Серікжан БІЛӘШ: МЕНІ 100 ЖЫЛҒА соттап жіберсін – ҚАЙТПАЙМЫН!

Қытайдағы үш миллион қазақ бізге кім?

Ол – өзіміздің қазақ, өзіміз сияқты қара көз қазақ. Бұл жердегі қазақтың тілі бойынша айтсақ, ол – кәдімгі Орта жүз, Алты арыстың Найманы мен Керейі. Ал сол найман-керейдің бүкіл туысы Шығыс Қазақстанда, тіпті Қостанайға дейін жайлап жатыр. «Балталы-Бағаналы ел аман бол» деп, Қызылордаға дейін жайылып жатыр.

Қытайдағы жатқан қазақ кім?

Ол – кешегі атақты Қарқара көтерілісі кезінде, Албан-қырғыз көтерілісі кезінде амалдың жоғынан Қытай асқан Албан мен Суан.

Қытайдағы қазақ кім? Ол – қазіргі Қазақстан Республикасының екінші президенті Тоқаевтың елі – жалайырлар.

Қытайда кім бар? Шымкентте жатқан, тіпті Өзбекстандағы қазақтардың елі болып келетін – Қоңыраттар да Қытайда. Сайрам көлінен Ілеге қарай жүргенде, Алмалысай деген ауылда қалың Қоңырат бар.

Қытайдағы қазақ кім?

Бұратола облысының Арасан ауданында қалың Қыпшақ жатыр. Біле білсе, ол – Бекболат Тілеуханның туысы. Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаеваның елі – Орта жүздегі қалың қыпшақтар.

Қытайда Алты алаштың баласының бәрі бар. Кезінде сонау ашаршылық заманда қалың қазақ қашып барған Қытайдың Алтай мен Тарбағатай бетінде Кіші жүздің рулары да бар екен. Сонда Қытайда қазақтың бүкіл руы жатыр деп айтуға болады, біреуі – аз, біреуі – көп болар. Сондықтан Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның қазағы екен деп алалайық деп тұрған жоқпыз: ол жердегі халық – қазақ.

Егер бүгін Қытайдағы қазақтың басына осы зұлмат түскенде, ер-азамат болып, еркек болып кеудемізді керіп, кешегі Оспан батырдай, кешегі Қаракерей Қабанбай батырдай қарсы шаппағанда, дәл осы сәтте, геноцид, міне, биыл үшінші жылға бара жатыр, қазақ қалар ма еді? Қалмас еді!

Азуын айға білеген Қызыл империяның тізесін әлем қауымдастығы алдында бүктіріп, солардың кеңірдегінде тұрған Ер Төстіктің қылышы болып, қызыл айдаһармен алысқан кім? Біз – қазақтар!

Сол Қытайдағы бүкіл қылмыстың: қазаққа, ұйғырға, өзбекке, тәжікке жасалып жатқан геноцид туралы әлемдік қауымдастыққа берген арыздың тоқсан пайызы қазақтардың қолынан шықты. Ал Қытайдағы қаншама тибет, моңғол – екеуі де мұсылман емес, қаншама ұйғыр – солардың ешқайсысы да дәл біз бергендей дәлел мен видеоарыздар жеткізе алған жоқ. Біз жазбаша арызға бас бармағының ізіне дейін салдық.

Арызданушы кім? Қытайда қамалған туысың кім, ол қашан қамалды, қай жерде, не үшін қамалды деген бес мәліметті беріңдер деп, бүкіл әлем қауымдастығына үлгі көрсеттік. Біз сол арызды жинағанда барып, басқа қорлық көрген қауымдар дәлел жинай бастады. Біз сол арызды бергеннен кейін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қытайға бірнеше мәрте ескерту жасады. Әлемдік ақпарат құралдары Қытайға журналистерді жіберуді қатаң түрде талап етті.

Біз арыз бергеннен кейін, Еуропарламент Қытайға қысым жасады. Біз арыз бергеннен кейін, АҚШ президенті Трамптың Қытаймен екі ортадағы сауда келіссөзінде Қытайға қарсы санкциялар салынды. Бүкіл адамзат Қытайда болып жатқан сұмдықтың не екенін білді.

Ал соны Қытайдың Қазақстандағы бас елшісінің өзі мойындамай қойған. Ең соңында мойындап, «кәсіби білім беру орталығын» аштық деді. Оның барлығын біз дәлелдедік.

Қазақтарды мәжбүрлі түрде жер астындағы заңсыз зауыттарға жұмысқа салып, айлық бермей, бала-шағасына көрсетпей, құл етіп, өркениет заманында құлдың еңбегін пайдаланып отырғанын әлемге әшкере еткен – біз. Осының бәрін ұйымдастырып, кімнің туысы заңсыз зауытта мәжбүрлі еңбекке жегілгенін, БҰҰ 1982 жылғы тыйым салған мәжбүрлі еңбекті дүние жүзіне фактісімен ашқан – бізбіз.

Қытайда полиция болған Баймұратты ашық жариялаған – біз. «Нью Йорк таймс»-қа жаздық. Қытайдағы мәжбүрлі еңбекті Гүлзира Әуелханның жария етуіне себепкер болған – біз.

Сайрагүл Сауытбайды әлемдік ақпаратқа алғашқы көтерген кім? Біз!

Ендеше бүкіл адамзаттың алдында Қытайдың кеудесін басып, арынын қайтарған – біз, қазақтар!

Айналайын қазақ, батыстың, Қызылорда, Шымкент, Тараз, солтүстіктің қазағы бол, мейлі орыстілді, мейлі қазақтілді қазақ бол – сен қазақсың! Сол қазақтың мүддесін қорғағанымыз үшін айыптымыз ба?! Бізді осылай төрт ай бойы ұстап отырған Қазақстан Республикасында заңды белшесінен басқандардың ісіне үнсіз қарап тұрасың ба? Бүгін сен Қытайдағы қандастарыңды қорғай алмасаң, солардың құқын қорғаған Серікжан Біләштің ісіне немқұрайлы қарап, көзіңді жұмсаң, ертең осы қорлық сенің балаңның басына келеді! Қытайдағы қазақтың мәселесін әлемдік қауымдастыққа жеткізе алмасаң, сенің балаң, немерең Қытайдың қолында құл болады! Бала-шағаңның бүйрегін 260 мың, бауырын –320 мың долларға, терісінің әр квадрат сантиметрін 5 доллардан сатып жібереді. Қытай сатқан, адамның терісінен жасалған ішектерді гитара мен домбыраға тағып, шертіп отыруы мүмкін.

Сол Қытайдың қорлығына аттандап, қарсы шапқан біздің не жазығымыз бар? Бізді төрт ай бойы қамайтындай, өзіміздің бала-шағамыздан айыратындай не сұмдық бұл?! Осы қорлыққа көніп отырған қазақ – сен кімсің?! Бүгін біздің басымызға түскен осы нәубет-қиянатқа үндемей отырсаң, онда сен де дайындал: бұл қорлықты Қытайдан сен осы дүниеде көресің; екіншісі – аққа жақ бола алмағаның, әділетке жаршы бола алмағаның үшін Құдайдың алдында көресің. Осы қорлыққа аталмыш діндарларымыз, имамдарымыз, тақуаларымыз, жәннаттың куәлігін қолына алып алғандарымыз – бүгін дұға жасаудың өзінен қорқып, бұғып отырса, онда сенің ақты – ақ дей алмаған тілің ертең тозақта өртенуге дайын!

Біз бар болғаны шындықты, ақиқатты айттық! Сол жерде қамалған қазақтардың көбі – Қазақстан Республикасының азаматы немесе әлі азаматтық алып үлгермеген бала-шағасы. Халықаралық заң бойынша ол да қорғалуға тиіс! Бір мемлекет, бір министрлік істей алмаған жұмысты атқарған біздің жазығымыз не?

Мен ештеңеден өкінбеймін, қорықпаймын да! Мүмкін, бала-шағам, туыс-туғаным қиындық көріп жатқан шығар: туыстарым 24 сағат аңдуда екенін біліп отырмын. Бірақ менің туысымның, інімнің, әпкемнің, жездемнің, қатын-бала-шағамның жаны – сол жердегі үш миллион қазақтан артық емес! Әркім өзінің қатын-бала-шағасын ойласа, әркім өзінің әпке-бауырын ойласа, онда Қытайға құл болып қарап отырамыз ба?! Кешегі миллиондаған қазақ не үшін құрбан болды? Адам сияқты кеудесін керіп, өмір сүру үшін құрбан болды! Не үшін кеудесін оққа төседі? Адамдық ұятымен, ұжданымен өлейін, өмір сүрсем, тік тұрып өмір сүрейін деп, кеудесін оққа төседі.

Ендеше әрбір рухы жасыған қазақтың жігітіне, көнбістікті – сабырлылық деп адасып жүрген, дұға жасайық деп, өзін-өзі алдап жүрген, аққа – жақ бола алмайтын, шындықты кеуде керіп айта алмайтын әрбір қазаққа айтарым: бүгін сен «мәу» деуге жарамасаң, онда сен де дайындал! Бірінші жазаны бұл дүниеде – ұрпағыңнан тартасың, екіншісін – о дүниеде Құдайдан тартасың! Әрбір аққа – жақ бола алмаған адам осы сын сәтте байқалады. Не ақсың, не қарасың!

Ақиқат ащы болады, әрі оның бодауы болады. Әр адам өзінің кішкентай ғана мүддесі үшін, жұмысынан айырылам, маған анау кедергі, мынау кедергі бар десе, онда мәңгі құлдыққа дайындала бер!

Мен өкінбеймін! Мен өзімнің ұсталатынымды баяғыда білдім, маған қанша ескерту берілді, қаншама қоқан-лоққы жасалды: Сайрагүл Сауытбайдың сотына бара жатқанда, бізді өлімге байлап, қастық жасауға тырысты. Көлігіміздің алдына «Камаздың» екі донкратын қойды, артқы доңғалағын газбен атқылады. Туыстарымызға қаншама қысым жасалды, қытайшылдардың қаншама үрейлендіруіне тап болдық. Осы күннің боларын білдік.

Маған десе, мені 100 жылға соттап жіберсін, осы бетімнен қайтпаймын! Ендеше халқыма, артымнан ерген бауырларыма, мені қолдаған ақ самайлы әжелер, ақ сақалды аталарға, қарындас-әпкелерге, іні-бауырларға, ағаларға айтарым: Ұлттың мүддесі мәңгі бақи бірінші орында тұрсын! Құдай берген жанды – Құдай алады, бәріміз өлеміз: біреу – 60, біреу – 80 жасында, енді бірі қыршынынан қиылады – ол маңызды емес. Маңыздысы – сенің кім болып өлетініңде! Ұзақ өмір сүргенің емес, кім болып, қандай өмір сүргенің – ең маңыздысы!

Әрбір қазаққа айтарым: оян, ұлттың намысы, мүддесі тапталып жатқанда, қазақтың қызын қытайлар шырылдатып, қорлап жатқанда, қазақтың жігіттерінің бүйрек-бауырын сатып, қазақтың атпал азаматтарын, қыз-жігіттерін Қазақстаннан айырып, ақысыз құлдық жұмысқа жегіп, Қазақстан мемлекетіңді мойындамаймын деп, Қазақстан Республикасының төлқұжатын алған азаматты түрмеге тығып жатқанда, сен үнсіз қалдың ба – онда сен де құлдыққа лайықсың!

Әр қазақтың азаматы, ұйықтап кеткен намысыңды оят, қалғып кеткен ұятыңды тірілт! Ұлт үшін, ұлттық намыс үшін, Қытайдағы үш миллион қазақ үшін, жеріңе анталап, сілекейін шұбыртып, бүкіл Қазақстанды жаулап аламын деп тұрған, Балқашқа дейінгі жер менікі деп оқулығына енгізіп тұрған Қытайдың арам ниетіне қарсы тұр! Бүгін сен Қытайға қарсы тұрмасаң, мәңгі бақи құл боласың!

Республиканский еженедельник онлайн