінемін. Жағдайымыз жастар көтерілген 86-жылдағыдан да ауыр, күрделі. Тіліміз түзелген жоқ, қайта кері кетті. Жерге иелік ете алмай отырмыз. Байлығымыз жат жұрттың қолында. Пайдасын халық емес, биліктің айналасында жүрген үркердей топ көріп отыр. Соны біле тұра, үніміз шықпайды. Неге? Неліктен мыңыншы рет тірілмейміз?

Рысбек Сәрсенбай:

Жазушылар одағында 777 жазушы бар дейді. Соның қаншауы бүгінгі қоғам шындығын жазып жүр? Кезінде алаңға шыққан ақын-жазушылар аз болмады. Кейін комиссия құрамында желтоқсаншыларды ақтау үшін атсалысқандары да аз емес. Бәлкім, бұл сол кездегі жазушылардың санына сапалық құрамының сай болғанынан шығар.

Ал қазір қаламгерлер одағындағы 777-нің ішінде осындай азаматтық тұлғасын танытып, ұлт мүддесі, қазақ халқының ертеңі үшін деп үн қосатындар, Мұхтар /Шаханов/ ағамыз айтатындай, жетеу-ақ болар. Міне, солар шындықтың шырақшысы екендіктерін көрсетіп жүр. Қалғандарының бәрі дерлік жалпақшешей, билікшіл қарақұрым қауымға айналды! Мінеки, осындай жанбақылар, жалпақшешейлер, жағымпаздар жемқор, қылмыскер билікпен араласып, біте қайнасып кетті. Тамырларын жайып жатыр деуге әбден болады. Кейін осылардың өзін тазалау оңай болмайды-ау…

Болат Шарахымбай:

Жұбан аға ешқашан өлмейтін, ескірмейтін, қандай дәуірде болмасын, бойында қазақ қаны ойнағандарды қайрап, ерлікке үндеп тұратын сөзді айтты. Қай жерде және қай кезде айтты десеңізші?! 1986 жылы 31 желтоқсанда қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар үйінде Орталықтан келген су жаңа бірінші хатшы Геннадий Колбиннің республика зиялы қауымымен кездесуі кезінде айтты.

Ол уақыт қызыл империяның қылышынан қаны тамып тұрған сұрқия кезең еді. Бірақ арқалы ақын сұрқия заманның қаһарынан тайсалған жоқ. Айтты да тастады. Білуімше, сол кездесуде Жұмағаңнан басқа Әлжаппар Әбішев, Сафуан Шаймерденов, Әзілхан Нұршайықов сияқты бірқатар жазушылар да сөз алыпты. Соның ішінде ыза мен кекке толы Жұбағаңның сөзі ғана «қаңғып келген шүрегейді» селк еткізген екен. «Қақаған аязда қыздарымның бұрымы қиылып, ұлдарымның қанды алаңда қанжоса болып жатқанын көргенімше, соғыс даласында өліп кеткенім жақсы еді!» деп Жұбан аға сөзін аяқтағанда, Колбин қап-қара болып, түтігіп, теңселіп кетіпті дейді сол оқиғаға куә болғандар. Жұбағаңның аңызға айналған осы сөзінен соң тыныштық сақтап отырған зал шулап, қол соғыпты. Міне, адуынды ақын билікке осылай сес көрсетіпті.

Залда Жұбағаңды қолдаушылардың да көп болғаны белгілі ғой. Осы жерде көпшілік біле бермейтін бір кішкене эпизод айтып берсем деймін. Кездесуге келген жазушылардың арасында заманында «Тентек Тоқаш» атанып кеткен майдангер ақын Тоқаш Бердияров та отырыпты. Жұбан сияқты ағаларымыз мінбеге шығып, тайсалмай, рухты сөзімен сес көрсетіп сөйлеп жатқанда, Тоқаш ағамыз мінбеге көтерілмей-ақ тосын мінез көрсетіпті. Ол сахна төрінде шәниіп, кісімсіп отырған Колбинге, тура президиумның алдына екпіндете жетіп барып: «Товарищ Геннадий Васильевич, ты почему подавил нашу молодежь, а? В чем виноватые они ?!.» деп, өңменінен өткізіп жіберердей тесіле қарап тұрып сұрақ қойыпты. Шынашақтай кісінің өзіне келіп дікеңдегенін жақтырмай қалған бірінші хатшының түсі бірден бұзылып сала берсе керек. Залдағы әр нәрсені қалт жібермей бағып, біріншімен қатар отырған Олжас Сүлейменов істің насырға шауып бара жатқанын бірден аңғарып: «Ему не обращайте внимания, он же фронтовик, контужен» деп, Колбиннің назарын басқа жаққа аударып жіберіпті.

Маған бұл оқиғаны айтып берген Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз болатын. Иә, ол бір кенеттен тұтанған өрттің лаулап жанып бітіп, енді өрттен кейінгі күйіктің күлімсі иісімен дем алып жатқан дәрменсіз күндер еді. Осы дәрменсіздікті Жұбан ағамыздың күндей күркіреген рухты үні қанжардай тіліп түсті.

Бұл дүниеде ұлтқа қалтықсыз қызмет етуден асқан бақыт бола ма?! Сірә, болмайды. Ұлы ақын, шынайы атпал азамат Жұбан Молдағалиев ұлтқа қызмет етуде өзінің өткірлігімен, белсенділігімен танымал болған осындай бақытты адам.

(29 желтоқсан, 2016 жыл)

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн