Серікболсын ӘБДІЛДИН: Жолдаудың мазмұны мен мағынасы атына сай емес

Серікболсын ӘБДІЛДИН

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жыл басынан бері халыққа екінші рет жолдау жасады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатына арналған, бірақ саяси өзгерістер турасында тіс жармаған бұл жолдаудың мақсаты не еді?

Әлеуметтік желіні «жарып» жатқан бұл сұраққа қатысты билікке қарайлас БАҚ тігісін жазған сөз айтпайды. Осы орайда жолдаудың мән-жайын талқылау мақсатында редакциямызға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын аға Әбділдинді шақырған едік.

– Серікболсын аға, президент Назарбаев халыққа биыл бір жылда екі бірдей жолдау жолдады. Қаңтар айындағы алғашқы жолдауы жүзеге асты ма, жоқ па: ол жағынан ешқандай есеп жоқ. Сонда бір жылдағы екі жолдаудың мән-мақсаты не болғаны – оны сіз қалай бағамдайсыз?

– Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауын оқимын да, тыңдаймын да, оның қалай іске асып жатқанын бағамдап, ойланып отырамын. Әрбір жолдаудың мәтіні өте жақсы жазылады, халықтың құлағына жағатын, тыңдағысы келетін мәселе қамтылады. Алайда жолдаудағы тапсырмалары сол айтылған бойы сөз жүзінде қала береді. Бір жыл өте ме, бес жыл өте ме, қабылданған шешімдердің қалай орындалғаны жөнінде ешкім есеп бермейді. Сол себептен де бұл жолдауыңызды да – далаға жөңкілген бос сөз деп есептеймін.

– Тәуелсіз сарапшылар бұл жолдауды мезгілінен тыс өтетін сайлау алдындағы пиар-жолдау деген жорамал айтып жатыр. Ал сіз нендей ой түйдіңіз?

– Бұл мәселе үнемі айтылып жүр ғой. Біздің елде сайлау өткізу деген бір адамның мүддесіндегі шаруа. Ол қашан өткізгісі келсе, сол кезде өте салатын науқан. Демократиялық, құқықтық мемлекетпіз деп мақтанып жүрміз ғой, ал шынын айтқанда, бірде-бір сайлау өз уақытында және бірде-бір сайлау әділетті өткен емес. Демократиялық жолмен парламент құрылған жоқ. Сол себептен де сайлау өтсе де, өтпесе де, оның нәтижесі қандай болатыны белгілі. Сайлау өткен күннің өзінде ешкім де одан жақсылық таппайды. Президент қалай шешім қабылдайды, сол орындалады. Халықта басқадай таңдау құқы жоқ.

– Соңғы 10–15 жыл көлеміндегі жыл сайынғы жолдауда елде саяси реформалар жүргізу жөніндегі басты мәселе айтылмайды, биыл да солай болды – саяси өзгерістер жасау жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Саяси дағдарыстың тоқырауына қамалған мемлекетте әлеуметтік мәселені бір жолдаумен шешіп тастау мүмкін бе?

– Баяғыда тәуелсіздік құжаттары қабылданған жылдары Нұрекеңмен бірге қызметтес болдық. Сол кездері ол кісінің саяси реформа жасауды өзіне қарсы жасалып жатқан жұмыс деп қабылдайтынына көзім жетті. Егер өзін біреу сынайтын болса, ол оған – саясат. Ал ондай саясатпен айналысқан адам қуғынға тап болады.

Бертінде ол «Жоғарғы кеңесті өзім тараттым» деп мойындады ғой. Ал елде демократиялық жолмен сайланған сол жалғыз Кеңес таратылғаннан кейін ол «алдымен – экономика, сонан соң ғана – саясат» деген өзіне ғана түсінікті бағытты тауып алды. Ал бүгінгі күні не экономикасы, не саясаты жоқ. Саяси реформа туралы сөзді ауызға алудан қорқады.

Анығында, билік басында Назарбаев тұрғанда, ешқандай саяси реформа болмайды. Бір-екі жыл бұрын өзінің биліктегі құзіреттерін парламент пен үкіметке бөліп беретін болып, дабыл қақты ғой. Жұрттың бәрі «қандай дана, қандай ақылды, қандай пайғамбар» десті. Іс жүзінде ондай өзгеріске бастайтын бірде-бір қадам жасалған жоқ. Сондықтан Назарбаевтың кезінде саяси реформа жасау деген мәселеден үмітімізді үзуіміз керек. Ал жалпы саяси реформа елге керек екені айдан анық, күннен жарық мәселе: елдегі тоқыраудың барлығы осыған тіреліп тұр!

– Назарбаевтың «қазан жолдауындағы» халықты елең еткізген мәселесі – «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе көбейтуді, яғни 28 мыңнан – 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын», – дегені. Сіз экономист-маман ретінде осы «1,5 есе» деген көрсеткішті қалай жіктеп берер едіңіз?

– Саясатта шатағы жоқ қарапайым адам үшін 1,5 есеге көбейген деген сөз – аз-маз болсын, табыстың өскенін көрсетер еді. Күнін зорға көріп отырған халық қолына қосымша там-тұм тиын-тебен түскеніне қуанады.

Ал түптеп келгенде, ең төменгі жалақыны көбейту деген сөздің өзі шындыққа жанаспайтын, түбірімен қате түсінік. Ондай көтерме ақы баяғыда берілуі тиіс еді. Осыдан оншақты жыл бұрын-ақ жалақыны көтеруді қолға алып, тұрғындардың айлық табысын көтеруге мүмкінідігіміз жетіп тұрды. Бүгінгі 1,5 есе деген көтермесі – сол кездегі құлдыраған теңгенің инфляциясы мен индексациясын ғана жабатын, тіпті қазіргі қымбатшылық жағдайында жыртыққа жамау бола алмайтын сома. Кейбір кезде билік еселеп, пайыздап көбейтіп жатқан қосымша ақыны – жалақыны көтерді деп түсінбеуіміз керек. Бұл – дер кезінде қолға алмаған мүмкіндіктің жолын жабудың амалы ғана.

Шындығында, ел тұрғындары инфляция мен девальвацияның бірнеше еселенген үстемесін алудан қағылды, қосылады деген 1,5 пайыз – бұл ел-жұртты алдандырған ең аз мөлшер ғана.
Елдің көпшілігі осы мәселенің байыбына бармайды, тіпті менімен қызметтес болып жүрген профессорлардың өзі «айлығымызды көтерді» деп даурығып жүр. Күнделікті тұтынатын азық-түлігі мен тауарларын сатып алу мүмкіндігі азайғанын біле тұра, айлық көбейді деп сенеді: «президент жалақымды көтерді» деп мәз болады. Бұл – тек экономистер ғана түсінетін мәселе емес, ол «батпан құйрықтың» астарында көзбояушылық барына өз күнін өздері көріп отырған елдің көзі жететін уақыты болды.

– Ең алдымен «президенттің халыққа жолдауы» деген не екенін оқырманға түсіндіре кетейікші, аға. Соңғы кездері Назарбаев өз жолдауын телекамераға жаздырып жолдайтын еді, бұл жолы Ақорданың үлкен залына тек қана мемлекеттік шенеуніктерді – министрлер мен әкімдерді, парламент депутаттары мен бірен-сараң ұлттық компанияның басшыларын ғана жинапты. Сонда «халыққа жолдау» деген тіркестегі «халық» қайда қалды?

– Мәселен, сіз театрға барғаныңызда, актерлардың қандай қимыл-әрекет жасайтынын байқап отырасыз. Әрбір актер өзінің шеберлігін көрсетуге тырысады. Сол сияқты біздің президент те жалғыз актердың рөлін орындайды. Осы жолғы жолдауы – баяғы заманда Министрлер кеңесінің отырысын өткізгені сияқты болды.

Министрлерді, облыс басшыларын тұрғызып қойып, сілкілеп, сынау әдетіне қайта оралды. Өзін-өзі көрсетіп қалуға тырысқан басшының даңғаза әрекеттері осындай болады. Әрине, халыққа арналған жолдау –халықтық сипатта болуы керек. Ал мынау жолдауы – үкіметке тапсырма беру деңгейінен арыға аспады. Жолдау деп дабыра қылмай, министрлері мен әкімдерін оңаша шақырып алып, тапсырмасын үйіп-төгіп берсе болатын еді ғой. Сондықтан саяси тұрғыда сипаты болуы тиіс жолдаудың мазмұны мен мағынасы атына сай болмады.

– Серікболсын аға, өзіңіз де байқаған шығарсыз: Назарбаев «халық тұтынатын тауарлар шығаратын уақыт келді» деді. Сонда, оның айтуына қарағанда, бұған дейін мемлекет шетке шикізат қана сатып, тауар шығаруға мән бермей келген бе?

– Президенттің баяғыда билікті уысыма аламын деп жүрген жылдары айтқан сөзі әлі ойымда: «Халық бүгін-ертең жақсылықты көруі керек. Айлап-жылдап күтудің қажеті жоқ. Егер сол жақсылықты біз жасай алмасақ, біз жүргізген реформаның құны – көк тиын» деуші еді. Бірақ сөзінде тұрмады. Енді арада 27 жыл өткен соң, тағы да «халықтың жағдайын ойлап отырмын» дейді.

Халықтың жағдайын ойлайтын саясаттың түп негізі – біреу. Ол – халық тұтынатын тауарды: киімді де, азық-түлікті де өзіміз шығаруымыз керек. Нұрекеңнің айтып отырған бір шындығы: «менің киімім өзімізде шыққан» дейді. Ол киімінің бізде шыққан шыны мен өтірігін білу қиын. Ал отырған басқаларының киімі шетелдікі екені рас.

Нарық экономикасына көшсек деген саясат тәуелсіздік алған жылдардың басында жасалған. Ондағы ең негізгі мәселе –экономика, өндіріс еді. Осы күнге дейін сырттың тауарын әкелетін болсақ, онда шетелдің өндірісіне ақша құйып жатырмыз деген сөз. Президенттің айтып отырғаны дұрыс болғанымен, нақты атқарылып жатқан іс жоқ. Өкініштісі – биліктің өзі президенттен бастап өнім өндіруге күш салатын болса, «экспортқа шығару қажет» деп, жарғақ құлақтары жастыққа тимейтіні қалай?

Біз экономикамызды дұрыс жолға қоямыз десек, Қазақстанның тұтынатын тауарларын өзіміз шығаратын шағын және орта бизнеске кеңінен жол ашуымыз керек еді. Оның пайдасы көп, біріншіден, өндіріс – жұмыс орны; екіншіден – табыс; үшіншіден –денсаулық, төртіншіден – әлеуметтік тұрмыс жағдайымыз жақсарады.

Ал бүгінде бізде бәрі керісінше, өндірісті дамытудың орнына оңай ақша табудың жолдарын іздейді. Ақша өзімізде жетпесе, сырттан қарыз алады. Ал сырттан қарыз алу – қайыршының амалы. Сырттан ешкім тегін ақша таратпайды, оның өсім пайызы болады, уақытымен қайтару керек, ал төленбеген қаншама миллиардтар біздің болашақ ұрпағымыздың мойнына ілінді. Сондықтан саясаттың ең үлкені – тауар өндірісін жасау. Оған біздің шикізатымыз жетеді. Ауыл шаруашылығын көтерсек, шеттен ешқандай азық-түлік тасудың қажеттілігі болмайды. Бұрын ондай қажеттілік болған еді: шеттен – шай мен кофе, кондитерлік өнімге қажетті какао мен аз-маз қант алатынбыз. Қазір еттің өзін сонау Бразилиядан тасимыз. Осы ма біздің дамып жатқан экономикамыз?!

Ең бастысы – азық-түлік пен тауар өндіретін өндірісті құртпау керек еді.

Ет пен сүт, көкөніс өнімдерін өңдейтін ірі-ірі комбинаттар болды: сондай өндіріс ошақтарын жойған кім? Біздің өркендеп, жайқалып тұрған ауылды құртқан кім? Колхоз бен совхозды күшпен таратқан кім? Бар мәселе осы сұрақтарға келіп тіреледі.

Ет пен сүт, көкөніс өнімдерін өңдейтін ірі-ірі комбинаттар болды: сондай өндіріс ошақтарын жойған кім? Біздің өркендеп, жайқалып тұрған ауылды құртқан кім? Колхоз бен совхозды күшпен таратқан кім? Бар мәселе осы сұрақтарға келіп тіреледі.

– Президент Назарбаевтың «созылмалы инвестициялық сырқаты» бар екенін білесіз ғой, аға: бұл жолы ол «300 млрд теңгелік «тікелей инвестициялар қорын құруды тапсырды». Жалпы алғанда, «инвестиция» деген қаржы, оның ішінде әсіресе шетелдік инвестиция елге «өз аяғымен» келу үшін, не істелуі керек еді? Еркін ойлы азаматтары қамалып, қудалауға түсіп жатқан елге инвестиция «өз аяғымен» келуші ме еді?

– Біздің түсінігіміздегі инвестиция – сырттан келетін ақша. Оның қайтару құны өте қымбатқа түседі. Ал жергілікті инвестицияны байыған, ауқаттанған азаматтар ғана әкеле алады. Біздің мемлекет баюға мүмкіндік беретін сондай жағдайды шетелдіктерге ғана жасап отыр. Ал экономикалық жеңілдіктерден қағылған ұлттық бизнес қайыршының күнін кешуде. Бір мысал келтірейін: қаншама диктатор десек те, Ливияда Кадаффидың кезінде мұнай өндіретін шетелдік компаниялардың үлесі – 19 пайыз, елге қалатын үлесі – 81 пайыз болып белгіленді. Ал Қазақстанда керісінше, өндірелетін мұнайдан қалатын үлес – 19 пайыз да, шеттен келген инвесторға – 81 пайызды беріп жібереміз. Соның өзі саяси қателік қана емес, ұлт алдындағы үлкен қылмыс болып бағалануы тиіс. Дүние жүзінде мұндай шарт атымен жоқ. Сол себептен де бізге инвестиция ауыл шаруашылығын көтеруге, өнім өңдейтін өндіріс ошақтарына келмейді. Келетіні – жердің астындағы қазба байлығын, шикізатты шетке тасуға ғана келеді. Қазақстандық билік шетелдіктердің табыс табуына ғана жағдай жасап отыр.

– Биліктің осындай әркетінен құтылу үшін де, елге саяси өзгеріс керек-ақ. Амал қайсы?.. Айтпақшы, президент Назарбаев жергілікті әкім-қараның қолбаласына айналған мұғалімдер қауымының статусын белгілейтін заң дайындау қажеттігін айтты. Сіз өзіңіз де педагог ретінде бұл бастаманы қолдайтын шығарсыз?

– Бар мәселе мұғалімнің өзіне тіреліп тұрған жоқ. Мәселе –мұғалімнің мәртебесін көтеруде. Сайлау науқанында мұғалімдерді жұмсайтын кім? Саяси партиялар емес, биліктің өзі. Жұмсағанымен қоймай, қаралық жасауға, сайлау қортындысын бұрмалауға, пара алуға үйретеді. Содан кейін қоғамда «мұғалім нашар» деген пікір қалыптастырады. Бұл – зорлық пен зомбылықтың саяси түрі. Оларды «ұстаз» деп құрметті атағынан, сыйлы жолдан тайдырған – биліктің өзі.

Енді оларға заң шығарып, реті келсе, сол арқылы жазалау тәртібін енгізбекші. Күлкілі жағдай. Заң қабылданады деп қуанып жүрген қауым сол заңнан пайда көретініне күмәнім көп. Қаншама жақсы заңдар қабылданды, соның бірі де тиянақты іске асқан жоқ. Елдегі барлық қиындықты біліксіз биліктің өзі жасап отыр.

Мен «Жаңа Қазақстан» форумындағы азаматтарға ризамын. Бірақ олар бүгінгі мемлекет басшысы отырған уақытта ештеңе жасай алмас, ол биліктен кеткен күні ел тізгінен қолға алса, осы сұхбат барысында айтылған мәселелерді шешеді деп ойлаймын.

– Осы жолғы жолдау әдеттегідей тағы да бастан-аяқ орыс тілінде жасалды. Бұдан сіз қандай қорытынды шығарар едіңіз?

– Жолдаудың орындалуы тілге ғана тіреліп тұрса ғой, шіркін?! Егер президент қазақша сөйлеп, ілеспе аудармамен өзгелердің құлағына жетіп жатса, мәселе жоқ. Әлем елдері баяғыдан бері қолданып жүрген, ондай қызмет түрі бізде де дамымаған. Орысша-қазақша деп бөліп қарағаннан гөрі, айтылған уәделерінің орындалуына мән беру керек. Сөздің құны, салмағы қаншалықты деңгейде болды? Дегенмен, дәл осы жолы жолдауды қазақша оқыса да, жақсылық күтпейтін едім…

– Рахмет аға, біз қазақтың жақсылық көрер күні жақын қалды деп сенгіміз келеді. Аман болыңыз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

(медиа-проект «DAT» №36 (448) от 11 октября 2018 г.)

Республиканский еженедельник онлайн